Мектепке дейінгі баланың  зияткерлік дамуында «Ата-ана – бала- педагог» байланысының атқаратын ролі.

Мектепке дейінгі баланың  зияткерлік дамуында

«Ата-ана – бала- педагог» байланысының атқаратын ролі.

                                                                                   Әдіскер: Шакенова Гульжазира А

«Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі,

сұлулуық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егер де адамға осы төрт тәрбие

тегіс берілсе, оның тәрбиесі, түгел болғаны»

М.Жұмабаев

Мектепке дейінгі мекемелерде қазіргі заманға сай, баланың жан-жақты дамып, құзыреттілігін дамытуға көп көңіл бөледі. Осыған орай, жетекші ғалымдар мен практиктер жүргізген педагогикалық-психологиялық зерттеулер нәтижесінде, Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі білім беру жүйесінің жанғырту векторы ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты да қолданысқа енді. Жалпы баланың дамуы мен өсіп жетілуіне дұрыс қарау керек. Педагогикалық үрдісті ұйымдастыруда, ата-анамен тығыз қарым-қатынас жасаған дұрыс. Ата-ананы балабақша өміріне араластыру жаңа заман жағдайында үйлесімді шешуді талап етеді. Бала ата-ананың балабақша ісіне араласқанын көріп, олардың қамқорлығын сезініп, өздерінің маңыздылығын сезіне түседі. Ата-анаға бала өміріндегі ең алғаш ұстаз – ол ата-ана екенін түсіндіру. Педагогикалық үрдісті «Ата-ана – бала – педагог» байланысы арқылы құру.

           Кері байланыс – тәрбиелеу ж/е оқыту үдерісін ұйымдастырудың ең негізгі компоненті, отбасы мен тығыз байланыс, ата-аналармен баланың дамуы мен табыстары, жағымды-жағымсыз қылықтары, туралы ақпарат алмасу, яғни ата-аналармен қатынас көпірі

Кері байланыс түрлері (ата-аналармен) :

  • Бала өмірі мен әрекеті, достары, топтағы өткен күндері туралы талқылау
  • Шығарманы бірге оқып, талқылау
  • Ертегінің соңын басқаша аяқтау, сюжет желісін өзгерту, кейіпкерді ойдан ойлап шығару
  • Кішігірім ертегі, әңгіме ойлап шығару
  • Оқыған тақырыпқа, әр түрлі ақпараттарға материал жинауға қатысу
  • Бірлескен жоба, эксперимент жасау т.б.
  • Іс-шараларға қатысу
  • Саяхатқа, мерекелерге т.б. шараларға қатысу

Педагогтің міндеті – ата-анамен байланыс жасау:

  • Ақпарат алмасу арқылы жақындасу;
  • Оқыту үдерісіне белсенді қатысуға шақыру;
  • Ата-анамен тығыз байланыс жасауға көз жеткізу;
  • Бала тәрбиесінің сапасына көңіл бөлу

Отбасымен шынайы ынтымақтастық — әр баланың зияткерлік, құзыреттілік, тұлғалық дамуына, жеке басының ерекшелігіне мән бере тәрбиелеуге жол ашады. Яғни, педагог бұл байланыста баланың мүддесін басты орынға қояды. Тәрбиеші баланың дамуындағы жетістіктерін, тапқан табыстарын, жағымды-жағымсыз қылықтыры туралы ата-анамен ақпарат алмасып отыруы қажет. «Бірлесе істесең, бір жеңнен тон шығарасың»- дегендей, мұндай іс-әрекет нәтижелі болады. Педагогтің міндеті – балаға жекелей ықпал ету, ата-анамен қарым-қатынаста болып, бала өміріндегі бірінші қадамдарынан туған-туыстарының шетте қалып қоймауын қадағалау. Ал, ата-аналар болса, педагог сөзіне көңіл бөліп, бала тәрбиесіне ат салысуы қажет.

Ата-анамен жұмыстың жақсы өтуі үшін, әр тәрбиеленушінің жанұясының жеке қасиеттерін  зерттеп алуымыз қажет. Ол үшін қажет болса үйге бару жанұя мүшелерімен танысу, әр ата-анамен әңгіме жүргізу немесе сұрақ-жауап арқылы мәлімет алу. Оны әр түрлі сауалнамалар арқылы алуға болады. Тағы да жанұялық төлқұжат жасауға болады, баланың суреттері арқылы сол баланың жанұядағы орнын таба білу, топтағы тәрбиеленуші баланың ата-аналарды білу үшін, олар мен қарым-қатынасты жақсарту үшін, жанұя классификациясын жасап алу қажет.

Біздің балабақшада мектепке дейінгі баланың зияткерлі дамуына ерекше көңіл бөлінеді. М.Жұмабаев «Тәрбиедегі мақсат» деген мәтінінде «Балаға тәрбие қылғанда әрбір тәрбиешінің алдымен қолданатын жолы- өз тәжірбиесі дейді».

Тәжірбиемен бөлісу.

Тәрбиелеу және оқыту үдерісінде жақсарту мақсатымен «ата-ана-бала- тәрбиеші» байланысы құрылды. Бұл бағыттың жүзеге асуына ең алғаш түрткі болған бұл өз білімін жетілдіруде «Театралды іс-әрекетті қолдану арқылы бала тілін дамыту» тақырыбын алу еді. Бұл тақырыпты алғаннан кейін ата-аналарға бұл бағыттың маңыздылығын, оның мектепке дейінгі жан-жақты дамып жетілуіне тигізер әсері туралы кеңес беру арқылы түсіндірілді. Бұл іс-шараны ата-аналар қуана қолға алып, ертегі кейіпкерлеріне қатысты костюм тігіп көмек көрсетті. Балалар «Ертегі марафонына» қатысып, театр өнерінің қыр-сырын үйретіп өз зияткерліктерін дамытты. Мерекелер де ертегімен байланыстыра құрылды.

Ұлтжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатымен мереке қарсаңында «Әке, шеше және мен» деген рубрикада әр-түрлі тақырыпта көрмелер ұйымдастырылды. Мұнда ата-аналар балалармен бұл шараға бірлесіп қатысты. Мысалы, «Туған қаламынның әсем жері», «Менің туыстық ағашым» атты жобасы. «Менің демалыс күнім»  атты отбасылық газеттер шығару, «Жоба жасау» сайысы. Мұнда әр-түрлі бағытта бірлесіп жоба жасау болатын. Жоба бағыты, әуестік, шығармашылық, зерттеулік, топтаса, жекеше жұмыстар болды.

2009 жылы облыстық «Балбұлақ» (3-орын), 2008 жылы «Рауан» (лауреат атағы) сайысында жүлделі орындарға жетуімізге ата-ананың зор көмегі барын айта кеткенім дұрыс болар. Осы жылдың күзінде бұл балалар мектеп табалдырығын аттады. Бүгінде №10, №22, №39 мектептердің оқушылары атанды. Оларға балабақша табалдырығынан алған білімдері осы өмірдің бір «кірпішіне» айналуына септігін тигізеріне толық сенімдіміз, алдарында қол ұшын берер ұстаздар тұруына сәт-сапар тілейміз!

Қорыта айтқанда, тәрбиелеу-оқыту үдерісінде бала — ата-ана – педагогтың тығыз байланысы нәтижесінде мектепке дейінгі бала адамгершілік тәрбие алады, зияткерлігі, құзыреттілігі дамиды, зейіні, байқағыштығы шоғырланып, тіл байлығы, сөздік қоры дамиды , жеке тұлға болып дамиды, ой-өрісі кеңейеді, жан-жақты дамиды.