Рухани жаңғыру: туған жер шығарма

Ш Ы Ғ А Р МА

Рухани жаңғыру: туған жер

Жоспар

І.   Кіріспе

ІІ.  Негізгі бөлім

  1. 1 Туған жер- алтын бесігім
  2. 2. Бүгінгі күннің қазынасы- болашақтың мұрасы

ІІІ.  Қорытынды

Арыстандай айбатты

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!

(М. Жұмабаев)

Өршіл ақын  М.Жұмабаев  болашаққа, жастарға үлкен сенім артқанын осы өлең жолдары арқылы білдірген болатын. Себебі, туған елімізді көркейтіп, ол үшін еңбек ету біздің азаматтық борышымыз. Ата –бабамыз ұшқан құстың аяғы, жортқан аңның аяғы талатын ұлан–байтақ жерімізді қасық қаны қалғанша жаудан қорғап, бізге мұра етіп қалдырды. Осы ұлтарақтай жер үшін талай қырғын соғысты бастан кешірді. Ешкімнің құлдығында болмау үшін өз елі, өз жері, өзінің ана тілі бар тәуелсіз ел болуды арман етті. Сонда олар ешкімге беріспей мына біздер үшін шайқасты емес пе. Ендеше, туған жерге туыңды тік, дегендей, осыншама қанмен келген жерімізді дәріптеу біздің қолымызда екенін біз жақсы түсінеміз.Қазір Сирияда, басқа шет елдерде жүріп жатқан соғыстарды, туған жерінен безіп, бас сауғалап жүрген босқындарды, бейбіт елдің, балалардың жазықсыз зардап шегіп жатқанын теледидардан көргенде жаның түршігеді.

Мен қайда жүрсем де өз Отаныммен, туған жеріммен мақтана аламын және де осындай бейбіт елде туғаныма қуанамын. Болашақ -білімді жастар қолында дегендей, осы жерімізді арымыздай сақтап, біз де артымыздан еріп келе жатқан келешек ұрпаққа аманаттап, оның көркеюіне атсалысуымыз қажет деп түсінемін.Қазір рухани жаңғыру аясында республикамыздың барлық жерінде туған жерлерін көркейту мақсатында меценат ағаларымыз өздерінің қол ұшын беріп көптеген игі істерді атқарып жатыр. Сондықтан мен де өз үлесімді қазіргі уақытта жақсы оқып, үлгілі тәртібіммен көрсете білуім керек.

Қазақстан Республикасы – бай тарихпен, көне мәдениетпен және ерекше табиғатымен дамыған ұлы мемлекет болып табылады.Тоғыз жолдың торабындағы алпауыт елдер қатарындағы алып мемлекетімізді әлем жұртшылығы құрметтеп бас иеді. Бүгінгі кезде біз қанатын кеңге жайған егеменді елміз.Көк туымыз көгімізде желбіреп, сол жағымыздағы мақтаныш сезімімен дүрсілдеп тұрған жұдырықтай жүрегімізге әуен қосып, әнұранымыз асқақтай шырқалуда.

Кемеңгер Елбасымыз  Қазақстанның даму жолында рухани жаңғырудың бірнеше принциптерін ұсынды. Рухани жаңғыру  — адам баласында оның ішкі әлемінің жаңаруы, сана–сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білуі. Рухани жаңғыруды өркениеттің өрге жүзуімен байланыстырамыз.Тарих сахнасына көз жүгіртсек, өскен ұлттың өрби түсуіне осы ‘’рухани жаңғыру’’ дәлел. Көне замандағы көрікті қалаларымыз, сән салтанатты біздің озық ескерткіштеріміз, мәдени мұраларымыз айғақ болып табылады.’’Ел болам десең, бесігіңді түзе’’дейді ұлы Мұхтар Әуезов. Әрбір білімгер өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуге тиіс. Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып  отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді құрметтеп, сақтай отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды да қабылдай білуіміз керек.Қазір біздің елімізде әлем мойындаған латын қарпіне көшу мәселесі қолға алынып жатыр. Мен мектеп жасындағы бала болсам да техниканың тілі саналып отырған латын қарпіне көшуді құп көрген болар едім. Бірнеше тілді білген адам ещтеңеден ұтылмайды. Қазақстанның тұңғыш Президенті барынша айқын белгілеген рухани жаңғыру жолы қазақ елінің әрбір жаңа ұрпағына мінез-құлқының сомдала  түсуіне, жетістіктерге жетуіне жәрдемдесеріне және Үшінші жаңғырудың дәуірлік міндеттерін шешуге септесеріне сенімдімін.

Қорыта айтқанда, бұл Елбасымыздың ұтымды қағидасы, халқына деген үндеу өсиеті деп білемін.

Ішкі  руханиятымыз арқылы, сыртқы өзгерістерді жақсы жағынан қабылдап, жаңғырудың  даңғыл жолына түсуге көшбасшымыз болашақ мына бізге дара жол көрсетті. Ол соқпақтардан қалай өту керектігін айтып, бағыт бағдар берді. Ендеше, көкжиектен ауытқымай, ұлт көшбасшысының өскелең ұрпаққа меңзеген дара жолымен биік шыңдарды бағындырайық.

Қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі Искакова Гаухар Нәдірханқызы