Кекештенудің негізгі себептері

 

 

«Кекештенудің негізгі себептері»

Ақтөбе қаласы,

№22 « Балдырған »МДҰ

тәрбиешісі Аманбаева Айшат Бугыбаевна.

 

 

Кекештену-бұл перефериялық сөйлеу аппаратының, әр бөлігінде пайда болу арқылы сөйлеу темпінің, тілінің ырғағының бұзылуы. Балалардың кекештенуінде біз оның тіліндегі еріксіз кідірісті немесе сөздерді қайталауында жеке дыбыстарды байқаймыз. Кекештену тек қана тілдің бұзылуы емес, бүкіл ағзаның ауруға шалдыққаны болып саналады. Сол себептен бала тек педагогтың көмегін ғана емес, арнайы ем алған жөн.

Кекештену 2-5 жас аралықта жиі кездеседі. Балаларға дер кезінде көмек көрсету кекештенудің ең бірінші белгілерін өткізбеуге себебін тигізеді.

Олар:

  1. Жеке сөздердің алдында артық дыбыстарды қолдану;
  2. Сөйлемдердің ортасында еріксіз кідіріс жасау;
  3. Сөйлеу алдында қиналу.

Кекештенудің пайда болу себебі-орталық жүйке жүйесінің әлсіреуі олып табылады. Бұған мынандай жағдайлар себеп болады:

а) Кейде инфекциялық аурулардан кейін ағза әлсірегеннен пайда болады;

ә) Қатты қорқудан пайда болуы мүмкін.

б) Тілі ерте дамыған балаға өте көп тақпақ, ертегіні жаттатқызып, оны көпшілік алдында айтуын талап ететін ата-аналардың балалары арасында кекештену жиі кездеседі. Мұндай балалар өз-өзіне қызмет етуде нашар, тамақты селқос жейді. Егер бала бойынан осындай бір ауытқушылықтарды сезсеңіз, дер кезінде балаға көмектесу керек. И.П. Павловтың  еңбегіне сүйенер болсақ, кекештену жүйке ауруының жеке түрі ретінде, яғни «лого» жүйке ауруы (тілдің мүкістігі)жоғарғы жүйке жүйесінің функциональды бұзылуы әсерінен пайда болады. Адам миында бір-бірімен тығыз байланыста болатын қозу және тежелу үрдісі жүреді.

Дұрыс қалыптаспаған тұрмыстық жағдайдың жоқтығы салдарынан, ата-ананың бала көзінше ұрысуы, айқайласуы, жүйкесіне әсер ететін ( айқай, шу, қорқыту, жазалау), соңында әртүрлі талап етулер бала психикасын жаралап, оның соңы тілдің бұзылуына әкеп соқтырады. Шындығында, кекештенудің 70%-ы психикалық жараланудан пайда болады. Кекештенетін балаларда көзін жыпылықтату, иығын қысу, жұдырығын түйіп, қолын қысу, аяғын бір-біріне үйкелеп басып тұру, мұрынын кіржиту сияқты артық қимылдар пайда бола бастайды. Тіпті кейбір балаларда сөйлеуден бұрын, қорқыныш сезімі пайда болады. Сөйлеп бастамай жатып, «кекештенемін» деген үрей пайда болып, өзінің сөзін дұрыс бағаламайды  деп қорқады. Қасындағы жолдастарына қарап, өзінің дұрыс сөйлей алмайтындығына іштей намыстанады. Кекештену көктем, жаз мезгілдерінде тынышталып, бәсеңсиді, ал күз, қыс мезгілінде күшейе түседі. Айта кететін жайт, кекештенетін бала ән салғанда, өлең оқығанда кекештенбейді, яғни баланың тек тілін ғана емес, жеке басының ерекшелігіне де мән беріп бақылауға алу керек.

Кекштенетін баланы емдеуде ең бірінші ата-ана психоневрологпен және логопедпен ақылдасып, кеңес алуы керек. Кекештенетін бала логопедтің немесе психоневрологтың бақылауында болуы керек. Сондай-ақ ата-ана баласына жайлы, тыныш, жағдай жасауға тырысқаны жөн. Ал дәрігердің нұсқауымен берілген дәрі-дәрмек те дер кезінде балаға берілетін тағы бір көмек болады.

Мұндай ерекшелігі бар балалардың міндеттелген күн тәртібі болғаны дұрыс. Кекештенетін балалар түнде — 10-12 сағат, күндіз 2-3 сағат ұйықтауы керек. Күнделікті ойын, серуен уақтылы болуы тиіс.

Ата-аналарға кеңес:

-Балалардың қабылдауына қиын тиетін кітаптарды оқымау, ұйықтар алдында қорқынышты ертегі оқымау;

-Балаларды шектен тыс еркелетіп, олардың кез келген талабын орындауға болмайды. Қойылған талап бала жасына сай болуы керек;

-Балаларды бөлмеде жалғыз қалдырып жазалауға, қорқытуға болмайды.

Тәрбиешілерге кеңес:

-Балабақшаға кекештеніп сөйлейтін бала келгенде, оның ата-анасымен үнемі байланыста болуы керек. Кекештенудің қандай себептерден пайда болғанын біліп, жою жолын анықтап қарастыру қажет. Ондай балаларға асықпай, әр сөзді анық, жаймен сөйлеген жөн. Мұндай балаға сабақта бірнеше сұрақ қоюға болмайды. Кекештенетін балалар үшін сөйлеу, демінің, ырғағының, тынысының, дамуына музыкалық сабақтар өте пайдалы.Олардың өз күшіне сенімін арттыру үшін, мереке кезінде оның басқа балалармен қосылып өлең айтуына жиі мүмкіндік беріңіз. Тәрбиешілер тарапынан бұл әрекеттер, әсіресе даярлық топтарда жүргені дұрыс.