«Каля – маля» ойыны

«Каля – маля» ойыны

 

Мақсаты: қарым – қатынас амалдарын қолдану дағдысын, абстрактілі – логикалық ойлауын, себеп – салдарлы байланысты анықтау қабілетін дамыту

Қажетті құрал – жабдықтар: доп, үлестірмелі материалдар, қарандаштар, өшіргіштер.

 

Сабақтың барысы

Сәлемдесу.        Ойын. «Сезімді тап».

         Ойынды бастамас бұрын балалардан адамдардың қандай сезімдерін «қуану, реніш, қайғы, ыза, қорқыныш, бақыт) білетіндігін сұрайды. Содан кейін бірнеше минут ішінде бір сезімді жест, мимика арқылы көрсетуі керек. Ал өзге балалар оны табуып, атын атауы қажет.

 

Сабақтың мазмұны

10 жаттығу. «Біртипті тапсырмалар қатарын  шешуде  логикалық мәнін сақтай отырып, ортақ белгілерді анықтай алу дағдысын қалыптастыру»

         Мұғалім оқушыларға: «Мен қазір сендерге бірқатар сөздер оқимын. Сендер соның ішінен басты сөзге қатысы бар екі сөзді табуларың қажет. Басқа сөздердің де қатысы бар, бірақ олар маңызды емес. Сендер ең маңызды екі сөзді табыңдар. Мысалы, бақ… Мына берілетін сөздердің ішінен қайсы басты сөзге қатысы басым: өсімдіктер, бағбан, ит, қоршау, жер. Неге?» дейді.

Тапсырмалар:

  • өзен (жаға, балық, балықшы, ау, су);
  • қала (автокөлік, үйлер, көпшілік, көше, велосипед);
  • сарай (мая шөп, жылқылар, шатыр, тобыр, қабырға);
  • куб (бұрыштар, сызықтар, беті, тас, ағаш);
  • бөлу (класс, бөлінгіш, қарандаш, бөлгіш, қағаз);
  • ойын (карта, ойыншылар, айыппұлдар, жазалау, ереже);
  • оқу (көз, кітап, сурет, баспа, сөздер);
  • соғыс (тікұшақ, пушкалар, соғысу, мылтық, әскерлер).

 

 

Сергіту сәті. Ойын. «Каля – маля»

Мақсаты: импульсивтілік пен тынышсыздықты төмендету, балаларды тынықтыру.

Бірінші ойыншы бір ақ параққа бір сызба сызады, ал екінші оқушы ол сызбадан мәні мен мағынасы бар сурет шығару керек. Осы оқушы басқа сызбалар салып, келесі оқушыға береді. Соңында жеңімпаздар анықталады.

 

 

11 жаттығу. «Себеп – салдарлы байланысты анықтай алу қабілеті»

          Балалар шеңбер құрып отырады. Жүргізуші әр баладан сөйлемді аяқтауды өтінеді. Олар сөйлемді «өйткені, себебі» сөздерін пайдала отырып жалғастыруы керек.

Мысалы, Мен бүгін қатты тоңдым, себебі, дала аяз екен.

өйткені үйде жемпірімді тастап кетіппін.

Мысал сөйлемдер:

  1. Менің анамның көңіл – күйі өте жоғары, себебі …
  2. Мен кітап оқығанды ұнатамын, өйткені …
  3. Бүгін мұғалім мені мақтады, себебі …
  4. Мен жануарларды жақсы көремін, себебі …
  5. Күзде құстар жылы жаққа ұшып кетеді, өйткені …
  6. Қар алақаныңа түссе ериді, себебі… және т.б.

 

 

 

                Сабақты пысықтау.

  1. Бүгінгі сабақта немен таныстық?
  2. Сіздерге не ұнады?
  3. Сіздерге не ұнамады?
  4. Біз бұл ойындарды не үшін ойнаймыз?

 

 

      Қоштасу. Үй тапсырмасы: Өтілген тақырыпты ата – ана үйде баламен бірге қайталауға тиісті. А.З.Зактың «Познавать играя. Развитие познавательных способностей у детей 5 – 12 лет» оқулығынан 13 — сабақты орындау.