Мақал-мәтел – сөз мәйегі 5-сынып Сабақ жоспары

Тәрбие сағатының тақырыбы: « Мақал-мәтел – сөз мәйегі» (5-сынып)

Тәрбие сағатының мақсаты: Халық ауыз әдебиетінің құнарлы үлгісі мақал-мәтелдер арқылы жаманнан сақтанып, жақсыдан үйренуге, мақал-мәтелдер көмегімен өз ойларын ұнамды да ұтымды жеткізуге тәрбиелеу.

 1-жүргізуші: Сонау ықылым заманнан, сан ғасырлар бойы  халықтың өзімен бірге жасасып,екшелеп, ұрпақтан ұрпаққа мұра боп қалып жатқан ауыз әдебиетінің бай саласының бірі – қазақтың         мақал-мәтелдері.

2-жүргізуші: Мақал-мәтелдер  -ауыз әдебиетінің бір түрі. Мақал-мәтелдерде көбінесе нақыл, ақыл айтылады.Жаманнан сақтандырып, жақсыны үлгі етеді.

1-жүргізуші: Дастан, хиссаларға қарағанда мақал-мәтелдердің ерекше қасиеті көлемінің шағындығы, мазмұнының кеңдігі,тілініңөткірлігі, мағынасының тереңдігі. Әрі ол барлық халыққа бірдей әсерлі, жалпы адамзатқа ортақ, көңілге қонымды, ұтымды келеді. «Бөтен елде сұлтан болғанша,өз еліңде ұлтан бол!», «Елінен безген ер оңбас, көлінен безген қаз оңбас!» — десе ата-бабамыз, ұрпақ оны қалай бекер дейміз?!

2-жүргізуші:  «Ер – бір өледі, ез – мың өледі !» Отаныңды, халқыңды қорғау, ұлттық намысыңды таптатпау – міндетің, азаматтық парызың, қас қағымдық үрейге беріліп, «мың өлме» демей ме? Енді бірде сол асыл, қасиетті рухани мұрамыз : « Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегіні алад» -деп халқымызды бірлікке, татулыққа шақырады. Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан.

( Оқушылар сахнаға шығып, төмендегі тақырыптарға сай мақал-мәтелдер айтады. Жүргізуші кей мақал-мәтелдердің мағынасын ашып айтқызады)

  1. Отан, туған жер туралы
  2. Еңбек туралы
  3. Ерлік, батырлық туралы
  4. Достық, жолдастық туралы
  5. Оқу,білім, өнер туралы
  6. Тәлім-тәрбие туралы

Күй « Кісен ашқан»

Оқушылар бір-бірімен диалог құрады.

  • Оқушылар, көрермендер қандай мақал-мәтел біледі екен? Сұрап көрейікші
  • Иә, көрейік
  • Мүмкін біз білмейтін,біз естімеген мақал-мәтелдер бар шығар.

—   « Сөйле де сөйле қызыл тіл» дегендей шешен де шебер сөйлеп көрейікші

( Интервью жүргізіледі. Ата-аналар, ұстаздар, оқушылар тарапынан түрлі мақал-мәтелдер айтылып, мағынасы ашылады)

1-жүргізуші: Халық өмірдегі өз бақылауларын қорытындылап, тұжырым жасап, ұйқасты сөздермен өнеге, үлгі боларлық мақалдар жасап отырған. Мақал-мәтелдер өлең сөз сияқты көркем ұйқасып тұрады. Сөйлемдері өте ықшам, басы артық сөз болмайды, сөздерді басқа сөзбен алмастыруға келмейтін тұрақты келеді.

Көрініс « Рухани нәр…»

  • Мақал-мәтелдер қашанда халықтың қажетті мұрасы болып табылған. Қазақ халқы қандай ауыр жағдайда өмір сүрмесін, өзінің би-шешендерінің сөзін жадында сақтап жүрген.
  • Қаншама шешен-билеріміз шындықты айтып, аз сөзге көп мағына сыйғызып отырған. Сондай шешендеріміз: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Саққұлақ шешен, Ақтайлақ шешен
  • Төле бидің қандай ұлы сөздері бар. Білесің бе?
  • Төле бидің:

Ұл өссе ұрпақ,

Қыз өссе өріс

Үй сыртында төбең болса,

Ерттеулі тұрған атың ғой.

Ел ішінде қарияң болса,

Жазулы тұрған хатың ғой.

  • Әйтеке бидің ұлы сөздерін білесің бе?
  • Әйтеке бидің:

Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін

Батыр болсаң жауға найзаң тисін ,- деген ұлы сөзі бар.

  • Өзің ше? Қазыбек бидің ұлы сөздерін білесің бе?
  • Қазыбек бидің:

Алтын ұяң- Отан қымбат

Құт-берекең атаң қымбат.

Асқар таудай әкең қымбат

Аймалайтын анаң қымбат,- деген ұлы сөзі бар

  • Иә, даналықтың қайнар бұлағы ұлылардың ұлы сөзінде жатыр екен ғой.

 2-жүргізуші: Ақын-жазушылар шығармаларының жақсы сөздері де мақалға айналып кетіп отырады.Мысалы, Абайдың  жаман дос туралы « Күн жауғанда қойныңда, күн ашықта мойныңда», « Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген сияқты сөздері бүгінде мақал ретінде айтылады.

(Оқушылар алға шығады ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер оқиды да,оқыған шығармаларындағы нақылға айналып кеткен жолдарын атап өтеді)

  1. Абай.« Әсемпаз болма әрнеге»
  2. Шәкәрім. «Бұл ән бүрынғы әннен өзгерек»
  3. Абай. « Құлақтан кіріп бойды алар»
  4. Ж. Молдағалиев. «Ар-ұят туралы!
  5. Абай. «Ғылым таппай мақтанба»
  6. Ыбырай « Кел,балалар, оқылық»

2-жүргізуші: Тегінде мақал-мәтелдер қай халықтың да жан-дүниесінің, мінез-бітімінің, тыныс-тіршілігінің айнасы. Ол сол халықтың сөздік қорының байлығын танытып қана қоймайды, оның уақыт озған сайын құны артпаса ортаймас қазына екенін де сездірер белгісі.

                 Хор «Қазақ елі»әні

1-жүргізуші: Өйткені қазақтың мақал-мәтелдерінің айтары — өсиет, ұлағат, тәлім, парасат, ізгілік. Республикамыздың тәуелсіздік алып, тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты сөз мәйегін теруге құлшыныс арта түсуде. Ойды ұштап, қиялды қанағаттандыратын мақал-мәтелдер де қайтадан рухани серігімізге айнала бастады. Сондықтан мақал-мәтелдерді сүйіп оқып, көңілімізге тоқып жүрейік. Сонда ғана тіліміз байып, сөйлеген сөзіміз сұлу, әсерлі шығады. Назарларыңызға рахмет!