«Даланың дара ұстазы – Ыбырай Алтынсарин»

Тақырыбы: «Даланың дара ұстазы – Ыбырай Алтынсарин».

Мақсаты:

1 Ыбырай Алтынсариннің өмірі, еңбектері, алғаш қазақ даласына мектептер ашқан ұстаз екендігі жөнінде түсінік беру. Ыбырайдың мектебі мен қазіргі заман мектебінің жағдайын салыстыра отырып көрсету.

2 Ұлы адамдардың рухтарына тағзым ете отырып, өмір жолдарын, еңбектерін, үлгі-өнеге тұту, оны жалғастыру қабілеттерін дамыту. Оқушылардың сөздік қорын молайту, тіл байлығын дамыту.

3 Оқушыларға Ыбырай ата өмірін үлгі ету, білімді, ақылды, ізденімпаз, етіп тәрбиелеу, білімді болуға,  ұлы адамдарды құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: презентация, суреттер, кейіпкерлердің костюмдері, күй, қоңырау.

Өту барысы.

1 Ұйымдастыру кезеңі

Музыка ойнап тұрады.

1 Қоңыраудың үні естіледі.

Жүргізуші: Қоңырау үнімен қазақ даласына білім әкеліп, балаларды мектепке шақырған кім?

Оқушылар: Ыбырай Алтынсарин

Жүргізуші:Ендеше бүгінгі тәрбие сағатымыз Ұлы педагог, ағартушы, ақын, жазушы Ыбырай Алтынсаринның  өмір баянына арналған. Ыбырай Алтынсарин-қазақ арасынан шыққан тұңғыш кемеңгер адам еді, ол өзінің қараңғы, көшпелі халқының ішіне еуропалық мәдениеттің жарық сәулесін таратты.

1-оқушы:

Сауатты болса екен деп қазақ халқын,

Білімге бастап беріп, жолды салды.

Тәлімді, тәрбиелі еңбегімен,

Ыбырайдан өшпестей мұра қалды.

2-оқушы:

Сәлем жолдап шәкіртке дұғай-дұғай,

Ұрандап өлеңімен келді былай.

Жас ұрпаққа жар салып жанымен де,

«Кел, балалар, оқылық»-деді Ыбырай.

3-оқушы:

Жалғассын бүгінгі күн дәстүр-салтың,

Күндей күліп өмірің болсын жарқын.

Бас иіп ұлы Ыбырай рухына,

Көтерейік бірігіп атақ-даңқын!

Жүргізуші: Талай дана-данышпан, дарабоз тарихи тұлғаларды дүниеге келтірген дархан Қостанай топырағында ұлтымыздың алғаш білім қоңырауын соққан ұстаз Ы.Алтынсарин да туған.

Оқушылар: Ы.Алтынсариннің өмірбаянын жатқа айтады.

Жүргізуші: Ы.Алтынсарин көптеген өлеңдерді жазған. Өз шығармаларында Отанын, халқын сүюге, оқып білім алуға шақырды.

Оқушылар:Ы.Алтынсариннің өлеңдерін жатқа оқиды.

1 «Кел, балалар, оқылық!»

Жүргізуші: Ыбырай атамыз осы өлеңінде оқу-білімнің пайдасы мен қараңғылықтың зиянын салыстыра отырып сиппаттайды. Ғылым-білімнің басты жауы- қараңғылықтың мән-жайын ашып береді. Ақын сол оқудың үйдегі әке-шешенің үміт тілегімен ұштасып жататынын да әсерлі жеткізеді.

2 «Өнер, білім бар жұрттар».

Жүргізуші: Ақын «Өнер, білім бар жұрттар» өлеңінде оқу, білім алудағы мақсатты аша түседі. Оқып білім алудағы мақсат халықтың қажетіне жарау, өз еліңді өркениетті елдер қатарына қосу деп түсіндіреді.

Ыбырай қазақ жастарын оқуға шақырумен қатар, адамгершілікке,махаббат-достыққа,еңбекке, жігерлікке,тапқырлыққа, халқын сүюге шақырды. Былай айтқанда, адам деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуды насихаттап, жастарға дұрыс тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол жақсы ұғынды.

3  «Ананың сүюі».

Жүргізуші: «Ананың сүюі» өлеңінде түн ұйқысын төрт бөлген ананы қадірлеуге, сыйлауға шақырады.

4 «Өзен»

Жүргізуші:Табиғат көрінісін адамдардың тіршілігімен байланыстыра суреттейтін, негізгі идеясы-туған ел табиғатын суреттеу арқылы өзінің жас шәкірттерінің бойына табиғатты, Отанды сүю сезімдерін дамыту  мақсатында туған өлеңі «Өзен».

Жүргізуші: Ы. Алтынсарин жазба әдебиетке тән прозажанрының да негізін қалады. Ол-тұңғыш рет балаларға арнап әңгіме жазған жазушы.Ыбырай әңгімелерінің басты ерекшелігі-жақсы мен жаманды салыстыра отырып әңгімелеу арқылы балалардың санасына ой салу, тәрбиелеу. Еңбекті сүю және қадірлеу-Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы.

Ы.Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесінің қойылымы.

Жүргізуші: Жазушының бір топ әңгімелері адамгершілік, тәрбие мәселесіне жазылған. Әр әңгімесінде тәрбиенің ізі жатыр. Оны түсініп оқыған адам ғана ұлы ұстаздың шебер тәрбиеші екеніне көзі жетеді.

Ы.Алтынсариннің «Бақша ағаштары» әңгімесінің қойылымы.

Жүргізуші: Қазақ халқының дарынды перзенті Ы.Алтынсарин аса күрделі тарихи кезенде, патша үкіметі Шығыс халықтары арасында қатаң отарлау саясатын жүргізіп жатқан кезенде өмір сүрді. Қазақ халқының тарихында Ы.Алтынсарин ерекше роль атқарады. Ол қазақтың тұңғыш педагогы, қазақ даласында бірінші рет мектеп ұйымдастырып, қазақ жастарына білімнің есігін ашты.

Мен осы сыныптан тыс шарамды ақын Ақылбек Шаяхметтің жазған өлең шумақтарымен аяқтағым келіп тұр.

1-оқушы: Алтынсарин-қазақтың жарық шамы,

Ойлағаны аяулы халық қамы.

Жап-жасыл жайқалатын жапырағы,

Ы.Алтынсарин елімнің алтын бағы.

2-оқушы: Алтынсарин-мазмұнды өмір әні,

Үлгі болып алдыңнан жолығады.

Шырт ұйқыдан оятқани бабамызды

Алтынсарин-даланың қоңырауы.

3-оқушы: Алтынсарин-ел үшін соққан жүрек,

Сезіп оның дүрсілін шаттанды көп.

Қалың қардың жібіткен мұз денесін

Алтынсарин-аңқылдақ алтын күрек.

4-оқушы:  Денесі оның Тобылдың жағасында,

Мүсіні тұр Қостанай қаласында.

Ыбырай бұлағының мөлдір суы,

Шүпілдейді білімнің шарасында.

5-оқушы: Сол сумен егін егіп, мал суардық,

Жыр жазып, дала жайлы ән шығардық.

Сол сумен қаталаған шөлді басып,

Шығып тұр қазағымның дауысы анық.

6-оқушы:  Сол судан мейірі қанып барлық халық,

Өмірден өз орнын тапқаны анық.

Алтынсарин-ұлы ұстаз ұлағаты,

Алтынсарин-ұлтыма ұлы жарық.