Тіл – адамзат құндылығы

 

 

 

 

 

 

Баяндама

 

Тақырыбы:

Тіл – адамзат құндылығы

 

 

Орындаған:

№ 7 мектеп-лицейі мұғалімі Турсынбаева Алмагул Махмудовна

 

 

 

 

 

 

 

Қызылорда қаласы, 2019 жыл

Тіл – адамзат құндылығы

Кез келген халықтың ұлт болып қалыптасуы үшін басты үш нәрсе керек. Ол әр ұлттың өзіне сай діні, салт-дәстүрі және тілі бо­луы тиіс. Қазақ ұлтының имандылық пен тәлімге толы діні – ислам діні, басқа ұлттан ерекшелеп тұратын, тек өзіне ғана тән салт-дәстүрлері және түркі дәуірінен бері қалыптасып келе жатқан сөзге бай, шұрайлы да құнарлы тілі бар. Осы үш нәрсенің арқасында қазақтың ұлттық сипаты айқын көрінеді.  Ананың ақ сүтімен бойға дарыған, әлдиімен жүрекке ұялаған, әженің ертегісімен санаға сіңген ана тілін қадірлеу – әр азаматтың өз анасын құрметтеуімен пара-пар. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп ұлт ұстазы һәм жанашыры, Алаш арысы А.Байтұрсынұлы айтпақшы, қазіргі жаһандану заманында секунд санап дамып жатқан дүрбелең дүниенің ортасында ұлтымыз жұтылып кетпеуі үшін әуелі ұлттық тілімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек.  Ұлттық тіліміз – қазақ тілі екенін ескерсек, сонау түркі дәуірінде негізі қаланған, абыз Қорқыттың қобызы боп сарнаған, ойшыл Баласағұн мен Қашғаридің еңбектерінде еленген, Бұқар мен Асан қайғы жыраулар тебіреніп толғаған, Дулат пен Шортанбай күңіреніп зарлаған, Алаш арыстары аңсап өткен, қанша ғасыр отарлық құрсауында шырмалған тіл бостандығы, ой еркіндігі қазіргі таңда азат еліміздің ең басты құндылығы боп саналады.

«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез-келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйымдастыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Қазіргі жаһанданған, ақпараттың дамыған ғасырында болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтар еліміздің экономика саласына да, білім беру жүйесіне де тың ізденістерді енгізіп отыр. Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру» деп Елбасымыз қазақ тілін қолдай отырып, жаһандану заманында әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасу үшін қазақ тілімен қатар ұлтаралық тіл – орыс тілін, әлемдік экономикаға кірігу тілі – ағылшын тілін меңгеруді қадап айтты. Сонымен бірге ҚР Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында  қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығына тоқталып, қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшуін қамтамасыз етуді тапсырып, өзінің қазақ тіліне деген ерекше ықыласын аңғартты.

Бүгінгі білім беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған. «Келешекке кемел біліммен» деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаным еткендей, келешекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзыретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр. Елбасының үштұғырлы саясаты аясында шетел тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінде кезек күттірмейтін өзекті де келелі мәселелердің бірі болып отыр. «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» деген Қадыр Мырза Әлидің әйгілі өлеңінде лингвистикалық капиталдың негіздемесі жатыр. «Өзге тілді білсең — өрге шығасың, Өз тіліңді білсең, төрге шығасың. Орыс тілі әр елге, ағылшын тілі әлемге есік ашады» деген ұстанымды ұстай отырып, өз тілін құрметтейтін тұлғаны баулысақ, өзге тілді қадірлейтін тұлғаны баулитынымызға көз жеткіземіз. Сондықтан мектеп табалдырығын аттаған сәттен ана тілін меңгертуге, сауаттылыққа күш салынуда. Осы орайда ауыр жүк артылып отырған ұстаздардың бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеудегі еңбегі зор.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытуда халықтық педагогиканы кіріктіріп, әр баланың бойына ұлттық құндылықтарды: батырлар мен лиро-эпос жырларын, ертегі, мақал-мәтел, шешендік сөз, аңыз, айтыс, тұрмыс-салт жырларындағы тағылымды тәрбиені сіңіртіп, тамыры терең тіліміздің құдіреті мен киесін ұқтырып, әдебиет әлеміне терең бойлату арқылы баланы өз ұлтына, тіліне, әдебиеті мен өнеріне ғашық етіп, шөлі қанғанша сусындатқан соң, таным көкжиегін кеңейту мақсатында өзге тілдерді меңгеруіне жағдай жасауымыз қажет. Себебі, бала қандай жаңа тілді, тың ақпаратты біліп,  жасампаз біліммен қаруланса да, бар білгені мен түйгенін, тәжірибесін, пайдасын тек өзі сүйетін халқына жаратуды көздейді деп санаймын.

Мектебімізде қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін бірлікте алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді бірлікте ала отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Өз іс-тәжірибемізде оқушылардың интеллектуалдық қабілетіне түрткі болатын ойын технологиясын қолдана отырып, сабақты үш тілде жүргізудің тиімділігі зор. Өнімді нәтиже беріп жүрген іскерлік ойындары: «Полиглот», «Сөздер банкісі», «Үздік тілші», «Крестик-нөлдік» сынды тағы басқа ойындарды өткізудің үштілді меңгертудегі маңызы айрықша. Оқушыларды ойната отырып, үш тілде жүргізілген сөзжұмбақтар, анаграммалар олардың коммуникативтік құзыреттіліктері мен функционалдық сауаттылықтарын арттыруға негіз болды. Сондай-ақ, ақпараттық технологияны: электрондық оқулықтар, презентациялар, тест т.б түрлері оқушылардың қызығушылығын оятып, уақыттарын үнемдеуге, қосымша деректерді тиімді қолдануға түрткі болды. Мектебімізде кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін, жыл сайын «Үздік оқырман» сайысын ұйымдастырып, тест арқылы жеңімпаздар анықтап, жүлдегерлерді бағалы сыйлықтармен марапаттау үрдіске айналған. Сонымен бірге, «Мектеп тынысы» мектепішілік газетін шығарамыз. Газетке оқушыларымыздың үш тілдегі мақалалары мен шығармашылық жұмыстары жарияланып отырады.

Үштілділік саясатының мектебімізде жүзеге асуының үш көрсеткішіне тоқталып өтсем деймін. Әдебиет пен тілдің өркендеуіне үлес қосу үшін мен шығармашыл ұстаз ретінде түрлі кәсіптік, көркем сөз байқаулары мен мүшәйраларға қатысып, әрдайым шығармашылығымды шыңдап жүремін. Облыстық «Тәжірибе алаңы» шығармашыл ұстаздар сайысында І орын, халықаралық «Менің досым» поэзия байқауының жүлдегері, республикалық «Аңсар» әдеби байқауының лауреаты, республикалық Ф.Оңғарсынова атындағы арнайы сыйлық иегері атандым. Шығармаларым облыстық, республикалық жинақтарға басылды. Сөз өнеріне баулыған шәкірттерімнің бірі Совет Төрехан республикалық мүшәйраларда топ жарып, «Аймақты жырмен тербейік» атты республикалық ақындар айтысында бірінші орын алды. Орыс тілі пәні бойынша пәндік олимпиаданың қалалық, облыстық, республикалық кезеңдерінен І орын алған оқушымыз Өтепберген Жансая мектептің ғана емес, облыс, республика, халықаралық байқаулардың жүлделі  мақтанышы. Ағылшын тілін жетік меңгерген оқушымыз Мәжит Айзере 2017 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-қа барып білім жетілдіріп, тәжірибе алмасып қайтты. «Шәкірттің жеңісі – ұстаздың жемісі» дегендей, білімді шәкірттерімізбен біз әрқашан мақтанамыз.

Болашақ жастарымыз өз тілін ардақтай отырып, заман талабы тудырып отырған үш тілде еркін сөйлеп, әлемнің кез-келген жерімен еркін байланысқа түсіп жатса, еліміздің ертеңін көркейте түсері сөзсіз. Заманның қожасы да, тұтқасы да болатын жастардың әлемдік кеңістікте қанат қағып, шет тілін меңгерсем деген талаптарына сәттілік тілейік!

 

 

№211 орта мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Турсынбаева Алмагул Махмудовна