Ұстаз — ұлағатты ұғым

 

Ұстаз — ұлағатты ұғым

Ұстаз! Ұстаз адамдардың өмірге көзқарасын, сенімін қалыптастыратын, оларға өмірден өз жолын дұрыс таба білуге көмектесетін, айналасына білім-тәрбие ұрығын шашып, адамгершілік нұрын төгетін тұлға. Ол жеке адамдардың өмірі дұрыс бағытта дамып, көркеюіне себепші болып, олардың тағдырларында шапағатты із қалдыратын өмір тәжірибесі мол әрі дана адам болып табылады. Ұстаздың білім мен өнердің жеке қиын саласына үйретуге мұқият бағыт ұстауы шәкірттің де оған зейінін шоғырландырып, қабілетін, икемділік дағдыларын жұмылдыра білуін талап етеді. Ұстаз шәкірттің бойында ынта мен ой күшін жұмылдыра білуін пайда қылып, соған қуанып, дем беріп отырады. Олай болмаса, шәкірт алға баспайды, онда даму болмайды, бұл деген – өскелең талаптарға қатысты алғанда, кері кету деген сөз. Сондықтан қоғамдық даму заңдылықтары тұрғысынан ұстаздың түпкі мұраты шәкіртті өз деңгейіне жеткізу ғана емес, өзінен озып, ілгері кетуге негіз қалау болуға тиіс.

Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда шәкірттеріміздің биіктен көрінуіне жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланса, ұстаздан шәкірт озып жатса, бұл нағыз мақтаныш емес пе? Халық «Шәкірт ұстаздан озса, игі» деп тегін айтпаған ғой. Заман талабы өзгереді, қоғам алға ұмтылады, ал білім барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болып қала береді.

«Ұстаздық қылған жалықпас, Үйретуден балаға», — деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ұстаздық атаққа азапты еңбек, шынайы шеберлік арқылы ғана қол жеткізуге болады.