«Экологиялық апаттар»

Тақырыбы: «Экологиялық апаттар»

Қазақтар — тумасынан табиғатты сүйіп өскен, қоршаған ортаға үлкен ілтипатпен қараған халық. Бұған, күні кешеге дейін, туған өңіріміздің табиғатының таза болғандығын айтсақ та жеткілікті сияқты. Біздің халық — «экология» деген сөзді естімей өскен ұрпақ. Бір кездерде бізді И. Мичуриннің «Адамзат табиғаттан рахым күтіп отыра алмайды, одан керектіні жеңіп алуымыз керек»,- деген ұранымен оқытты. Қаһарман халқымыз тауды бұзып, тасты жарып, жерді терең қазып, өзен-көлді бұғалықтап, ел үшін біраз игі істерді жүзеге асырды. Ғылыми-техникалық революция болды. Көптеген көп тонналық өнеркәсіптер іске қосылды. Сол кездерде мұның қызығын да көрді. Өкінішке орай, ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері және шапшаң дамуы, адамзаттың барған сайын аш көздікпен табиғатты тонауы, биосферадағы жаратылыстың тепе-тендік заңдарын бұзды. Осылардың нәтижесінде жеріміздің ауасы тарылып, өзен-көлі бүлініп, жайылымдардың топырағы тілініп, қоршаған ортамыз көз алдымызда азып-тоза бастады. Мұның соңы азынаған желге, ащы және улы жаңбырға, ормандардың мезгілсіз қурауына, ауа райының бұзылуына, қоршаған ортаның әр түрлі улы қосылыстармен ластануына әкеліп соқтырды. Қоршаған ортадағы тепе-теңдіктер бұзылды. Адамдардың денсаулығы нашарлап аурулардың түрлері және саны көбейді. Мінеки енді осы экологиялық апаттан қалай құтылуға болады? Табиғатты қалай сауықтыруға болады. Бұл өте күрделі мәселе. Бұл үшін ең алдымен, адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, дұрыстау керек, тәрбиелеу керек. Ол үшін балалар бақшасынан бастап, мектептерде, жоғары оқу орындарында, адамдардың табиғатқа, қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертіп, қалыптастыру керек. Қазіргі заманға сай экологиялық идеология қажет. Егер біз, жас ұрпақты кішкентай кезінен бастап табиғатты сүюге тәрбиелемесе көп нәрседен үтылатынымыз хақ. Әрбір тәрбиеші, мүғалім, маман, басшы, экология негіздерін жақсы білуі қажет. Сонда ғана, әрбір адамның миында, қанында, көз қарасында қоршаған ортаны бүлдірмеу керектігі туралы негіз қалыптасады. Адамдар сонда ғана туған өңір табиғатын қорғауда белсенділік көрсете алады. Газет-журналдарға мақала жазу, баяндама жасау, теледидардан мәліметтер беру, жазушылармен, ғалымдармен кездесулер өткізудің нәтижелері мол болады. Адамдардың көздерін, адамды табиғаттың бір бөлшегі екендігіне жеткізу өте маңызды. Экология — жаңа, жас ғылым саласы. Бұған соңғы он-жиырма жылға дейін тіптен көңіл бөлінбей келген. Әбден табиғатымыз азып-тозғанда ғана, бұл ғылым саласына бет бұрдық. Енді болашақта, экология саласында білім берудің аясын кеңейте түсу қажет. Ең негізгісі, «экология» пәнін бала бақшаларынан бастап барлық мектептерде, орта және жоғарғы оқу орындарында ашылуын қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана ертеңгі күннің белсенді табиғат корғаушыларын дайындауға мүмкіндік аламыз. Қазақстанның көптеген аудандары, бүгінгі күнде де экологиялық мүшкіл хал кешіп отыр. Қоршаған ортаны қорғау шараларына, республикамыз біршама мөлшерде мемлекеттік және орталықтандырған түрде күрделі қаржы бөліп отыр. Алайда, мұның бәрі, республиканың ұлттық табысының 1%-на да жетпейді. Табиғат корғау шараларына бөлінген қаржының 50-60%-дық игеру үлесі, Қазақстанның ірі кәсіпорындарына тиесілі. Экожүйелердегі тұрақсыздық, табиғи-шаруашылық қорларының интенсивті түрде игерілуі (мысалы тау-кен өндірісі), жер-су қорларына үсті-үстіне келіп жатқан антропогенді салмақтың жаншып езуі, қоршаған орта жағдайын барған сайын нашарлатуда. Табиғат — бізге ата-бабамыздан мұраға қалған ең қасиеттіміз. Арал өңірін экологиялық апаттан құтқару үшін көпшіліктің күші, күресі қажет. Қазақстан экологиясы үшін, Семейдегі полигон әкелген зардап-қасірет орны толмас өкініштерге ұрындырып отыр. Осы өңірде жарылған 500-ге жуық бомбаның сойқаны, адамдарды ақырзаман індетіне шалдықтырып, Жер-Ананы осьінен тайдыра жібере жаздады. Егер жарылыс тоқтамағанда, әр сынақ табиғатқа өлшеусіз зиян әкеліп, улы тозаң мен аждаһа ошағы жарты әлемді ойрандап, Орта Азияны ядролық тозаңға тұншықтырып, ондағы халықтың түбіне жететін еді. Өйікені, осы полигон маңындағы қазақтардын көбі, дәрігерлердің өзі анықтай алмайтын аурулардан қырылғаны белгілі. Жарты ғасырға жуық жалғасқан атом от-жалын жер-суды ойрандап, неше түрлі аурулардың шығуына жол ашты. Осы залалды аймақта тұратын 1,5 миллионға жуық адам жазылмайтын дертке шалдығып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын кеселге душар болғаны жасырын емес.