«Желтоқсаным, жеткіздің ақ тілекке»

«Желтоқсаным, жеткіздің ақ тілекке»

 

 Сабақтың  мақсаты: оқушылардың туған жеріне, атамекеніне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, өз елінің тарихын сыйлауға үйрету, оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі:  слайдтар, үнтаспа, бейнеклип.

 

Мұғалім:

 — Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де,  ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтын себебі — ол оқиғалардың халық тағдырымен байланыстылығында.  1986 жыл ,

16 желтоқсан. Бұл ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан  қаралы да, қасіретті күн еді.   

           

     Слайдтар топтамасы көрсетіліп («Желтоқсан желі ызғарлы»),

  Көрініс:

Ортаға бір топ қыз жігіттер шығады.

  • Қыздар, мен газет әкелдім
  • Қане, не жаңалық бар екен?
  • Пленум болыпты.
  • Қонаевты орнынан алды дейді.
  • Онысы несі?
  • Орнына кім болыпты?
  • Колбин деген. Ульяновтан келіпті.
  • Қазақтан-ақ біреу қойсашы!
  • Т.б.

Жастар шуласып кетеді.

  • Пленум шешіміне қарсымыз!
  • Әр ұлтқа өз басшысы!
  • Колбинді әкетсін!
  • Қонаевтің өзі сөйлесін!

Оларды екінші топ ОМОН, милиция киімін кигендер қуып таратады. 1-2 адамдарды ұстап алады.

  • Қайрат!
  • Қайрат! – деп топ шуласып тарайды.

Қайратты тергеуге әкеледі.

 

Үнтаспада Эннио Морриконенің «Ветер, плачь» музыкасы қойылады.

 

Мұз жастанып азаттықтың жолында,

Тәуелсіздік туы тұрды қолында.

Сойыл таяқ ойнаса да жанында.

Отан үшін жанын қиды ұлдарың,

Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың.

 

                                               Күйініштен ауырады жүрегім,

Естігенде желтоқсанның ызғарын.

Желтоқсан-ау, ұмытылмайсың жүректе,

Ұрпақ өсер айналатын тірекке,

Егемендік тиді бүгін еншіме,

Желтоқсаным,жеткіздің ақ тілекке.

 

Бейнеклип: Ә.Тінәлі «Желтоқсан желі».

Мұғалім:

 

  • Желтоқсан көтерілісінің арқасында 1991 жылы еліміз өз алдына егемендік алып, тұңғыш Тәуелсіз ел дүниеге келді. Тәуелсіздік – теңдік, бостандық, еркіндік, бүкіл адамзат баласының қаншама мыңдаған жылдар бойы аңсаған арманы, мақсаты, ұраны болып келе жатқаны белгілі.

А.Еңсеповтің «Ұлттық күйі » қойылады.

 

«Тәуелсіздік монументі»

Айы туып, жұлдыз күні жанған ел,

Ата-бабам мәңгі аңсаған арман ел.

Мәңгі тірі, мәңгі азатсың, қазағым,

Мұндай ұлы монументті салған ел.

Алтын адам – ата-бабам көзі бұл,

Қанаттанып жауға шапқан барыстай.

Келешекке құс боп қанат қақты Адам,

Ұлы өнердің мәңгі отын жақты Адам!

Тәуелсіздік монументі алдында

Қазақ болып туғаныма мақтанам!

 

Көк байрақ иілмесін, жығылмасын,

Көзге жас, кеудеге  өксік тығылмасын.

Тұрғанда көкшіл Туың көкті тіреп,

Қазағым, сен қашанда тұғырдасың!

 

М.Шаханов «Төрт ана»

 

-Қазақстан біздің сүйікті – Отанымыз. Көрсең көз  тоймас  асқар шыңды  таулары, айдын  шалқар  көлдері, жайыла  аққан  өзендері, ормандары — осының бәрі Алтай мен Атырау, Ақжайық пен Алатаудың аясында құлаш  жайып, жайнай  түрленіп, жасанып-жасарып жатыр.

«Отан отбасынан  басталады» — деп  халқымыз айтқандай, Отан кең мағыналы, қасиетті ұғым. Әрбір адамның отбасы, тұрған мекені, өскен ортасы, аймағы, мемлекеті – оның жарық  дүниедегі жан саясы, өмір өрісі, оттай жандырған Отаны.

 

Отан дейміз от жаққан жерімізді,

Отан дейміз өсірген елімізді.

Отан дейміз туған жер, атамекен-

Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.

Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ

Ол бірақ, өз үйіңнен басталады.

 

Ш.Мұртаза «Жаңа жылда жарылқай гөр…».

Мұғалімнің қорытынды сөзі: слайдтар бойынша Қазақстанның қазіргі кездегі жетістіктері туралы баяндап, ел тарихын білуге, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үндеу.