«Аманбысың, қазыналы қарттарым!»

 

         Мақсаты: оқушы бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, өз ата – бабасын ұмытпай сақтау үшін және салт – дәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа, жақсы мен жаманды ажырата білуге аталы сөзден ғибрат алуға тәрбилеу.

 

1 Жүргізуші:         Қош келіпсіз ақ жаулықты аналар,

Ақыл кенін арқалаған аталар.

Алдарыңда жауқазындай құлпырған,

Біз алаңсыз балғын шақты балалар

 

2 Жүргізуші:        Армысыз ауылымның асылдары

Жайнасын көңілдердің жасыл бағы

Сіздер үшін ән мен күй, өлең мен би

Сіздер үшін мереке шашулары

1 Жүргізуші: Қымбатты ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар! Ақ жаулықты аналар! Шынайы да ізгі сезімдерді, білімнің алтын діңгегін сыйлаушы ұстаздар қауымы! Барлықтарыңызды қазан айының алғашқы мерекелері қарттар, ұстаздар мерекесі тоғысқан күнімен құттықтаймыз.

2 Жүргізуші:

Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарының орны ерекше, олай болса әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасып оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. Қазақ қарты жасына лайық ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты ойы терең ақылы телегей теңіз болып келеді. Міне осындай теңеуге лайық қарияларды жылына бір рет келетін 1 қазан Қарттар күнімен құттықтай отырып, «Аманбысың, қазыналы қарттарым!» атты кешімізге қош келдіңіздер.

1 Жүргізуші:  Бүгінгі мерекелік шарамызға келген қарияларымызды құттықтау үшін сөз мектеп директоры Жумагулова Гүлнұр Амангелдіқызына беріледі.

Сөз директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Туркестанова Гүлбаршын Болатқызына беріледі.

2 Жүргізуші:      Жақсылық берер бізге көзі деп,

Қазыналы қарияның өзі деп.

Пір тұтамыз ерекше жан сіздерді

Себетұғын бойымызға нұры кеп.

ӘН: «Ата, әже» орындайтын Орынғалиев Нұрсұлтан

Тренинг

1 Жүргізуші:Халқымыздың тәлім – тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әже өнегесімен, аталар ақылымен берісіп, өзіндік қасиетімізді қалыптастыру көзделген. Ендеше «Мен атам мен әжемнің жалғасымын» демекші ата әжелеріне арнаған өлең жолдарына кезек берсек.

1 оқушы

Құзы терең, кең құлашты шалқардай,

Ғасырлардан сырлар шертіп, айтардай,

Отырады үй төрінде қомданып,

Бұрынғының аңқылдаған қарттары-ай!

Кең даланың қоңыр лебі-үнінде,

Дархан елдің даналығы- тілінде.

Тамылжыған табиғаттай табиғи,

Тозбай келген кешегі мен бүгінде

2 оқушы

Құттықтаймыз мейрамыңмен аталар!

Әр күлгенің бізге бақыт саналар.

Еңбегіңді еш етпейтін өмірде

Елің жұртың ұл мен қызың бағалар

Ана мейір күн көзімен пара – пар.

Тұла бойға қуат болып таралар

Өміріме шуақ шашып әрқашан

Көп жасаңдар аталар мен аналар

3 оқушы

Абырой амандығын арта берсін
Бақ дәулет қызығымен қатар берсін
Ұрпағың жақсы көрген жиі келіп
Таусылмас дәм-тұзыңды тата берсін.
Тыныштық елімізге бере берсін
Молшылық жерімізге ене берсін
Соғыстан ел жұртымыз аман болып
Қызығын бейбіт өмір көре берсін.
Қарттарым сіздерге Алла саулық берсін
Денсаулық ауыз-бірлік бола берсін
Тап-таза абыройлы болғаныңды
Қазіргі ел билеген жастар көрсін.

4 оқушы

Ата күні – әже күні әлем күні

Әлемді тебірентер ақылды үні

Әжесіз жан туған жоқ жер бетінде

Ұғып ал бөбектерім сендер мұны

Ата-әже мерекелеріңіз құтты болсын

Жанұяңызға тек қана шаттық толсын

Немерелеріңіздің өнерін тамашалап

Жүздеріңе көтеріңкі көңіл толсын

5 оқушы

Әже деген көп шығар,

Әжемдей менің жоқ шығар

Мейірімді бұл кісі

Қандай ғажап күлкісі

6 оқушы

Мейрімді апалар

Балалар кеп бата алар

Қалтасында кәмпит сап

Немереге апарар

7 оқушы

Әлпештеген баласын

Ана-бақыт, ана күн.

Әркім сүйіп өзінің

Мақтан етер анасын

8 оқушы

Әжеміздің әнінде

Еліміздің жыры бар,

Атамыздың күйінде

Даламыздың сыры бар

9 оқушы

Әжетаймен қосылып

әсем әнді айтамын,

Домбырасын атамның

Күмбірлетіп тартамын

10 оқушы

Менің әжем, гүл әжем,

Алтын әжем, күн әжем

Апам үшін мен үшін

Нағыз әже сіз әжем

11 оқушы

Ең жақын адамдар

Әкем менен анам бар,

Әкемнің әкесі,

Ақ басты атам бар

Әкенің шешесі

Ақ шашты әжем бар.

Асқар тауым, ақылгөйім, ғұлама,

Аспанымдай мәңгі жаса, құлама

Ер жетсем де еркелігім қалмайды,

Көз алдымда сен тұрғанда ұлы Ана!

ӘН: «Асыл әжем» орындайтын Дүйсенғалиева Көркем, Бекова Меруерт

 

Той деп бүгін халқым шашу шашады.

Той деп бүгін әлем сырын ашады.

Қарттар күні мейрамына арналған

Бишілер өнерлерін шашады

«Қазақ биі»  Құралай би тобы

1 – жүргізуші

«Өткен менен кеткенді, көп жасаған қарт білер» деген нақыл сөздің мазмұнына үңілер болсақ, қариялардың болашақ үшін төккен тері мен еткен еңбектерінің зор екендігі баршамызға мәлім.

2 — жүргізуші

«Адам алдына қарап өседі, артына қарап ойланады»,- деп Ғ. Мүсірепов айтқандай, ата – дәстүрімізге зер салсаң, ежелден – ақ халқымыз балаларын үлкенге құрмет көрсетуге тәрбиелеген.

 Ән:                          Орындайтын:

 

1-жүргізуші.

Кеше ол да дәл сендей,

Жас болғанын ұмытпа .

Дүние кезек  құрбылар.

Қартардың көңілін суытпа .

2-жүргізуші.

 Біздің  аңыз бабаларымыз бүгінгі ұрпаққа  ұлан-байтақ даланы,құс ұшырса  қанаты талатын  қазыналы жерді,ақыл парасат ,ойлы да  арлы  адамгаршілік қасиеттері  арқасында  ғана мұра етіп қалдырған.

Ән:                                 Орындайтын:

Тұра – тұршы есейгенде ұл – қызың

Жүре тұршы жалғанғанда үзігің

Маған бақыт неге керек ақ әже – ау

Өзің бірге көре алмасаң қызығың

Би:

Ойын:

1-жүргізуші.

Олардың  өнегесін  ұлағат тұтқан  ұрпақтары да  өмір көшінде бабалар арманын  жалғастырып келеді. Болашағымыз деп өткен  жетістіктеріміздің  алтын қазығы  қариялар ортамыздың берекесін  артырып, аман есен  жүріңіздер.

2-жүргізуші.

Осымен 1-қазан  қарттар  күні  арналған  мерекелік   концертіміз  өз мәресіне

жетті . Зейін қойып тыңдағандарыңызға көп – көп рахмет. Енді сіздерден осы оқушыларымызға бата берулеріңізді сұраймыз.