Менің туып өскен ­­өлкем — Балқашым

Алматы облысы, Балқаш ауданы

Ақдала ауылы, Ақдала Орта мектебі

Байдилдаева Анар Рымжановна

 

Менің туып өскен ­­өлкем — Балқашым

Туған жер-ыстық сезім  ұялатқан қымбат өлке. Меніңше, ауылым өскем жерім кіндік қаным тамған жерім ,өскен ортам, тамыры тереңде жаткан атамекен. Ең басты тарихи өңір. Халқы — даланың асау тұлпарындай қыспаққа көнбейтін батыр ел. Жетісу – Алатауының шығысында Малай-Сары жотасынан Іле өзені бойымен айдынды Балхаш көлінің оңтүстік жағалауына дейін, Солтүстігінде Сарыесік Атырау шөлін, батысы мен оңтүстігінде Тауқұм құмды алқабын қамтитын, көсіліп жатқан, байтақ өңір — біздің Балқаш ауданының жері. Ұшар басына көз жетпес мұзарт шын, Хан-Тәңірінен, бастап дала таулары, Жетісу Алатауы, Тарбағатай туларынан және Жоңғар Алатауынан бастау алатын сансыз бұлақтар тоғысып — құйылған, жер жәннаты Жетісудың алтын алқасы атанған, сұлу Іленің арғы жағасы мен бергі жағасын жайлаған жалпақ жұрттың ата мекені, ақ бесігі.

Осынау кие тұнған қасиетті өлек-үкілі найза ұшымен, ақ білектің күшімен беліне шоқпар іліп, ұрандап топқа кіріп, басты идіріп, тізені бүктірген баhадүр батыр бабаларымыздың ту тіккен мекені. Бұл өңір-өмір көш керуенінде даңқы әлемнен асқан,  ұлы дала даналары, ұрпағына ұлағатын ұран еткен тарихи тұлғаларымыздың да табанының таңбалы із қалдырған жер.

Тарлан тарихтың тамырын бассақ, талайды таң қалдырған, желмаяға мініп алып, жерұйық іздеген Асанқайғы бабамызды да тамсандырған, жері құйқалы, шөбі шипалы шырайлы өлкеге қазақтың бас ханы, Алаштың ақ туына айналған Абылай хан да талай рет атбасын бұрған екен, тарихи деректерінде 1223жылы әйгілі Шыңғыс хан да Құланбасыда құрылтай-кеңес құрып, осы жерде қоңырат қызы Бөртеден туған төрт ұлына еншісін бөліп беріпті. Қазақтың соңғы ханы, Хан-Кененге қоғалы көл, қом суы сая болған, байырғы Қамал жерінде, Жалайыр Жәлмендімен иық тірестіріп, үзенгі қағыстырып, ұлы Абай төскейімізге келіп, төрімізге озған өлкемізде 1923 жылы үш жүз үй тігіліп, Іле-Қаратал өңірінің тұңғыш болысы Сүндетбай Смайылұлына арнап берілген аста сөз мәйегін шайқаған, аламан айтыс дүлдүлі, Кенен менен Қалқа да өнерлерін паш етіп, жыр алабы Жамбыл бабамыз да ел ішін аралап, рухты дастан,ұлықты жырларымен Балқаш жұртын тәнті етіпті.

Әбілқайырдан бөлініп, Қозыбасыға көшіп келіп, Қазақ мемлекетінің негізін қалаған атақты Жәнібек пен Керей сұлтанға, Ақтабан шұбырындыда Ұлы жүздің бас биі, Үйсін Төлеге де керуен болған бұл ұлы жол-тарихтың тарлан даңғылы. Ұғынғанның зердесін ашар танымы екені ақиқат.

Әр төбесі шежіре тұнған осы мекенде ата-бабаларымыз сан қилы тарихи жағдайларды басынан өткерді. Бұл жайында ел арасында аңыз боп айтылып жүрген әңіме-әфсана да жетерлік.

Дана халқымыз: «Аруақты жерден ат үркеді» деген екен. Ұлы тарихшы, ғалым Ермахан Бекмахановтың зерттеу еңбектерінде жан-жағы табиғи қамалдармен қоршалған, Іле өзенінің Балқаш көліне құяр тұсындағы Қарой маңында 1846-1847 жылдары қазақтың ең соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілістің басшысы, Хан Кене мен әйгілі Наурызбай батыр тыныстап, Кіші жүз қазақтарына Үндеу жібергені көрсетілген.

Қазақтың соңғы ханы, Хан Кененің өмірінің соңына дейін бірге жүріп, сарбаздар тобының әскербасы болған, тарихта ерлігімен танылған, ел аузында батырлығы аңызға айналған, Қосай-Қосымбет ұрпағынан тараған Балқаштық Әділбек батыр бабамыздың найзасын шаншыған қарауыл төбесі – «Найзақызыл».

Байшегір бабаның кенже баласынан тараған ұрпақ Бекпенбет (Жанама аты Шегелек) руынан шыққан әйгілі Шаған батырдың немересі, Барақ бидің бел баласы, Өгіздің Меңліқұл руынан тараған Солтанай – Тұяқ әулиелердің жиені Нысанбай әулие күмбезі.

Шегелектің қос әулиесінің бірі деп танылып, есімі Нысанбай әулиемен қатар аталған, ертеңін оза ойлайтын, болашақты баса болжайтын аузы дуалы, сөзі уәжді, әулие-көріпкелдігімен, емші, тәуіптігімен жалпақ жұртқа есімі мәшҺүр болған Маралбай әулие күмбезі.

Жақсыдан жақұт туар дараланған,

Қайран көңіл соны аңсап саралаған.

Мен кетем, бәлкім менің ұлы ұрпағым,

Жеткізер арманымды жете алмаған.

1880 жылдардың аяғында Ақкөл өңірінде билік құрып, заманында елді аузына қаратқан, төрт аяғы тең түскен су төгілмес жорғадай, асыл сөздің мәйегін шайқаған, орақ тілді, от ауызды, ойы ұшқыр шешендігімен елін тәнті еткен, қандай дау-дамай болмасын әділ шешіп, елдің елдігін ту етіп, бірлігін сақтаған, саясаткерлігімен танылған тарихи тұлға – Маштақұлы Малыбай би зираты.

ХVIII – ғасырда өмір сүріп Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының ұзақ жылдарға созылған қантөгіс азаттық соғысында елін жерін қорғау үшін, қолынан қару түспей қол бастап ерлігімен көз түскен, тарихты із қалдырған ерен-тұлғаның бірі батыры- Малайсары. Ел басына күн туған кезде елін басқыншыларынан қорғау жолында асқан ерлік көрсеткен. Елін жерін сыртқы жаулардан қорғаған батырдын рухын құрметтеп, атын өшірмеу үшін, оның ерлік істері келешек жас ұрпақтың санасын оятып тәрбиесіне үлкен әсен еткен.

Батырлықтың белгісі –

Оққа қарсы шабады.

Ақыл ойдың белгісі –

Ойласа ақыл табады – деп

Сүиіндікбай айтқандай, жауға да шапқан, ақыл да тапқан батыр бабаларымызды ұмытпаған абзал.

Халқы – даланың асау тұлпарындай қыспаққа көнбейтін батыр ел. «Голощекин геноцидіне» қарсылық білдіріп, үлкен көтеріліс болған жер. Біз көтеріліске қатысқан аталарымыздың ерлік істерін естіп өстік. Солардың ұрпақтарымен дос болдық, бірге жүрдік. Тарихта «Ақкөл көтерілісі құрбандарына» зәулім ескерткіш орнатылды. Бүгінде «Ақкөл көтерілісі» құрбандарына қойлған ерлік даңқына айналған, елдіктің белгісіндей, ерліктің даңқындай ескерткіш бұл күнде кешегі азаттықтың туын көтерген, бабаларымыздың аққан қаны, төккен терінің өтеуіндей, келіп жеткен Тәуелсіздігіміздің шуағына бөленген жастарымыздың тәжім етер киелі орнына айналды.

Бабалар батырлығын жалғаған бейбіт күннің батыры, Бейсетай Дауренбеков ағамыз 1972 жылы 18 желтоқсанда 12 баланы ажал аузынан алып қалған, бейбіт күннің батыры қаһарманы. «Құрмет Белгісі», «Бірлік» алтын жұлдызының иегері атанды.

Балқашым — мен үшін жүрегіме жылылық шуағын төккен, ата-жұрттағы бауырларымыздың қаймағы бұзылмаған, ынтымағы сақталған, баға жетпес құтханам. Талай тарлан тұлғалардың бүгінгі шыққан биігінің кешегі табан тірер алтын тұғыры болған атақоныс қойнауында ұрпағына ұлағаты ұласқан ардақ тұтар бабаларымыздың, дария ғұмыр даналарымыздың өнегелі ісінің шежірелі ізі жатыр.

Жүз жыл ғұмыр кешіп ғасыр ата, абыз ата, аңыз ата атанған халық емшісі, тәуіп зергер- ұста,ақын,бақсы, қобызшы аталардың барі ел үшін еңбек еткен абзал жандар жайлы ер арасында аңыздар көп. Соның бірі даланың дана перзенті атанған Д.А. Қонаев 9 жасында қатты ауырғанда, ешбір емші жаза алмапты. Сол кезде көптің сілтеумен Ахмет ата Дінмұханбетті Оспанқожаға қаратып тәуір болады. Ал қобызшы, бақсы-Қойбағар баба ұрпағы Мекенбай қария жайлы айтар болсақ, ол 1900 жылы Балқаш ауданы, Көкжиде аулында дүниеге келген. Өмірінің бір дәстүрі шынығып-шыңдалудың тамаша үлгісі, аңшылық-саятшылықпен қатар балық аулау кәсібімен-ит жүгіртіп, тазы салып, бүркіт қаршыға сияқты жыртқыш құстарды қолға үйретіп, құс белгілікпен, ат жаратып, бәйгіге қосып, атбелгілікпен айналысқан. Мекенбай қарияның өзі шығарған «Жетім қыздың зары» деген күйін шығарған. Бабадан мирас, атадан қалған аманат Мекенбай атамыздың киелі қобызы қазіргі кезде Қорқыт бабадан кейінгі даулескер күйші Ықылас Дүкенұлы атындағы Алматы қаласындағы халық музыкалық аспаптар музейінің төрінде тұр.

Осындай ел дамуы жолындағы жемісті жетістіктерге өлке тарихында азаттық жолында ерлерінің ерен ерлігімен, елінің елдігімен, халқының берекелі бірлігімен танылған, туған жеріне туын тіккен ұлықты елдің рухты ұрпақтары, өткенге тағызым, бүгінге қанағат, болашаққа құрмет, тарихқа тағылым, елге тәжім еткен ұрпақтың ұрпағымыз.