ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ, ҰШҚАНДА СОНЫ ІЛЕСІҢ

Отбасы – тәрбиенің негізі. Оның құндылығын «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақал айқындай түседі. «Отбасы» деген сөз әлеуметтік өмірімізде ертеден орын  алса да, «семья», «жанұя», «үйелмен» деген сөздер оның орнын алмастырып жүр. Өйткені, олардың түпкі мағынасы — әке мен шешенің және қандас адамдардың тіршілік ету кезіндегі бірлігі, одағы. Әйтсе де «отбасы» деген терминнің өзіндік мағынасы бар. Бұлай дейтін себебіміз, адам тіршілік процесінде қажеттілігіне байланысты от жақты, үй салды, жұптасып отбасын құрды, ұрпақ сүйіп, өмірін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырды. Демек, отбасы сөзінің мағынасы терең, адамның әлеуметтік өмірін айқындайды. Сондықтан соңғы кезде жарық көрген күрделі еңбектердің мазмұнынан «отбасы» деген термин орын алған. Отбасы тәрбиесі-барлық тәрбиенің негізі. Өйткені баланың туған кезінен бастап, есейгенге дейінгі уақыт аралығында өміріне арқау болатын тәлім-тәрбие отбасы мүшелері (әке, шеше, ата, әже, аға, апа, жеңге, жезде) арқылы беріледі. Олар баланы ата-аналарбабаның өміріндегі еңбек және қоғамдық іс-әрекеттің барысында ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесінен өнеге алып, оны құрметтеуге, жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтылуға, қоршаған ортасын танып, онымен қарым-қатынас жасауға және баланы өз бетімен әрекет етуге бейімдеп отырған. Отбасы тәрбиесі туралы орыстың педагогі А.С. Макаренко: «Әрбір отбасы сырттан алынған даяр рецептілерді пайдаланбай әрдайым… өмір мен мен адамгершіліктің жалпы принциптік системасын пайдаланып, көптеген педагогикалық мәселені өзі шешуі керек», — десе, Н.К. Крупская: «Балаға деген сүйіспеншілікті россиялықтар шығыс халықтарынан үйренсін», — деп орынды айтқан.

Кейде қазақ отбасының жүйелі тәрбие беру мүмкіндіктері төмен деген пікірлер айтылып қалады. Мұндай пікір қазақ отбасының тәрбиелік ықпалын ұлттық тәрбиенің құндылықтарын ескермеуден айтылған. Егер қазақ отбасы тәрбиесінің өзіндік ықпалы төмен болса әл-Фараби, Қорқыт, Абай, Шоқан, Ыбырай, Қаныш, Мұхтар т.б. зиялы тұлғалардың есімі әлемге әйгілі болмас еді. Демек, қазақ отбасында тәрбие жүйелі жүргізілген, оның тән мен тазалық, еңбек пен өнер, ақыл-ой, ізгілік пен адамгершілік, сыр мен сымбат сияқты мазмұнға ие болғанын Қ.Б. Жарықбаев, С. Қалиев дәлелдейді.

Әр елдің, тіпті жеке отбасыларының тәрбиесінде өзіндік ерекшеліктер болған. Мысалы, қазақ отбасында баланың тәлім-тәрбиесіне мұрындық болатын бесікке салу, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндетке отырғызу, шежіре үйрету, құда түсу, қыз ұзату, келін алу сияқты дәстүрлермен бірге, отбасында бірігіп ынтымақтық тіршілік ету, үлкеннің айтқанын орындау, кішісің дегенге көну, бірлесіп әрекет жасау, өнеге көрсету сияқты тәрбие жұмыстары өріс алған. Бұлар жастарға өнеге болып келеді. «Бізге өнеге болатын анамыз,-дейді Социалистік Еңбек Ері атанып, 13 бала өсірген Батыр ана-Ұлбала Алтайбаеваның балалары. Ол кісінің жұмысы өте көп, соған қарамастан біздің табыстарымыз бен кемшіліктеріміз туралы әңгімелесіп ақыл-кеңес береді, биязылық танытып, бізге ісін үйретуге тырысады. Сондықтан оның  достары көп, біз анамызды айрықша жақсы көреміз»-деп жазады.

Қазақ отбасында баланы өмірге дайындау дәстүрінің бірі-шежіре үййрету. Оның негізгі мақсаты-ата текті білу, ұрпақ тазалығын, яғни ген тазалығын сақтау. Мұны ғылыми тұрғыда Г. Мендель гибридтердің бірнеше ұрпағының біркелкілігі, гендердің тәуелсіз таралуы заңдылықтарына сүйеніп өз тәжірибелерінде дәлелдеген.

Қазақ халқының текнама (генетика) құпиясын түсінуі кездейсоқ емес. Ол ұрпақ келбетінің, іс-әрекетінің, ақыл-ойының дұрыс болуы қажеттілігінен туындаған. Осыған байланысты жеті атаға дейін қыз алып, қыз бермеу дәстүрі ережеге айналған. Мұның шындығы ұлтымыздың өмірінде дәлелденген. Мысалы, есімі әлемге таралған Ұлы Абайдың дүниеге келуі, ақыл-парасат үлгісін танытуы Құнанбайдың өзімен терезесі тең орта жүз биі Битен ұрпағына үйленуіне байланысты болуы керек.

Адам тегіне байланысты отбасын құру тәжірибесі ақыл-ойды дамытып қоймаған, ол ұрпақтың бойында бейімділікті де дамытып, қабілеттің айқындалуына себепші болған. Мысалы, хан әулетіне тән ел басқару, үкім шығару, шешендер мен билерде мәнерлі әрі мақалдап сөйлеу, сөз қадірін білу, сөзін тыңдату қабілеті ұрпақтан ұрпаққа берілген.

Отбасында баланы шежіреге үйретудің білімдік тұлғаны қалыптастырудың мүмкіндігі бар. Өйткені, шежіре ақыл-ойға қозғау салып, адамды тануға, білуге итермелейді. Осыған орай мұғалімдердің кәсіп әрекетін жетілдіруу үшін шежірені аз да болса біледі. Себебі, төменгі, орта, жоғары сыныптың 112 оқушысынан, жоғары оқу орнының 117 студентінен жеті атасын сұрағанымызда, әр топтың 40-42 пайызы жеті атасын білді. Бұл-кейбір отбасының ата-баба дәстүрін құрметтеуді парыз  санауынан болған жағдай. Көпшілік ересек оқушылар өз әкесінің есімін айтумен шектелді. Оларды кінәлау қиын. Бірақ, дәстүрімізде балаға шежіре үйрету арқылы өзінің кім екенін, ағайын-тумаларда қандай тұрпаттық қасиеттер дамығандығын білгізу. Тіпті оның баланы қалыптастыруда алғашқылық мәні бар. Себебі бала мектепке барғанға дейін дамығандығы шежіре айту арқылы байқалады. Бұл туралы А. Сейдімбек: «Өмір-салттың, тіршілік болмыстың ғажайып сабақтастығы жерде адам баласы бәрін де тырбанып қайтадан бастауға мәжбүр болар еді»,-деп орынды жазған. Өміріміздегі сбақтастықты сақтаудың бір жолы-ұрпаққа шежіре үйрету. Ұлтымыз бала ес біліп, ақыл тоқтата бастаған кезде, әкесінен бастап ата-тегін, руын, ел-жұртын білуге үйреткен. Жігіттің үш жұрты-өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты бар. Оларды білу жігіттің тұлғалық қасиетін танытқан. Сондықтан, халық «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар»-деп білген.

Шежіреге үйрету жеті атаны білгізумен шектелмей, қазақ этносының, өзге ұлттардың шығу тегін, қазақ елінің қалыптасуын, оған себеп болған оқиғаларды, ұлт намысын қорғаған  тұлғалардың ісін қамтуы керек. Сонда ғана шежіреге үйрету білім көзі бола алады. Шеджіреге үйретуді жалаң дәріптеу Қ.Б.Жарықбаев, С. Қалиев айтқандай: «….баланы өз руының адамдарын ғана қолпаштап, жақсы текті асыл азаматтар тек біздің рудан ғана шыққан»,-деген өзімшілдік, менмендік көзқарасқа бейімдейді. Демек, баланы шежіреге үйрету ел-жұртын сүю, ой үйрету, әдептілік таныту, отбасын құрметтеу, үй болуға, кісілікке бейімдеу істерімен қатар жүргізіледі.

Баланы отбасында тәрбиелеуде ана тіліне үйрету жетекші орын алады. Ол туралы С. Торайғыров:

Сүйемін туған тілім – анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан

Құлағыма сіңірген таныс үнін, — деп айтқан.

Ана тілі ақыл-ой дамуының негізі және барлық білімдерінің қазынасы. Одан барлық түсінік басталып, сол арқылы өтіп және соған оралып отырады. Б. Момышұлының сөзімен айтқанда:  «Тілін ұмыту сатқындықтың белгісі». Кеңестік заманда «ортақ тіл жасау» саясатын өз мәнінде түсінбей, ана тіліннің орнына орыс тілін үйренуге мән бердік. Орыстандыру саясатының қате екенін кейінірек түсіндік. Өйткені, адам тілін қанша тілін өзгерткенімен қанын, нәсілін өзгерте алмайды. Демек, ұлт, ұлыс, тіпті шағын топ болсын, нәсіліне сәйкес тілін сақтауы, болмаса ана тілінде сөйлеуі-табиғи заңдылық. Мұны біле тұрып тілдің өрісін тарылту-зұлымдық.

Ұлтымыздың Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты даналарының еңбектеріне қарасақ олардың ұлылығы – ана тілін терекң меңгергендігінде. Демек, жеке тұлғаның білімділігі, кәсіптік әрекетін жетік меңгеруі ана тілін білуіне байланысты. Бұдан өзге тілді үйренбе деген қорытынды шықпайды. Оны да білу қажет, бірақ өзге тіл арқылы өз тіліңнің деңгейін көтеру әр кезде жадыңда тұруы қажет. Сөз соңында, отбасы тәрбиесінің кейбір мәселелері туралы пікірімізді ортаға салдық.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Үстірт орта мектебі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Дайындаған: 9 «Б» сынып оқушысы

Қилыбаева А

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2007 – 2008 оқу жылы