Әлеуметтік педагогтың баламен, отбасымен жүргізетін  жұмыстарының жаңа нысандары.

Әлеуметтік педагогтың жұмыс көлемі өте ауқымды. Оның клиенттері тек оқушы ғана емес, олардың ата-аналары, отбасы болып табылады. Жұмыстың мақсаты- баланың тұлғалық дамуы үшін (физикалық, әлеуметтік, рухани-адамгершілік, интелектаулдық)оған  жағымды жағдай жасау, кешенді әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ баланы өзі өмір сүретін ортадағы келеңсіз жағдайлардан қорғау. Әлеуметтік педагог бала мен ересектер арасында, бала мен оның айналасымен арасында дәнекер болады, сонымен бірге  тәлімгердің рөлін атқарады.

Ол жанұяның әлеуметттік диагностикасын жасайды, жанұяға көмек көрсету бағдарламасын құрастырады, бала тәрбиесі мәселелері жөнінде ата-аналармен ағарту жұмыстарын жүргізеді.

Әлеуметтік педагог өзінен қашан көмек сұрайды деп күтіп отырмайды. Ол әртүрлі түрдегі (әлеуметтік, физикалық, психикалық) жағымсыз жағдайлардың, проблемалардың алдын-алу, уақтысында анықтау және себептерін жоюға ұмтылуы керек.

Әлеуметтік педагогтың жанұямен қызметіне әлеуметтік-педагогикалық көмектің үш негізгі бағыты кіреді: білімділік, психологиялық және дәнекерлік.

 

Әлеуметтік-педагогикалық көмек

 

Білім беру   Психологиялық   Дәнекерлік
Оқыту   Қолдау   Ұйымдастыру  
Тәрбиелеу   Түзету   Үйлестіру  
Ақпараттандыру

 

Білім беруге әлеуметтік педагог қызметінің екі бағыты кіреді: оқыту мен тәрбиеге көмек.

Оқытуға көмек ата-аналардың педагогикалық мәдениетін қалыптастыру мен отбасылық проблемаларды болдырмауға бағытталған.

Тәрбиелеуге көмек бірінші кезекте ата-аналарға кеңес беру жолымен, сондай-ақ отбасының әлеуетін нығайтуға және оны мүмкіндігінше толық қолдану мақсатында жанұяға өз уақытысында көмек беру міндеттерін шешуге арналған арнайы тәрбиелік ситуация құру арқылы баламен   жүргізіледі.

Психологиялық көмек әлеуметтік-психологиялық қолдау мен түзетуден тұрады.

    Қолдау қысқа уақыттағы кризис кезінде отбасында жайлы микроклимат құруға бағытталған.

Тұлғааралық қарым-қатынасты түзету негізінде жанұяда балаға оның жүйке-психикалық және физикалық жай-күйінің бұзылуына әкеп соқтыратын психикалық зорлық жасалатын жағдайда жүргізіледі.Мұндай зорлық түрлеріне қорқыту,  баланы қорлау, ар-ұяты мен абыройын аяқ-асты ету, сенімсіздік жатады.

Дәнекерлік көмекке  ұйымдастыру, үйлестіру және ақпараттандыру кіреді.

Ұйымдастыру жұмысына көмек қайрымдылық аукциондарын, киілген киімдерді сату-көрмелерін, жанұялық мерекелерді, конкурстарды, үй шаруашылығын жүргізуге арналған курстарды, «танысу клубтарын», жазғы демалысты және т.б. іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталған.

Үйлестіруге көмек нақты баланың жағдайы мен отбасының проблемаларын біріге шешетін әртүрлі  қызметтер мен ведомстваларды белсендіруге бағытталған.

Ақпараттандыруға көмек жанұяны әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша мағлұматтармен қамтамасыз етуге бағытталған.Ол кеңес беру түрінде жүргізіледі.Отбасылық-некелік, тұрғын үй, еңбек, азаматтық, зейнетақылық заңнамаларға, бала, әйел, мүгедектер құқығы, сондай-ақ отбасылық ішкі проблемаларға қатысты мәселелер болуы мүмкін.

Әлеуметтік педагог жанүямен жұмыста үш рөлді атқарады:

Ақылшы(советник)- бала тәрбиесі бойынша педагогикалық кеңес береді,баланың дамуы туралы әңгімелейді, жанұядағы бала мен ата-ананың өзара әсерінің мүмкіндігі мен маңыздылығы туралы жанұяға мәлімет беріп отырады.

Кеңес беруші(консультант)- отбасылық заңнамалар, отбасындағы тұлғааралық өзара қарым-қатынас мәселелері бойынша кеңес береді, нақты жанұяға бағытталған тәрбие әдістері туралы мәлімет береді, ата-аналарға отбасында баланың қалыпты дамуы мен тәрбиесіне қажетті жағдайлар жасау тәсілдерін түсіндіреді.

Қорғаушы(защитник) — ата-аналардың толық тұлғалық азғындауына (нашақорлық, маскүнемдік, балаларға қатыгездік) және осыған байланысты тұрмыстық жағдайдың дұрыс болмауы,балаға көңіл бөлмеушілік, ата-ананың балаға адами қарым-қатынас жасай алмау жағдайларына кездескенде бала құқығын қорғайды.

Әлеуметтік –педагогикалық көмек формалары.

Әлеуметтік педагогтың жанұямен жұмысының бір формасы- әлеуметтік патронаж. Ол отбасындағы әртүрлі проблемалық жағдайларды уақытылы анықтау мен оған кешіктірмей көмек көрсетуге  және отбасымен қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін, диагностикалық, бақылаушылық, бейімдеу-оңалтушылық мақсатпен баланың үйіне барады.

Патронаж жанұяны табиғи жағдайда бақылауға мүмкіндік береді. Бірақ патронажды жүргізу үшін бір қатар этикалық ұстанымдарды сақтауға тура келеді. Олар: жанұяның өзіндік ұстанымдарын сыйлау, көмекті ерікті түрде қабылдауы, құпиялылық сақтау, сондықтан алдын-ала отбасына сапарыңыз  және оның мақсаты туралы хабардар етуге мүмкіндік табу керек.

Патронаж төмендегідей мақсатпен жүргізіледі:

диагностикалық: өмір сүру жағдайымен танысу, қатер факторларының мүмкіндігін( медициналық, әлеуметтік, тұрмыстық) зерделеу, пайда болған проблемалық ситуацияларды зерттеу;

бақылаушылық: жанұя мен бала жағдайын бағалау, проблемалардың серпінділігі (егер жанұямен кездесу қайталанатын болса), ата-аналарға ұсынылған тапсырмалардың орындалуы, оңалту іс-шараларын жүргізу барысын сараптау және т.б.

бейімдеу-оңалтушылық: нақты білімділік, дәнекерлік, психологиялық көмек көрсету.

Әлеуметтік педагогтың жанұямен жұмысында патронажбен қатар маңызды орын алатын жұмыс формасының бірі- консультациялық әңгімелесу. Жұмыста консультациялық әңгімелесудің көп тараған түрлерін қолдануға болады: эмоциональдық еліктіру, иландыру, көзін жеткізу, мини тренингтер және т.б.

 

Әлеуметтік педагогтың ата-аналармен жұмысының негізгі міндеттері төмендегідей анықталады:

  • ата-аналарды жүйелі түрде жан-жақты педагогикалық ағарту жұмыстарын жүргізу;
  • оқу-тәрбие үдерісіне ата-аналарды белсенді қатысуға тарту;
  • ата-аналардың өздігінен білім алу қажеттіліктерін қалыптастыру;
  • пән мұғалімдерін отбасы тәрбиесінің әртүрлі әдістерімен таныстыру, озат тәжірибелерді саралау және жинақтау.

Әлеуметтік педагогтың ата-аналармен жұмысы екі бағытта жүзеге асырылады: ата-аналар ұжымымен және жеке. Тәжірибеде бұл жұмыстың көптеген ұтымды формалары бұрыннан қолданылып жүр: жалпы және сынып жиналыстары, ұжымдық және жеке кеңес берулер, әңгімелесу, дәрістер, конференциялар, оқушылардың үйіне бару, формасы мен мазмұны бойынша әртүрлі текстік материалдарды, фотомонтаждар, оқушылар жұмысының көрмесін хаттау. Оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға қатысуға ата-аналар тартылады: үйірме жұмыстарына жетекшілік жасау, ата-аналар мен балалардың алдында шығып сөйлеу, сыныптан және мектептен тыс жұмыстарды дайындауға және өткізуге қатысу, шаруашылық көмек.

Ата-аналармен және басқа да отбасы мүшелерімен  жеке жұмыстар күрделі әрі алуан түрлі болып келеді. Бұл жұмыстың бір тиімділігі көбінесе әлеуметтік педагогпен жеке отырғанда ата-аналар бөгде адамның көзінше айтпайтын жанұяішілік қарым-қатынастарының прблемалары туралы ашық айтады. Жеке әңгіме кезінде басты ережені ұстану қажет:  оңаша әңгіменің мазмұны тек қана әңгімелесушілердің арасында қалуы мүмкін, ол жария болмауы тиіс. Сонымен қатар әңгіменің мазмұны, оны жүргізу барысы алдын-ала ойластырылады. Ең бастысы, жанұяның ішкі жұмысына тура жөнсіз араласу ата-ананың немесе баланың қарсылығын тудыруы және түзетуі қиын зиян шектіруі мүмкін екендігін есте сақтаған жөн.Өйткені әрбір ата-ана баласын өзінің білім-білігінің, сезімі мен сенімінің шамасына қарай тәрбиелейді. Сондықтан кеңес бере отырып, егер қажет болған жағдайда, ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалына түзету енгізеді.

Әлеуметтік педагог қызметінің негізгі ортасы — баланың оқып, білім алу қызметі жүзеге асыралатын мен мектеп, үйі мен әртүрлі спорттық аулалар, клубтар мен мектептен тыс қоғамдық орындар және бала  қарым- қатынаста  болатын барлық орта.

Әлеуметтік педагогтың қызметінің нақты мақсаты – баланың өмір сүру ортасындағы туындаған мәселелерді уақытында  анықтау; олардың себептерін жою жолдарын  қарастыру; баланың өмір сүру ортасында туындауы мүмкін әртүрлі қоғамға жат құбылыстардың алдын алу; ең маңыздысы,баланың құқығы мен еркіндігіне  нұқсан келтірмейтіндей жағдайда жүзеге асыруы тиіс.

Жеке оқушымен жұмыстағы мақсат  — оның тұлғалық дамуына педагогикалық тұрғыдан жағдай жасау, оның жеке басының қалыптасуын және күш жігерінің артуын қамтамасыз ету.

Ол үшін мынадай жағдайларды ескеру қажет:

  1. Бала жанын жақсы түсіну. Яғни оның сезімін, көңіл – күйін, ықыласын, тілегін, қажеттілігін сезіну.
  2. Баланың таңдау еркіндігін қолдау.
  3. Мұғалімнің көзқарасына сай келмейтін шешім болса, да, баланың шешімін сыйлау қажет.
  4. Оқушының тұлғасын қалыптастыру және дамуына және тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік беретін жағдайды  туғызу.
  5. Мақсатты әлеуметтік қолдау көрсету. Бұл бағытта баланың күрделі, қиын – қыстау жағдайында қолдау көрсету.

Әлеуметтік педагог жұмысының  маңызды бағыттарының бірі  — белгілі шарттарға негізделіп, оқушылардың әлеуметтік жағдайын талдап, бағалау болып табылады. Оны дұрыс ұйымдастырған жағдайда оқушылардың өзін – өзі тануына, тәрбиеленуіне тиімді ықпал етеді.

Әлеуметтік педагогтың іс- әрекет жұмыстарын жоспарлағанда төмендегідей бағыттар ескерілуі қажет:

  • Оқушылармен жұмыс жасауда оның дамуына теріс ықпал ететін жолдардың алдын алу бағыты, яғни оқушылардың бойындағы жағымсыз қылықтарды анықтап, болдырмау;
  • Бала тәрбиелеу сапасының жоғарылауына  педагогикалық тұрғыдан ықпал ету;
  • Психологпен бірге психологиялық алдын алу және түзету жұмыстарын жүзеге асыру;
  • «Тәуекел топ» балаларымен жұмыс жүргізу.

Күтілетін нәтиже:

  • Оқушының шынайы өмірде өздерін анықтай алуы, қоғамдағы өз орнын белгілеу,өзін – өзі таба білу мүмкіндіктерін қалыптастыру;
  • Жеке тұлғаның белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру;

Жеке тұлғаның қалыптасуы –оны әлеуметтендіру кезінде жүзеге асырылатын күрделі үрдіс. Бұл үрдіс адамның өмірге келген сәтінен бастап, әлеуметтік ортаның, тәлім – тәрбиенің ықпалымен қалыптасып, күннен – күнге жаңа сапалық қасиеттермен толысып дамиды.

Әлеуметтік педагогтың мақсатқа бағытталған жанұямен қарым-қатынасының үлкен әлеуметтік мәні- ата-ананың балаға ықпалын қажетті арнаға қарай бағыттау, жанұяішілік қарым-қатынасты қайта құруға ықпал ету, ата-аналардың өздерінің тұлғалық жетілуіне себепші болу.

 

 

 

 

№249 мектеп – лицей

 

 

 

 

БАЯНДАМА

 

 

Әлеуметтік педагогтың баламен, отбасымен жүргізетін  жұмыстарының

жаңа нысандары.

 

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік педагог: Ж.Рахметова

 

 

 

 

 

 

2014 -2015 оқужылы