«Ел құты — төрт түлік мал».

Сабақтың тақырыбы: «Ел құты — төрт түлік мал».
Сабақтың мақсаты: Оқушыларға төрт түлік жайлы түсінік беру.Төрт түлік малдың адам өміріндегі пайдасымен таныстыру, пірлері жайлы айту.Оқушыларды төрт түлікті күтіп-баптауға тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар: Төрт түлік түрлерінің суреттері, төлдердің суреттері, төрт түлікке байланысты буклет, ребус және т.б.
Сабақ барысы: Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, рәсімдері, салт-санасы, кәделері, наным-сенімі, түсінігі төрт түлік малмен тығыз байланысты болған. Себебі олар мал арқылы өмірін, тұрмыс-тіршілігін айқындаған. Малсыз өмірді елестету қиын болғандықтан шығар «Мал-жаның аман ба?» деп амандық сұрағанның өзінде әуелі малмен бастаған. Қазақ халқының өмірін, тұрмыс тіршілігін малсыз елестету мүмкін емес. Олар сондау ерте заманнан бастап мал бағу арқылы күн көрген. Олар үшін мал — жексе көлік, жесе — ас, ішсе — сусын, кисе — киім болған. Әркім-ақ біздің ата-бабаларымыздың ерте кезде киіз үйде тіршілік еткендігін жақсы біледі. Міне, сол киіз үйдің әрбір жиһаз-мүлкі осы малдың терісінен, жүнінен жасалған.
Сұрақ: Балалар төрт түлік малға нелер жатады? (жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкі).Ал олардың төлдерін қалай айтамыз ? (құлын, ботақан, бұзау, қошақан, лақ).Дұрыс айтасыңдар. Сонымен бірге халық ұғымынша әр малдың пірі, киесі бар деп айтылады. Аналарымыз малдың піріне сиына отырып, малдарының көп болып өсіп-өнуін тілеген.

Пірі дегеніміз – сол мал киесі, атасы, яғни, жаратушысы деуне болады.
Сұрақ: Ал балалар, енді төрт түліктің пірлерімен танысайық. Қанеки, кім айтады? Жайлауға саяхат.Балалар, сендер төрт түлік жайлы біршама біледі екенсіңдер. Ендеше біз олармен танысу үшін жайлауға саяхатқа барамыз.а) Қамбар ата ауылы:
— Балалар, мынау суреттен нені көріп отырсыңдар? (жылқылар)
Жылқы малы төрт түліктің асылдарының бірі.
Жылқы төлін атамыз қазақ ерте заманнан-ақ қадір тұтып, киелі мал санаған. Бұл малдың пайдасы өте көп. Мінсе — көлік, жесе — ас, ішсе — сусын боларлық, бұл малдың пайдасы кол-көсір. Жылқыдан алынатын сусын — қымыз.
Қымыз – емдік қасиеті бар шипалы сусындардың бірі. Қазіргі кезде қымызбен емдейтін бірнеше демалыс орындары да бар. Сонымен жылқы малы қазақ халқы үшін киелі мал саналады.Оның төлі не? (құлын).Дұрыс, балалар, ал атамыз қазақ баласын жақсы көргенде «қозым», «ботам», «құлыным» деп еркелетін, сәбилеріне «Ботакөз», «Ақтоқты», «Қозы» деген есімдер берген.Балалар енді сендер қай төлді қалай шақырады, соны айтып көріңдерші. Жылқы төліп қалай шақырады?
1-оқушы:
Жолға шықсам – көлігім,
Жапанда жүрсем-серігім,
Қамбар ата өсірген
Құлыным менің қайдасың?
Құру, құру !
— Дұрыс. Ал жылқы төлін қалай сүйеді?
Кім айтамын дейді?
2-оқушы:
— Жылқы сүйеді баласын «шұбарым» деп
Шапқылаудан тынбаған тұлпарым деп.
Өте дұрыс. Сендер жылқы төлі жайлы көп біледі екенсіңдер. Ендеше қазір ребус шешіп көрелік (ребус шешіледі «Ер қанаты — ат»).
ә) Ойсылқара ауылы.
— Балалар, сендер мына суреттен нені көріп отырсыңдар (түйелер). Ал бұл қандай ауыл екен? (ойсылқара ауылы). Түйе малы Қазақстанның Оңтүстік, Оңтүстік батысы өсіріледі. Бұл малдың да пайдасы көп. Ол ерте кездерден бастап көлік ретінде қолданылып келеді. Түйеден алынатын сусын — шұбат. Бұл да бір емдік, шипалы сусындардың бірі. Балалар, түйе төлі не? (бота).
Түйені қалай шақырады? Қане, балалар айта қойыңдаршы.
3-оқушы:
— Түйе сүйеді баласын «тайлағым» деп
Жабу жапса жарасқан жайнағым деп.Ал балалар, енді осы түйенің баласына байланысты қандай өлең білесіңдер? («Ботақаным» — әні айтылады).

б) Зеңгі баба ауылы:
— Балалар біз мынау суреттен нені көріп отырмыз? (сиырлар).
Сиыр өзіміздің жиі көріп, жақсы білетін төлдеріміздің бірі. Сендер күнде не ішесіңдер, жейсіңдер, осы сиырмен тығыз байланысты. Сүт, айран, қаймақ, май, құрт, ірімшік – бәрі де сиырдан өндірілетін тағам түрлері. Сиыр төлін қалай атаймыз? (бұзау).Сиыр төлін қалай шақырады?
4-оқушы:
— Тілімен мұрын жалаған
Тілімен бойын тараған
Көкке мұрнын шүйіріп
Көз төңкеріп қараған
Зеңгі баба өсірген,
Әукешім, менің қайдасың?
— Аухау, аухау !Дұрыс. Ал сиыр төлін қалай сүйеді? Қане, айта қойшы. 5- оқушы:
Сиыр сүйеді баласын торпағым деп.Қараңғыға баспаған қорқағым деп.Дұрыс айтасың. Сиыр туралы да біршама біледі екенбіз. Енді саяхатымызды жалғай түсейік

.в) Шопан ата ауылы:
Балалар, мына суреттен нені көріп отырсыңдар? (қойлар)
Қой халқымыздағы ең көп тараған мал түрі. Бұл төлдің де өз пайдасы бар. Халқымыз «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дейі де осындан. Қой төлін қалай атаймыз? (қозы).Дұрыс. Ал қой төлін қалай шақырады?6- оқушы:
Қой сүйеді баласын қоңырым деп,Еш нәрсені білмейтін момыным деп.(Қошақаным әнін айтқызу).

.г) Сексен ата ауылы:
— Балалар, мына суреттен біз не көріп отырмыз? (ешкілер).
— Дұрыс айтасыңдар. Ешкілер де төрт түлік қатарына жатады. Ертекте ешкі сүтін де ішіп, тағам ретінде қолданған болатын. Ешкі түбітінен біз жылы киімдер киеміз. Оның да адам үшін пайдасы көл-көсір. Ешкі төлін қалай атаймыз? (лақ).
Ешкі төлін қалай шақырамыз екен? Кім айтамын дейді?7-оқушы:
— Жауын жауса бақырған
Ешкі атасын шақырған
Өрісте өскен жануар
Шөкетайым, қайдасың?
— Шөре, шөре ! Дұрыс айтасың. Ал ешкі баласын қалай сүйеді екен?
8-оқушы:
— Ешкі сүйеді баласын лағым деп
Тастан тасқа секірген шұнағым деп
— Өте дұрыс. Міне, біз жайлауды аралап, төрт түлік малдың түрімен таныстық.
Қортынды: Міне, балалар, біз бүгін төрт түлік жайлы толық танысып өттік. Сендер енді төрт түліктің пайдасы, оның пірлері, төлдері жайлы білетін болдыңдар. Алдағы уақытта төрт түлікке қамқорлық жасап, оларды күтіп-баптауға көмектесіп жүріңдер.