«Балаға жеткілікті уақыт бөліп жүрміз бе?»

Еримбетова Айган Жусанбаевна

педагог-психолог

 

 

   Семинар — тренинг тақырыбы: «Балаға жеткілікті уақыт бөліп жүрміз бе?»

    Мақсаты: Ата-аналарға бала тәрбиесіндегі кемшіліктерді түсіндіру, ой  қорыту және психологиялық-педагогикалық  кеңес беру .

Міндеті:
1. Балаларды адамгершілікке тәрбиелеудегі ата — ананың жауапкершілігі.
2. Мектепте ата — ананың оқу — тәрбие саласындағы рөлі.
3. Алдағы уақытта оқушыларды тәрбиелеуде мұғалім мен ата — ананың бірігіп жұмыс жасауы.
        Керекті құралдар: ермексаз, тест бланкісі, ата-аналарға арналған жадынама.
        Әдіс — тәсілдер: Пікірлесу, сұрақ — жауап, тренинг, талқылау

        Көрнекілік:  ата – аналарға арналған нақыл сөздер, слайд, «Әке 1 сағат уақытыңды сатып алайыншы?» бейнефильм, ата-аналарға арналған жадынама

 

Семинар-тренинг  жоспары.

  1. Кіріспе сөз.
  2. «Әке 1 сағат уақытыңды сатып алайыншы?» бейнефильм
  3. «Сіз қандай ата-анасыз?» тест
  4. «Мүсін» жаттығу
  5. Ата – аналарға арналған кеңес, жадынама тарату

 

Семинар-тренинг  барысы:

Кіріспе сөз.

Ой санасы дамыған, адамгершілік және дене тұрғысынан салауатты, мәдениетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыруды көздеген  тәрбиенің мәселелері мектепті де, ата — ананы да әрқашан толғандырып келеді.Тәрбие жұмысының табысты болуының  басты кепілі  мектеп пен ата — аналар арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынаста. Өйткені адамзат бесігін тербеткен баланың бас ұстазы ата — ана. «Отбасында  адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына ,туған туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.» — деп елбасы айтқандай , бала әкеден ақыл, анадан мейір алып өседі. Қай ата- ана болмасын баласының тәрбиелі,білімді, мәдениетті болуын қалайды. Ал   адам өмірінің мәні мен сұлулығы,адамның келешегіне сенімділігі баланың ата — анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Сол себепті бүгінгі   жиналысты «Әке 1 сағат уақытыңды сатып алайыншы?» бейнефильм көруден бастауға рұқсат етіңіздер.

«Әке 1 сағат уақытыңды сатып алайыншы?» бейнефильм көрсетіледі.

  • Өмірде осындай жағдайлар кездесе ме?
  • Балаңызға күнделікті қанша уақыт бөлесіз?
  • Балаңызға күнделікті үй тапсырмасын орындауға көмектесесіз бе?
  • Балаңызға демалыс ұйымдастырасыз ба?

 

«Сіз қандай ата-анасыз?» тест

  1. Қандай жағдай болмасын өз жұмысымды тастап баламмен айналысамын.
  2. Баламның жасына қарамастан мен онымен кеңесемін.
  3. Егер қате жіберген жағдайымда баламнан кешірім сұраймын.
  4. Баламмен қарым-қатынас арасында жіберген қателігімді оның алдында мойындай аламын.
  5. Егер баламның әрекеті өте қатты әсер етсе де , мен өзімді ұстай алар едім.
  6. Баламның орнына өзімді қоя аламын.
  7. Мен өзімнің баламды 1 минут болса да, “сұлу перизат” немесе “мейірімді сұлтан” ретінде сезіне аламын.
  8. Мен өзімнің балалық шағымдағы қолайсыз болып көрінетін бейнемді немесе басымнан кешкен сабақ болатындай жағдайды айтып бере аламын.
  9. Бала жанына ауыр тиетін сөздерді көп қолданатын сияқтымын.
  10. Мен баламның жақсы тәртібі үшін, оның тілегін орындауға сөзіме берік боламын.
  11. Балаға не істегісі келсе, соны істеуге, өзін қалай ұстаса, солай ұстауға, яғни еркіне жіберіп, өзім араласпауға, бір күнді соған бөлемін.
  12. Егер менің балам біреудің баласын себепсіз жәбірлеп, ренжітіп, қол жұмсап, дөрекі мінездерін көрсетіп жатса, мен үндемеймін.
  13. Егер баламның ерке қылығын көрсетіп жылағанына немесе баламның көз жасымен әр нәрсені сұрауына қарсы тұра аламын.

Тестің кілті:

30-39 ұпай аралығында — өміріңіздегі, жанұяда ең үлкен әрі қымбат адам – балаңыз деп санайсыз. Сіз балаңызды түсініп қана қоймай, оны тереңірек білгіңіз келеді және оған үлкен құрметпен қарайсыз. Сіз ең таңдаулы озық тәрбиелік әдістерді және тұрақты тәртіп жолдарын ұстанасыз. Сіз өте дұрыс бағыттасыз және болашақта жақсы нәтижеге ие боласыз.

16 ұпай мен 30 ұпай аралығында – бала сіз үшін бірінші орындағы маңызды мәселе. Сіздің бойыңызда тәрбиешілік қасиет қалыптасқан, бірақ өмірде оны жүйелі және мақсатты түрде қолдана бермейсіз. Кейде өзіңізді қатал ұстайсыз, кейде жұмсақ ұстайсыз, тіпті кейде тәрбиелік тиімділікті әлсірететіндей келісімге де барасыз. Сізге бала тәрбиесі жөніндегі өз әдісіңіз жөнінде кеңірек (тереңірек) ойлану қажет.

16 ұпайдан төмен – бала тәрбиесі сз үшін үлкен қиыншылық туғызады. Сізге ия білім жетіспейді, ия болмаса балаңызды жеке тұлға ретінде жасауға ниетіңіз, ұмтылысыңыз жетіспейді. Сол себептен сіз педагогтан және психологтан кеңес алғаныңыз жөн

«Мүсін» тренинг

Ата-аналарға ермексаз таратылады, мүсін жасау тапсырылады. Ата-аналар ермексаздың көмегімен мүсін жасайды.

  • Ермексазбен мүсін жасағанда қандай қиыншылықтарға кезіктіңіз?
  • Мүсін жасау сізге қиындық тудырды ма?
  • Неге?

 

Ата-аналарға кеңестер оқылады және таратылады.

«Әрбір ата-ананың парызы-ұрпағының

парасатты болуына қамқор болу»
Балалар не көрсе, соны үйренеді

  • Баланы үнемі СЫНАП отырса, ол жек көріп өседі,
  • Егер КІНӘЛӘП және ҰЯЛТЫП отырса, ол өзін кінәлі сезініп өседі,
  • Егер балаға МЫСҚЫЛДАП отырса, тұйықталады.
  • Баланы жиі МАҚТАСА ол өмірде әділ, текті болуға үйренеді,
  • ҚАУІПСІЗ ЖАҒДАЙДА өссе, адамдарға сенуді үйренеді
  • Баланы үнемі ҚОЛДАП отырсақ, ол өзін бағалауға, өз-өзіне сенімді болуды үйренеді, түсінушілік пен достық жағдайда өмір сүруге үйренеді.
  • Егер баланың істеген ісін үнемі СЫНАҚҚА АЛСА , онда ол біреуді кінәләуді үйренеді.
  • Егер баламен қарым-қатынаста ӘДІЛ болса, бала да адал болып өседі.
  • Егер балаңыз ҰРЫС-КЕРІС КӨРСЕ онда ол төбелесуге бейім болады.
  • Егер баланың іс-әрекетіне ШЫДАМДЫЛЫҚ танытса, бала да сабырлы болып өседі.
  • Егер баламен достық қарым-қатынасты дұрыс сақтаса, онда баланың өмірге деген сүйіспеншілігі артады.
  • Балаңызға үнемі көңіл бөліп жақсы қылығы үшін мақтап әр табысын көрсетіп мадақтаңыз балаңыз байсалды, сабырлы болып өссін

.

Қорытынды:

Бала нені білсе жастан,ұядан,

Өле өлгенше соны таныр қиядан – дегендей отбасындағы тәрбие балаға  өмірлік азық екенін естен шығармайық. Бала сіздер үшін өзінің қажетті, бағалы екенін сезіну керек, оған сүйіспеншілік, бақылау мен қамқорлық өз мәнінде болуы керек, тәрбие қарама-қарсылықсыз қалыпты, жалғасып отыруы керек, еш уақытта баланы басқамен салыстырмаңыз оны қатыгездікпен жазалау баланың тұлғалық даралығын жояды. Баланың  саналы  тәрбие, білім алуына өз көмектеріңізді аямай, бала болашағы туралы ойланайық.