М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын  оқытудың  тиімді жолдары

 

М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын

 оқытудың  тиімді жолдары

 

Камарова Гульжан Каптагаевна,

Талдықорған политехникалық колледжі,

Картаева Айжан Маратбекқызы

Халқымыздың бүгінгі тарихында, мәдениеті мен әдебиетінде Мұхтар Әуезовтің алатын орны ерекше, оны бір сөзбен айтып жеткізу қиын. Аса алып тұлға – табиғат пен қоғамның айрықша бір көрінісі. Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін дара да күрделі тұлға. Ол – әлемдік тұлға.

Әлемнің жазушылары мен ғалымдары жоғары баға берген адамзаттың Әуезовінің шығармашылық мұрасын бүгінгі және болашақтағы ұрпаққа таныту – әдебиеттегі маңызды мәселелердің бірі. Себебі әдебиеттегі кесек тұлға Әуезов шығармашылығын оқыту мәселесі өте күрделі сала болғандықтан, терең білімпаздық пен аса ізденімпаздықты қажет етеді. Әр шығармасын оқыту үшін үлкен дайындық, терең эрудиция, үлкен жүрек пен сезім қажет. М.Әуезов шығармашылығын зерттеуші жазушы-ғалым Т.Жұртбайдың сөзімен айтсақ: «Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолының өзі қазақ мәдениетінің рухани тарихындағы құбылыс. Ол сан-салалы және жинақтай зерттеуді қажет етеді», — деп ескертеді. [1]

Жазушының шығармашылығына арналған зерттеулер негізінен жекелеген ғылыми тақырып пен жанрлық, теориялық, танымдық тұрғыда дара-дара қарастырылды.

Адамзаттың ақыл-ойының ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезов шығармашылығын қалай оқыту керек, оны жастардың бойына қалай сіңіру керек, осы мәселе әрбір әдебиетші ұстазды ойландырып келгені рас. Себебі, М.Әуезов шығармашылығын оқыту дегеніміз — үлкен мұхитқа сапар шеккенмен тең деген сөз. Қай кезеңде, қай туындысын алсақ та, Әуезов туындыларының тақырыбы мәңгілік мәселені қозғайды. Қазақ халқының өткен тарихын баяндап, толғағы жеткен мәселелерді көтеріп, ел тұрмысының шынайы болмысын көрсетіп, адамдар тағдырының шындығын суреттейді. Осыған байланысты М.Әуезов шығармашылығын оқытуды алға тартқан Қ.Бітібаева өз сөзінде былай дейді: «Ұстаздар қауымы Әуезов тағлымын оқу мен тәрбие беруде тиімді пайдалануы, қажетке айналдырудың көзін тауып, қонымды жолын ізденуі керек. М.Әуезов шығармашылығын оқытудың тиімді жолдарын іздеу бүгінгі оқыту үрдісінің талап деңгейінен туындайды», — дейді. [3]

М.Әуезов шығармашылығын оқытуды тұтастай қарастырып, іргелі еңбек жазған Қ.Бітібаева «Әдебиет пәнін оқытудың тиімді жолдары» атты оқу құралында: «… әдебиет пәні жас жеткіншектерге жай ғана білім беріп қоймайды, ол өмірдің ең қымбаттысы, ең асылы – жақсылық пен ізгіліктің ұрығын себеді. Әдебиет пәнінің әр сабағын – адам бойындағы асқақ арман, берік сенім, әсемдік пен сұлулыққа құштарлық тәрізді ең мөлдір сезімдер мен кісілік қасиеттер туралы сырласу сабағы десек те болады. …Бұл пән жас қауымды мақсатты өмір сүруге үндейді, оны туған анасын сүюден Отанын сүюге, бүкіл адамзатты сүюге дейін жетелейді [3]. Әдебиет пәнінің алдында тұрған осындай қасиетті мақсат ең алдымен сабақ процесінде, оның әр тақырыбында жүзеге асырылуға тиіс. Сондықтан әр сабақты, яғни әр сабаққа бөлінген 90 минутты тиімді етіп ұйымдастыра білу ісі мұғалімнен ерекше творчестволық жұмысты, ойлы да зерделі еңбекті талап етеді», — дейді. [2]
Осы аталмыш еңбекте ұстаз жазушының өмірбаянынан бастап, әңгімелері, драмалық туындылары, «Абай жолы» эпопеясын оқытудың инновациялық технологиясын тұтас қарастырады. Сабақ типтері мен түрлері, проблемалық, ұжымдық, дамыта оқыту, даралап, саралап оқыту технологиясына сүйене отырып, ұлы жазушы шығармашылығын оқытудың өзекті мәселесін көтереді. Білімгерлердің шығармашылық жұмыстарына ерекше көңіл бөледі. Мысалы, М.Әуезов өмірін өтудегі сыр – толғау, ой – толғау, жыр – толғаулар, Абай, М.Әуезов атына жазылған өсиет-хаттар, сөзбен жазылған ескерткіштер, сауалнамалар, хабарламалар, т.б. Сөз жоқ, бұл шығармашылық жұмыстар бүгінгі технология талаптарының мақсатынан шыға білген. Яғни білімді тұлғаға қарай бағыттай беру, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру мәселелері еңбекте қамтылған.

«Абай жолы» эпикалық аса ірі туындыны оқыту ізденістерін М.Әуезовті таныту ғылымына қосылған сүбелі ізденіс деп айтуға болады. Ең алдымен ұстаз «Абай жолын» тереңдете оқытуды негізгі ұстаным ете отырып, оны меңгертудің жеңіл, оңтайлы жолдарын қарастыруы тиіс. Мысалы әр кітаптың әр тарауы бойынша жасаған дидактикалық материалдары өте тиімді болып құрылған. Үлгісі:

І кітапта

Тараулар Негізгі оқиғалар Абайдың іс-әрекеті
1. «Қайтқанда» Қодар мен Қамқа өлімі Қодар мен Қамқаның өлімін көріп үркеді, қатты шошып, ауырып қалады.
2. «Қат-қабатта» Абайдың Қарқаралыда Шөжені алғаш көруі Шөже өнеріне сүйсінеді, әрі әкесі үшін қатты ұялады. Шындықты мойындайды.
3. «Жолда» а) Абайдың Қарқаралыда Шөженің өткір сынға толы өлеңін естуі, оның әсері

ә) Бөжейдің батасы, сәби Камшаттың аянышты халі

Алғаш рет әкесінің қаталдығына қарсы шығуы (Кәмшат мәселесі жайында)

 

Бұл көмек-нұсқаулар білімгерлерді аса көлемді еңбек ішіне батырып жібермей, ең негізгі мәселелерді дөп басып табуға, алдарындағы проблемаларды жеңіл шешуге түрткі жасап отырады. Образдарға талдағанда топтап, жинақтап беру, образдардың негізінде жатқан жазушы проблематикасын ашу мақсатындағы проблемалық сұрақтарды, көмекке келетін дидактикалық материалдарды өте тиімді қолданады. Мәселен, Құнанбайлар әлемін мына проблемалар аясында қарастыруға болады:

 

Сабақтың мазмұны, негізгі элементтері Әдіс-тәсілдер Оқу жабдығы
Кіріспе 1. Анкета сұрақтарына жауап

2. Баяндау, әңгімелеу

Таблица плакат
Құнанбайлар – феодалдық қоғамның қатал сақшылары 1. Проблемалық ситуация, проблемалық сұрақтар

2. Түсіндірмелі әдіс

3.Инсценировка

1. Көмекші карточкалар – 25

2. Иллюстрациялар

3. Магнитафон

Құнанбайлар және кедей жатақтар 1. Диалогтық әңгіме

2. Пікірлесу

3.Проблемалық сұрақтар

4.Кітаппен жұмыс

Инсценировка (магнитафон)

 

Абай бейнесін мына проблемалар арқылы түсіндіруге болады:
Абай – гуманист
Абай – философ, терең ойшыл
Абай – ақын, өнер шашушы
Абай – күрескер …

Бір тақырыптың өзіне бірнеше әдіс-тәсілдерге иек арту да еңбектің құнын арттыра түседі. Мысалы реплика-диалог, интервью-сұхбат, монологтық баяндама, жазба жұмыстарының түрлері, әр түрлі салыстыру жұмыстары. Мәтіндегі жұмыстың сан алуандығы, әдеби пікір таластары мен пікірлерін қорғау жұмыстары да ұстаздың терең білімі мен жаңашыл ізденісін танытады. Ұстаз білім мазмұнына байланысты беруге ерекше көңіл бөледі. Қосымша материалдардың, ғылыми еңбектердің тақырыпқа сай ең негізгі деген түйінін үлестірме қағаздарға жүйелей тарата отырып, оны бірнеше топқа ыңғайлап беру, 5-7 минут аралығында оны меңгерту тәсілдерін сәттілік дер едік.

«Абай жолы» эпопеясын образдар жүйесіне қарай сұрыптап оқытуда ұстаз бүкіл шығармадағы кейіпкерлерді топтарға бөліп жинақтап талдаудың үлгісін береді. Оқытудың тиімді жағы ретінде жұптық жұмысты ұсынады. «Абай жолы» роман-эпопеясын зерттей қарастырғанымызда, 627 ірілі-ұсақты кейіпкерлерге ұшырасамыз. Осыншама кейіпкердің барлығына жеке-жеке тоқталып, талдау жасау мүмкін емес. Сондықтан, осынша кейіпкерлерді топтастырып, әр топтауына жеке ат қоюға болады. Мысалы, эпопеядағы әйелдер бейнесінің өзін бірнеше топтарға бөлеміз:

— «Қарашығым, қоңыр қозым, Абай жаным» — аналар бейнесі;

— «Көзімнің қарасы» — Әйгерім, Тоғжан, яғни Абай ғашықтары;

— «Күндестің аты күндес» — Күңке, Айғыз, Мәнікелер;

—  «Ер мінезді еркелер» — Салтанат, Нұрғаным, Еркежандар;

«Сенсіз маған өмір жоқ» — Мәкен, Мағрипалар деп әйелдер галереясын топтап ыңғайлы етіп беруге болады. Романды оқытқан кезде, образдар жүйесін талдағанда бұл әдісті студенттер үшін пайдаланамыз. Мұндай  классификация романдағы образдарға талдау жасау барысында жүйелілігімен әрі нақтылығымен дараланады. Осы жағынан алғанда, бұл әдістің ғылыми маңызы зор.

Эпопеяны оқытудағы келесі қонымды әдісі — проблемалық оқыту. Оқытушының проблемалық сұрақ қоюы арқылы білімгерлерді ой салу және ойлану тәсілі әр білімгерге үлгі болары анық. Әр жасөспірімнің өзіндік көзқарасының нығаюы мен жеке тұлға қалыптастыруда өзіндік пікірінің жетілуіне көп көмегін тигізері сөзсіз. Мұнда мен «Абай жолы» эпопеясын оқытудың тиімді жолдарына мәтінмен жұмыс, диалогтық әңгіме, әдеби пікірталас сияқты әдістерді алады. Жазушы шеберлігіне, оның көркем тіліне, тақырып пен идеяға, сюжет пен композицияға, портреттер мен характерлерге әдеби-теориялық тұрғыдан талдау жасатады. Білімгерлерге мәтіннің мазмұнын ғана білдіріп қоймай, әдеби-теориялық ұғымдардан жан-жақты білім алуын көздейді.

Қорыта айтқанда, ұстаздың әдебиетті оқыту пәлсапасы ой, ойлау, ойланту мәселелерінен тұрады. Әр сабақта білімгерге ой салу, ойланту ұстаздың әдістемесінің биік жемісі. Ол әдебиетті — ғылым, өнер пәні ретінде қарастырады. Байырғы әдістемемен оқытылып келе жатқан әдебиет пәніне жаңа бетбұрыс әкеліп, инновациялық технологиямен оқыту мәселесін қазіргі педагогика ғылымының күн тәртібіне қойды. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін мүлде тың арнаға бұрды деуге болады.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.Жұртбай Т. Бесігіңді аяла!.. Монография-эссе.–Астана: Фолиант, 2003.- 504

  1. Бітібаева Қ. Әдебиет пәнін оқытудың тиімді жолдары. – Алматы: Рауан, 1990. – 200 б.
    3. Бітібаева Қ. М.Әуезов туындыларын мектепте оқыту. – Алматы: Мектеп, 2002. – 120 б.
    5. Бітібаева Қ. Әдебиет сабағының түрлері мен үлгілері. – Алматы: Мектеп, 2003. – 144 б.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Қазіргі білім беру: әдістеме, технология, сапа»

атты ІІ Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияға қатысушының

тіркелуі

 

Баяндамашының аты-жөні:  Камарова Гульжан Каптагаевна

Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы: —

Жұмыс орны, қызметі: Талдықорған политехникалық колледжі, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы

Мекен-жайы: Талдықорған қаласы, І.Жансүгіров көшесі 226

Телефоны, ұялы телефоны, e-mail:  8771 469 34 56, gulzhana_kz@mail.ru

Баяндама тақырыбы: М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын

 оқытудың  тиімді жолдары

Секциясы:  Пәндерді оқытудың әдістемесін жетілдіру

Автордың конференцияға келу мүмкіндігі (иә, жоқ):  жоқ