БАУЫРЖАН ЖАҚЫПТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

 

 

БАУЫРЖАН ЖАҚЫПТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

 

Баяндамашы:  Медіғатұлы Азамат

10- сынып оқушысы

Ғылыми жетекші: Нукебаева Гулнар Секенқызы

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

«№ 21 жалпы орта білім беретін мектеп»КММ

 

Ақын, ғалым, филология ғылымдарының докторы – Жақып Бауыржан Өміржанұлы  1963 жылы  1 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Аққора ауылында дүниеге келген. ҚазМУ-ді (қазіргі Қаз МҰУ) бітірген. Қазақ теледидарында, «Жалын» баспасында қызмет еткен жылдары  ақынның «Жұлдызды шақ» (1987ж.), «Ақ лақ» (1997ж.) жыр жинақтары жарық көрген. 1986 жылдан ҚазҰУ-де  оқытушы, аға оқытушы, 1992 жылдан деканның орынбасары, 1995 жылдан кафедра меңгерушісі, 2001 жылдан декан қызметтерін атқарады. 1997 жылы  «М.Әуезов – публицист» ғылыми зерттеу кітабы жарық көрген. 1996 жылы жарық көрген «Айдындағы аспан» жыр жинағында Бауыржанның лирикалық өлеңдері мен сюжетті балладалары, сондай-ақ, «Жан дауысы» атты өзгеше формада жазылған поэмасы енгізілген. Ал ақынның 2004 жылы жарық көрген «Уақыт ұршығы» атты жыр жинағында кейінгі жылдар бедерінде жазған өлеңдері, балладалары мен поэмалары енгізілген. Бауыржан Жақып 1984 жылы «Жігер» фестивалінің, 1990 жылы Қазақстан  Жазушылар  одағы сыйлығының,             1998 жылы Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын, 1998 жылы «Дарын»  мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанған.

Бауыржан Жақып – ғалым. Филология ғылымдарының докторы, профессор, республикаға танымал ақын Бауыржан Жақыптың «Публицистикалық шығармашылық негіздері» деп аталған оқулығы 2007 жылы «Қазақ университеті» баспасынан шықты. Оқулық төрт бөлімнен тұрады.

Б. Жақыптың ғылыми жетекшілігімен 20 кандидаттық диссертация қорғалды. Бауыржан Жақып- творчестволық жастардың «Жіге   фестивалінің лауреаты( 1984), «Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты(1999), 2004 жылы Бакуде өткен Бүкіл түркі дүниесі  ақындарының 11-ші «Хазар шеир ақшамдары» фестивалінің лауреаты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігінің «Мәдениет қайраткері» құрметті атағымен марапатталған(2006) Түркияда Елазығ шаһарында өткен әйгілі жазушы Ш. Айтматовқа арналған бүкіл түркі дүниесі ақындарының 15- ші «Хазар шеир ақшамдары» фестивалінің дипломанты(2007)Македонияның Скопье, Косованың Приштина қалаларында өткен Бүкіл түркі дүниесі ақындары фестивалінің лауреаты(2007) «ЖОО үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпазы. (2009) Қазақ  энциклопедиясының» Бас директоры, филология ғылымының  докторы, профессор.

Тақырыптың өзектілігі: бұл жобада жергілікті ақын Бауыржан Жақыптың өмірі мен шығармашылығын зерттей отырып, оның халыққа белгісіз болып келген нағыз суреткерге тән шынайылығын, өзіне тән даралық сипатын ашу, көтерген тақырыптарының өміршеңдігін дәлелдеу.

Тақырыптың мақсаты: Ақын Бауыржан Жақыптың бұрын соңды зерттелмеген шығармаларын зерттеп, оның суреткерлік шеберлігін, көтерген тақырыптарының өміршеңдігін, шығармаларының шынайылығын танытқымыз келді. Өз елінде ғана емес, бүкіл түрік дүниесіне танымал көрнекті ақын екендігін дәлелдеу.

   Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: бұл жұмыста ақын шығармаларына талдау жасалынып, авторға тән даралық қасиетін ашу, өлеңдерін зерттеу, насихаттау.

Зерттеу жұмысының әдісі: жинақтау, зерттеу, талдау, салыстыру, түйіндеу, кездесу, қорыту, ұсыныс білдіру.

Зерттеу жұмысының дерек көздері:

Ақынның «Қазақ  публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» және «Публицистикалық шығармашылық негіздері» кітабын ,З.Қабдолов  «Сөз өнері» кітабын оқыдым. Сонымен қатар ақынның кітаптарын басшылыққа алдым.

         Жақып шығармаларындағы кейіпкердің ұлттық сипаты мен ерекшеленген мінез-бітімі, оның тек қана қазақ халқына тән ерекшеліктерін танытатын қасиеті өз алдына салмақты орын алады. Ақын Н.В.Гогольдің: «Ақын өмірге өз халқының көзқарасымен қарап, әр нәрсені ұлттық психологияға сәйкес құбылыстай сезініп, толғанғанда ғана ұлттық сипатты бейнелеп беруі мүмкін»,- деп айтқанындай өз шығармаларында қазақ халқының  дүние танымын, психологиясын, әдет-ғұрыптарын т.б.  қасиеттерін  айрықша сезіне отырып жырлайды. Жақып жырлары дала иісіне, қазақ иісіне құмарыңды қандырарлықтай. Лирикалық өлеңдерін оқып отырып қымыздың дәмін татқандай боласың.

Ақын балалық шағына сапар шегеді, алыс-алыс армандарына ат басын шалдырады. [1]

Көз алдымызда Қасқабұлақ қасқайып ағып жатыр.

Қойтасқа қойды өргізіп,

Қой бүлдіргенді тергізіп,

Қою шай ішкен күндер-ай,

Қайқаңдап атты желгізіп.

Бұл кәдімгі барлық   «қара домалақ» бала білетін, барлық ауылда өскен қара бала жүрген жол. Туған жердің тікені табанына талай қадалып, қолымен суырып алынған, яғни тікен тағдыры мен ақын тағдырында тікелей байланыс бар. Ауылда өскен әр баланың жанына жақын сурет, көңілінде қалып қойған көріністен ақын батыл байлам жасайды.

«Домбыра» өлеңдерінде ақын кәдімгі қара домбыраға  «Пернелеріне үн толтырып», «Дауларды шешкізіп тастатады», «Ғасырлар сырын сақтатып», «кең байтақ жерді қорғатады», «Серілер мен салдарға ерткізіп», «Үкісін үлпілдетіп, жыр еткізеді», «жігіт боп қызға сөз айтқызып», «аттың шабысын қондыра» келе:

Азаттық күнін күткен домбыра,

Қазаққа ғана біткен домбыра! – деп қасиет тұтады.

   Бауыржан Жақып шығармаларында ерекше орын алатын, терең идеялы, салмақты проблемалы туындысының бірі – «Жан дауысы» поэмасының тақырыбы – ядролық жарылыстан зардап шеккен табиғат мұңы. Әсем табиғаттың ядролық жарылыстар әсерінен тозып, құрып кетуі ақын жанын күйзеліске ұшыратпай қала алмайды. Поэманың эпиграфынан-ақ бұл шығарманың салмағы байқалатындай. Эпиграф ретінде ақын алдымен Абайдың

«Қалың ағаш жапырағы,

Сыбырласып өзді-өзі.

Көрінбей жердің топырағы

Құлпырған жасыл жер жүзі»  деген өлең шумағын алған. Мұнан соң Қасым Аманжоловтың

«Хан, Орда, Дегелең мен Құндызды, Арқат,

Дейтін жер – шіркін көңіл құмар тарқат», — деген жолдарын да эпиграф ретінде пайдаланған. Абай жырлаған сұлу өлке табиғатын Қасым жолдарымен атын атап толықтырады да, сол Абай, Қасымдар жырлаған сұлу, бүгінгі күнде аянышты халдегі өлкенің төл перзенті Төлеужан Ысмаилов ақынның

«Армысың атақоныс – Абыралы,

Басыңнан бағың қайда жамырады, » — деген өлең жолдарымен шебер үйлесім табады. [5]

Поэма «Дегелең тауының зары», «1949 Тамыздың  жиырма тоғызы», «Қураған тоғайдың соңғы сөзі», «Боз даланың қасіреті»,  «Тартылған өзеннің мұңы»,  «Желдің жоқтауы», «Ей, адам!» деген бірнеше бөлімдерден тұрады. Шығармадағы оқиға – дала суретінен басталады:

Құлпырған құлан жазық, құмай белің,

Шыңғыстау, Абыралы шұрайлы едің,

«Сол шағың қайда кеткен бастан ұшып,

Сол шағың қайда кеткен?» — сұрайды елің.

Ақын киелі туған жердің күл болып кеткен сұлу табиғатын іздеп

Туған жер тек өзіңсің – шын ұлылық,

Сен тұрсың бәрінің де мұңын ұғып.

Қараймын келер күндер тізбегіне

Шұрқырап көкірегімде құлын-үміт, — дейді.

Ендігі жерде ақын «бұрын гүл таққан төсін» бүгінде «қайғы басып, мұң таптаған», «тозған жер, тозған өлке, сырқат дала» болып толғанады:

Жазығың бұрынғыдай гүл тақпаған

Төсіңді қайғы басып, мұң таптаған.

Мен де енді өзің болып толғанайын

Тозған жер, жүдеу өлкем, сырқат далам.  [6]

Шығарманың идеясы  –  табиғат – тірі екендігін, оның жанды екені, оны аялау керектігін айқындайды. Ақын шығармасының шебер құрылған композициясында шығарма идеясы мұң-шерге толы табиғат сөзімен ашылады. «Дегелең тауының зары» бөлімінде «Сарыарқа перзенті – қарт   Дегелең тауы» ұлдары – шоқыларын, қыздары – қарағайларын, немересі – жақпар тасын  жоқтайды.

«Қураған тоғай», «боз дала», «тартылған өзен мұңы» оқиғаны шарықтау шегіне жеткізеді. «Қураған тоғайдың соңғы сөзі» бөлімінде «Сарғалдақ» селосынан күнбатысқа қарай, Шаған өзенін бойлай өскен бұрынғы қалың жыныс тоғай тұтасымен қурап қалған, ал бір кездегі Құсақ өзенінің маңайын құлпыртқан ну шіліктерден белгі де қалмаған  табиғаттың зары суреттеледі:

Тұла-бойым күрт өзгерген,

Тоғаймын мен қурап қалған.

Оянушы ем бір кездерде

Жапырақтарым шулап таңнан.

Осы зұлматтың бәрін адамдардың өз қолымен жасағанына күйінішін де ақын табиғат тілімен білдіреді:

Қарғыс айтам адамдарға,

Қурай-қурай көрге кірсем,

Сонау өткен замандарда

Туған жерге әр беруші ем … [6]

Ақын «Боз даланың қасіреті» бөлімінде туған табиғаттың жан түршігерлік  мүшкіл халінің өте ауыр жағдайда екенін оқырманға  анық түсінуге мүмкіндік береді:

Мен – боз даламын!

Жылайын десем жасым жоқ.

Тарайын десем  шашым жоқ.

Әлдекімдердің қолымен

Көкірегімде басылды от.

Адамдар қолымен көлдері тартылып, қураған шөлге айналған, «Атом – итке таланып» амалы құрыған боз дала аяушылық сезімді Күннен, Жұлдыз бен Айдан күтеді:

Туғаннан бері қабаған,

Атом – ит мені талаған.

Күн айтшы, жұлдыз, Ай айтшы.

Сау жерім бар ма жарадан?

Аллитерация құбылысының көмегімен жасалған мына өлең жолдарында боз даланың аянышты халі айқындала түседі:

Сұп-сұрмын, тағдыр тонаған,

Сұсымды көрсін бар адам:

Сұр селеу, сұр ши, сұр көде,

Қан жоқ, сөл жоқ қараған. [6]

Ал «Тартылған өзеннің мұңы» өзгеше құрылған бірыңғай  ұйқаспен беріледі:

Құдайға жылап, табындым:

«Қайтар, — деп, — титтей жұрнағын қуатты ағынның!»

Бітеліп қалған көздері ашылар ма еді

Мені тұс-тұстан демейтін бұлақтарымның.

«Жайқалған жасыл тоғайын, естілмей кеткен жапырақ сыбдырын, шөлін қандырғысы келетін елігін, шаттанған шағала шаңқылын» сағынған өзен «өткен дәуренін осылай есіне алады»:

Мен бір жоғалсам мәңгілік болмайтынымды

Түсінбей жүрген ғалымдар несіне ғалым?! –

деп күрсінеді.

Шығармадағы оқиғалар шешімін «Желдің жоқтауынан» табады.  Поэма табиғат сөзімен аяқталады: «Ей, адам!» — дейді ол, –

Сен өмір сүргің келмесе,

Жылап мен өмір сүрейін,

Соңыма ертіп бүкіл ғаламның үрейін,

Жер шарын кезіп жүрейін,

Барамын қайда ?!

Молаға барып түнейін … [6]

«Бәріне, кінәлі өзің, өзіңе-өзің көр қазғаныңды қой, адам!», — дейтіндей…

Оның сыршыл сезімге толы лирикалық өлеңдері, ыстық ықыласқа толы балладалары мен туған даласының қабырғаны қайыстырар қасіретін жырлайтын салмақты поэмасы оқырмандардың жүрегін жылытып, назарын аударары сөзсіз. Ақын жырларының көркемдік ерекшелігі де, ізденімпаз – жаңашылдығы да, ұлтжандылығы мен ұлттылығы да оның бүгінгі қазақ әдебиетінде алатын өзіндік орны бар ақын екенінің дәлелі іспетті. Жақып жырларын тұщынып оқи бергің келеді. Оның қай шығармасын, қай өлеңін оқысаң да – тармағының түкпірінде туған топырағына деген тәтті сағынышы мен тұщы мұңының дәмі байқалмай қалмайды. Ақын өзінің ақын боп тууына, адам боп қалыптасуына себепші туған жері мен ауылы берген батасы деп біліп, тағзым етеді.

Бауыржан Жақыптың шығармашылығын зерттей келе төмендегі ұсыныстарды келтіреміз:

—    Бауыржан Жақып шығармашылығы ғалымдар тарапынан жүйелі   түрде зерттелсе;

— Тиісті орындар Бауыржанның өлеңдерін жеткілікті тиражбен томдап        шығарса;

— Ақынның  шығармаларын мектеп программаларына енгізуді қарастырса;

Туған жерінің төсінде дүниеге келген жергілікті талант иелерін тани білмеу – азаматтық арыңа үлкен сын.

Туған жерім!

Қымбат сенің әр кешің, қымбат таңың,

Тал бесікке тәнімді құндақтадың.

Сен деп соққан жүректе көп сыр жатыр,

Тауыса алмай келемін жырлап бәрін,- деп Бауыржан ағамыз жырлағандай, туған елінің , жерінің тарихын білу, ақын- жазушыларын дәріптеу- жастардың мойнында деп ойлаймын.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

 

  1. «Ана тілі» № 16 сәірдің 17-сі, 2008ж.  11 бет.
  2. «Ана тілі» № 5 қазанның 23-і 2005ж. 11 бет.
  3. Ақшолақов Т.  «Көркем шығармаға талдау жасау» Алматы «Мектеп» 1983ж.
  4. «Әдебиеттану» терминдер сөздігі. Семей-Новосибирск,                                Талер-Пресс 2006ж.
  5. Базарбаев М. «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» «Жазушы» 1973ж.
  6. Жақып Б. «Айдындағы аспан»  Алматы «Атамұра», 1996ж
  7. Жақып Б. «Уақыт ұршығы» «Жазушы» 2004ж.
  8. Қабдолов З. «Сөз өнері» Алматы «Қазақ университеті» 1992ж
  9. Қ. Жұмалиев Шығармалары Алматы «Ана тілі» ЖШС -2007
  10. «Семей таңы» газеті  №30   29 шілде 2010ж 9бет
  11. С. Мақпыров М. Сыдықов «Қазақ әдебиеті» Алматы-1996ж
  12. Б. Жақып  «Қолтаңба» Алматы «Өлке» 2001
  13. Б. Жақып «Қызыл қайың» «Жазушы» баспасы 2008
  14. Мәшһүр- Жүсіп Қ. «Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік» Павлодар -2007ж
  15. З. Қабдолов «Көз қарас» Алматы «Рауан» 1996ж