Еңбек қуанышы.

                                                                                   Тексерілді: _______________            

                                                                      «____»______________________

Пән: Өзін – өзі тану

Мектеп:

Күні:

Сынып: 5

№: 13

Мұғалімі:

Оқушылардың саны:

Тақырыбы: Еңбек қуанышы.

Құндылығы: Дұрыс әрекет.

Қасиеттері: Ұқыптылық, өз-өзіне сенімді болу, үнемшілдік.

Мақсаты: Оқушыларға адам еңбекпен шыңдалатынын дұрыс әрекет құндылығы арқылы түсіндіру.

Міндеттері:

1.      Білімділік: Оқушыларды ұқыпты болуға үйрету.

2.      Дамытушылық: Оқушылардағы өз – өзіне сенімділік қасиеттерін дамыту.

3.      Тәрбиелік: Оқушыларды үнемшілдікке тәрбиелеу.

Ресурстар:

(материалдар, дереккөздер)

1.Ы.Алтынсарын  «Кел, балалар, оқылық». «Атамұра». Алматы, 2006

2.bilim-all.kz

Сабақтың барысы:

1. Ұйымдастыру кезеңі.

5 Т – ережесі:

1. Тәртіп.

2. Талап.

3. Тыныштық.

4. Тазалық.

5.Татулық.
Балалар ережені есімізге түсіріп, сыныптың тәртібін сақтап, оқып — білуге талаптанып, тыныштықты орнатып, тазалықты сақтап, бүгінгі күнімізді татулықпен өткізейік.

     Жағымды көңіл – күйге келу. Су асты патшалығына ойша саяхат. (Оқушылардан шеңбер құрып отыруды, қолдарын тізесіне немесе үстел үстіне қоюды, аяқтарын айқастырмауды өтініңіз. Арқаларын тік ұстауын қадағалаңыз. Жайлы, баяу музыка қойыңыз).

Мұғалім: Көзіңізді жұмыңыз және бірнеше рет  терең тыныстаңыз; денеңізді босатыңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз.

Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз. Шалғайдан қара нүкте көріп тұрсыз: ол жақындаған кезде дельфин екенін түсіндіңіз. Ол сізді теңіз түбіне алып кету үшін келді. Ол өте әдепті жәндік, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасында жайланып отырып, өзіңді қауіпсіз сезіну, су астында жүзу қандай керемет. Жан-жағыңызға қараңыз: мұнда кемпірқосақ тәрізді арлы-берлі жарқырай қалқыған әсем балықтар қаншама. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала қалайша өзгереді, суда тербелген қаншама ғажайып балдырлар. Қараңызшы, қандай орасан зор балықтар, ал енді анау жаққа көз тастаңыз… бұл орасан зор сегізаяқ. Су асты неткен қызықты әрі ғажап әлем. Сіз бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда неткен тұңғиық, толық тыныштық. Осы тыныштық күйде болыңыз.(Мұғалім бірнеше секунд үнсіз қалады).

Ал қазір жоғарыға,  өз әлемімізге кері қайтуға дайындалыңыз. Айналаға жіті қараңыз. Ғажап түстерге тағы бір рет қараңыз және тыныштыққа құлақ түріңіз. Осындай тыныштық сізге самалдай әсер береді. Енді дельфин кері қарай жолға шықты. Сіз су бетіне шықтыңыз, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіңіз, оны сипалаңыз және осындай ғажап саяхатқа апарғаны үшін ризашылық білдіріңіз.

Сыныпқа оралыңыз және өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз, осы түйсінген тыныштықты өз бойыңызда сақтауға тырысыңыз. Рахмет!

 
2. Үй тапсырмасын тексеру.

1. №12- сабақ. Уәдені орындау, өтірік айтпау туралы мақал – мәтелдер жазып келу.

2. Келесі сабақ. №13, Мәдіхат Төрежановтың «Қолғабыс» әңгімесін оқып келу.

Сұрақтар:

1. Еңбекке үйренудің қандай пайдасы бар?
2. Қолғабыс ету, көмек беру дегенді қалай түсінесіңдер?

3. Еңбек ету адамға не үшін қажет?
4. Өзің отбасында қандай еңбекпен шұғылданасың? Айтып бер.

 
3. Сабақтың дәйексөзі.

«Еңбек – қуаныш, жалқаулық — айырылмас азап»

                                             

                                                                    Абай Құнанбаев.

(Оқушыларға үш рет айтқызып, дәптерге жаздырту)

     Абай (Ибраһим) Құнанбаев Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай 10 тамыз 1845 ж. қазіргі Семей облысының Шыңғыс тауларында дүниеге келген.

Сұрақтар:                                                        

1. «Еңбек», «Еңбексүйгіштік» деген ұғымды қалай

түсінесіңдер ?

2. Еңбек адамға қандай қуаныш сыйлайды?

3. Еңбектің адам өміріндегі пайдасы?

4. Дәйексөзден қандай ой түйдіңіз?

 
4. Оқиға айту. (Мұғалім сыйы)

         «Әке мен бала». Ы.Алтынсарин.

Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:

—Анау тағаны, балам, ала жүр, — деп.

Бала әкесіне:

— Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, — деді.

Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді.

Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем — бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым — ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып айтты:

— Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есінде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете білмесең — көптен де құр боласың, — деді.

Сұрақтар:

1.      Әкесі мен баласы жолда нені көрді?

2.      Әкесі баласына не деді?

3.      Бала әкесіне қалай жауап қайтарды?

4.      Әкесі тағаны қалай пайдаға асырды?

5.      Баланың іс-әрекеті туралы не деуге болады?

6.      Әкесі баласына қандай ақыл айтты?

7.      Әңгіме қай құндылық туралы айтылған?

 
5. Шығармашылық жұмыс, топпен жұмыс.

Оқушылар бес топқа бөлінеді.

Тапсырма: Мақал – мәтелдерді толықтыру.

1 – топ: «Білімділер»

1.      Еңбек түбі – ….

(Еңбек түбі – зейнет)

2.      Жақсы жұмыс – жанға ….

(Жақсы жұмыс – жанға тыныс)

3.      Еңбексіз өмір – … көмір

(Еңбексіз өмір – сөнген көмір)

2 – топ: «Алғырлар»

1.      Еңбек етсең ….

(Еңбек етсең емерсің)

2.      Еңбектің көзін тапқан, … өзін табады.

(Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады)

3.      Еңбек … – береке

(Еңбек түбі – береке)

3 – топ: «Іскерлер»

1.      Ер … — еңбек.

(Ер дәулеті — еңбек)
2. Көп еңбегі — ….

(Көп еңбегі — көңілді)
3. Еңбегіне қарай, ….
(Еңбегіне қарай, өнбегі)

4 – топ: «Талаптылар»

1.      Күшіңе сенбе, адал ісіне сен.

(Күшіңе сенбе, … ісіне сен)

2.      Еңбектің … тәтті.

(Еңбектің наны тәтті)

3.      Қайраты бар кісінің,
… бар ісінің.

(Қайраты бар кісінің,
Берекеті бар ісінің)

5        – топ: «Тапқырлар»

1.      Еленген еңбек ….

(Еленген еңбек өнімді)

2.      …, еңбегің өнеді.

(Ерінбесең, еңбегің өнеді)

3.      … рақат жоқ.

(Бейнетсіз рақат жоқ)

 
6. Топпен ән айту.

Болайықшы осындай
Өлеңі мен әнін жазған Айымкүл Меңжанова
Жақсы бала еңбекшіл,
Ер азамат болады.
Қиындықты жеңіп кіл,
Құшағы гүл толады.
Қайырмасы:
Еңбекшіл осындай,
Болайықшы, досым-ай!
Таза бала мұнтаздай,
Сүйсінеді қараған.
Ұқыпты деп бұл қандай,
Жақсы көрер бар адам.
Қайырмасы:
Еңбекшіл осындай,
Болайықшы, досым-ай!

 
7. Үй тапсырмасы.

1. №13 — сабақ. Өзіңнің бір апта бойы жасайтың еңбегіңнің тізбесін дәптерге жазып көрсет.

Апта күндері Еңбек іс-әрекеттері
Дүйсенбі  
Сейсенбі  
Сәрсенбі  
Бейсенбі  
Жұма  
Сенбі  
Жексенбі  

2. Келесі сабақ. №14, «Құмырсқаның қанағаты» ертегін оқып келу.

 
8. Сабақтың қорытынды сәті.

Тыныс алуға зейін қою.

Баяу музыка қойылады.

Мұғалім: Сіздерден аяқ-қолыңызды айқастырмай, түзу отыруыңызды өтінемін. Біз қазір тыныс алу жаттығуын жасаймыз. Тыныс алуға зейін қойған кезде, біздің ақылымыз дем алады. Ауаны ішке жұту кезінде тыныштық пен қуаныш қабылдаймыз. Демді сыртқа шығарған кезде өзіміздегі мазасыздықтарды сыртқа шығарамыз.

Кәне, дайындалайық, балалар. Көзімізді жұмамыз…, арқамызды тіктейміз…, қолдарыңды тізеге қоюға болады…

Д е м   а л….. ш ы ғ а р… (жаймен 9-10 рет) немесе   1………………2 [3]. Рахмет!

Бүгінгі сабақтан игерген жақсы қасиеттерді есімізге түсіріп, жүрегімізге сақтайық.