«Оқырманы қисапсыз жазушы»

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ 

МИНИСТРЛІГІ КІШІ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ

 

 

 

 

 

 

 

Тақырыбы:

«Оқырманы қисапсыз жазушы»

Дүкенбай  Досжановтың

«Қымыз» әңгімесінде сері сусын қымыздың

жасалу әдісі

 

 

Жобаның авторы:         Әлқуат  Ұлболсын  Сүлейменқызы

Қарақия білім бөлімі

Сенек ауылы,

Қашаған Күржіманұлы атындағы орта мектебі

10 «Б» сынып оқушысы

 

 

Бағыты:                   «Жас ғалымдар»  .

«Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы

 

 

 

Секциясы:                      Қазақ әдебиеті

 

 

 

Жетекшісі:                     Қанатова Ақмарал Баймурзақызы

 

 

 

Ғылыми жетекшісі:     Ақын, ұстаз Бегенішев Бесінбай

 

 

 

Жұмыстың жалпы сипаттамасы.  Жазушы Дүкенбай Досжан шығармаларының басты ерекшелігі – өмірдің ауыр, қатал сынына әрі нар түйедей белін бермей төтеп беріп, әрі өмірдің мың көпірінен сүрінбей өтіп, басқаларға үлгі болғандай – төзімді жандар мінезінің галереясы. Жазушы туындыларының екінші ерекшелігі: сусыған құм ішінде тіршілік кешсе-дағы желге ұшпайтын қара тастай уәдеге берік, сөзге тұратын, ісімен, жүрісімен ұлттық дәстүрді ұлықтаған қазақы мінез иелері. Ешбір ұлтқа, қайсыбір халыққа ұқсамайтын нағыз қазақ домбыра дейтіндей жазушының «Қымыз» әңгімесіндегі  көрініс тапқан бірегей бейнелер және ұлттық сусынның қасиеттері. Шығармаларының үшінші ерекшелігі: кейіпкерлердің сөйлеу тілі, сөз саптасы тіл өрнегінде – кілең болмыс табиғатымен біте қайнасып айтылуы. Төртінші ерекшелігі: ана тілінің қаймағын да, шүйгінін де, шүйкесін де қалдырмай, құм санағандай мехнатты еңбекқорлықпен барша  жұрттың   зердесіне  ұялата  жеткізіп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің небір нәзік талмаурын тұстарын бүге-шігесіне дейін сарқа жазып, ұлттың болмыс-бітімінің көркем галереясын нәрлі де сәнді тілмен сомдай  алуы;

Зерттеу жұмысының нысаны. Дүкенбай Досжановтың «Қымыз» әңгімесінде сері сусын қымыздың жасалу әдісі, күші, дәру қасиеті туралы мол-мол мағлұмат алу.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.

Зерттеудің мақсаты: Дүкенбай Досжан шығармаларының тілін танып, ондағы ерекшеліктерді көрсете отырып, жазушының өзіне тән стильдік тармақтарын терең түсіну. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылды:

Д.Досжан шығармаларының жазылуына арқау болған құбылыстарды анықтау;

Жазушы әңгімелерінің идеялық, тақырыптық, мазмұндық, тәрбиелік, көркемдік, ұлттық  сипаттарын анықтау;

Д.Досжан шығармаларының өзіне ғана тән тілдік ерекшеліктерін жан-жақты анықтау.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысында Хамза Көктәндінің “Ой гладиаторы”, Алпысбай Мұсаевтың  “Д.Досжан прозасының поэтикасы”, Д.Досжановтың т.б. еңбектері пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының әдістері. Ғылыми жұмысты жазуда ғылыми  сипаттама, талдау, жинақтау, салыстыру   әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Ғылыми жұмыс кіріспе, тараулар және қорытындыдан тұрады. Зерттеу жұмысының соңында пайдаланған әдебиеттер тізімі мен мысалдар алынған көркем шығармалардың тізімі берілді.

 

 

 

 

 

 

                                                  Кіріспе

 

                         Оқырманы  қисапсыз   жазушы

 

Халқына  «Оқырманы  қисапсыз   жазушы » атанған, жалынды сөздерімен жамағатының жүрегіне жол тапқан  Дүкенбай  атамыздың  қызықты  әңгімелері   аудандық  «Жарқын болашақ» сайысына қатысуым мен үшін жаңа бастамаларға жол ашты. Бұрыннан тек бір – екі ғана әңгімесін  білген дана дарынның бірнеше әңгімесін   оқу арқылы оның өмірінен, әңгімелерінен көптеген ақпаратқа құнықтым және де Дүкенбай  атамыздың  шығармаларында  « қазақтың  исі»   бар  екендігіне көзім жетті. Жазушының  әңгімелерін   сүйіп оқимын. Әңгімелеріне  шөлім қанбай, мейірлене оқып жаттым.

  «Қымыз»  әңгімесін  қызыға  оқып  жаттым,себебі , менің  анам  мен әжем   үйде  бие сауып  қымыз  дайындайтын. Бұл сусынмен  бұрыннан таныс болсам да тереңіне бойлап, қалай  дайындалатынына мән  бермейтінмін. Бұл әңгімені  оқи отырып ойым сан – саққа жүгірді. Мен осы сайысқа   қатыса отырып,  қазақ халқының  арасында қымызды көңіл күй сергектігі және ұзақ жасау сусыны деп текке атамағанын  білдім. Мен қымызды кішкене кезімнен ішемін.   Атам маған ылғи да «қымыз іш, ол пайдалы» дей беретін. Маған осы қымызда не пайда бар екен деген ойлар жиі келетін. Сол сұрақтарыма жауап іздеп көруге бел байладым.

Жамбыл атамыз: «Ауруға  – ем, сауға – қуат, дәрі — қымыз»  дегендей, сары қымыз дертке шипа, денеге күш. Қымыз ерекше дәмді, құнарлы, адамның жан сарайын ашып, зауқын келтіретін хош иісті және өте сіңімді сусын  екен.
Енді сол сусынның қашан шипалы, қай уақытта сусын болатынын да Д.Досжанов  «Қымыз» әңгімесінде   айырып берген.

 

Жазушы ұлттық дәстүрдің көкжиегін кеңейтіп, тірі, әдеби тілді байыта түсіп, қазақтың арғы-бергісінен хабар беретін, тек қана кейіпкер мінезін ашып қана қоймай, дүние тіршілігінен тартып пәлсапалық ой түйетін тұжырымға табан тіреген. Қай әңгімедегі кейіпкердің басынан өткен оқиғаны баяндай отырып арғы-бергі тарихтан, шежіреден мәлімет ұсынады; айтқыштығымен қоса кейіпкер өмір сүрген орта, ұлттық дәстүр, ұлттың ойлау ой қорытуы жөнінде толықтай мағлұмат алдым. Ұлт туралы көзқарасымыз кеңейе түсті. Мысалға, «Қымыз» әңгімесінде сері сусын қымыздың жасалу әдісі, күші, дәру қасиеті туралы мол-мол мағлұматпен қоса бас кейіпкер Ақтәтенің өкініш, опыныспен өтіп келе жатқан, жүрек  сыздатқан  жан  жарасының сыры ашылатынын білдім.

Жазушы  көбіне тарихи және осы күнгі күйіп тұрған тақырыпты қозғады. Сол еңбегіне қарай, Досжанның қандай заманда да оқырманы тұрақты, әрі  іздеп жүріп оқитын оқырмандары көп  болған. Сондықтан Дүкенбай Досжан – Қазақстандағы «оқырманы қисапсыз жазушы»  атанды

Негізгі  бөлім

2.1. Қымыз  сусыны-серілер сусыны

« Қазақтың ешбір ұлтқа ұқсамайтын салт-дәстүрін ұлықтап  Шабандоз, Көкпар, Қымыз, Бастаңғы  атты көркем әңгіме, хикаяттар туды. Қазақтың өзге ұлттан ерекше қасиеті — ақкөңіл, кеңқолтық, мейрімді, кешірімшіл, бір сөзді, мәрт, тастай төзімді, қылыштай қайраулы, өзі есікте жатып қонағына төрін ұсынған кеңпейіл; тәттісін, дәмдісін баласының аузынан жырып мейманға сақтаған қонақжай деп «Қымызды»  ұсындым»  деп   жазған екен жазушы атамыз  Дүкенбай  Досжанов.

Жазушының сан түрлі тақырыптарынан мен этнографиялық әңгімесіне тоқталдым. Этнография сөзін айтқанда оны дәстүрмен, ұлттық дүниетаныммен   байланыс­ы бар екенін  ұқтым. Сондай әңгімелерінің бірі – «Қымыз». Аталған әңгімеде қазақ халқының аса қадірлейтін ұлттық сусыны жайлы егжей-тегжей сөз болады. Бұл әңгімеде сар жамбас болып төсекте жатқан кісінің бас жағында толы қымызы тұрса да, қияндағы Қаратау ішінен, күншілік жердегі жылқышы ауылдың қымызын сұратады. Сонымен қатар қымыздың барлық қасиеті, оның түрлері, тіпті оны құятын ыдыстың қалай жасалатыны жайында айтылады.

                                         

 

   2.2.Қымыздың  қасиеті

    Әңгіменің басты кейіпкерлері Далабай мен Ақтәтенің іс-әрекетінен қымыздың бар қасиеттері ашылады. Далабай мен Ақтәтенің диалогы осының негізінде құрылған.

«Саумал қымызды жақтырмаған адамына береді. Оны ішкен кісі түзге шыққыш келеді де, байыз тауып отыра алмай жөніне жоғалады.

Құнан қымызды сырласар қонағына береді. Оны әуезді мәслихаттың кеніші деседі. Ғашықтар мен ақындарға дөнен қымызды құйған.

Дөнен қымыз- үш түнегеннен кейін қотарылатын, мейлінше ашуы жеткен қымыз.

Көңілге желік бітіріп, көкейге құрт түсіретін қасиеті бар ғой.

Сусынның сосынғы төресі – бесті қымыз!

Бесті қымыз –төрт түн асып, ашуы мейлінше жеткен қымыз.

Қу қымызды жауға шабар батырлар мен бәтуаға жүрер елшілер ішеді.

Уыз қымызды қазақ кезбе, бақсы, бәдік, саудагер жандарға беретін болған.

Уыз қымыз – биені алғаш байлағанда ашытылатын қымыз. Мұны бие бау деп те айтады.

Әр қымыздың атына сай мінезі болады: соған орай жол жоралғысы жасалады».
  Шығарма ішіне ене отырып, Далабаймен бірге сүйсіне де, таңғалмау да мүмкін емес. Парасатты әйелдің жарасымды қимылы, сөйлеу мәнері, әр ісін мұқият түсіндіруі, ұстамды мінезі – барлығы үйлесіп кісіні тәнті етпей қоймайды.

Ал қымыз баптаудағы әрекеті – өз алдына бір мектеп. Оны Далабайдың науқас ағасына қымыз дайындауға кіріскен сәтін көрсететін келесі мысалдардан көреміз: «Ақтәте ше­лекті әбден ысқылап жуды. Таза ыдысты сонша жуғанына таңғалдым. Со­сын суын сарқып күнге қаратып жатқызып қойды. Әбден кептіріп алмақшы. «Сүтке жалғыз тамшы су қосылса, қымыз қасиетінен айырылғаны. Бие құрғақ ыдысқа сау­ы­­лады деді». «Ақтәте биелерді теріп сау­ды. Байқаймын кәрі тіс биелерді тастап кетіп барады. Жақында ғана желіге үйретілген, әлі шабының қытығы кете қоймаған жас биелерге жанасады… Биенің қытығы келіп жалт бұрылады. «Неге биенің басын ұстатып саумадыңыз?» деп сұрайды бала. «Қарғам-ай, онда бие дірдектеп қорқып тұрады да, сүттің маңызы тамырда қалып қояды. Жақсы қымызға биенің өз еркімен иіп берген сүті бап келеді». «Кексе биелерді қалдырып кеткеніңіз қалай?». «Егде жылқының сүті желінде тұрады, ал жас биенікі тамырдан жиылады. Жас биенікі кісіні жасартады, дәрі боп сіңеді. Әрі қақсалдың сүті тез ашиды да, күші бірден бетіне шығады. Жас биенікі бабына екі түнемеліден соң ғана келеді, әл-қуаты түбінде жатады».
Енді оны бабына келтіріп ашытудың өзіне арнайы тоқталады. Оқыған адам жалықпайтындай етіп, адамды кейіпкер Ақтәтенің майда тілімен ұйытады.
Қазақ халқы қымызды шипалы сусын деп есептейді. Халық арасында қымызды көңіл күй сергектігі және ұзақ жасау сусыны деп текке атамаған.

Енді сол сусынның қашан шипалы, қай уақытта сусын болатынын да Д.Досжан айырып береді. Оны қымыз баптаушы кейіпкер Ақтәтенің аузына салады: «Айдың жаңасында жайылған биенің қымызы құлық, емдік қасиеті аз, сусын ғана.

Айдың ортасында жайылған биенің қымызы дәрі. Жылқы ай жарығымен жайы­лып, таңдаған шөбін теріп жейді, әсіресе ай сәулесімен ашылатын шашыратқы, өңіл деген шөптердің гүлі неткен қасиетті десеңші.

Айдың аяғында жайылған биенің қымызы арақ қана деп атам айтып отырушы еді».
Қаншама ғасырлардан бері түркі  тілдес, киіз туырылықты, көшпенді халықтар қымыздың дертке – дәру, жанға – шипа екенін біліп, сүйсіне ішкендерімен, зерттеу ісінің кешеуілдегенін барлығымызға айқын. Ұлттық сусын – бие сүтінің химиялық құрамы мен биологиялық қасиеттерін зерттеу, бүгінгі зерттеушілердің басты міндеті. Өйткені бұл қазақ халқының киелі асы. Осыны әдебиетте дәлелдей білген жазушы   Дүкенбай  атамыз қымыздың «технологиялық» тәжірибелерін көрсете білді.

                                       

 

 

 

 

 

 

 

 

2.3.Ыдыста да ырыс бар…

 

«…Кейіпкердің аузына әдейі ой салу оп-оңай. Ал ол ой табиғи түрде кейіпкер көңілінен өздігінен шымырлай қайнап шығып жатқандай болса, міне бұл – реа­лизм» деп жазады Ш.Елеукенов. Яғни Ақтәтені айналасындағы әдемілікпен ұштастырады. Оның қолындағы қымызға қажет бұйымның әрқайсысы өнер туындысы. Далабайдың көзіне түскен кез келген затты сүйсіне сипат­тау арқылы жазушы кейіпкердің бейнесін, мінезін ашады. Ыдыстар арқылы тазалыққа жаны құмар әйелдің әдемілігін, көне, тарихи қазыналарды көзінің қарашығындай сақтайтынын, бір сөзбен айтқанда ішкі дүниесін ашады. Жазушы ерекшелігі емдік сусынды жеке-дара ғана алып қоймай, сонымен қатар көне ыдыс атауларына да арнайы тоқталады. Оны екі түрлі көзбен береді. Бірі бозбала Далабай арқылы берілсе:

«Торсық. Жылқы терісінің мойнынан жасалған қолбала ыдыс. Тек тобылғының түтінімен ыстамайды, теріге өрік талдың, не ұшқаттың сөлін сіңіреді. Торсықтың қымызы екі-үш аптаға дейін дәмін сақтайды. Жолаушы жол жүргенде, батыр жорыққа шыққанда торсық қымызын алып шығатын болған. Торсық қымызы арнаулы қонақтарға ғана әдейілеп ашытылады. Дәмі үгітілме, кермек, қанға от қосатын қызулы келеді.

Қауақ. Бүйірі қып-қызыл. Сыр диқандарының қолдан егіп, ұзақ уақыт күнге аударыстырып ұстап, күлге отырғызып пісірген қауағы. Қауақты бұрын көрмеген кісі ыдысты ілкі зергердің қолынан шыққан саз құмыра деп қалуы кәдік. Өйткені қауақ қолдан иіп келтіргендей, бүйірі дөңгелек, мойын жағы жіңішке, қызыл қоңыр, әсем дүние. Қақпағы да қауақтан ойып жасалған.

Күбі. Күбі екі жерден, жоғарғы ернеуінен бір, төменгі етегінен бір қайың қабығымен құрсауланған.

Көзе. Жиде ағашының көзінен шапқан шымқай қызыл ыдыс. Күн сәулесіне тисе шоқтай нұрланғалы тұр. Ернеуінде … кішкене көз қалыпты, кәдімгі ағаштың көзі. Көзді шауып тастаса, көздің қасиеті жоғалады.

Зерен. Ағаштың діңін қуалап ойып алыпты. Ұстаның діңін қуалай ойып алғанына қарағанда ағаш жазда қиылған. Бойында сөлі бар кезде шабылған. Әйтпесе, зерен жұқарған мезетте түбі тесіліп кетері хақ-ты. Жазғы тал көн секілді созылмалы келеді». Екіншісі, нағыз шебер Ақтәтенің сөзімен беріледі:

«Көнек. Бұл тайыншаның, не ботаның мойын терісінен тігілген, көлемі орташа, сусынын қолмен шайқап ашытатын ыдыс, қымызы қытымырлау болады. Мұны көбіне бірер биелі диқандар істейді.

Мес. Бұл керуен мен жорық ыдысы, ішінде сүт көліктің жүрісімен шайқалып ашиды, көбіне жылқының қарын терісінен жасалады». Ары қарай торсық, күбі, тай саба, құнан сабаға, қауаққа тоқталады. Бұл суреттеулерден біз жазушының қырағылығын, не нәрсе болса жай қарай алмайтынына таңғаламыз.

Қымыз құятын ыдыс жайында автор: «Сөреден төменіректе керегенің басына ілген бірдей саба шермиіп тұр, бірі тай саба да, келесісі құнан саба. Сабалардың сырт жүні құндыздың күзгі түгіндей күреңітіп, жылтырап кетіпті, ішіндегі қымыз табы өтсе өстеді. Бұл сабаларды Түркістан ұсталары жасаған. Жылқының терісін іреп сойып алып, көлеңкеге кептіреді, сосын қымыздың бетіне шыққан іркіттен и жасап, сол иге салады. Құнан терісі бықырған и ішінде апта жарым жатады. Сосын исінді болған теріні кермеге іліп қырғышпен қырады, шелиді, шелін алады. Көгеріп таза терінің өзі қалады. Енді мұны саба қылып тігеді. Тобылғыны жағып, ащы түтінмен сабаның ішін ыстайды. Ысталған сабаға саумал құйып, ұзақ шайқайды. Саумалын төгіп тастап, қайта ыстайды, сосын саумалмен шая­ды. Қашан ішіне құйған қымыздан тері дәмі кетіп, тобылғы табы қалғанша өстіп алмастыра береді. Бал татитын тәтті қымыз әзірлейтін әдемі саба дүниеге осылайша келеді».
Қаламгер қымыздың түрлерін жіліктеп, қайсысы қандай ыдыс­та ашытылатынына, ол кімге қалай ұсынылатынына, яғни оның әрқайсысын беретін адамдар да бөлек болатыны, қандай ыдыспен берілетініне дейін тәптіштейді.
2.4.Тамақтың  бабын қазақтай жасаған халық   жоқ шығар сірә,,,

         Қырағы жазушы қымыздың сапыруында да мән болатынын көрсетеді. «Сапыру кісінің санына байланысты. Жас келін ожаумен алдындағы ақты төрт мәрте толғап сапырды» деген сөзінен қымыздың дәмінің өзі бір есептен тұрады екен ойға келеміз.
Келесі айта кететін жайт, автор әңгіме барысында ұлттық тағам түрлерін де айтып өтеді: «Ақтәте әбдіресін ашты, ішінен шекер, набат, сықпа, қауынқақ, май, құрт, мейіз алып дастарқанға үймелетті-ай. Сықпаға бал қосылған, майдың тортасы айырылған». Осындағы сықпа – құрттың бір түрі. Мұның қайнатқан құрттан айырмашылығы сол, ашыған айран қапқа құйып сүзіледі де, тұздалып, әртүрлі үлгімен бөлшектеліп, тақтайшаға кептіріледі. Сықпа құрт та бастырма ретінде пайдаланылады. Ертеде мұндай құрт жайған әйел ауыл балаларына арнап дөңгелек жасап, жіпке тізіп, мойындарына іліп қуанту салты болған екен.
Ал тортаға тоқталатын болсақ, сары майды қайнатқаннан кейін оның түбінде қоймалжың тұнба бөлініп қалады. Оны торта деп атайды.

Торта ашқылтым әрі дәмді болады. Оны тәбет ашуға да қолданады, нанға қосып жеуге де болады. Халық өлеңінде «Қарағым, айналайын, орта бойлым, Сары майдан айырып торта қойдым» деуіне қарағанда торта да кәдесіз тамақ емес.
Осындай қазақ халқының ұлттық асының қыр-сырын ашқан бұл туын­дысын оқыған қазақ түгіл, шетел оқырмандарының алған әсерлерін сөзбен жеткізу мүмкін емес сияқты және мұндай шығармалар сирек туа­ды.

 

                  

 

2.5.Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді

 

Әңгіме кейіпкері Ақтәте арқылы қазақ халқының дүниетанымы, мінез-болмысы, ұлттық бренді болған – қымыз суреттеледі. Яғни «қазақ    ұлты мына салт-дәстүрімен ерекшеленеді, осы қасиетімен өзге ұлттан өзіндік сипатымен ерекше» дегенді алға тартып, ұлттық салт-дәстүрді, қазақы тұрмыс-тіршілікті, барынша суреттеп, кейіпкеріне сөз сала отырып ұлтты танытады. Ал ұлтты таныта отырып, жазушы өзін танытады. Бұл дегеніміз, өзінің салт-дәстүрді мықтап ұстанған өлке – Оңтүстіктен шыққандығынан болуы мүмкін деген ой туады. Жазушы бұлай қымыз туралы егжей-тегжей сарапқа салғаны оның кіндік қаны тамған жеріне, топырағына, өскен ортасына байланысты дей аламыз.
Суреткер кейіпкер портретін оқырманға көзге елестете алатындай нақты, дәл көрсеткен. Бір ерекшелігі кейбір жазушылардай асыра сілтеп, суреттеу Д.Досжан шығармаларында көп орын ала бермейді, тек нақты көзге көрінген нәрсені сол күйде түсіруімен ерекшеленеді: «Ақтәте десе, Ақтәте ғой! Ақ жаулығы келісті жүзін ашып, жарқ ете түскенде, алпысты алқымдаған кейуана кісінің орнына қылықты келіншек тұрғандай секілді. Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді деген осы да. Таза киінеді, толқып жүреді. Ел-жұртының алтын асықтай алақанына салған тәтесі ғой». Бұл сөздерді жазушы өз шығармасының кейіпкері аузынан айтқызады. Кезінде әдебиетте белгілі бір жағдайларға байланысты жазушылардың өз идеясын ашық, анық көрсете алмайтын тұстарда әр қилы әдіс-тәсілдерге барғаны белгілі. Жазушының өз идеясын, өзі сомдаған көркем бейнесі арқылы беретінін ескерсек, өмірлік шындыққа жақындау мақсатында бір кейіпкер мінезін ашу үшін екінші бір кейіпкер аузына жазушының сөз салатын әдісті қолданғанын да білеміз. Сол сияқты Д.Досжанның аталған шығармасында осы тәсіл, яғни өз ойын екінші бір кейіпкер арқылы ашу тәсілімен көрсеткен.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                Қорытынды

Дүкенбай Досжан – нағыз көркемсөз шебері. Оның қай әңгімесін  оқысам да, барынша қарапайым тілмен үлкен-үлкен идеяларды айтатынын байқадым. Оның әсіресе шағын туындылары оқырман көңілін тез баурап алғыш келеді. Ауыл қариясының әңгімесін тыңдап отырғандай болатыным да содан  шығар . Бұл сайыс  болғандықтан жазушының шын дарынын аша түсетін көлемді шығармаларын айта  алмайтыным  белгілі.
Десек те, автордың қызық та  қысқа әңгімелерінің ішінде ең бір сүйкімді, тәтті шығармасы – «Қымыз» әңгімесін  тілге тиек еттім.

Мен неден бастап едім? Ия мен атамның  «қымызды пайдалы»   дегеніне көз жеткізгім келген. Ендеше бұл сұрақтың жауабын ауылымыздың бас дәрігері  Жамила  Шалабайқызына   арнайы барып сұрадым. Ол кісінің айтуына қарағанда:
—    Жалпы  полигон зардабынан болған дертке қарсы тұратын, өте шипалы сусын – қымыз. Қымыз – ауруға ем, сауға қуат. Қымыздың денсаулыққа тигізер пайдасын айтып тауыса алмайсың. Қымыз құрамында «С» дәрумені мол, сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Оның емдік қасиеттері, әсіресе құрт ауруын емдеу қасиеті жоғары. Оның адам ағзасын әлсірететін созылмалы ауруларға қарсы күресетін артықшылығын да айта кеткен жөн.Дәрігерлер қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішуге ұсыныс жасайды. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.
—    Оның төмендегідей қасиеттері бар екен:
—    Денені қуаттандырады
—    Ас қорытуға көмектеседі
—    Ұйқыны түзейді
—    Көңілді көтереді
—    Өкпе туберкулезіне шипа болады
—    Адамның ұзақ өмір сүруіне көмектеседі
Міне керемет, күнделікті өзім ішіп жүрген қымыздың сыры да, шипасы да, түрі де, пайдасы да көп екен ғой.

Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Егер ұлттық тағам-сусындары дастарханнан кететін болса, ұлт ауруға шалдығады» деген сөзі бар. Ендеше, ұлтымыз ауруға шалдықпасын десек, ұлттық тағам-сусынымыздан қысы-жазы қол үзбеуіміз қажет.

Ендеше достарыма айтарым шипалы сусын қымызды күнделікті ішіп отырсақ, біз ең мықты, ең ұғымтал, ең зерек, ең дені сау азамат болып өседі екенбіз. Және жетекшіммен бірлесіп, үлкен ағаларға  мынадай ұсыныстар жасадым:

 

 

 

Ұсыныстар
1.Шипалы әрі шөл басар сусын ретінде сауда орындарында  қолайлы ыдыстарға құйылып сатылса;
2.Дүкендердегі зиянды сусындарды қымызбен алмастырса;
3.Салауатты өмір кешу мақсатында тойларда дастарханға тек қымыз қойылса;
4.Ауылда демалыс бағы ашылып, жаздық қымызханалар ұйымдастырылса.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мазмұны

 

І.Кіріспе

Оқырманы  қисапсыз   жазушы

ІІ.Негізгі бөлім

2.1. Қымыз сусыны-серілер сусыны

2.2. Қымыздың қасиеті

2.3. Ыдыста да ырыс бар…

2.4. Тамақтың бабын қазақтай жасаған халық жоқ шығар ,сірә…

2.5. Сырлы аяқтың сыры кетсе де,сыны кетпейді

ІІІ.Қорытынды бөлім

 

ІҮ.Ұсыныстар

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қарақия  ауданының  « Қ.Күржіманұлы атындағы орта  мектебі» ММ

10 – сынып оқушысы

Әлқуат Ұлболсынның   тақырыбы:

Дүкенбай  Досжановтың

«Қымыз» әңгімесінде сері сусын қымыздың

жасалу әдісі атты ғылыми зерттеу жұмысына

 

ПІКІР

 

Ұлболсын Сүлейменқызының «Дүкенбай  Досжановтың

«Қымыз» әңгімесінде сері сусын қымыздың   жасалу әдісі » тақырыбындағы ғылыми жұмысының мақсаты – әр жеткіншектің  жылқының адамға өте керегі ,оның сүтінің немесе қымызының пайдалылығы туралы  зерттеп  білуіне, ізденуіне, сол арқылы  жанұясының, ата – бабасының өткеніне,  тарихына көз жүгіртіп, білмегенін біліп, білгенін толықтыруға үлгі беру болып табылады.

Менің жазып жүрген шығармаларым  жылқы  жөнінде:

«Сәйгүліктер мекені»,

«Адай жылқысын түлеткендер»,

«Адай арғымақтары» кітаптарымда жарық көрді.

Шәкірт өте құнды, салмақты тақырыпты қолға алған , қазақтың ұлттық емдік шипалы сусынын дәріптеу , оны насихаттау өте қажет. «Қымыз мың бір ауруға дәру ». Оны ішеді тіпті ауырған, сырқаған жерге жағады.

Оқушының айтқан пікірі салмақты. Шығарманы жоғары бағалаймын.

Қазіргі кезеңде  жылқы  өсіру,оның сүтін,қымызын  дайындау  туралы  өте орынды  пікір қозғап отыр.

Ұмытылып бара жатқан  ұлттық сусындарды  білу қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, бұл жұмысты қазіргі жас жеткіншектерді   өз отбасының тарихын,кәсібін білуге қызығушылығын тудыратын, үлгі боларлық жұмыс деп есептеймін.

Ұлболсын — өте ізденімпаз, талантты, жауапкершілікті сезінетін шәкірт. Сондықтан мен  ардагер ұстаз ретінде шәкіртімнен үлкен жетістіктер күтемін.

Оның жазған ғылыми жұмысы ауыз әдебиетінің тұрмыс – салт, әдет – ғұрыпқа  байланысты саласын зерттеуде, салт – дәстүрімізді   білуде туындаған мәселелерді шешуге өз үлесін қосады, жастарға үлгі болады деген сенімдемін.

 

 

                             Ардагер,ақын,ұстаз

                                                                        ҚР білім беру ісінің құрметті                   

                                                                    азаматы,Халық ағарту ісінің үздігі

                           Пікір беруші:                        Бегенішұлы Бесінбай