Қайрат Рысқұлбеков

Қайрат Рысқұлбеков

Орталықтың озбырлығы қанды қырғынмен басып-жаныштаған. 1986-жылғы Желтоқсан уақиғасының Бас қаһарманы — Қайрат Рысқұлбеков небәрі жиырма екі-ақ жыл ғұмыр кешті. Есіл ер зұлым күштің құрбаны болды. Бірақ, өзі кеткенмен, артында мәңгі өлмес ерлік ісі, аламаттық асқақ даңқы қалды.

Қайрат Батыр ғана емес, Ақын да еді, Оның шындық деп шырылдаған дауысы абақтының тас қабырғасын қақыратып, құлағымызға жыр болып жетті.

 

 

 

 

 

 

АНА ТІЛІ

«Мен — қазақпын мың өліп, мың тірілген»,
Құшақ жая таныстым сан тілменен. —
«Жаман үйді қонағы билейді» деп,
Қала жаздап айрылып өз тілімнен.
Өзге тілге еліктеп ел болмайсың,
Қазағымның артык жоқ өз тілінен…

КЕЗДЕСЕМІЗ ӘЛІ ДЕ

Жалалы боп, қатты батты жаныма,
Жазалаушы қағаз алдым қолыма.
Жігіттер-ай, айтып-айтпай не керек,
Жазған екен маңдайыма, сорыма.

Біріншіден, мен анамды сағындым!..
Екіншіден, бұл Құдайға не қылдым?!
Бостандықта еркін жүрген жан едім,
Енді, міне, абақтыға жабылдым.

Әкетай-ау, Пайғамбардай жасың бар,
Туа бермес сіз секілді асылдар.
Қартайғанда жүрегіңді жаралап,
Кесір болды-ау біз секілді «масылдар».

Айналайын ағалар мен жеңгелер,
Бұл өмірде сіздерге кім тең келер.
Сүмірейіп сот алдында отырған
Бауырыңды енді кімдер ескерер.

Өздеріңе аман-саулық тілеймін,
Өздеріңмен бірге болсын тілегім.
Өздеріңе тіл қата алмай, достарым,
Қайғы-мұңлы өмірімді бастадым.

Айналайын қарындасым, қарағым,
Қолда кісен, мен айдауға барамын.
Қайғы шегіп, азап тартқан ағаңды,
Айтшы, жаным, қандай жанға баладың?…

Айналайын інішегім, құлыным,
Сені ойласам, үзіледі жұлыным.
Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,
Қетіп барам мен айдауға, құлыным.

Қош болыңдар, ағайын-туыс бәрің де,
Қош болыңдар, жасыңыз да, кәрің де.
Қараңғылық баста тұрмас қашан да,
Бостандықта кездесеміз әлі де…

ТҮРМЕ ЖЫРЫ

Темір тор, жамбасыма тақылдайсың,
Өзіммен бірге туған жақындайсың.
Телміріп темір торға қаматқанша,
Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың?!

Ауылда жақсы екен ғой салған әнім,
Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін.
Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,
Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім.

Тас төбе, терт қабырға, темір есік,
Ас берер ортасында жалғыз тесік.
Күніне ұзатары үш тілім нан,
Өлмейтін саған тиер осы несіп.

АҚТЫҚ СӨЗ

Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген
Арғымақ мінген жаратып,
Ақ сауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр!

Ұлы Ленин бабамыз
Қатарға тең деп тартқан соң,
Компартия басқарып,
Достық отын жаққан соң,
Аға дедік орысты,
Әділдігі жаққан соң.

Ал енді қазір неткен күні
Орыстан ынсап кеткен күн.
Тізесі қатты батқан сон,
Шыдамастан ақыры,
Қарғыс атқан Алаңда
Қарғыс атқыр жеткен күн.

Қаймана қазақ қамы үшін
Қарусыз шықтық Алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.

Сөйлессем даусым жетпейтін
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға.

Екі жүзің қырылып,
Екі жүзің ұрылып,
Екі жүзің сотталып,
Жоқтаусыз кетіп барасың!
Қатарым жусап калғанда,
Қыршынымнан қиылып,
Солармен бірге өлсемші-ай!
Артта қалған ата-анам,
Арулап қолдан көмсеңші-ай!

Тұткынға түстім жаутаңдай,
Жоламай ешкім касыма.
Бара қалсаң, сәлем айт
Сырттағы құрбы-досыма.

«Ақтық сөзің не?» деген
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтайын оны халқыма:
Жоқ пиғыл менде жасымақ.

Қорлай да беріп қайтадан,
Титыққа орыс жетпесін.
Туған жердің намысы
Бөтен қолда кетпесін.

Салт-санадан айрылып,
Арақтан ұрпақ азбасын.
Ел көркейтер азамат
Қызғаныштан тозбасын.

Абай туған жерінде
Бомбасын атом жармасын.
Құлыптасты қиратып,
Өлігіңді қазбасын.
Өз ұлтыңның басшысын
Орнынан сүйреп алмасын.
Үміт еткен Мәскеуден
Қарадай көнілің калмасын.
Ленин салған сара жол.
Қолдаушысыз болмасын.
Барлық ұлтпен тең болып,
Ешкімнен көңілің қалмасын.
Ендігі жерде басыңнан
Бірлік пен бақ таймасын.

Осы айтылған ақтық сөз
Туың болсын әрдайым.
Мойныма алып жаланы,
Мен болайын құрбаның.

Бас-аяғы сол болсын
Басыңа түсқен қатердің.
Ақтық сөзді енді мен
Сотқа да бір айтайын:

Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты — құрбандық»,
Атам десең, атыңдар.

Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген, қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.

Қош, амаң бол, артымда
Ағайын, туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым саған аманат!

«Қапаста жазылған хаттар» кітабынан алынды.