Бастауыш сынып    оқушыларының ой-қиялын    ойындар арқылы дамыту.  

      Ақмола обл.Целиноград ауд.

      Қаражар  орта мектебінің

      бастауыш сыеып мұғалімі

      Боранбекова З.А.

 

 

 

 Бастауыш сынып    оқушыларының ой-қиялын    ойындар арқылы дамыту.

 

     Ойын-мектепке дейінгі балалар әрекетінің негізгі түрі. Бала өзін қоршаған ортаны, айналасындағы заттар мен құбылыстарды, адамдар арасындағы қарым-қатынасты білуі, сезінуі ойын негізінде жүзеге асады. Баланың таным түсінігі, іс-әрекеті ойыннан бастау алады да, болашақ өмірінде жалғасын табады. Ойын үстінде бала жеке тұлға ретінде дамиды.

Ойын кезінде жан-жақты тәрбиелеудің мақсаты әр жас кезеңде ойын әрекетінің психологиялық негізін құрастырған жағдайда ғана табысты болады. Бұл ойынның дамуы баланың психикасын үдемелі өзгертумен және ең алдымен бала тұлғасының барлық жағынан дамудың фундаменті болып табылатын оның интеллектуалдық ортасына байланысты. Ойында психикалық үрдістер: қабылдау, ойлау,ес, сөйлеу т.б қалыптасады.

Ойынның педагогикада,оқыту үрдісінде  алатын орны  Платон заманынан  белгілі болған XVIII ғасырдың өзінеде-ақ Ж.Ж. Руссо  мен И.Г. Песталоцци ойын арқылы балаларды болашақ өмірге бейімдеу керек деп түсіндірген.

Ойынның сабақ барысында басты мақсаты – білім беруді ойынмен ұштастыру. Баланың ойынға белсенді түрде қатысуы оның ұжымдағы басқа да әрекеттерін айқындайды. Ойын бір қарағанда қарапайым құбылыс не әрекет сияқты болғанымен, ол ұжымдық әрекет. Ойын арқылы оқушының:

  • Қисынды ой-қабілеті дамиды;
  • Өздігінен жұмыс істеуге үйренеді;
  • Сөздік қоры баийды, тілі дамиды;
  • Зейіні қалыптасады;
  • Байқампаздығы артады;
  • Өзара сыйластыққа үйретеді;
  • Ойынның ережесін бұзбау, яғни, тәртіптілікке баулиды;
  • Бір-біріне деген оқушы сенімі артады;
  • Сабаққа қызығушылығы артады.

 

Педагогикалық үрдісті жетілдіруде ойынның алар орнын қазақстандық ғалым Н. Құлжанова да зерттеген. Ойын бала үшін еліктеу, инстинг, күнделікті негізгі әрекет және оның жеке өмірі, —  деп дәлелдеген. Н. Құлжанованың айтуы бойынша ойынды әдептілік, тәрбиелік мақсатта пайдалану-баланың болашақ өміріне түзу жол салу, үлкендерге еліктеуі және өмірдің талаптарына сай бейімделуі басты педагогикалық мақсаттар. Ғалым

«Бала ойында ғана тынығып», «жұмыс жасап», өсіп жетіледі. Оның ойлау қабілеті жетіліп, қарым-қатынас жасау мүмкіндігі артатынын атап көрсеткен.

«Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе»,-деп М. Жұмабаев атап көрсетсе, «Ойын-баланың рухани дамуының негізі»,-деп, Л.С. Выготский,Д.Б. Эльконин өз еңбектерінде атап көрсеткен.

Ойын балалар үшін  күделі әрекет бола алады. Балаларбілімді ойын арқылы қабылдап, үлкендерден үйренеді. Сондықтан сабақтағы ойын оқушы білімін тыңдап, ой-өрісі кеңейте алады, білім алудағы қызығушылығы артады. Ойын арқылы бала көптеген мәліметтер алады, психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Баланың жас ерекшелігіне, сабақтың мақсатына сай ұжымдастырылған ойындардың берері мол.

12 жылдық  білім беру бойынша мемлекеттік стандарт жобасында оқытудың ойын технологиясына үлкен мән берілген. «Пәндік, пәнаралық сипаттағы дидактикалық және сюжеттік, рөлдік ойындар білім алушыға өзін танытуға, жолдастарының пікірімен санасуға, көпшілік алдында сөйлеу қабілетін үйренуге, жан-жақты білімін көрсетуге мүмкіндік береді. Рөлдік, сюжеттік ойындардың көмегімен білім алушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыратын оқу міндеттерін шешуге болады. Ойын қарапайым тілдік жағдаяттарда білім алушыларды қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелейді», деп атап көрсетілген.

Ойын арқылы оқушының білімі мен бейімін, жеке тұлғалық қасиет-қабілеттерін арттыру мүмкіндіктері зерттелген. Ойындардың қажеттілігін іріктеп ала білу-ұстаз шеберлігіне байланысты. Оқушының тілін дамытуда сөздік ойындарын қолдану тиімдірек. Сондай ойындардың бірі – «Керекті сөзді тауып айт». Ойынның мақсаты-қажетті сөздерді дұрыс тауып айтуға жаттықтыру, оқушы зейінін қалыптастыру. Мұғалім сол сабаққа қатысты жалпылама сөзді атайды, оқушылар қажетті сөздерді атайды немесе жазады. Бұл ойын оқушыларды талдау жасауға да үйретеді. Мысалы: тіл дамыту сабағында  «Заттың атаулары» деген сөз аталса, оқушылар, бірнеше сөздер айтады және сұрақтар қояды.

Жауаптарды жазады. Сондай-ақ оқушы зейінін қалыптастыруда «Кім тез, шапшаң» ойынын өткізуге болады. Бұл ойынды барлық сабақтарда қолдануға болады.

Сабақ барысында оқушылардың қызығушылығы, зейіні, тілін дамыту үшін грамматикалық ойындардың орны ерекше. Сабақта тиімді қолданылған ойын оқушылардың грамматиканы толық меңгеріп, сауатты жазу дағдысына мол мүмкіндік береді. Оқушыларды өзбеттерімен жұмыс істеуге дағдыландырады, ізденімпаздыққа баулиды. Грамматикалық ойындардың ерекшеліктері де бар. Бұл ойын әр түрлі жағдаяттар арқылы жүзеге асады. Ойын сабақтың әр бөлігінде, әр мақсатта жекеленіп, дараланып қолданылады. Жаңа тақырыпты түсіндіруде, өткенді қайталауда, пысықтау сабақтарында пайдаланылады. Мұғалім ойындарды қолдану үшін жете дайындық жасап, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етеді. Олар: грамматикалық лото, грамматикалық тренинг, грамматикалық гимнастика т.б.

Сабақ барысында оқушының тілін дамытатындай, коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыратындай ойындарды қолданамын. Олар: «Кім тез», «Қуаласпақ», «Құсбегі», «Кедергіден өту», «Кім болам?», «Асауды ұстау», «Аударыспақ», «Вагондарды құрау», «Қай әріп жоғалды», «Лоторея ұту», «Жасырынбақ», «Атын айт», «Түсін таны» т.б. ойындар

Әр ойын сабақ мақсатына сай қолданыс табады.

«Синтаксистік касса» ойыны. Карточкада бірнеше суреттер көрсетіледі (адам, құс, т.б.) беріледі және қойылатын сұрақтар карточкасы жасалады. Суреттің үстіне сұрақтары айтылып қойылады.

«Сөйлем қуаласпақ» ойыны. Интерактивті тақтадан мазмұнды суреттер көрсетіледі. Топта сөйлемдер арқылы мәтін түрлері немесе хат, эссе, ой-толғау, хабарландыру, жарнама құрастырылады (ауызша).

«Кедергіден өту» ойыны. Интерактивті тақтадан «кедергілер» көрсетіледі. Әр кедергінің өз тапсырамасы тақтадан көрінеді. Тапсырмалар топқа беріледі. Осылайша ойын соңында кедергілерден өтіп мәреге жеткен топ жеңіске жетеді.

«Вагон құрау» ойыны. Әр топқа бірнеше вагондар беріледі. Әр балаға 1 вагоннан. Вагонның артындағы тапсырманы орындаған оқушы вагонды ретімен тақтаға келіп іледі. Қай топтың вагондары алдымен құралса, сол топ жеңіске жетеді.

«Атын айт» ойыны. Интерактивті тақтадан бір-бірімен араласқан бірнеше суреттер тұрады. Оқушылар кезекпен шығып суреттерді «белгісі» арқылы топтан себебін түсіндіреді.

Сабақтан тыс уақытта қимыл-әрекет ойындарына көңіл бөлінеді. «Туған күні», «Ақ терек, көк терек», «Ақ тоқаш», «Айға ұшу», «Кім болам?» сияқты ойындар ойналады. Қимылдары дамуымен қатар ойын барысында өлең, тақпақ жаттайды, мысалы:

Бүгін Анардың туған күніне

Ақ тоқаш пісірдік

Үлкендігі мынадай

Кішкентайлығы осындай

Ақ тоқаш-ау, ақ тоқаш

Біреуді сайлап, өзің қаш.

Оқушылар алдына түрлі өмірлік жағдаяттар беріліп, оқушылар ойнай отырып, сол туындаған проблеманы шешуге дағдыланады. Ойын үстінде бала сұранысы мен мұғалім тапсырмасы өзара ұштасады. Мысалы: «Біздің үйіміз» ойыны. Топ өздері тұрғысы келетін үйдің сұлбасын сызады немесе суретін салады. Одан кейін осы үйді салу үшін материалдарды анықтап алады. Осылайша ойын өмірмен байланыста болып, оқушы құзыреттілігін дамытуға септігін тигізеді.

Сонымен, ойын келесі маңызды міндеттер: баланың қоғамдық қатынастарға бейімделуі, жалпы адамзаттық мәдени құндылықтар мен әртүрлі ұлт өкілдерінің мәдениеттерін меңгеруі: баланың шынайы адамгершілік коммуникацияға енуіне мүмкіндік беретін коммуникативті іс-әрекеттердің көрініс табуы жүзеге асырылады. Баланың әр қырынан көрінуіне интеллектуалдық, шығармашылық, коммуникативтік жағынан және әртүрлі қиындықтарды жеңуге жағдай жасайды.

Балалар өмірінде оқу және еңбек әрекетінің үлесі басым болады. Соған қарамастан ойын әліде болса өз маңызын жоймайды, ол баланы мектепке даярлау мақсатын жүзеге асыруға бағытталып отырады. Ойын әрекетінің қызықты болуын қамтамасыз ететін , баланың танымдық қызығушылығы мен адамгершілік сапаларын дамытатын басты нәрсе:білім, әрекет, қарым-қатынас. Балалар бойында адамгершілік сапаларды  қалыптастыруда пайдаланатын ойын түрлері төмендегідей:

  1. Мазмұнды-бейнелі ойын: отбасы,балабақша, мектеп, аурухана т.б.
  2. Қимыл-қозғалыс ойындары: теке, қуыспақ, мысық пен тышқан, қу түлкі т.б.
  3. Дидактикалық ойындар:заттардың түсін анықта, ойлан тап, сандардың орнын тап, көршісін тап т.б.
  4. Құрылыс ойындары: лего, және басқа конструкторларды пайдалану.
  5. Спорттық ойындар:футбол, волейбол, теннис т.б.
  6. Драмалық ойындар: ертегі, әңгімелерді рөлдерге бөліп орындау.

Барлық ойын түрлерін тікелей ересектердің қатысуымен және баланың белсенділігінің түрлі формасымен үлкен екі топқа бөлуге болады.

      Бірінші топ— бұл ойынды өткізуде және дайындықта ересектердің жанама түрде қатысуы. Балалардың белсенділігі инициативті, шығармашылық сипатқа ие, балалар өзбеттерінше ойын мақсатын қоюға қабілетті, ойынды дамытуға және міндеттерін  шешуде қажетті тәсілдерді табады. Өз бетінше ойнайтын ойындарда балалардың инициативасын көрсететіндей жағдайлар жасалады. Бұл топқа, әсіресе, өзінің даму қызметімен құнды, әр баланың жалпы психикалық дамуына үлкен мәнге ие, танымдық және сюжеттік ойындарды енгізуге болады.

       Екінші топ— бұл әртүрлі үйрететін ойындар. Ересектер ойынның ережесін айтып, ойыншықтардың құрылымын түсіндіріп, белгілі бір нәтижеге жету үшін әрекет етудің белгіленген бағдарламасын жасайды. Бұл ойындарда тәрбиелеу мен оқытудың нақты міндеттері шешіледі. Оқыту ойындары мектеп жасына дейінгілерде адамгершілік-эстетикалық тәрбие беруде маңызды.

Ойындағы жетістіктер баланың сабақтарда жүйелі білім алу мүмкіндігіне маңызды әсер етеді, құрбы-құрдастары мен ересектердің ортасында оның шынайы адамгершілік –эстетикалық бағытының әбден жетілуіне мүмкіндік туғызады.

Әртүрлі ойындарды баланың жас ерекшеліктеріне сай өз уақытында және дұрыс қолданғанда « мектепке дейінгі мекемелердегі берілген оқыту және тәрбиелеу бағдарламасын» өз деңгейінде шешуді қамтамасыз етеді.

Ойынның маңыздылығы туралы түсініктерді қарастыра келе, мынадай ережелерді топтастыруға болады:

  1. Ойын -әртүрлі жастағы балаларды өз еркінше дамыту әрекетінің түрі.
  2. Ойын- бала әрекеттерінің ішіндегі ең еркін түрі, онда айнала қоршаған әлемді тани, сезіне білуі, жеке шығармашылығы үшін кеңістіктің ашылуы, өзін-өзі тануы, өзін көрсетуі белсенді түрде жүзеге асады.
  3. Ойын –мектеп жасына дейінгі бала әрекетінің ең алғашқы баспалдағы, оның мінез құлқының қалыптасуының бастапқы баспалдағы.
  4. Ойын даму тәжірибесі болып табылады. Бала ойын кезінде дамиды, даму үшін ойнайды.
  5.  Ойын- балалар қарым-қатынасының ортасы. Мұнда құрбы-құрдастарына, үлкендерге деген өзара қарым-қатынасы қалыптасады.

Сонымен, балаларға ойын арқылы адамгершілік тәрбие беруде бұрынғы көзқараста қалып қоймай, ойын түрлерін зор қызығушылықпен, сезіммен меңгерген жеке тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік беретін жұмыс мазмұнын, әдістері мен түрлерін іздестірудің терең мәні бар.

Баланың қоршаған ортадағы жақсылықты көру, қабылдау нышаны бөбектік шақтан-ақ байқалады. Оны дамытып, кемелдендіру, шығармашылыққа баулу, бақылап сезген, көрген адами болмысты терең түсіну, өміршең ету отбасы және мектептің тәрбие үрдісінде іске асырылады.

 

Әдебиеттер:

 

  1. «Ойын әрекеті арқылы белсенділікке баулу».

Петров А.В. 2001.

  1. «Бастауыш мектептегі ойын технологиясы арқылы оқыту». Н.Құлжанова.
  2. «Ойын технологиясының ерекшіліктері»

М. Жұмабаев.

  1. «Ойын баланың рухани дамынуының негізі» Л.С.Выготский
  2. Құзіреттілік және ойын технологиясы.

С. Буланова