Б дыбысы және әрпі.

Сабақ: қолды икемдеп жазу                                           Күні:_________

Сабақтың  тақырыбы: Б дыбысы және әрпі.

Сабақтың мақсаты:

  1. Б дыбысымен танысу сюжетті сурет бойынша әңгіме құрату

арқылы, балалардың    ойлау қабілетін дамыту, сөздік қорларын молайту.

  1. Б дыбысына сөздер айтып талдау жасап үйрету.
  2. Балаларды ұқыптылыққа, ептілікке тәрбиелеу.

Қолданылатын әдіс: Түсіндіру, сұрақ – жауап ойын арқылы.

Сабақтың көрнекілігі: Кішкене балға, балта, балық, бүркіт, бұғы,

бұзау, балапан, бақа, саңырауқұлақ, кеспе әліппе, текшелер.

Ұйымдастыру  бөлімі:

  • Балалар, бізде қазір қай ай?
  • Бұл жылдың қай мезгілінің айы?
  • Дұрыс айтасындар, қыстың желтоқсан айы екен.
  • Аптаның қай күні?

Осы кезде столға секіріп бақа шыға келді.

  • Мынау не екен, балалар?
  • Бақа бізге неге келді екен, мен сұрап көрейінші. (Құлағын тосқан болады.)
  • Балалар, бақа бізге қонаққа келіпті, сендермен бірге  сабаққа

қатысып  ойнамақшы екен.

Балалардан  бақаның қимылын жасауын және өзі туралы ән айтып беруді сұрайды.

  • Қане, онда ән айтып берейік. Әнімізді еске түсірейік.
  • Бақа, бақа, балпақ,

Басың неге жалпақ?

  • Темір телпек көп киіп,

Басым содан жалпақ

  • Бақа, бақа, балпақ,

Бұтың неге талтақ?

  • Су бетінде көп жүзіп,

Бұтым содан талтақ.

  • Өте жақсы айттыңдар, балалар, таныс емес қай дыбыс?
  • Дұрыс. Б дыбысы екен.
  • Біз сабақ басталғанда аптаның қай күні дедік?
  • Бұл сөзде қай дыбыстан басталып тұр?
  • Тамаша дұрыс таптыңдар.

Балаларға бірнеше сурет көрсетіп ондағы заттардың атын атату.

  • Балалар, мынау ненің суреті?
  • Балтаның суреті.
  • Мұнымен не істейді?

Балға, күрек, кетпен, тырманың қызметімен таныстырып, олардың

ортақ  аттары  құрал – саймандар екені түсіндіріледі. Осылайша басқа да суреттер көрсетіп, аттарын ататқызады.

  • Осы сөздердің барлығында Б  дыбысы қай жерде тұр?
  • Шалбар деген сөзде Б дыбысы бар ма?
  • Өте дұрыс. Бұл сөзде ортасында естіліп жүр екен.
  • Ал, енді осы Б дыбысын айналаларыңа қарап, дауыстап айтып

көрейікші, не байқадыңдар?

Балалар Б дыбысын айналаларына қарап айтқан кезде, еріндерінің бір – біріне тиетінін, жүйісетінін айтты.

Жаңа дыбысты айнаға қарап дыбыстап айтқызу, дыбысты дұрыс ажыратуына, ерін мен езу қимылдарына байланысты дыбыстарды оның айта білуіне үйретеді.

  • Ал, енді осы дыбысты созып айтып көрейікші, созып айтуға келе ме

екен?

  • Жоқ, Б дыбысын созып айтуға келмейді. Б дыбысын созып айтсақ Ы

дыбысы  қосылып кетеді.

  • Олай болса Б дыбысы қандай дыбыс екен? Дауысты ма, әлде

дауыссыз дыбыс па?

  • Дауысты дыбыстар қалай айтылады екен?
  • Дұрыс екен балалар, ал біз дауыссыз дыбыстарды қандай

текшелермен  белгілейміз?

Балалар түгелдей көк текшені көтереді.

  • Ал дауысты дыбысты ше?

Түгелдей қызыл текшелерін көтереді.

  • Ал, қане енді кім көп сөз біледі екен, бәріміз ойланып осы Б

дыбысынан  басталатын  сөз  ойлайық.

  • Балық, балапан, балдырған, бақа, балға, бұғы, бұзау т.б.
  • Жақсы, өте көп сөздер біледі екенсіңдер. Енді осы сөздедерді

буынға бөліп көрейікші.

  • Балға деген сөзді буынға бөлейік, қане, шынтақтарыңды парта

үстіне тіреп, саусақтарыңды айқастырыңдар да, айқастырылған саусақтарынды иектеріңнің  астына қойып, бәріміз бірге буынға бөлейік, — деп тәрбиеші бірге айта отырып, буынға бөлдіреді:

Бал – ға

  • Иектеріңе саусақтарың неше рет тиді?
  • Олай болса балға сөзінде неше буын бар екен?
  • Б дыбысы қай буында тұр?
  • «Шал — бар» сөзін де тұра осылай буынға бөлейік.

Шал – бар

  • Неше рет иектерің саусақтарыңа тиді?
  • Б дыбысы қай буында тұр екен?
  • Олай болса Б дыбысы сөздің басында, ортасында да,  аяғында

кездеседі екен.

  • Міне, балалар, біз бүгін сендермен жаңа дыбыспен, яғни Б дауыссыз

дыбысымен таныстыңдар.

  • Міне, мынау Б дыбысының әрпі. ( Кеспе әріптен Б бас әрпі мен кіші

әрпі көрсетіледі.)

  • Ал ол былай жазылады екен ( Тақтаға жазып көрсетіледі).
  • Мен қазір осы әріпті ауада жазамын содан кейін сендер жазасыңдар

( Ауада екі – үші рет жазып көрсетіледі).

  • Ал енді сендер жазыңдар, үзік сызықтар арқылы жазылады екен.

 

Бір жол жаздырып, қолдарын демалту үшін, сергіту жаттығуы

жасалады.

  • Бала – бала, балақан

Қане қайсы алақан?

Саусақтарың әйбәт,

Былай – былай ойнат.

  • Енді, балалар,  «Б» дыбысына әр кім бір сөз ойласында соны

текшелеріңмен  алдыларыңда жазыңдар және оны әрқайсысың оқып шығасыңдар.

Кім жылдам орындаса сол бала тақтада да көрсетеді. Алғашқы орындаған төрт балаға жаздыру.

Бота, арба, балға, саба.

Дауыссыз дыбыс көк  текше, дауысты дыбыс қызыл текше.

  • Өте дұрыс жақсы жазып көрсеттіңдер.
  • Енді айналаларыңа қараңдаршы, «Б» дыбысынан басталатын қандай

заттар бар?

Бесік, бор, бақа, балық т.б.

  • Тамаша жақсы, енді біздің арамызда «Б» дыбысынан басталатын

балалардың  аттарын атаңдаршы.

-Сендер тамаша ойлап  таптыңдар. Енді мен жұмбақ жасырайын

сендер тауып  көріңдерші:

Бірнеше рет ауада қайталаймыз.

Табада бар,

Танада жоқ.

Сабада бар,

Санада жоқ.

  • Ол «Б» дыбысы.
  • Дұрыс айтасыңдар, ал енді осы жұмбақты бәріміз қайталап айтайық.

(екі-үш рет айтқызу)

Осы сөйлемдер бірнеше балаға қайталатқызып айтқыздырады.

Қорытынды:

  • Балалар, балапан сөзінде бірінші қай дыбысты естіп тұрсыңдар?
  • Біз бүгін қандай дыбыспен таныстық?
  • «Б» дыбысы қандай дыбыс?
  • Оны біз қандай текшемен белгілейміз? Көтеріңдерші түгел.