«Тәуелсіздік —  қасиет тұнған ұлы ұғым»

 

Білімділік мақсаты: Оқушыларға 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында жазықсыз қыршын кеткен құрбандарды қашанда құрметпен еске алу керек екендігін баяндау, оқушыларды туған еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, туған жерін, Отанын сүюге шақыру, қалыптасып қалған әкімшілік-әміршілдік тоталитарлық режимге қарсы бас көтерген қазақ жастарының ерлігін құрмет ету.

Дамытушылық: Оқушылардың дербес жұмыс істеуін, сөйлеу қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізуге, тарихи фактілерді саралап олардың        себеп-салдарын  анықтауға, тарихи оқиғаларды есіне сақтауға дағдыландыру.

Тәрбиелік мақсаты: Өз Отанын сүюге, адамгершілікке, елжандылыққа тәрбиелеу.

 

Түрі: Ашы

 

Әдісі: Сахналық көрініс көрсету

 

Іс-шараның жоспары:

 

  1. Кіріспе
  2. Негізгі бөлім

а) 1986 ж 16 желтоқсан оқиғасының барысы

ә)  Сахналық көрініс (жастардың алаңға шығуы)

Желтоқсанда — мұзда жанған алауым,

Желбіретті Тәуелсіздік жалауын!

б)  Қайсар рухты қазақ баласы

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар.

Қасқалдақтай  қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең, алыңдар!

 

  1. Қорытынды бөлім

 

 

  1. Кіріспе

Мұғалім сөзі: Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтын оқиғалар болады. Ұмытылмайтын себебі ол оқиғалардың халық тағдырымен байланыстылығында. Қоғам құрсағында жетілген қайшылықтардың салдары ретінде көрінген мұндай құбылыстардың талайы тарихтан белгілі. Соның бірі, дүниені дүр сілкіндіріп тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.  

      Халқымыздың тәуелсіздігі, егемендігі жолында өз өмірлерін қиған құрбандардың рухына құрмет көрсету исі қазақ азаматтарының игі борышы.

 

 

1-жүргізуші:  Құрметті   Ұстаздар ,  мектеп оқушылары және қонақтар!

16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған

           «Тәуелсіздік-тірегім» атты іс- шарамызды   бастаймыз.

2-жүргізуші:   Тәуелсіздік — еліміздің өз алдына шаңырақ көтеріп, ешбір елге, ешбір мемлекетке тәуелсіз, дербес Қазақстан Республикасы болып құрылуына байланысты ұғымды білдіреді.

1-жүргізуші: Тәуелсіздік – теңдік, бостандық, еркіндік, бүкіл адамзат баласының қаншама мыңдаған жылдар бойы аңсаған арманы, мақсаты, ұраны болып келе жатқаны белгілі.

 

 

 

           1-оқушы: Желтоқсан айы…

Кешегі дүркіреп өткен 1986-шы  жылына дейін дүйім қазақ үшін желтоқсан атауы, және бір қыстың атауы еді. Кейін бұл сөздің мән-мазмұны да, құлаққа жетер әуені де мүлде өзгерді.

«Желтоқсан» десе – ақ, әрбір қазақтың көкірегінде небір көріністер қоздап қоя беретін болған. Ең алдымен «Желтоқсан желі» немесе «Қарабауыр қасқалдақ» деген мұңды да асқақ әуеннің сарыны алыстан талып естілер еді.

2-оқушы: Себебі, бұл әндер, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл  сұламадағы» «Елім-ай» секілді, әлдеқашан «Желтоқсан оқиғасының» халық арасындағы әнұранына айналып кетті.

Сонда да, ән-әуенмен қоса, мәңгі көкірек көзінде қалған көріністер    шұбырып өтуі хақ. Үрейлі үкімет үйі. Оны қоршай, толқыған ызалы қыз-жігіттердің жігерлі келбеттері Оларға қадалған суық көздер мен мейірімсіз пішіндер… одан кейін темір киімдер киіп, келтек ұстағандар мен жалаңаш қол жастардың сарт-сұрт айқасы…

Адам жегіш иттердің арсылы, шашынан сүйреген қазақ аруы, басынан қан шапшып ыңырси құлаған қазақ бозбала…

Сөзі: М.Шаханов

Әні: Ә. Тінәлиев      Ән «Желтоқсан желі»

 

СЛАЙД № 2 «Желтоқсан 1986»

3 – оқушы: Осы кезде аяқ астынан Пленум болатындығы туралы хабар – сыбыс тез тарады. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Пленумы 1986 жылғы 16 желтоқсанда өтті. Пленумда Д.А. Қонаев жолдасты зейнеткерлікке шығуына байланысты Республика Компартиясы Орталық пленумында бірінші хатшысы қызметінен босатты. Оның орнына сол уақытқа дейін Ресей Федерациясында Ульянов облыстық партия ұйымын басқарған Г.В.  Колбинді сайлады.

         4 оқушы: 1986 жылы желтоқсанның 17 жұлдызында бүкіл елді дүр сілкіндірген ғаламат оқиға болды. Бұл кеңес өкіметі тұсында бұрын – сонды кездеспеген құбылыс. «Алматыда демонстрация», «Брежнев алаңында қаптаған жұрт», «Көшеде сап түзеп бара жатқан жастар» деген лебіздер ескен желдей гулеп тарап жатты. Елеңдеген ел түсіне алмай дал болды.

5-оқушы: Республика жұртшылығының өмірлік мүдделеріне қатысты мәселені шешудегі Орталықтың әділетсіз әрі өктем бұл қадамы қорланып қалған халық наразылығының жанартаудай атылып сыртқа шығуына түрткі болды.1986 жылы 17 желтоқсан күні таңертең Алматының Брежнев атындағы алаңына халық жинала бастады.Кешке қарай жиналғандардың саны шамамен 25-30 мыңға жетті.

Жиналған көпшілік республика басшылығындағы мұндай өзгерісті Д.А. Қонаевтың өзінің келіп түсіндіруін талап етті. Орталық аландағы жағдай бірден Мәскеудегі Бас хатшыға және басқа билік орындарына баяндалды.

Өз ретінде билік алдына қатаң тарамайтындықтарын қойған бейбіт шеруге жиналушылар нанымды жауап алмайынша алаңнан тарамайтындықтарын мәлімдеді.

6-оқушы: Аңғал сеніммен алаңға шыққан бейкүнә қыз-жігіттер «контрреволюционерлер» емес еді. Олардың ойы халықтың құқықтары мен көкейтесті мәселелері туралы сөз жүргізу еді. Алайда оларды бір қолында шоқпары, бір қолында қалқаны бар қарулы, сақадай-сай әскерлер қарсы алды. Бейбіт шеруге шыққан жастардың бейбіт тілегі ағаш жаңқасындай быт – шыт болып  ұшып жатыр.

Үкімет үйінде жастар шеруін қуғындау үшін астыртын «Құйын-1986»  дейін  оперативті жоспар құрылып жатты. Ал алаңдағы жастар жайбарақат еді, аңғал еді, алаңсыз еді.

7-оқушы: Құрамында қазақ ұлтынан ешкімде болмаған бұл штабтың жұмысын КСРО ішкі істер министрінің 1-ші орынбасары генерал полковник Б.К. Елисев басқарды. Штабтың қарауына шамамен 20-25мың адамнан тұратын Алматы гаризонының КСРО ішкі істер министрлігінің  Алматы облысында, сондай-ақ Фрунзе,Ташкент, Челябі, Новосібір, Уфа, Свердловск , Тбилиси қалаларында орналасқан арнайы ұшақтармен Алматыға алдырылған әскери күштері берілді. Әскерилерге қарусыз шерушілерді қуып таратуға қажетті қару жараққа қосымша 15 БТР, 20 өрт сөндіруші машина берілді. Милиция және әскер құрамаларына саны 10-15 мың шамасында темір сойылдармен қаруланған «жасақшылар» көмектесті.

 

Әні: Ш.Қалдаяқов

Сөзі: Ж.Нәжімеденов, Н.Назарбаев      «Менің Қазақстаным»

 Осы кезде «Менің Қазақстаным» әні айтылады. Жастар теңселіп тұрып әнді ерекше бір шабытпен орындайды.

 

СЛАЙД № 3 «Жастардың алаңға шығуы»

 

Көрініс «№ 1»

Алаңға шыққан  жастар бейбіт, жайбарақат еді . Қолдарында «Әр халыққа-өз      көсемі!», «Лениндік идеялар жасасын!», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!», «Қазақстан қазақтардікі», «Ресейге қайт», деген транспоранттар бар.

(Сахна алдына ержүректі желтоқсан батырлары шыға бастайды)

 

СЛАЙД № 4 «Желтоқсан құрбандары» (Қайрат,Ләззат, Ербол, Сәбира суреті)

 

Дауыс:   Естідіңдер ме?

Бұл не масқара! Неге халықпен санаспайды? Қашанғы шыдаймыз. Ең болмаса өз ішімізден неге сайламаған? Ел қамын біз ойламағанда, кім ойлайды?

 

Дауыс: Қонаевты шақырыңдар! Ақиқатын айтып, түсіндірсін барлық жайды!

Дауыс:  Қазақстаннан адам табылмады ма? Қазақстанға басқа жерден басшы келгені несі?

Дауыс: Талап-тілекті айтамыз. Шықсын ортаға басшылар.

 

Ербол:Демократияны бұғаудан босатыңдар,

Әр халыққа өзінің көсемі керек…

Ләззат: Сүрмейтұғын болдық қой күйме ғұмыр,

Көлеңкеміз. Күннен де тимейді нұр.

Колбин деген кім екен, қайдан келген,

Уа, сыртымыздан қашанғы билейді бұл?

Сәбира:Бұл дегенің ҚКП-да беделдің қалмағаны,

Тілің құрып барады білесің бе?

Хасен:  Ескерусіз дін жатыр сүресінде,

Қақпақ қойып ауызға, көзді байлап,

Санаспайды, әй, бұлар тегі ешкіммен,

Жариялылық дегенің елес білем.

   Гүлнәр: Өгей қозы біз болдық енемізге,

Келімсектер шықты ғой төбемізге.

Ақиқат жоқ, маңайың толған аныз,

Жүр екенбіз тұманды жолда нағыз.

   (Алаңда ешкім қозғалмайды)

Бар болғаны осы еді қылмысымыз,

Савицкий көрген жоқ бір кісіміз.

Кейін соның қазасы таңылғанда,

Аң-таң болып, қан жылап тұрды ішіміз.

Темір құрсау біздерді бүргені шын.

Мұң шағады қапаста кімге құсың,

Ақ-қараңды тексерер түрме деген

Концлагерь болды ғой біздер үшін.

     Прокурор: Балалар! Уа, балалар! Мен Республика прокурорымын. Тарқаңдар! Жатақханаларыңа қайтыңдар! Ұят болады! Біз сендерге күш қолданамыз! Үйлеріңе қайтыңдар!

 

Әскери адам: Первая рота! Слушайте мою команду! Производится операция

«Құйын». Немедленно разогнать экстремистов и хулиганов! Первая рота за мной! УРА!

  Осы кезде алға сырттан қаруланған әскери адамдар баса-көктеп кіріп, алаңдағы жастарды ұрып-соға бастайды (Қаралы музыка ойнап тұрады). Қарулы әскер сахнадан жаралы қыздар мен жігіттерді біртіндеп сүйретіп, жұлқылап әкете бастайды. Бет-аузы қан, ұзын шашы жайылып бетін жапқан жас қазақ қызын екі әскери солдат сүйреп келді. Қыз жұлқынып, халыққа қарап ышқына сөйлейді:

  • Әй, туғандар! Жігіт болсаңдар шығыңдар бері қарай!

Қосылыңдар біздің қатарға!

Осы кезде қарулы милиционер қыздың көк желкесінен шоқпармен ұрып қалады. Қыз сылқ етіп, есінен танып түседі.

   2-жүргізуші: Міне өмірден тағы бір қыршын жас қыздың көк желкесінен шоқпармен осылай кеткен еді. Алматы музыка училищесінің студенті Ләззат Асановаға өзін-өзі өлтірді деген өтірік жала жабылған еді. Тексере келе Ләззаттың да алаңда болғаны анықталды.

СЛАЙД № 5 «Қайсар рухты қазақ баласы» (Қайраттың суреті)

Жүргізуші: Иә, тарихта бұл «Желтоқсан-86» деген атпен мәңгі қалады.

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты — құрбандық»

Атам десең атыңдар!

 

   Көрініс № 2

Сахнаға Қайраттың інісі Талғат жүгіріп келеді, қолында хат болады.

      Талғат: Апа, апа, Қайрат көкемнен хат келді.

      Анасы: Рас па? Құлынымның хаты ма? Әкелші, өзін көрмесем де, хатын оқып мауқымды басайын.

Осы кезде жарық түрмеде отырған Қайратқа түсіріледі. Хат оқылады.

Қайраттың хаты:

Амансыздар ма, анам, туған-туыстарым! Менің нақақтан абақтыда отырғаныма Сіздер сенеді деп ойлаймын. Жасақшыны ұрды, өлтірді деген жалаға сене көрмеңіздер. Алаңда, жатақхана жанында ұсқыны суық жасақшылардың жиналған қазақ жастарын ұрып-соғып, бейкүнә қыздарды шашынан сүйреп, қорлағандарын көріп шыдамадым. «Еруліге қарулы» деп мен де топ ішіне кіріп, көмектесуге ұмтылдым.

Менің де, сол күнгі алаңға шыққан қазақ жастарының да еш кінәсі жоқ. Алаңға барғанымыз – азаттық іздеп барғанымыз. Біз ұлтшылдықтың үлгісі емес, «ұлтжандылықтың» үлгісін көрсеттік. Қазақтың  бостандық алар күні алыс емес! Аман болыңдар!

Ана: Ұлым менің! Сен әлі жиырма бірдесің. Аман болсаң, бір жерден шығатын алмастай өткір жігіт боларсың деп үміт күтеді сорлы анашың…

 

1-жүргізуші:  Қайратты 1987 ж. 1 қаңтар күні үйінде жаңа жылды тойлау үстінде  тұтқындаған еді.

 

СЛАЙД № 6 «Ақынның жан сыры» (Қайраттың суреті)

 

Көрініс № 3

 

(Түрме іші, темір тор 2 жендет Қайратты сұраққа алып келеді, тергеуші жауап алады)

Тергеуші:  Сен 18-і күні сағат 10-да қайда болдың?

Қайрат:  Жолдастарыммен бірге.

Тергеуші: Жоқ, Сен Сәтпаев пен Мир көшесінің қиылысында Савицкийді соққыға жықтың, соның нәтижесінде ол қайтыс болды! Сен кінәлісің оған!

Қайрат:               Сөйлесем дауысым жетпейтін

Кез болдың мынау заманға,

Шовинизм еді ғой,

Басты себеп жалғанға.

Елбең, елбең жүгірген

Ебелек отқа семірген.

Арғымақ мінген жаратып,

Ақсауыт киген темірден,

Алатаудай бабалар,

Аруағыңмен жебей көр.

(Әрі-бері жүреді, өзімен-өзі сөйлесе халыққа қарайды)                       

Қайраттың туыс – бауырларына арналған өлеңдерінен үзінді

Қайрат:                     Әкетай-ау, пайғамбардай жасың бар,

Туа бермес сіз секілді асылдар.

Қартайғанда жүрегіңді жаралап,

Кесір болды-ау біз секілді масылдар!

 

Айналайын, қарындасым, қарағым,

Қолда кісен, мен айдауда барамын.

Қайғы жетіп, азап тартқан ағаңды,

Айтшы, жаным, қандай жанға баладың?

 

Айналайын, інішегім, құлыным,

Сені ойласам үзіледі жұлыным.

Сенің ерке ақ жүзіңді көре алмай,

Кетіп барам мен айдауда, құлыным!

 

Қайрат Рысқұлбеков.

     2-жүргізуші: Бұл Қайраттың өлеңдерінен үзінді.Өмірге құштар ынтық жүректің соңғы лүпілі.Жан сыры, соңғы үміті.Өкініш пен өтініш…

 

СЛАЙД № 7 «М.Шахановтың суреті»

 

8-оқушы: Қазақ КСР Жоғары Кеңесі төралқасының Алматыдағы 1986 жылы желтоқсанда болған оқиғаларды тексеру комиссиясының төрағасы М.Шаханов мынадай мәліметтер келтіреді: «Желтоқсан оқиғаларына қатысқан 8500-ге жуық адам ұсталып, жазаға тартылды. Толық емес мәлімет бойынша 1720 адам жарақат алды. Су шашқаннан, жер бауырлатып жатқызғаннан, қала сыртына апарып тасталғаннан ауырған адамдар есепке алынбады. ІІМ жүйесінен 1200 адам жұмыстан қуылды. 12 жоғары оқу орындарының ректорлары орындарынан түсіріліп, 246 студент оқудан шығарылды. 99 адам сотталды,соның 46-сы кейін ақталды. Оның екеуі  өлім  жазасына кесілді».

 

 

СЛАЙД № 9 «Қазақстан Республикасының Президенті»

 

Мұғалім сөзі: 1989 жылы мамыр-маусым — КСРО Халық депутаттарының   І съезінде ақын М.Шаханов Желтоқсан оқиғасына әділ баға беруді талап етті. Желтоқсан оқиғасына түпкілікті баға беру жөнінде М.Шаханов төрағалық еткен комиссия құрылды. 1991 жылы желтоқсанның 10-сі күні Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылғандарды ақтау туралы» Жарлығы шықты.

ҚР Президентінің Жарлығы бойынша Қайрат Рысқұлбековке 1996 жылы желтоқсанның 9-да жоғарғы ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп – Алтын Жұлдыз тапсырылды. Желтоқсанға қатысушыларға деген айрықша құрмет болды.

(Фильм көрсетіледі)

 

Халық қаһарманы атында: 

 

 

СЛАЙД № 10 «Жаса, жайна тәуелсіз  Қазақстан»

Мұғалім сөзі: Алматы қаласындағы орталық алаңға тарихи Желтоқсан оқиғасының құрметіне 2006 жылы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде «Жастарды алаңға шығуға итермелеген желтоқсандағы оқиға еліміздің тәуелсіздігінің жаршысы болды. Бұл оқиғаға ұлтшылдық сипатын беруге талпыныстар жасалды. Саяси бюроға олай емес деп түсіндіруге, соған орай қабылданған арнаулы қаулының күшін жоюға тура келді. Ұлтаралық қақтығыс деп түсіндіру пиғылдары да болды. Мүлдем олай болмағанын тарихтың өзі көрсетіп берді. Жастар бар болғаны әділеттілікті, теңдікті, тәуелсіздікті қалады», — деп Президент бұл қозғалыстың тарихи маңызын  жан-жақты ашып көрсетті.

 

Тәуелсіздік шежіресіне ой жіберейік.

1991 жыл

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның жоғарғы кеңесі Қазақстанды Тәуелсіз Республика деп жариялады.

 

Мөлдір аспан, көк аспан,

Сол аспанға жарасқан.

Самолёттей сұңқармен,

Ұшқыш болғым келеді.

1991 жылы 10 қазанда қазақ халқының тұңғыш ғарышкері  Т.Әубәкіров ғарышқа самғады.

 

1992 жыл

1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы, елтаңбасы және әнұраны бекітілді.

Өзіңдікі, туың да,

От пен ауа, суың да

Жаса Қазақстаным!

Белді, бекем, буын да.

(Тудың суреті көрсетіледі).

 

Елтаңбамен таңылар, жұртқа мәлім,

Қос шырақтай  самғаған, қазақ елім.

Бірлігіңді көрсетіп шаңырағың.

Көркейте бер, Қазақстан- байтақ елім.

(Елтаңба көрсетіледі)

Батырлықтың уызына жараған,

Ер түркіні байрағынан таныған.

Өзі ақын, өзі әнші халықта

Кім айта алар болмаған деп әнұран

 

1993 жыл

1993 жылы 15  қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық ақшасы —  теңге айналымға енді.

1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының тұңғыш  Ата Заңы  қабылданды.

Көк туым, көтерілді бағым жанып,

Елтаңбам төрде әлемге танылды анық.

Шырқадым әнұранды бар дауыспен,

Арманым  Ата заңым қабылданып.

 

1994 жыл

Қазақстанның жаңа ордендері мен медальдары дүниеге келді. 30 маусымда қазақ халқының екінші қыран ғарышкері Т. Мұсабаев аспан көгіне алты айлық сапарға аттанды.

 

1995 жыл

1995 жылы 30 тамызда ҚР-ның Конституциясы екінші рет қайта қабылданды.

 

1996 жыл

1996 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының

Конституциясына 1 жыл болды. 17 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 5 жылдық мерекесі атап өтілді.

 

1997 жыл

1997 жылы  ел астанасы Алматыдан Ақмола қаласына көшті.

Астананың жарқырап шамшырағы,

Достарын қаншама рет қарсы алады.

Қазақстан халқына бақыт боп.

Астананың шашылып бар шуағы.

 

1998 жыл

Қазақстанның жаңа елдордасы – Астананың халықаралық  тұсаукесері 1998 жылы өткізілді

 

1999 жыл

10 қаңтар президент сайлау нәтижесінде Н.Ә. Назарбаев 7 жыл мерзімге ҚР Президенті болып қайта сайланды.

 

2000 жыл

2000 жыл Мәдениетті қолдау жылы. Шежірелі Түркістанның 1500 жылдығы тойланды.

 

2001 жыл

«Жүз жылға татитын-он жыл». Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2001 жылды Тәуелсідігіміздің 10 жылдығы деп жариялады.

 

2002 жыл

 ‘’Денсаулық сақтау,, жылы деп жарияланды.

 

2003-2005 жыл

Ауыл жылы деп жарияланды.

 

2006 жыл

Қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегисы қабылданды.

 

2007 жыл

«Жаңа әлемдегі — жаңа Қазақстан». Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың  Қазақстан халқына жолдауы.

 

2008 жыл

«Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру-мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.

 

2009 жыл

«100 мектеп,100 аурухана» бағдарламасы. Біздің мектебіміз осы бағдарлама бойынша салынған. Осы сияқты Республикамызда 100 мектеп, 100 аурухана салынды.

 

2010 жыл

Ұлы жеңіске 65 жыл болды.

 

2011 жыл

Астана және Алматы қалаларында Азиада деген атпен қысқы олимпиада ойындары өтті.

Астана қаласында Саммит өткізілді.

Төрт құрлықтағы 57 мемлекетті біріктіретін «Ислам әлемінің өзіндік БҰҰ» міндетін атқарып отырған бірегей құрылым – Ислам конференциясы ұйымына Қазақстан төрағалық ететін болып бекітілді.

 

 

 

  1. Қорытынды

1-жүргізуші: Желтоқсан оқиғасы ешқашан көмескіленбейді. Себебі, тарихтан алар орны ерекше оқиға.

Мұғалімнің қорытынды сөзі: Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік туралы толғаныстарынан үзінді

                                                      Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар.

Әлемде егемен Қазақстан бар.

Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар.

Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар.

Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел

болашағы бар.

Сол күнге берік сенімі бар!

Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек.

2-жүргізуші: Құрметті, Ұстаздар, мектеп оқушылары және қонақтар! Бүгінгі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік — тірегім» атты іс-шарамызды аяқтаймыз.

«Менің Қазақстаным» әнін бәрі хормен орындайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Тәуелсіздік —  қасиет тұнған ұлы ұғым»

 

Тәрбие сағаты