Оқытуды ұйымдастырудың нысандары

Оқытуды ұйымдастырудың нысандары

 

 

 

 

Оқытуды ұйымдастырудың нысандары

Тақырыптың жоспары:

  1. Оқу жұмысын ұйымдастыру нысандарының тарихы.
  2. Сабақ – оқу жұмысын ұйымдастырудың негізгі формасы.
  3. Сабақ, оған қойылатын талаптар.
  4. Сабақтың типтері мен құрылымы.
  5. Сабақтағы оқушылардың оқу жұмысының формалары.
  6. Мұғалімнің сабаққа әзірленуі, оны жоспарлауы.
  7. Сыныптан тыс жұмыстар, экскурсия, практикумдар.
  8. Педагогика тарихында алуан түрлі оқыту нысандары болды. Олардың пайда болуы, дамуы, кейбіреулерінің жойылуы қоғамның талабына байланысты еді.

Әр заман оқытуды ұйымдастыруға әсер етті. Нәтижесінде педагогика ғылыми тәжірибеден көптеген деректер жинады.

Баланы оқытуды ұйымдастырған алуан түрлі жұмыстар зерттеліп, олардың ішінен қазіргі заманға лайықтылары іріктелді.

Мектепте оқитын оқушылардың саны, олардың оқитын жерлері, оқу жұмысының ұзақтығы зерттеліп, баланы жекелеп оқыту, топты, ұжымды оқыту, сыныпта, сыныптан тыс, мектепті, мектептен тыс жерлерде оқыту жолдары анықталды.

Баланы жекелеп оқыту өте ерте кезден бар. Ол тапсырманы мұғалімнің не өзінің үйіндеорындайды. Тапсырма мұғалім оқулығынан беріледі. Жекелеп оқыту қазір де қолданылады.

Баланы жекелеп Оқыту XIII ғасырға дейін қолданылған. Әсіресе, ауқатты адамдар балаларын жекелеп оқытқан.

Жекелеп оқытудың жақсы жақтары:

  • Мұғалім оқушының нені білетінін, нені білмейтінін анықтайды.
  • Оқушының қатесін уақытында түзетеді.
  • Оқушы өзіне ыңғайлы уақытта жұмыс істейді.

Кемшіліктері:

  • Мұғалім оқушыға білім беріп, оны оқушы қалай түсінгенін тексерумен шектеледі.
  • Оқушы басқа оқушылармен қарым-қатынаста болмайды.
  • Бала ұжымда, әлеумет арасында жұмыс істеуге үйренбейді. Міне, сондықтан жекелеп оқыту XI ғасырдан бастап азая бастады.

Балаларды жекелеп – топтап оқыту түрі қалыптасты. Мұғалім тек бір оқушыға емес, «түрлі жастағы балаларға тапсырма берді. Олардың дайындық деңгейлері де түрліше еді. Сондықтан мұғалім әр оқушымен жеке жұмыс жүргізді. Мұғалім әрбір оқушыдан өткен материалдарды сұрап, әрқайсысына жаңа тақырыпты түсіндіріп, жеке тапсырмалар берді. Оқушылар окуға жылдың кез келген уақытында келді.

Жеке, жеке-топтық оқыту түрлері XI ғасырдың аяғы, XII ғасырдың басында қоғам сұранысын қанағаттандырмады.

X, XI ғасырдағы Еуропаға білімді адамдар өте қажет еді, себебі қолөнер, сауда, өнер, әдебиет, сәулет өнері дамыды. Осыған байланысты оқитын балаларды ұжымға біріктіру туралы ұсыныстар алғаш рет Белоруссия, Украиналық туысқандық мектептерінде жүзеге асты. Оны балаларды сынып-сабақ жүйесі арқылы оқыту деп атады. Сынып-сабақ жүйесінің тәжірибесін зерттеп, оны дүние жүзінің мектептеріне таратқан Я.А.Коменский.

Оқытудың бұл түрі жетілдірілген түрде дүние жүзінің мектептерінде қолданылуда. Сынып-сабақ ұғымының пайда болғанына 350 жылдай уақыт болды.

XIII- ХІХ ғасырларда ағылшын діни қызметкері А.Белл және мұғалім Джон Ланкастер өзара оқыту жүйесін қолданды. Алдымен жоғары сынып оқушылары мұғалімнің басшылығымен тақырыпты өздері оқып, одан нұсқаулар алып, бастауыш сынып оқушыларын оқытты. Бірақ, өмір бала оқыту үшін арнайы дайындық керек екенін көрсетті.

Трамп жоспарын АҚШ профессоры Ллойд Трамп жасады. Білікті мұғалімдер, профессорлар ОТҚ арқылы 100-150 кісіге дәріс оқып болған соң, 10-15 кісіден тұратын азғантай топтар дәріс материалдарын талдап, ол туралы өз пікірлерін айтады, пікірсайыс өтеді.

Аз топтардағы сабақты қатардағы мұғалім не топтағы жақсы оқушы жүргізеді. Мектептің кабинеттерінде, зертханаларында жеке жұмыстар жүреді. Дәріске — 40%, аз топтардағы сабақтарға — 20%, жеке жұмыстарға — 40% оқу уақыты кетеді. Сынып болмайды, топтың құрамы өзгеріп отырады. Трамп жоспарымен эксперименталдық мектептер жұмыс істейді. Көпшілік мектептерде жоспардың кейбір жерлері қолданылады.

Бригадаларға біріктіріп оқыту. Тапсырма бір топ оқушыларға беріледі. Олар өз беттерімен зертханаларда жұмыс істеп, мұғалімдер оларға кеңес береді. Есепті бригадир береді. Кемшілігі: оқушылардың білім деңгейінің, жауапкершілігінің төмендеуі, оқытудың нәтижесінің жоқтығы, мұғалімнің түсіндіруінсіз тапсырманы орындай алмау.

Дальтон жоспары. Оны ХХ ғасырдың басында Дальтон қаласының (АҚШ) мұғалімі Елена Паркхерст ұсынады. Оны зертханалық жұмыс деп те атайды. Аталған жоспармен оқытқанда сабақтар болмайды, мұғалім сабақты түсіндірмейді, оқушыларға өз бетімен оқитын әдебиеттер көрсетілген жазбаша тапсырма береді. Оқушылардың әрқайсысы материалды өз бетімен оқып мұғалімге есеп беріп отырды.

Бірақ көптеген оқушылар мұғалім көмегінсіз тапсырманы орындай алмады. Сондықтан дальтон жоспарымен Оқыту мүмкін болмады.

Оқушының әр түрлі сыныптарда оқуы. Ол бір пән бойынша 7-сыныпта, екінші пән бойынша 5-сыныпта оқиды.

Оқытуды ұйымдастырудың ерекше түрі оқушылардың бірнеше күн бойы бір не екі пәнді оқуы. Осылай оқыту Вальдорф мектептерінде бар.

  1. Оқу жұмысын ұйымдастырудың негізгі түрі — сабақ.

Сыныл-сабақ жүйесінің мәні мен ерекшеліктері.

  • Жастары және дайындықтары бірдей оқушылардан сынып құрастыру. Сыныптың құрамы мектеп бітіргенше өзгермейді.
  • Оқу процесі өзара байланысты, бірінің соңынан бірі келіп отыратын сабақ түрінде жүреді.
  • Сынып жылдық жоспар, бағдарлама, тұрақты сабақ кестесі бойынша жұмыс істейді. Балалар мектепке жылдың бір уақытында қабылданады.
  • Жұмыстың негізгі түрі – сабақ.
  • Сабақ бір оқу пәнін, тақырыпты түсіну үшін өткізіледі.
  • Оқушылардың жұмысына мұғалім басшылық етеді. Ол оқушылардың білім, іскерлік, дағды деңгейлерін анықтап, оларды жыл аяғында келесі сыныпқа көшіру туралы шешім қабылдайды.
  • Оқушылардың танымдық іс-әрекетінің алуан түрі;
  • Әр сабақта үш мақсатқа жету үшін жұмыстар жүргізіледі.

Сынып – сабақ жүйесі әлі зерттелуде. Жақсы жақтары: сынып-сабақ жүйесінің басқа оқыту түрлеріне қарағанда артықшылықтары бар, себебі оның бөліктері бір-бірімен байланысты, мұғалім барлық оқушылармен жұмыс істейді, оқушылардың бір-бірін оқытуына мүмкіндік жасалады. Оқушылар тәрбиеленеді, дамиды, бір-бірімен жарысады. Сабақ оқу-тәрбие жұмысын реттейді, оны басқарады, балалар бір- бірімен ынтымақтаса жұмыс істейді, мұғалім оқушылардың сезім әлеміне әсер етеді, тәрбиелейді, көп оқушылармен жұмыс істейді. Кемшілігі: үлгерімі нашар оқушыларға қиын, ал жақсы оқитындардың қабілеті тежеледі. Мұғалімге әрбір оқушымен жеке жұмыс жүргізу қиын. Басты кемшілігі «орташа» оқушымен жұмыс істеудің, жеке оқу-тәрбие жұмысын жүргізу мүмкіндігінің жоқтығы.

Сондыңтан ғалымдар сынып-сабақ жүйесін жетілдіру жолдарын іздестіруде.

Сабақ – оқытуды ұйымдастырудың негізгі нысаны. Сабақ упқыты қысқа, сондықтан ол күрделі және жауапты кезең, себебі сабақтың сапасы оқушының дайындығына тікелей әсер етеді. Сондықтан мұғалімдер сабақтың жаңа технологиясын жасап, енгізу, қысқа мерзім ішінде оқу міндеттерін орындау үшін жұмыстануда. Жақсы сапалы сабақ беру оңай жұмыс емес. Көп нәрсе мұғалімнің сабаққа қойылатын талаптарды түсінуіне және орындауына байланысты. Талаптарды әлеуметтік сұраныс, оқушылардың жеке қажеттіліктері, Оқыту мақсаты және міндеттері, оқу процесінің заңдылықтары мен принциптері анықтайды.

Одан басқа мектептерде көмекші нысандар, атап айтсақ, кеңес, қосымша сабақтар, нұсқаулар, үйірме, клуб жұмысы, сыныптан тыс оқу, үй жұмыстары және басқалары қолданылады. Кейде сыныптан тыс оқытатын нысандарға экскурсияларды, мектеп жанындағы үлеске, шеберханадағы жұмысты, туған өлкеге саяхатты, спорт жарыстарын, т.б. жатқызады.

  1. Сабаққа қойылатын талаптар

Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы қажет. Бұл орайда Ж.Аймауытовтың мұғалімге байланысты берген төмендегі бағалы нұсқауларын есте сақтаған жөн:

  • жаңа берілетін сабақты баланың білетін мағлұматтарымен ұштастыру;
  • тиісті таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына ынталандырып, ілтипат аудару;
  • сабақты алдын ала даярлайтын сұрақтар қою арқылы оқушының ынтасын арттыру, ілтипатын сақтау;
  • қажетсіз мағлұматтардан сақтанып, баланың ілтипатын оятатын қызықты нәрселерді ғана сөйлеп үйрету;
  • баланың ішін пыстыратын біркелкі мағлұматтардан сақтану; лайықты салыстыру, ұқсастыру тәсілдер арқылы оңтайлы оқытуды жандандыруға тырысу;
  • алғашқы кездегі оқыту деректі, көрнекі болуы керек;
  • өзгелерді ынталандыру үшін оқытушы оқытатын пәніне өзі де ынталануы, өзі де жақсы көруі тиіс, оқытушы сүйген нәрсені оқушылар да сүйеді.
  1. Қазіргі сабаққа қойылатын дидактикалық талаптар:
  • білімдік міндеттерді нақты қою, олардың дамуға және тәрбиеге ықпалын анықтау;
  • оқу бағдарламасының талабы мен сабақтың мақсатына сай, оқушылардың білім деңгейлеріне қарап сабақты жоспарлау, оқушылар меңгерген ғылыми білімдерді, іскерлік дағдыларды аңықтап отыру;
  • оқытудың тиімдірек әдістерін, тәсілдерін және құралдарын таңдау, оқушыларды ынталандыру, меңгеру барысын бақылау, танымдық белсенділікті арттыру, ұжымдық және жеке жұмыс түрлерін ұштастыру, өздік жұмыстарды ұйымдастыру;
  • оқыту принциптерін қолдану;
  • оқушылардың жақсы оқуына жағдай жасау.
  1. Сабаққа қойылатын психологиялық талаптар:
  • оқу пәні және нақты сабақ арқылы әр оқушының дамуын жобалау;
  • оқушыларды дамытатын психологиялық-педагогикалық құралдарды, әдістемелік тәсілдерді табу;
  • оқушылардың репродуктивтік және шығармашылық жұмыстарының көлемін анықтау; жұмылдыра білуі. Ақыл-ойының дамуы;
  • білім деңгейлеріне сәйкес оқушыларды топтарға бөлу, олардың әрқайсысымен жеке жұмыстар жүргізу. Жаппай жұмысты уйымдастыру.

Оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру:

  • жақсы және нашар оқитын оқушылармен жұмысты жоспарлау;
  • оларға жеке тапсырмалар беру;
  • әрбір оқушының белсенді оқуына жағдай жасау.

III. Сабаққа қойылатын гигиеналық талаптар:

  • қалыпты температуранық болуы;
  • ауаны тазартып түру;
  • жарықтың болуы;
  • балаларды шаршатпау;
  • іс-әрекетті түрлендіріп отыру. Мысалы, тыңдауды санаумен, жазба және практикалық жұмыстарымен ауыстыруға болады;
  • сергіту сәтін уақытында және сапалы өткізу;
  • оқушылардың жұмыс істеген кездегі дұрыс қимыл-қозғалыстары;
  • сынып жиһаздарының оқушының дене бітістеріне сәйкес келуі және оның өсуіне ықпалы.
  1. Сабақты өткізу техникасына қойылатын талаптар:
  • сабақтың әсерлілігі, оқуға қызығушылықты және білімге деген сұранысты арттыруы;
  • сабақтың қарқынының оқушыларға қолайлылығы, мұғалім мен оқушы жұмыстарының нәтижелілігі;
  • мұғалім мен оқушы арасында жұмыс барысында пайда болатын тығыз байланыс. Әр оқушыға сенім білдіру;
  • мұғалім көңілінің көтеріңкілігі, белсенді шығармашылық жұмыс.

Тәрбиелік талаптар:

  • оқу материалының, іс-әрекеттің тәрбиелік мүмкіндігін аңықтау, орындалатын тәрбиелік мақсат қою;
  • оқу жұмысының мақсаты мен мазмұнынан туындайтын тәрбиелік міндеттер қою;
  • оқушылардың бойында өмірге керекті қасиеттерді, атап айтсақ: табандылықты, орнықтылықты, ұқыптылықты, жауапкершілікті, орындаушылықты, өздікті, жұмыс істей білушілікті, зейінділікті, адалдықты, ұжымшылдықты тәрбиелеу;
  • балалармен ынтымақтасу, олардың табысқа жетуіне көмектесу’
  • ізгілендіру, әрбір баланың жеке ерекшелігіне сүйеніп тәрбиелеу.

Сабақ арқылы оқушыны дамыту талабы:

  • балалардың оқу-танымдық іс-әрекетке қызығушылығын ояту, шығармашылық бастамаларын және белсенділіктерін қолдау;
  • оқушылардың даму деңгейін зерттеу және есепке алу; дамудағы сапалы, жаңа өзгерістерді қуаттау.
  1. Сабақтың типтері және құрылымы:

Алуан түрлі сабақтардың бәріне ортаң бір белгіні табу үшін оларды «жіктеу» керек.

Сабақтарды бірінші рет топтастырған И.Н.Казанцев сабақтарды мазмұны мен өткізу тәсілдеріне қарап топтастырды. Мазмұнына қарай топтастырғанда бір топқа арифметика, алгебра, геометрия сабақтары, ал олардың ішінде жекелеген тақырыптарды өтуге арналған сабақтар белгіленеді. Оқу жұмысының тәсілдері бойынша экскурсия-сабақ, кино-сабақ, өздік жұмыс сабағы болып бөлінеді.

Оқу жұмысының жүйесі мен оқушылардың танымдық іс-әрекетінің сипатына қарай кіріспе, материалмен бірінші танысу, жаңа білімдерді тәжірибеде қолдану, дағдыларды қалыптастыру, қайталау, бекіту және жинақтау, бақылау, аралас сабақтар деп бөлінген.

Теоретиктер мен практиктердің арасында дидактикалық мақсат бойынша топтастырылған сабақтар кең қолдау табуда. Олар: 1) аралас сабақ; 2) жаңа материалды оқу; 3) жаңа іскерлікті қалыптастыру; 4) білім, іскерліктерді бекіту; 5) жинақтау және жүйелеу; 6) білім, іскерліктерді тәжірибеде қолдану; 7) білім, іскерліктерді бақылау және түзету.

Сабақ құрылымы – сабақтың әр бөлігінде мұғалім мен оқушылар бірге жасайтын алуан түрлі жұмыстар.

Әр сабақтың ішкі құрылымы жүйелі, сабақтың түрін анықтайтын, жекелеген кезеңдерден тұрады. Құрылымдағы бөліктер сабақтың түрін анықтайды. Мысалы, сабақтың мақсаты білім және іскерліктерді бекіту болса, онда сабақтың түрі білім, іскерліктерді бекіту болады. Бұл оқу жұмысы негізгі, мұғалім оған көп уақыт бөледі.

Жаңа оқу материалын оқу сабағы

Мақсаты — оқушыларға жаңа білім беру. Мұғалім оқушыларға жаңа оқу материалын түсіндіріп, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастырып, білімдерін тәжірибеде қолдануға үйретеді. Жаңа ұғымдар мен іс-әрекет тәсілдерін жақсы меңгеру үшін оқушылар белсенді түрде жұмыс істеу керек.

Жаңа материалды көбірек беру үшін ірі блоктың тәсілдер қолданылады. Бір сабақта бірнеше, мысалы, 4 сабақтың материалы оқылады, қалған 3 сабақ іскерлік пен дағдыға машықтануға арналып, тақырыптар терең оқылады. Жаңа материалды оқу түрлі әдістер арқылы жүзеге асады. Оқушылардың оқу жұмысына қызығушылығын ояту үшін енжар іс-әрекет түрлері (мұғалімнің әңгімесін тыңдау, сыныптасының жауабын тыңдау) және белсенді жұмыс түрлері (тәжірибе және зерттеу түріндегі өздік жұмыстар) орындалады.

Оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсенді ету үшін проблемалық әдіс, қызықты мысалдар, фактілер қолданылады, талқы ұйымдастырылады, кейбір теориялық ережелерге оқушылар өз мысалдарын келтіреді, көрнекі және техникалық құралдар пайдаланылып, меңгерілген білімдер ретке келтіріледі және бекітіледі. Кейбір жаңа оқу материалын өткен оқу материалын білмей меңгеру мүмкін емес. «Таза» күйдегі жаңа оқу материалын оқу орта және жоғары сыныптарда қолданылады. Себебі жаңа материал көп, оқушылар белгісіз оқу материалдарымен ұзақ жұмыс істей алады. Бастауыш мектепте тек жаңа материалды оқыту қиын, себебі оқушылар әлі күрделі оқу жұмыстарына әзір емес. Аралас сабақ жаңа материалдың шағын бөлігін бекітумен ұштасады.

Оқылатын материалды бекіту сабағы жекелеген тақырыптарды, бөлімдерді өткен соң, материалды терең түсіну және меңгеру мақсатында өткізіледі. Мысалы, қазақ тілінде «Зат есім» тақырыбына көптеген сабақтар арналып, соңғы сабақта оқылған материал бекітіледі. Оқушылардың сабақтың өтетін уақытын және оның негізгі міндеттерін білгені жақсы. Мұғалім бекітетін негізгі сұрақтарды бөліп, білім тексеруді ауызша, жазбаша, тәжірибелік жұмыстармен, өздік жұмыстармен ұштастырады. Осы жұмыстар бекіту сабақтарының құрылымына кіреді. Ол өткен оқу материалын әрбір оқушыдан немесе бәрінен сұраудан басталады. Содан кейін білім тексеру тақырыптың күрделі жерлерін бекіту үшін жаттығулар жүргізумен ұштасады.

Сабақ соңында шағын өздік жұмыс өткізіледі. Математика, физика, химия сабақтарында ол есептер және мысалдар шығарумен байланысты. Тіл сабақтарында диктанттың алуан түрлері, шығарманық қысқаша мазмұны жазылып, оларды мұғалім тексереді және бағалайды. Әдісі: ауызша, жазбаша жаттығу, білім тексеру, бағалау. Тәсілдер: перфокарта, карточкалармен жұмыс, кесте жасау.

 

Білімді тәжірибеде қолдану

Оның кезеңдері:

  • ұйымдастыру;
  • мақсат қою;
  • үй тапсырмасын тексеру;
  • білімді еске түсіру;
  • білім, іскерлік, дағдыларды тәжірибелік міндеттерді шешу үшін қолдану;
  • оқушылардың орындаған жұмыстары жөнінде есеп жазуы;
  • үй тапсырмасын беру.

Оқушылар бұрынғы білімдеріне сүйеніп тәжірибелік жұмыстар жасайды, алдымен үй тапсырмасы тексеріледі.

Мысалы, экскурсия кезінде жинаған материалдарға сүйеніп, мектеп жанындағы алаңға егілетін өсімдіктердің сызбасын жасайды. Шет тілі сабағында түрлі тақырыптарға диалог құрастырады. Осылайша оқытудың өмірмен байланысы жүзеге асады.

Жаппай, топтың және жеке жұмыстар жүргізіледі. 3 оқушыдан тұратын бөлім мектеп алаңында егілетін өсімдіктердің сызбасын жасайды.

Түрлі ұжымдық жұмыстар оқушылардың арасындағы ізгі қатынастарға жақсы әсер етіп, білімдерін жаңа жағдайда шығармашылықпен қолдану оқушыны дамытады.

Практикум мақсаты – зертханалық жұмыстар өткізу.

Кезеңдері:

  • ұйымдастыру;
  • мақсат қою;
  • білімді еске түсіру;
  • нұсқау;
  • құрал-жабдықтарды іске қосу;
  • эксперимент және оны бақылау;
  • бақылау нәтижелерін талдау және безендіру;
  • есеп жазу;
  • есепті мұғалімге тапсыру.

Ол жоғары сыныптарда бағдарламанық бөлімдерін, курсты оқып біткеннен кейін өткізіледі. Бұл сабақ оқушылардан бағдарламаны жақсы білуді, дамыған іскерлік пен дағдыларды талап етеді.

Оқушылар аппараттарымен, приборлармен, өлшеуіш техникамен жұмыс істеп, эксперимент барысын жазады, талдайды, қорытынды жасайды, күнделік жүргізеді.

Мұғалім эксперимент кезінде оқушының білімін қолдануына көмектесіп, оқушының жұмысына бақылау жасап, керек болса түзетеді.

Тәжірибелік сабақтар шеберханаларда, оқу цехтарында, оқу-тәжірибе учаскелерінде өтеді.

Кезеңдері:

  • ұйымдастыру;
  • мақсат қою;
  • білімді еске түсіру;
  • нұсқау;
  • тәжірибелік жұмыс;
  • жұмыс нәтижесін шығару.

Сабақтың көп уақытында оқушылар тәжірибелік жұмыспен айналысады. Мысалы, шеберханада түрлі бұйымдар жасайды.

Оқу-тәжірибе учаскесінде жерді өңдеп, өсімдік өсіреді, өнім жинайды. Репродуктивтік және ішінара ізденіс әдістері қолданылады.

Әр оқушыға тапсырма, технологиялық карта беріледі, сол бойынша ол жұмыс істейді.

Бақылау сабақтары оқушылардың теориялық материалдарды, оқылып отырған курстың негізгі ұғымдарын меңгеру деңгейін, іскерлік, дағдылардың, оқу-танымдық іс-әрекет тәжірибесінің қалыптасқандығын анықтап, оқыту технологиясына қандайда бір өзгеріс, оқушылардың білімдеріне сәйкес оқу процесіне түзету енгізу мақсатында өткізіледі.

Бақылау және түзету сабақтарының түрлері: ауызша сұрау (жаппай, мазмұндама, есептер және мысалдар шығару, т.б.) сынақ, тәжірибелік (зертханалық), сынақ, практикумдар, өздік бақылау жұмыстары, емтихандар, т.б. Осы сабақ түрлері пәннің тұтас бөлімдерін, ірі тақырыптарды өткен соң өткізіледі. Оқушылардың білімін тексеру және бағалаудың соңғы, жоғары түрі — емтихан. Бақылау сабақтарында оқушылардың өз білім, ісқорлік, дағдыларын танымдық-тәжірибелік іс-әрекетте, әр түрлі оқу жағдаяттарында қолдануға дайындығы айқынырақ көрінеді.

Бақылау сабақтарын өткізгеннен кейін оқушылардың білім, іскерлік, дағдыларындағы, оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастыруындағы кемшіліктер анықталып, оларды талдап, жоятын арнайы сабақ өтеді, оқушылардың және мұғалімдердің іс-әрекеттеріне керек болса түзетулер енгізіледі.

Әдістері: түсіндіру, әңгіме, салыстыру, дәлелдеу, бағалау.

Тәсілдері: бақылау жұмысын жаздыру, қорыту.

Жаңа материалды оқу сабағының құрылымы:

  • оқу материалын бірінші рет түсіндіргенде, таным процесінің, заңдылықтарына сәйкес оқушылардың ақыл-ой белсенді арттыруға баса назар аудару;
  • есте сақтау керек мәліметтерді оқушыларға айту;
  • есте сақтауға және ұзаң уақыт есте сақтауға ықпал ететін жағдайларды жасау;
  • оқушыларға есте сақтаудың техникасын хабарлау. Мәліметтерді еске түсіруге тірек болатын сызбалармен жұмыс, оларды мағыналарына қарай топтастыру;
  • мұғалімнің басшылығымен қайталау, бірінші рет бекіту;
  • есте сақталған мәліметтерді анықтау;
  • қайталау, жеке тапсырмалар беру іштей қайталау, алған білімді, үйренген іс-әрекетті түрлі тапсырмаларды орындағанда қолдану;
  • білім, іскерлік, дағдыларды оқушылардың есінде қалдыруға көмектесетін тірек мәліметтерді жиі қолдану.

Білімді білік және дағдыларды қолдану сабағының құрылымы:

  • сабақтың басын ұйымдастыру;
  • оқушыларға сабақтың тақырыбын және оның алдында тұрған міндеттерді айту;
  • іскерлікті қалыптастыруға керекті жаңа білімдерді оқып үйрену;
  • біліктілікті бірнеше рет үйрету, жаттықтыру, үлгілер бойынша жұмыс істету;
  • білімді және біліктілікті шығармашылықпен қолдану;
  • дағдыларды бекіту үшін жаттығулар беру;
  • үйге тапсырма;
  • оқушылардың жұмыстарына баға беру және сабақты қорытындалау.

Білім, іскерлік және дағдылары дамыту сабақтарының құрылымы.

  • оқу жұмысының мақсатын оқушыларға хабарлау;
  • оқушылардың тапсырманы орындауға керекті білім, іскерлік, дағдыларын естеріне түсіріп қолдануы;
  • оқушылардың түрлі тапсырмалар мен жаттығуларды орындауы;
  • олардың орындаған жұмыстарын тексеру;
  • қателерді талдау және оларды түзету;
  • қажет жағдайда үйге тапсырма беру;
  • қайталау сабағының құрылымы;
  • ұйымдастыру бөлімі;
  • білімдік, тәрбиелік, дамыту міндеттерін қою;
  • негізгі ұғымдарды, онымен байланысты біліктілік, дағдыларды (тәжірибелік және ақыл-ой) қайталау үшін үйге берілген тапсырманы тексеру. Келесі сабақтарда қайталанатын материалдарды анықтау, оларды үйге беру;
  • тексерудің нәтижесін шығару, сабақ үстіндегі оқу жұмысының нәтижелерін тексеру;
  • үйге тапсырма.

 

Іскерлік және дағдыларды қалыптастыру сабағының құрылымы:

  • сабақтың мақсатын қою;
  • жаңа іскерлік, дағдыларға керекті бұрынғы іскерлік, дағдыларды қайталау;
  • бұрынғы іскерлік, дағдыларды тексеру үшін оқушыларға тапсырма беру;
  • жаңа іскерлікпен таныстыру, жасап көрсету;
  • жаңа іскерлікті меңгеру үшін оқушыларға түрлі жаттығулар жасату;
  • іскерлікті шыңдап, бекіту үшін жаттықтыру жұмыстарын жүргізу;
  • үлгі, алгоритмге, нұсқау бойынша машықтану;
  • іскерлік пен дағдыны ұқсас жағдайларда қолдануға жаттығу;
  • шығармашылық жаттығулары;
  • сабақтың қорытындысы;
  • үйге тапсырма.

Қайталау сабағы. Бұл сабақтардың мақсаты — оқушылардың білімдерін еске түсіру және кеңейту.

Түсіндіретін бөлік мұғалім нұсқауы, оқушыларды оқу жұмыстарына психологиялық жағынан әзірлеп, есептер шығару, шығарма, диктант, шығармашылық жұмыстар жазу. Негізгі бөлімде оқушылардың өз күшіне сенуіне және бірқалыпты жұмыс істеуіне мұғалім кеңес береді. Соңғы бөлімде өткелі отырған жаңа бөлім, курс тақырыптарын оқу қай бағытта жүретіні айтылады.

Кейде сабақтың осы типінің мынадай элементтері болады:

  • мұғалімнің тапсырманы түсіндіруі;
  • оқушылардың сұрақтарына жауап;
  • оқушыларға тапсырма беру;
  • тапсырманы тексеру;
  • үйге тапсырма, сабақтың аяқталуы.

Қорытынды – жинақ сабақтың құрылымы:

  • ұйымдастыру бөлімі;
  • тақырыптың маңызы, сабақтың мақсаты және жоспары туралы мұғалімнің кіріспе сөзі;
  • жеке оқушыларға, сыныпқа, топтарға ауызша және жазбаша түрде орындалатын тапсырмалар беру;
  • оқушылардың жұмыстарын тексеру, қажет болса түзету;
  • оқылған материалды қорытындылау;
  • сабақтың нәтижелеріне баға беру;

үйге тапсырма.