Эссе Мен сүйген мамандық

Эссе                           Мен сүйген мамандық

«Ұстаз-ұлық емес ұлы қызмет»

Бауыржан Момышұлы

Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес.  Ұстаз болу — алдыңда отырған бүлдіршіннің қалыпшысы, келешек ұрпақтың сәуле шашып, бақытты өмір сүруіне жол көрсетер, бағдар берер  жол сілтеушісі деп білемін.

Болашақ ұрпақты қоғамға бейімдеп, білім нәрімен  сусындатып, тәрбиелі де ізгі жүректі, алдына мақсаттар қоя алатын, талапшыл, функционалдық сауаттылығы қалыптасқан адам тәрбиелеу– бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні. Өйткені, мен ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын, себебі менің алдыңғы толқын шәкірттерім еліміздің түкпір- түкпірінде түрлі салада жауапты қызметтер атқарып, мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда.

Қазіргі заман мұғалімі қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлуметтік парызына жауап беруді көздейтін, жаңашыл, өз ісіне сезіммен қарайтын, педагогикалық күрделі үрдістердің барысын идеялық – адамгершілік тұрғысынан шеше алатын, жаңаша ойлау дағдысын меңгерген, балалардың талаптары мен қабілеттерінің өздігінен дамуын ұйымдастыра алатын және ата – аналармен педагогикалық ынтымақтастықты орнатуға бейімі бар, шығармашылықпен еңбек ете алатын маман болуға тиіс деп ойлаймын.

Математика – дәлдіктің ғылымы. Математика — заманауи техниканың, жаңа технологияның негізі. Ендеше, экономикамыз өрге басып, халқымыздың хал-аухалының жақсы болуы — математикалық ғылымдардан тұрары шындық. Адамзаттың космосқа ұшуы, АГЭС –ның пайда болуы, мұнайымыздан түсер пайданың барлығы математикамен тығыз байланысты. Осы байлықты шәкірттің зейініне құя білу, оқушының логикалық ойлау қабілетін қалыптастырудан бастау алады.

Елордамыз Астананың 20 жылдық, киелі Меркінің 90 жылдық мерей тойына  жақсы табыстар тарту етіп, тәуелсіздігіміз мәңгі болуы үшін «Мәңгілік елдің-мәңгілік тілімен» параллель (қатар) жүретін байлығымыз бен барлығымызды есептейтін МАТЕМАТИКА жасасын демекпін. Математика пәнінің мұғалімі болу мен үшін үлкен бақыт!