Су – өмір көзі

 

Тақырып:    Су – өмір көзі

Құндылық:  «Қиянат жасамау»

Қасиеттер:   қайырымдылық,  қамқорлық,

Мұғалiм:  Г.Камашева

Сынып:  4 «а»

Сабақ мақсаты: Оқушыларға судың табиғаттағы, адам өміріндегі маңызын түсіндіре отырып,  дұрыс әрекет жасау құндылығының мәнін ашу.

Міндеттері:

— судың табиғаттағы, адам өміріндегі маңызын аша отырып, қамқорлық,

сүйіспеншілік қасиеттері туралы түсінік беру;

— суға қамқорлық жасау іскерліктерін дамыту;

— суды қадірлеуге, сүйіспеншілікпен  қарауға, ұқыпты, үнемді пайдалануға

тәрбиелеу.

Ресурстар:

(құралдар, мәлiметтер)

интерактивті тақта, ғаламтор, үнтаспа, слайд, оқулық, дәптер, плакат, маркер.

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңi. Сабақтағы жағымды күйге келу.

Тыныштық сәтi.

Су асты патшалығына ойша саяхат

    —Оқушылар ыңғайланып отырыңыздар, аяқтарыңызды айқастырмай, қолдарыңызды тізеңізге  немесе үстел үстіне қоюға болады. (Жайлы, баяу музыка қойылады).

Көзіңізді жұмып және бірнеше рет  терең тыныстаңыз, денеңізді босатыңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз.

Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз. Шалғайдан қара нүкте көріп тұрсыз: ол жақындаған кезде дельфин екенін түсіндіңіз. Ол сізді теңіз түбіне алып кету үшін келді. Ол өте әдепті жәндік, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасында жайланып отырып, өзіңді қауіпсіз сезіну, су астында жүзу қандай керемет. Жан-жағыңызға қараңыз: мұнда кемпірқосақ тәрізді арлы-берлі жарқырай қалқыған әсем балықтар қаншама. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала қалайша өзгереді, суда тербелген қаншама ғажайып балдырлар. Қараңызшы, қандай орасан зор балықтар, ал енді анау жаққа көз тастаңыз… бұл орасан зор сегізаяқ. Су асты неткен қызықты әрі ғажап әлем. Сіз бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда неткен тұңғиық, толық тыныштық. Осы тыныштық күйде болыңыз.( бірнеше секунд үнсіз қалу).

Ал қазір жоғарыға,  өз әлемімізге кері қайтуға дайындалыңыз. Айналаға жіті қараңыз. Ғажап түстерге тағы бір рет қараңыз және тыныштыққа құлақ түріңіз. Осындай тыныштық сізге самалдай әсер береді. Енді дельфин кері қарай жолға шықты. Сіз су бетіне шықтыңыз, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіңіз, оны сипалаңыз және осындай ғажап саяхатқа апарғаны үшін ризашылық білдіріңіз.

Сыныпқа оралыңыз және өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз, осы түйсінген тыныштықты өз бойыңызда сақтауға тырысыңыз.

—          Қандай сезімде болдыңдар? (Оқушылар өз әсерлерімен бөліседі.)

Ескертулер:
  Үй тапсырмасы

«Жер-ана» тақырыбына шығармашылық тапсырма.

 

-Балалар, бүгін сіздермен табиғаттағы бір патшалық туралы әңгімелесеміз. Бұл патшалық әдемілікті, сұлулықты, тазалықты, тіршілікті жақсы көреді. Осы патшалықты білу үшін мен сендерге бір жұмбақ жасырамын.

Дәмі де жоқ, түсі де жоқ,

Пайдаланбас кісі де жоқ.

(СУ)

 
Дәйексөз

«Су жоқ жерде өмір жоқ, ол ақиқат»

                                                                                   М.Хакімжанова

— Табиғаттың көркін ажарландырып, жер бетін саялы баққа айналдыратын, адамға қорек, нәр беретін байлық көзінің бірі – су. Су – біздің өміріміздің көзі. Өйткені су жоқ жерде тіршілік жоқ. Суды халқымыз ерекше қадір тұтқан. Олар адамның жүрегіне жыр, көңіліне нұр, сезіміне гүл сыйлаған береке бастауы деп қараған.

Бүгінгі таңда өзен, көл, теңіз жағалауларының, арық жағасының таза болмауы адамдардан суға тиіп отырған зияндылық. Одан су ластанады, таза су ішпеген, таза суға шомылмаған халық науқастанады. Сондықтан суды үнемдеу, су жағалауларын таза ұстау, денсаулығымызды сақтау өз қолымызда.

 
Мұғалім сыйы

«Су туралы не білесің?» бейнеролик көрсетіп, су туралы мағұлмат беру.

 

Талқылау сұрақтары:

* Су адамға не үшін қажет деп ойлайсыңдар?

* Су болмаса тіршілік, өмір болуы мүмкін бе, Неліктен?

* «Судың да сұрауы бар» дегенді қалай түсінесіңдер?

 

 
Әңгiмелеу  (www.kitap.kz/ аудиокітаптан тыңдау)

                                       «Таза бұлақ» 

                                                                       Ыбырай Алтынсарин

Үш жолаушы бір бұлақтың басында бір-біріне кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерден шыққан, айналасы қалың біткен ағаш жапырақтары бұлақтың үстіне төгіліп, суы мұздай, салқын, шыныдай жылтылдап тұрған сонша әдемі, таза бұлақ екен. Су шыққан жеріне бір қазандай тасты біреу ойып қорғаныш кылып, тастың суағар жеріне жазу жазыпты:

— Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол, — деп. Манағы үш жолаушы бұлақтан ішіп қанған соң жазуды оқып, біреуі саудагер екен, ол айтты:

— Бұл жазылған ақыл сөз екен, бұлақ күн-түн тынбай ағып, алыс жерлерге барады, бара-бара кеңейіп, үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, сөйте бара үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мұрат сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең, ақырында, сен де зорайып мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін, — деді.

Екінші жолаушы мүсәпір молда екен, басын шайқап:
— Жоқ мен олай ойламаймын, бұл жазудың мағынасы сіздің ойлағаннан гөрі жоғарырақ соқса керек, бұл бұлақ: кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанды салқындатып, жанын рақаттандырады, сусағанның сусынын қандырады, оның үшін ешкімнен ақы дәметпейді; бұлай болса адамға да әбірет сол: біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе дегені болса керек, — деді.

Үшінші жолаушы көркем келген бір әдемі жігіт екен, бұл үндемей тұрды. Жолдастары: «Сен не ойлайсын?» — деп сұрады.
Жігіт айтты:

— Менің ойыма бөтен бір нәрсе келеді: бұл бұлақтың суы бір орында тынып тұрып, шөп-шалам түсіп, лай-қоқым болса, бұған адам мен айуан мұнша ынтық болмас еді; бұлақ күні-түні тынбай ағып тазаланып тұрғаны үшін ынтық болады. Олай болса, жазудың мағынасы: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта, нешік бұлаққа қарасақ күн түссе күннің, шөп түссе шөптің сәулесін көреміз, көңілің сол реуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені ме деймін, — деді.

Талқылау сұрақтары:

—  Сендер бұлақ басындағы жазуды қалай түсіндірер едіңдер?

— Әңгімедегі үш жігіттің айтқандарынан судың қандай қасиеттерін білдіңдер?

— Адамдар судан қандай жақсы қасиеттерді, әрекеттерді үйрене алады деп ойлайсыңдар?

Түйіндеу

— Адамдар судан тынбай еңбек етуді, еліне қызмет жасауды, мақсатына жетуді, ешкімнен ақы сұрамауды, риясыз жақсылық жасауды, өзін таза ұстауды, ақжарқын көңілді жүруді үйрене алады.

 
Сергіту сәті

«Ақ бұлақ»

 
Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс. (сурет салу)

І топ: Судың тіршілік үшін пайдасы

ІІ топ: Суды қорғау

ІІІ топ: “Су-өмір көзі” тақырыбына   сурет салу

Әр топ тапсырманы орындап болған соң жария етеді.

 
Топпен ән айту

    Жау, жау, жаңбыр

Сөзі,әні: Бота Бейсенова

1. Келді міне көктемім,

Жердің жүзі көктеді.

Ақ жаңбырды сыйлады,

Ақша бұлттар көктегі.

           Қайырмасы

Жау, жау, жаңбыр,

Жау, жаңбыр.

Мөлдіреген, тамшыларың

Жау, жау, жаңбыр,

Жау, жаңбыр.

Табиғаттың сәні.

2. Жаушы жаңбыр тағы да,

Күтіп сені сағына.

Кірсін жердің сәні де,

Топырақтың нәрі де

          Қайырмасы

Жау, жау, жаңбыр,

Жау, жаңбыр.

Мөлдіреген, тамшыларың

Жау, жау, жаңбыр,

Жау, жаңбыр.

Табиғаттың әні.

 
Үй тапсырмасы

«Су — өмір көзі» тақырыбына эссе жазу.

 
Сабақтың қорытынды сәтi

Баяу музыка қосылады.

— Көзімізді жұмып, тыныштықта  бүгінгі сабақты есімізге түсірейік. Енді, бүгінгі өткен сабағымыздан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық сол жөнінде ойланайық. Осының барлығын жүрегімізге салып, көкейімізге түйіп алайық. Жайлап, көздеріңізді ашуға болады. Бүгінгі керемет сабақ үшін сіздерге көп рахмет!