Әлемнің ақпараттық бейнесі. Ақпараттық жүйелер және ресурстар. Білім беру ақпараттық ресурстары.

1.1-тақырып. Әлемнің ақпараттық бейнесі. Ақпараттық жүйелер және ресурстар. Білім беру ақпараттық ресурстары.

Жоспары:

  1. Информатика және ақпарат.
  2. Ақпараттың өлшем бірліктері.
  3. Әлемнің ақпараттық бейнесі.
  4. Ақпараттық жүйелер және ресурстар.
  5. Білім беру ақпараттық ресурстары.

Информатика және ақпарат.Информатика – ақпаратты зерттеу, оның қасиеттерін білу, өлшеу жөніндегі ғылым саласы. Сонымен қатар, ол – ақпаратты сақтаудың, тасымалдаудың, іздеудің жеңіл және тиімді түрлерін қарастыратын, ақпараттық құрылымын, жалпы қасиеттерін зерттейтін де ғылым.

Информатика пәні келесідей ұғымдарды қарастырады:

* Есептеу техникасы құралдарының аппараттық жасақтамасы;

* Есептеу техникасы құралдарының аппараттық программалық жасақтамасы;

* Аппараттық және программалық жасақтамалардың өзара әсерлесу құралдары;

* Аппараттық және программалық құралдармен адамның өзара әсерлесу құралдары;

Аппараттық және программалық құралдармен адамның өзара қарым-қатынасының әдістерімен құралдарын қолданушы интерфейсідеп атайды.

Информатиканың негізгі мәселесі – есептеу техникасының аппараттық және программалық құралдарымен жұмыс істеу тәсілдерін жүйелеу болып табылады.

Бүгінгі таңда информатиканың негізгі мәселелерінің құрамына келесі бағыттарды жатқызуға болады:

* Есептеу жүйелерінің архитектурасы (мәліметтерді автоматты түрде өңдеуге арналған жүйелерді құрудың тәсілдері мен әдістері);

* Есептеу жүйелерінің интерфейсі (аппараттық және программалық жасақтаманы басқару тәсілдері мен әдістері);

* Программалау (компьютерлік программаларды даярлау әдістері);

* Мәліметтерді түрлендіру;

* Ақпаратты қорғау;

* Автоматтандыру;

* Стандарттау (әр түрлі есептеу техникасы құралдарына сәйкес аппараттық және программалық құралдар арасындағы, мәліметтердің беру пішімі арасындағы үйлесімдікті қамтамасыз ету).

Информатиканың оқытудың маңыздылығы бұл ғылымның тек ЭЕМ – дерді пайдалану мүмкіндіктерімен олардың жұмыс істеу принциптерін түсіндіріп қана қоймай, қоғамдық өмірде және адамдар арасында ақпаратты кеңінен тарату заңдары мен тәсілдері туралы түсініктер береді.

Қазіргі кезде жаңа ЭЕМ–дер күнбе–күн пайда болып, олардың даму процесі үздіксіз ғылыми – техникалық процеске айналып отыр. Сонымен қатар ақпаратты өңдеу, жинау және беру тәсілдері де күннен күнге дамып келеді. Осы себептерге байланысты информатика жиі өзгеріске ұшырайтын ғылыми пән болып саналады да, оны оқып үйрену күннен күнге күрделеніп барады.

Информатиканың негізгі объектісі, яғни оның шикізаты мен беретін өнімі ақпарат болып саналады. Сондықтан “ақпарат” ұғымы информатика мен ЭЕМ–де жұмыс істеудің ең түбегейлі атауларының бірі болып есептеледі.

Ақпарат түрлері. Хабар таратқыштан қабылдағышқа жеткізілуі үшін ақпарат тасушы қажет.Тасушы көмегімен берілетін хабар сигнал деп аталады. Сигнал– уақыт ішінде өзгеретін физикалық үрдіс (мысалы, тізбекте жүретін электр тогы, жарықтың таралу үрдісі). Ақпарат физикалық үрдістің, яғни сигналдың бірі. Егер сигнал параметрі берілген аралықта кез келген аралық мән қабылдай алатын болса (уақытқа байланысты үздіксіз функциямен анықталса), онда сигнал үздіксіз ал мұндай сигналмен анықталған хабар да үздіксіз деп аталады. Бұл жағдайда таратқышпен берілген ақпарат үздіксіз түріне ие болады.

Егер сигнал параметрі берілген аралықта жеке бекітілген мәндерді қабылдаса, онда сигнал дискретті, ал мұндай сигналмен анықталған хабар да дискреттідеп аталады. Бұл жағдайда таратқышпен берілген ақпарат дискретті түріне ие болады. Сонымен біз ақпарат берілуінің екі негізгі түрін (пішімін) — үздіксіз және дискретті ақпараттыанықтадық.

Кез келген үздіксіз хабарды үздіксіз функция түрінде бейнелеуге болады. Үздіксіз хабарды дискреттеу үрдісінің көмегімен дискретті түріне көшіруге болады. Дискреттеудегеніміз–функцияның (сигнал параметрінің) шексіз көп мәндері жиынынан барлық қалғандарын жуық мінездей алатын белгілі бір мәндерін таңдап алу.

Үздіксіз ақпаратпен жұмыс жасайтын арнайы ЭЕМ-дер бар, олар аналогтық машиналар деп аталады. Бірақ олар арнайы есептер кластарымен жұмыс атқаратындықтан көпшілік қолданушыларға кең таныс емес. Ақпарат берілуінің басқа пішімдері:

— таңбалық – мәтіндік (әріп, цифр, таңбалар т.б.);

— графикалық (суреттер, бейнелер көмігімен, т.б. көмегімен);

— дыбыстық.

Сонымен қатар бізді қоршаған алуан ақпаратты әртүрлі белгілерге байланысты топтастыруға, яғни түрлерге жіктеуге болады.

Пайда болу және қолдану аумақтарына байланысты түрлері:

— биологиялық;

— әлеуметтік;

— ғылыми;

— экономикалық т.с.с.

Берілу және қабылдау тәсілдеріне байланысты түрлері:

— визуальды (таңбалар мен бейнелер арқылы);

— аудиальды (дыбыс арқылы);

— тактильдік (сезім арқылы);

— органалептикалық (дәм мен иіс арқылы);

— машиналық (есептеу техникасының құралдары арқылы) т.с.с.

Ақпараттың қасиеттері. Кез келген ақиқат өмірдегі объектілерге тән ішкі және сыртқы қасиеттерін анықтауға болады. Сыртқы қасиеттер объектінің басқа объектілермен әсерлесу барысында анықталатын қасиеттер болғандықтан, ақпарат үшін маңызды сыртқы қасиеттер оны тұтынушы (қабылдағыш) көзқарасынан анықтайтын қасиеттер. Ақпараттың аталған қасиеттері:

Объектілік және субъектілік қасиеті. Ақпараттың жеке көзқарастар мен талқылаудан тәуелсіздігін анықтайтын қасиет.

Толықтық қасиеті. Ақпараттың объектіні немесе үрдісті толық мінездеу қасиеті. Бұл қасиет ақпараттың сапасын және оның қажетті шешім қабылдауға жеткіліктігін анықтайды.

Өзектілік (дәлуақыттылық) қасиеті. Ақпараттық ағымдық уақыт мезетіне сәйкестік дәрежесін анықтайтын қасиет. Бұл қасиет ақпараттың толықтығымен біріге отырып оның құндылығын анықтайды.

Ақиқаттық қасиеті. Ақпаратта жасырын қателіктердің болмауы қасиеті. Ақпарат қабылдағыш алған уақытта белгілі мөлшерде «ақпараттық шуыл» болуы мүмкін, ол неғұрлым аз болса, ақпараттың ақиқаттығы жоғарылайды.

Қатынау мүмкіндігі қасиеті. Пайдаланушының ақпаратты алу мүмкіндігі дәрежесін анықтайтын қасиет. Ақпаратқа қатынау мүмкіндігінің жоқтығы оны қатынауға мүмкін емес етеді.

Адекваттық қасиеті. Ақпараттың өзі бейнелейтін объектіге немесе құбылысқа, үрдіске бірмәнді сәйкестігін анықтайтын қасиет. Бұл қасиет ақиқаттық және қолданушы мұқтаждығына сәйкес келу қасиеттерімен анықталады.

Эргономдық қасиеті. Белгілі қолданушы үшін ақпараттың пішімі мен көлемінің ықғайлылық дәрежесін көрсететін қасиет.

Ақпараттың ішкі қасиеттерінің маңыздылары оның ішкі құрылымы және көлемі (мөлшері) болып табылады.Ішкі құрылымына байланысты:

— мәліметтер немесе қарапайым логикалық реттелмеген мағлұматтар жиынтығы;

— логикалық реттелген, ұйымдастырылған мәліметтер жиынтығы.

Информатикада ақпарат ұғымымен бір қатарда «мәліметтер» және «білім» ұғымдары орналасады.

Мәліметтер – мүмкін өңдеу үрдістеріне адекватты белгілі бір пішімде берілген ақпарат (немесе формальданған, ыңғайлы түрге келтірілген және техникалық құралдардың (ЭЕМ-де) көмегімен өңдеуге берілген ақпараттар). Мәліметтер – тіркелген сигналдар. Мәліметтердің реттелуі оларға белгілі бір құрылымдарды орнатумен жүзеге асырылады, яғни мәліметтер құрылымдары анықталады.

Білім – берілген типті объектідегі барлық қарастырылып отырған жағдайлардың жиыны және бір объектіден екінші объектіге өту сипаттамасын беретін ақпарат.

Білім ақпараттың ерекше логикалық реттелген, ұйымдастырылған құрылымын анықтайды. Білім – логикалық талқылаудың негізінде белгілі бір шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін ақпараттар.

Ақпараттың өлшем бірлігі. Жоғарыда айтылғандай ақпараттың ішкі қасиеттерінің бірі – оның көлемі (мөлшері). «Ақпарат көлемі (мөлшері)» ұғымын анықтауда екі негізгі көзқарас бар:

— энтропиялық (ықтималдық) тұрғыдан;

— көлемдік тұрғыдан;

К.Шеннон дамытқан ақпарат мөлшерін өлшеудің энтропиялық тәсілі ақпараттар теориясында кеңінен қолданылады, ал ЭЕМ-ң шығуы көлемдік тәсілді кеңінен қолдануға әкелді. Сондықтан біз көлемдік тұрғыдан ақпарат мөлшерін өлшеуді қарастырамыз.

Көлемдік тұрғыдан анықталған ақпараттың сандық өлшемі ақпарат көлемідеп аталады. Хабардағы ақпарат көлемі – ондағы таңбалардың санымен анықталады. Хабар бір мазмұнды әртүрлі тәсілдермен (әртүрлі алфавиттерді қолдана отырып) беруі мүмкін, мысалы:«он үш»XIII

мысалдан бұл тәсілдің хабарды беру пішіміне тәуелді екендігін көруге болады.

Компьютер үшін пайдаланатын код 0 мен 1 цифрларынан тұратын тізбек. Онда өңделетін және сақталатын ақпарат (оның шығу тегіне байланыссыз) екілік жүйеде көрсетілетіндіктен (0 және 1-ден (бит) тұратын алфавиттің көмегімен) сәйкес өлшем бірліктері енгізілген, олар бит және байт. Бит– ақпараттың ең кіші өлшем бірлігі болса,байт – негізгі өлшем бірлігі. Байт – 8 биттен тұратын топ. Бір байтта бір символды кодтауға болады. Іс жүзінде байттан үлкен килобайт (Кбайт), мегабайт (Мбайт), гигабайт (Гбайт) өлшемдері де пайдаланылады.

1 байт = 8 бит

1 Кбайт = 1024 байт

1 Мбайт = 1024 Кбайт

1 Гбайт = 1024 Мбайт

1 Тбайт =1024 Гбайт

Әлемнің ақпараттық бейнесі. Ақпарат – белгілі бір нәрсе (адам, жануар, зат, құбылыс) туралы таңбалар мен сигналдар түрінде берілетін мағлұматтар, ақпараттық процесс барысында түзілетін қозғалыстағы

объект. Ақпараттың қасиеттері мәліметтердің қасиеттеріне де, әдістердің қасиеттеріне де тікелей тәуелді.

Мысалы, біз бәріміз бала кезімізден ақпарат алмасу процесіне қатысамыз. Кітап, газет және журнал оқығанда, радио тыңдап, теледидар көргенде, мұғаліммен, ата-аналармен, достарымызбен әңгімелескенде әртүрлі ақпарат аламыз. Адамдардың үйде, мектепте, жұмыста және көшеде бір – бірімен сөйлесуі де ақпарат түрлерінің: сөздердің, ойлардың, хабарлардың, мәліметтердің алмасуына мысал бола алады. Адамдардың–араласуы мен бірге жүруі–жұмыс істеу, оқу және ойнау–ақпарат алмасуынсыз жүзеге аса алмайды. Берілген ақпараттар өзімізге, заттарымызға қатысты айтылып, айнала ортамызда болып жатқан оқиғалармен тығыз байланыста болады.

Ақпаратты жазу мүмкіндігі пайда болғаннан бастап, ақпарат алмасу тек ауызба – ауыз айтумен немесе әртүрлі қимылдармен ғана емес, оқу – жазу арқылы да беріле бастады. Оқи білу және ойын жазып жеткізе білу – адамзаттың сауаттылығының белгісі бола бастады. Ойда жазып қалдыру тек мағлұмат пен хабар алмасу ғана емес, адамзаттың негізгі қазыналарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мүмкіндігін берді.

Ақпаратты шындығында да ғылыми ұғым ретінде қарастыруға болады. Өйткені бұған дейін ақпараттың құрылымы мен қасиеттері барлық ғылым салаларында зерттелінді. Мысалы, физика – ақпарат таситын сигналдардың қасиеттерін зерттейді. Табиғаттағы көптеген құбылыстардың сигнал шығаратыны белгілі. Ал тіркелінген сигналдар белгілі бір мәліметтерді құрайды. Мәліметтер түрленіп, тасымалданып, әдістердің көмегімен қолданыс табады. Мәліметтер мен әдістердің өзара әсерлесуінен ақпарат түзіледі. Өлі табиғаттағы процестер үздіксіз энергия алмасу түрінде өтеді. Энергия алмасумен қатар тірі табиғатта бағытталған зат алмасу процесі жүреді. Зат алмасу мен энергия алмасу процестерінің арасындағы өзара байланыс ақпарат алмасу түрінде өтеді немесе оны ақпараттық процесс деп атайды.

Адам ақпараттармен не атқарады?

Біріншіден, адам ақпараттарды сақтай алады. Біз кітап, газет, журналдар оқығанда, өзіміздің мимызға ақпарат жинаймыз. Сіз радиодан бұрын естіген деректерді, бірнеше күн өткеннен кейін біреуге айтуыңыз мүмкін. Демек, адам миы ақпараттарды тек қабылдап қана қоймай, оны сақтай да алады.

Екіншіден, адам ақпараттарды шығарып бере алады. Адам өз миында сақталған ақпараттарды біреуге айтып бере алады. Әңгіме кезінде бір адам айтушы (ақпарат жолдаушы), ал екінші адам тыңдаушы (ақпарат қабылдаушы) болады.

Ақпарат алмасу үшін жолдаушы және қабылдаушы болуы керек. Хабар беруге пайданылатын құралды ақпарат беру арнасы деп атайды. Оған теледидар, радио, компьютерлік желі, басылған құжаттар және т.б. жатады.

Үшіншіден адам ақпараттарды өңдей алады.

Ақпараттарды өңдеуден бір ақпарат негізінде жаңа ақпарат алуды айтады.

Ақпараттар өңделген, оның берілу түрі, алу жолдары өзгереді, бірақ оның мағынасы өзгермейді.

Ақпараттық жүйелер және ресурстар.

Ресурстар (французша ressourse— құрал-жабдық, мүмкіндік), босалқы қорлар — табыс, ақшалай және басқа қаражат, құндылықтар мен олардың көздері.

Негізгі түрлері:

* ақпараттық ресурстар — әлеуметтік мәні бар және қоғамдық іс-тәжірибеде пайдаланылатын ақпараттық материалдардың (ақпараттық құжаттардың, ақпараттың), сондай-ақ ғылыми-техникалық ақпараттың жиынтығы;

* банк ресурстары—банктердің меншікті және сырттан тартылған

қаражатының жиынтығы, оны банктер несиелендіру және актив операцияларын жүргізу үшін пайдаланады;

* бюджет ресурстары —барлық деңгейдегі бюджеттерге кіріс ретінде түсетін ақшалай қаражат;

* еңбек ресурстары- халықтың еңбекке жарамды бөлігі;

* қаржыресурстары— мемлекеттің,кәсіпорынның, ұйымныңқарамағындағы ақшалай қаражат қорларының жиынтығы;

* материалдық ресурстар — еңбек заттары мен құралдары: машиналар

мен жабдық, шикізат, негізгі және қосалқы материалдар, жартылай фабрикаттар, отын, аяқталмаған өндіріс және өндіріс қалдықтары, машиналар мен жабдықтарды жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер, ыдыс;

* табиғат ресурстары — жер, су, әуе байлықтары, пайдалы қазбалар, орман, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі түріндегі табиғи, экономикалық, өндірістік ресурстар;

* экономикалық ресурстар — фирманың, кәсіпорынның меншігіндегі және пайда алу үшін пайдаланылатын негізгі құрал-жабдықтың, бейматериалдық активтердің, басқа да құндылықтардың, ақшалай қаражаттың жиынтығы, өндірісті қамтамасыз ету көздері деген мағынаны білдіретін іргелі экономикалық теория ұғымы;

* экспорттық ресурстар — сыртқы нарықтарда өткізуге арналған өнім, көрсетілетін қызметтер, жекелеген жұмыс түрлері, қаржы-қаражат;

* энергетикалық ресурстар — отынның барлық түрлерінің қорлары.

Ақпараттық ресурстар (информационные ресурсы; information resources) — 1) ғылыми теорияларымен, процестер мен құбылыстарды зерттеулерімен, өнер табыстарымен, машина жобаларымен,ғимараттарымен,зауыттарымен, табиғат пен қоғам туралы мағлұматтарымен сипатталатын мемлекеттің рухани пәрмені (күш-қуаты); мекеме үшін құнды болып есептелетін және материалдық ресурс ретінде

қабылданатын мәліметтер жиынтығы. Оған сыртқы жадта сақталатын негізгі және қосалқы мәліметтер жиыны мен кірістік құжаттар жатады; 2) кітапханаларда, мұрағаттарда, қорларда, мәліметтер банкілерінде және басқа да ақпараттық жүйелерде жеке құжаттар немесе олардың жиындары түрінде шоғырланған мағлұматтар жиынтығы.

Электрондық ақпараттық ресурстар — бүгінгі таңда ақпараттық білім беру орталығында электрондық ресурстар орталығымен қызмет көрсетуде. Электрондық ресурстар орталығы-электрондық құжаттар бүгінгі күні ақпараттық ресурстардың ажырамас бөлігі болып отыр. Білікті мамандар пайдаланушыларға электрондық пошта, электрондық каталог, интранет (университеттің корпоративті жүйесі арқылы ақпараттық ресурстар ұсыну), интернет жүйесінде кеңес беріп, жедел, сапалы қызмет көрсетуде. Сондай-ақ қордағы аз даналы оқулықтар мен оқу құралдарын сканерден өткізу арқылы электрондық нұсқасын жинақтап «Электрондық мұрағат» базасын ұсынуда, әлемнің үздік ғалымдары лекцияларының видеотаспалары, электрондық оқулықтар, арнайы оқу программалары, мәліметтер базасы.

Оның мақсаты:

* Ақпараттарға барлық әлемдік мәліметтер қорының ресурстарын еркін және шексіз енуді және пайдалануға мүмкіндік жасау.

* Кітапхананың, белгілі бір мекеменің ақпараттық орталығын құру

* Ақпараттық көздерді сақтау және жинақтау.

Ақпараттық ресурс әлеуметтік басқару үдерісіндегі қызметтің ерекше түрі болып табылатын ақпараттық қамтамасыз етудің негізін құрайды.

Білім беру ақпараттық ресурстары

Білім берудің ақпараттық ресурстары – ақпараттың кез келген түрі немесе оқу үдерісінде қолдану үшін арнайы жасалған программалық өнімдер.

Оның ішіндегі білім берудің электрондық ресурстарына тоқталайық.

Білім берудің электрондық ресурстары:

* оқу материалдары (электрондық оқулықтар, оқу құралдары, рефераттар, дипломдар).

* оқу-әдістемелік материалдар (электрондық оқу программалары, әдістемелер).

* ғылыми-әдістемелік материалдар (диссертациялар).

* қосымша мәтіндік және суретті материалдар (дәрістер, зертханалық жұмыстар).

* тестілеу жүйесі (білімді электронды тексеру тестілері).

* электрондық кітапханалар.

* білім саласының электрондық мерзімді есептеры.

* білім саласының мерзімді есептерінің электрондық мазмұны және мақала андатпалары.

* электрондық мұрағаттар шығару.

Білім беру ресурстарын белгілі сайт адресі бойынша немесе әртүрлі тақырыптық сілтемелер арқылы пайдалануға болады. Мысал ретінде төмендегі сайттар кітапханасын айтуға болады.

Білім ресурстары. Білім порталдары және каталогтары

* Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі – htth://www.edu.gov.kz

* «Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі» бөлімінде «Тест тапсырмаларының үлгілері» берілген.

* Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті – http://www.educontrol.kz

* Ғылым порталы – http://www.nauka.kz

* Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы – http://www.pa-academy.kz

* Халықаралық программалар орталығы – http://www.bolashak.gov.kz

* Негізгі қызметі – халықаралық программаларға кадрларды таңдау, іс-шараларды ұйымдастыру, сонымен қатар «Болашақ» программасы да кіреді. Шетелдің ЖОО және ұйымдарымен білім программасын жүзеге асыру мақсатында байланыс орнату.

* Шетелде білім алу жөніндегі кеңес орталығы – http://eac.bilim.kz

* Қазақстандағы қазіргі заманғы білім – http://www.obrazovanie.kz

Бақылау сұрақтары:

  1. Информатика және ақпараттың негізгі ұғымдары.
  2. Ақпараттың түрлері, қасиеттерін ата.
  3. Ақпараттың өлшем бірліктері.
  4. Әлемнің ақпараттық бейнесі.
  5. Ақпараттық жүйелер және ресурстарын ата.
  6. Білім беру ақпараттық ресурстары.