Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретуде қолданылатын  әдістер.

Қызылорда облысы

Жалағаш ауданы

Жаңаталап ауылы

№119 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі

Мұстафина Гүлнұр Қаржаубекқызы

 

Балаға күштеп білім беруден гөрі,

баланың білімге деген құштарлығын

ояту ең маңызды мақсат.

К.Д. Ушинский

Жан-жақты зерделі, дарынды, талантты адамды қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі еліміздің басты назарында. Сондықтан да оқыту жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, білімге, барлық оқу- әдістемелік жүйеге жаңа талап  қойылды. Осы талаптарды ескере отырып, алдыма қойған мақсатым – оқушыны оқуға қызықтыратын, қабілетін арттыратын жағдай туғызу. Оның негізгісі – оқу үрдісін жаңаша ұйыдастыру, оқушылардың ойлау дағдыларын жетілдіру, өздігінен білім алу процесінде бірлесе әрекет ету.

Қазіргі таңда әдіс-тәсілдің тиімдісін мұғалім өзі таңдайды. Қ. Жұбанов айтпақшы: «Егер мұғалім пәнді жақсы білсе, онда дұрыс әдісті де табады» Сондықтан түрлі әдіс-тәсілдерді саралай отырып, тиімдісін өзіндік ой еңбегімен ұштастыра алса, әр сабақ өз нәтижесін беретініне сенемін. Заман талабына сай шәкірт шығармашылығын дамытуға, мұғалімнің қажеттіліктеріне жан – жақты жауап беретін тиімді технологиялар шексіз. Тәжірибеде сол технологиларды қолдану, оңын – солын тану, зерттеу, анализ жасау- әр ұстаздың міндеті.

Мұғалімнің алдындағы мақсат оқушының оқуға ынтасын көтеру, қызығушылығын арттыру,  бұл білім сапасын көтеру деген сөз. Сабақты құру  негізі  оқушылардың  жұмысын ұйымдастыру. Бұл сабақтың маңызын  және әдісін анықтайды. Сондықтан таңдалған әдіс сабақ барысының тиімділігін көрсетеді. Сабақ барысында әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану кезінде оқушылардың  жеке қабілеттерін, білім алу деңгейін тыс қалдырмау қажет.  «Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын, ынтасын оятып, танымдық белсенділіктерін арттыра отырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасау». Оқу тәрбие процесінде мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастың атқаратын рөлі ерекше. Біздің міндетіміз – жеке тұлғаны дамытып, білімге деген сенімін нығайту, оқуға қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру.
Ынталандырудың анықтамасы  латын тіліндегі movere (қозғау) сөзінен алынған. Ынта – бұл мақсатқа бағытталған іс-әрекет басталған және қолдау тапқан үдеріс. Қазіргі  сабаққа қойылатын талап тұрғысынан техникалық құралдарды,  кестелер, сызбалар, үнтаспа жазбаларын пайдалану арқылы оқушылардың есту, көру сезімдеріне әсер ете отырып, олардың ойлану қабілетін дамытуға көңіл бөлінеді.

Түрлі әдістерді қолдану үшін ұстаздар әрдайым ізденісте болу керек.  Қолданылатын көрнекіліктер оқушылардың сабаққа деген  ынтасын  арттырады, түсіндірілген  материалдарды саналы  меңгертуге  ықпал жасайды. Мұғалім – мектептегі басты тұлға . Ол өз ісімен өзгеге үлгі болып жетекші болады. Білімі  терең , әдістемелік шеберлігі  мол, мақсаты айқын, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Мұғалім жұмысындағы , әсіресе,  сабақ беруіндегі бір ерекшелігі- ұғымдарды белгілі бір сызбалармен түсіндіріп, соны қолдана отырып, іскерлік жұмыстар жүргізіледі. Мысалы: Бір ғана ұғымды шағын көрнекілікпен жинақтап, баланың түсінуіне  ынғайлы етіп ұсынады.

 

Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретуде қолданылатын  әдістер.

 

Сыни тұрғыдан ойлауды, әдетте, білім берудің кейінгі кезеңдерімен – орта мектептің жоғары сыныптары мен жоғары оқу орындарындағы оқушылармен байланыстырады. Алайда сыни тұрғыдан ойлаудың негіздерін кішкентай балалармен жұмыс барысында, қажетті дағдыларды дамыту мақсатында білім берудің ерте кезеңінен дамытуға болады. Бұл жолдағы ең оңтайлы тәсіл – балалардың жеке басының тәжірибесіндегі дәлелдерге мән беруге ынталандыру. Бізде балалардың қызығушылығын оятып, олардың сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамыту үшін қолдануға болатын, әлемнің түрлі бөліктеріндегі және тарихтың түрлі кезеңдеріндегі тұрмыс салты туралы мысалдар жеткілікті.

Оқытудың қандай жолы қолданылса да, қарастырылатын екі көзқарас бар. Біріншіден, оқушының жеке тұлға және әлеуметтік нысан ретіндегі келешегі, екіншіден, оқытудың оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас нәтижесі ретінде қарастырылуы. Мұғалімнің касиеттерін бағалау барысында бағалаушы факторлар жиынтығын пайдалана отырып, қасиетті өзінше түсіндіріп беретіндігін ұғыну қажет.

Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету.

Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Бұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырып құрылады. Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние – жекелеген оқущылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін, оқушылардың түсініген жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы, сондай-ақ кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі.

Сындарлы оқытудың жоғарыдағыдай сипатталып, түсіндірілуі мұғалімнің ой-пайымды мен негізгі көзқарастарын, сондай-ақ сол көзқарастарға қатысты бірқатар баламалы шешімдерді де қамтиды.

Сындарлы оқытуға негізделген сабақтар оқушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, сұрақтар қойып, білімін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқып-білу кезеңінде өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл үдеріс оқушының өз болжамдарына күмәнмен, сыни тұрғыдан қарай отырып, сол арқылы әлем, тіршілік, жаратылыс туралы өзінің түсінігін тереңдетіп, кеңейтуге ұмтылу мүмкіндігін ұлғайтады. Оқытудың бұл түрінде оқушылар өте маңызды рөл атқарады: олар құрбы-құрдастарымен әлеуметтік байланыс жасау арқылы белсенді түрде білім жинақтайды. Мұғалім оқушылардың оқуына мүмкіндік тудырып, оқу материалы және өзге де қажетті құралдармен қамтамасыз етеді, ал оқушылар өз кезегінде пән бойынша өз түсініктерін арттыру іс-әрекеттеріне ынталы болғаны абзал.

Қазіргі сабақтарда оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретуде, тілдерін дамытуда Бес жолды өлең, эссе, семантикалық карта, INSERT, болжау, екі жақты күнделік, еркін жазу, кубик, автор орындығы, , Венн диаграммасы сияқты әдістердің тиімділігі мол. Оқушылар бірлесіп оқуда, үйренуде шағын топтармен, жұппен жұмыс жасауда, ортақ мәселелерді талқылағанда жаңа пікірлерге шығармашылықпен қарау тұрғысында жаңалықтар ашу бағытында жұмыс істейді. Топ мүшелері өз ойларын ортаға салып және сол ойларын қорытып, тұжырымдайды, ортақ жобаны дәлелдеп, қорғап шығуға тырысады. Шағын топтарда бірлесіп жұмыс жасағанда мына жайттарды есте ұстау қажет:

— өзара сыйластық ( бір-біріне құрметпен қарау);

— жауапкершілік;

— кезекпен сөйлеу, тыңдау дағдысын үйрету;

— топта ұтымды жұмыс істеу.

 

Осындай топтарда бірлесіп жұмыс істеуге үйренген оқушылардың жұмыстары нәтижелі болады, шыңдалады.

Бірлесіп жұмыс жасағанда оқушылар мынадай жетістіктерге жетеді:

— оқушының, ең алдымен, есте сақтау қабілеті жоғарылайды;

— сабақта өз бетімен бақылаусыз отырмай оқушы жұмыс басты болады;

— білімді өздігінен үйренуге деген қызығушылығы артады;

— бірлесіп жұмыс жасау кезінде топ мүшелерінің жынысына, қабілетіне, әлеуметтік жағдайына қарамай, олар бір-біріне дұрыс көзқараспен қарап, ынтымақтасады.

Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында сыни ойлаудың маңызы зор деп ойлаймын. Сыни ойлату арқылы оқыту қазіргі таңда жиырма тоғыз мемлекетте қолданылады екен. Бұл идеялардың негізін қалаушы ғалымдар Чарльз Темпл, Джон Дьюи, Мередит, Выготский, Пиаже, Эльконин-Давыдовтар және басқа да ғалымдардың еңбектерінің ең құнды жерлері көрініс тауып, идеялар тоғысып, біріктіріліп келеді.

Сыни тұрғыдан ойлау — Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педогогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сыни тұрғыдан ойлауды дамытуды саналы және ойлаумен қабылдауды көздейді. Сыни тұрғыдан ойлау – сынау емес, шыңдалған ойлау. Бұл деңгейдегі ойлау тек ересек адамдарға, жоғарғы сынып оқушыларына ғана тән деп ойлау аса дұрыс емес. Жас балалардың да бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз.

Оқушылардың білім сапасын арттыруда, оқушылардың көзқарасын өзгертуге, шығармашылық қабілеттерін дамытуда сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің маңызы зор екендігін білдім. Мен алғашында өзімнің сыныбымда оқушылардың қаншалықты сыни ойлауға бейім екендіктерін бақыладым. Сонда мен оқушылардың сыни ойлауға дағдыланбағандарын байқадым. Ал осы сыни тұрғыдан ойлауға үйретуге байланысты тапсырмаларды өз сабақтарымда қолданғанымда мен кішкене де болса оқушылардың санасын серпілтіп, миға шабуыл жасап, ой дағдыларына қозғау салғанымды байқадым. Бұрын сұрақ қоюдың да тәсілін білмейтін оқушылар қазір көп өзгерді, мен байқамаған тұстарды байқап, сөздерін дәлелмен жеткізуге тырысатын болды. Мен үнемі «неге?», «қалай?», «неліктен?» деген сұрақтарды жиі қолданатын болдым. Оқушыларым сөздерін дәлелдеу үшін жанталаса сөйлеп, ойларын дәлелдеп жеткізуге тырысатын болды.

Мен оқушыларыммен бірге ойланып, бірлесе жұмыс жасап, сыни көзқарасымды өзгерте бастадым. Атап айтатын болсам «Сен маған, мен саған», «Ыстық орындық», «Серпілген сауал», «Қораптағы сұрақтар», «Мен сендерден сұрақ күтемін»т.б әдістерді өз сабақтарымда пайдаландым және соның нәтижесінде оқушылар бір-біріне сұрақ қоя білуді, сұрақтарға толық жауап беруді үйренді.Топтық жұмыс арқылы «оқушы мен оқушы» арасында, «оқушы мен мұғалім» арасындағы диалогты тиімді ұйымдастыру арқылы мақсатқа қол жеткізе алдым. Өз ойларын жарыса айтып, қызу пікірталас тудыра алды. Жаңа сабақты өз беттерімен тез меңгере алды. Сабақта «үнсіз» оқушылар да сөйлеп кетті, олай дейтін себебім, мотивациясы төмен оқушылардың өзі тым болмағанда постермен жұмыс жасау барысында сөйлемесе де, сызбамен көмектескеніне көзім етті.

Сабақтардың барысында оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін, соның ішінде ұтқырлық, сыңаржақтылықтың болмауы, пайым, тәртіп, өзіндік сана сезім секілді ерекшеліктерге мән бере отырып сабақ барысында әрдайым оқушылардың белсенді болуға, дәлелдерді талдай алуға , мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегияларды қолдана алуына мүмкіндіктер мен жағдай жасауды қамтамасыз еттім. Осында қарастырылған стратегиялар оқушылардың бірін-бірі тыңдап, дәлелдерді талап етіп, тиянақты және нақты да жан-жақты болуға, ынымақтастықпен бір-бірін құрметтеуге үйретті. Қуанышпен айта кететін жайт, бұрын үндемей отыратын оқушылардың да сабаққа қызу араласуын көрдім. Жай уақытта олар өздерін бұлай көрсете қоймас еді. Сабақтарды ерекше, жаңа әдіс бағдарламасымен сабақ өтуім оларға еркін сөйлеп, ойларын ашық жеткізуге, сыншыл көзқараспен ойлауға мүмкіншілік туғызғандай. Бұл әрине қазіргі қоғам мен мектептің басты талабы. Осы талаптарды әрі қарай дамыту әрине әр мұғалімнің парызы. Оқушылар топта тапсырманы орындау кезінде бірінің сұрақтарына бірі жауап беріп, бірін-бірі оқытып жатқанын көрдім. Сонда байқағаным оқушылардың менің түсіндіргеннен гөрі өздерінің бірін-бірі оқытқан кезде ақпаратты тез қабылдайтыны. Бірте-бірте оқушылар арасындағы сенімсіздік, үрей сейіліп, сабаққа деген ынта-жігері ояна бастады. Әрине топтық жұмыс болған кезде оқушылардың барлығы қамтылып, біреуі сурет салса, біреуі тақырыпқа қатысты сөздерді тізбектесе, енді біреуі қорғауға дайындалып жатады. Бұл жерде бір-бірінің арасында ынтымақтастық орнап, лидерлер қасындағыларды да сөйлеуге тартып, бір-біріне жанашырлық пен көмектесе бастады. Мен мұндай нәтиже күтпеген едім, осыдан кейін мен оқушыларға көп еркіндік беріп оларға тек бақылаушы ретінде қарауым керек екеніне ой түйдім. Осыдан шығатын қорытынды сабақта нәтижеге жету үшін оқушыларға жетелеу сұрақтарын қоя отырып, жауап алып, балалардың бір-біріне сұрақ қоя білуін және оған ұтымды жауап беруін қалыптастыру керек екендігіне көз жеткіздім. Менің бір түйгенім оқушыларға қосымша тапсырманы берген сайын оқушылар әр қырынан көрініп, бір жағынан оларды ғылыми зерттеуге бағыттаудың бір сатысына көтерудің қадамы сияқты боп көрінді. Осындай тапсырмаларды беру кезеңінде-ақ еріксіз оқушылардың деңгейлері де анықталып жатты.Оқушылар топта диалог құрып, сыныптастарына сұрақ қою арқылы барлық топ мүшелері тапсырмаға белсенділікпен қатысып отырды. Топтық тапсырмалар «Ойлан. Бірік. Бөліс», «Бірге ойлаймыз» топ мүшелерін де, сыныптастарын да сыни ойлауға, көзбен көру және ауызша ақпарат көздерімен тікелей қарым –қатынас жасау оқушыларға дәйектеу дағдыларын шынықтыруға және жеке тәсілдермен білім алуға мүмкіндік берді. Әр сабақтың кезеңінде қолданылатын тапсырмалар оқушыларды сыни ойлауға жетелейтін тапырмалар екенін аңғаруға болады. Әрбір сабақта оқушыларды сын тұрғысынан ойлауға бағыттайтын тапсырмалар мен стратегияларды таңдап қолданамын, «Венн диаграммасы», «Толықтыру тесті», «Сәйкестік тесті», «Семантикалық карта», «Детальдарды қосу», «Сөздер банкісі», «Дәлелдеп үйренейік» сияқты әдістерді әр сабақтың ерекшелігіне, мақсатына, оқушыларлың деңгейлеріне қарай қолданып отырдым. оқушылардың бір-бірімен ой алмастыруын, ой түйістіруін қамтамасыз етеді. Әр оқушы өз шығармашылығын көрсете алады. Сыни ойлай отырып өз-өздерін бағалайды. Әр топқа тақырып бойынша тапсырмаларды бөліп беріп отырдым. Оқушылар топта берілген тапсырмаларды орындау барысында белсенділіктері арта бастады.

Оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің тиімділігі.

 Жеке тұлғаның жетілуіне, дамуына бағытталады.

 Оқушының өздігінен жан — жақты білім алуына жағдай жасалады.

 Оқушы ойын ашық айта алуға, пікір алмасуға үйренеді.

 Оқушыларды өзара сыйластыққа, ынтымақтастыққа баулиды.

 Мәселені шешуде ең негізгі түйінін табуға дағдыланады.

 Оқушының шығармашылық белсенділігі артады.

 

Жалпы сыни тұрғыдан ойлайтын оқушылар белсенді болады, олар сұрақтар қойып, дәлелдерді талдайды, мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегиялар қолданады. Олар ауызша, жазбаша, көзбен шолу, дәлелдеріне сүйену арқылы болашаққа бейім болып келуіне ықпалдасады.

 

Бастауыш сынып оқушыларының білімге деген ынтасын арттырудағы  формативті бағалаудың маңызы.

 

Білім ордасы оқушыларға тек қана беріп қана қоймай, сонымен бірге оқушылардың білімін бағалау, оқушыларды алға ұмтылуға ынталандыру орталығы болып табылады. Ал, оқушының дұрыс қалыптасуындағы шешуші рөлді бағалау атқарады деп ойлаймын.

Бағалау- одан арғы оқу туралы шешімді қабылдау мақсатымен оқытудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин.

Қазіргі бағалау түрлі нысанда, түсінікті, псохологиялық тұрғыдан жайлы, екіқұрамды: жиынтық және формтивті болуы керек.

Жиынтық бағалаудың немесе оқытуды бағалаудың мақсаты оқушы қазіргі уақытта не оқып білгенін жинақтау болып табылады. Оны тест, емтихан түрінде өткізіп, өзі бағалайды.

Формативті бағалау әр сабақта және күнде жүргізіліп тұрады. Оқыту үшін бағалау бұл білім алушылар  өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар және олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі. Бұл ретте мұғалімдер жалғыз бағалаушы тұлға болмайтындығына назар аударылады. Оқушылар өздерінің сыныптастарын және өздерін бағалауға тартылуы мүмкін және мұғалім бағалауды белсенді жүргізген кезде, оқушылар белсенді қатысады. Формативті бағалау мұғалімдерге оқушылардың үлгерімін бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Формативті бағалауды пайдалану тиімді оқытудың негізі болып табылады. Себебі бағалау оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру жолдарына әсер етеді.

Енді өз тәжірибемде болған формативті бағалау туралы айтатын болсам…

Бағалау барысында баланы мақтап, мадақтап, көтермелеп отырудың маңызы зор. Өйткені бала қашанда мақтағанды қалап, сол мақтағанға лайық болуға тырысады. Мадақтау ықпалы оқушының ұнамды көңіл күйін тудырып, өзіне деген сенімін арттыруға көмектеседі.

Өзара бағалау оқушыларға кері байланыс беруге көмектеседі, яғни бір-бірінен білім алуға және бір-біріне қолдау көрсетуге, бір-бірімен талқылауға, әңгімелесуге, түсіндіруге және бірін-бірі сынауға мүмкіндік береді.Баға оқушының кемшіліктерін табу үшін емес, әрі қарай дамуына ықпал ету үшін қойылады.

Өзін-өзі бағалау өзін-өзі реттеуге жетелейді.

«Басбармақ »

Оқушылардың бас бармақтарын көрсету арқылы сіз түсіндіргенді олардың ұғу деңгейін тексеріңіз.

Басбармақ жоғарыға қарай – Мен түсінемін

Басбармақ көлденең – Мен түсінгендеймін

Басбармақ төменге қарай – мен түсінбедім.

«Бағдаршам»

Түсінгендікті көрсету үшін бағдаршамның түстерін көрнекі құрал ретінде пайдаланыңыз.

Мысалы:

Оқушыларда қызыл, жасыл және сары түсті карточкаар бар, олар өз парталарына қояды немесе жоғары көтереді. ( қызыл – түсінбеймін, жасыл – барлығы түсінікті).

Басында оқушылардың барлығы жасыл түстіні көрсетуі мүмкін. Содан кейін өз қателерін тауып, дұрысын дәлелдей алмағандар сары немесе қызыл түсті көтеріп жатады.

Формативті бағалаудың дәстүрлі бағалау жүйесінің артықшылығына сын көзбен қарайтын болсақ,

Оқушының жетістік деңгейін нақты сипаттайды;

Білімге деген ынтасын арттырады;

Оқушының өзіне деген сенімділігі артып, жауапкершілікті сезінеді;

Баға арқылы оқушы өзі туралы ойын реттеп, беделін анықтайды. Оқушылардың бір-бірімен ой алмастыруын, ой түйістіруін қамтамасыз етеді. Әр оқушы өз шығармашылығын көрсете алады. Сыни ойлай отырып өз-өздерін бағалайды.

 

             Бастауыш сыныптарда ойын технологиясын пайдалану

          Ойын-балалардың шынайы ойлап тапқан шындығына тез, еркін енуіне, өзіндік        қалыптастыруға және шығармашылыққа, белсенділікке, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік береді.

Ойын – әрқашан білім бола отырып, баланы білім алуға, еңбекке дайындайды.

Әрбір ұстаздың мақсаты – сабақ сапасын көтеру, түрлерін жетілдіру, сабаққа оқушының қызығушылығын арттыру.

Бастауыш сыныптағы әр түрлі пәндер оқушы білімін дамытып, танымдық қабілетін сомдауға үлкен үлес қосады. Оқушыларды оқытуда және тәрбиелеуде ойынның рөлі зор.Ойын оқушы үшін оқу да, еңбек те болып табылады.Тиімді қолданылған ойын мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың зор ынтамен тыңдап, берік меңгеруіне көмектеседі. Қызықты ойын түрінен кейін олар тез сергіп, тапсырманы ықыластана әрі сапалы орындайды.

Сабақта және сабақтан тыс уақытта қолданылатын ойындарды төмендегідей топтастыруға болады.

Ойын. Ұлттық, дидактикалық, логикалық.

«Ақсүйек», «Көкпар», «Мың бір мақал», «Ғажайып алаң», «Сергіту сәті», «Сөз құрау», «Жұмбақ есеп», «Әріпті кубиктер» т.б.

Ойынға қойылатын әдістемелік талаптар:

  • Ойынға кірісер алдында оқушыларға тәртібін түсіндіру.
  • Ойынға сынып оқушыларының түгел қатысуын қамтамасыз ету.
  • Ойын үстінде шешімқабылдай білуіне, ойлана білуіне жетелеу.
  • Ойын түрлерін бағдарламаға сай таңдап алу.
  • Ойынды баланың жас ерекшелігіне қарай пайдалану.
  • Міндетті түрде ойынның қрытындысын жариялау.

Барлық оқушыны білімге бірдей жетелеу үшін өз мүмкіндігіне сәйкес сабақты меңгерту, тілін, ой ұшқырлығын дамыту, пәнге қызығушылығын арттыратын әдістің бірі-грамматикалық ойындар. Қазақ тілі пәнінің фонетика, лексика, морфология, синтаксис салаларын оқытқанда грамматикалық ойындарды енгізуге болады.

Фонетика саласы бойынша «Кім жылдам?» ойынын ойнатуға болады.

«Дыбыс таңдау», «Адасқан әріптер», «Сөз ойла, тез ойла» т.б.

Лексика бойынша «Жалғасын тап», «Кім білгір», «Жылдам жауап», «Ойлан, тап», «Кім тез тауып оқи алады?», «Ұйқасын тап», «Сөз қуаласпақ ойыны», т.б.

Әр ойынды ойнар кезінде сол ойынға сәйкес өлең оқу арқылы қызығушылығын арттыруға болады. Сабаққа ынтасын, ықыласын аудару мақсатында өлең есеп те пайдалануға болады. Ойын баласы сабақта зерігіп, шаршаған кезде қолданатын ойынның бірі «Сергіту сәті».Сабақта сергіту сәтін оқушының шаршағанын басу үшін емес, оның тәрбиелік мәніне де назар аудару қажет.

Қорыта айтқанда, кез келген ойын түрлерін сабақта қолданғанда әрекет пайда болады, ой-өрісі ойын арқылы дамиды.

 

Математика сабақтарындағы орындалатын өзіндік  жұмыстардың  тиімділігі.

Сабақтарда балалардың математикаға деген ынтасын арттыруға, олардың өз бетінше жұмыс істей білу дағдысын тәрбиелеуге ерекше назар аударылады. Пәнге деген ынтасы мен өз бетінше ойлай білу өзара тығыз байланысты. Сабақ балалар үшін қызықты өткенде, олардың оқу жұмысында да белсенділігі артып, өз бетінше жұмыс жасауға мүмкіндік бергенде олардың пәнге деген ынтасы өседі. Оқушыларды өз бетімен ойлауға тәрбиелеп, математикаға деген ынтасын арттыру үшін оқыту әдістерін дұрыс таңдап алудың маңызы зор. Оқудың белсенді әдістерінің бірі – оқушыларға өз бетімен жұмыс істете білу. Барлық сабақтың елеулі бөлігінде өз бетімен жұмыс істегенде оқушы жұмыстың мақсатын айқын түсіне білуі, оны орындауы, тексеруі және қателіктерді түзетуі сияқты өз бетімен істелетін жұмыстың жалпы әдістерін бірте-бірте игеріп алуы тиіс. Математика сабағында ауызша есептеу дағдыларын қалыптастыру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Ауызша есептеуге үйретуде оқушылардың білімі мен дағдысын тексеру кезінде математикалық диктант ретінде қолдануды ескеру қажет. Диктанттан кейін тексеруді ауызша жүргізген қолайлы.
Оқушылардың сабақта өздігінен орындайтын жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін математика кабинеттерінде дидактикалық материалды, үлестірмелі материалдар, баспа негіздегі дәптерлер, тағы басқа оқу құралдары жинастырылуы қажет. Дегенмен оқушыларға оқулықпен жұмыс істеуді үйретудің орны ерекше. Барлық ғылыми-техникалық білімнің көзі – кітапқа, оның ішінде оқулыққа оқушылардың сүйіспеншілігі мен құрметін арттыру, олармен өздігінен жұмыс істеуді үйрету мұғалімнің басты міндетінің бірі. Өзіндік жұмыс үшін кейде тапсырма әрбір оқушыға жеке түрде беріледі. Бұл жағдайда тапсырмаларды әр оқушының шама-шарқын ескере отырып, сұрыптауға болады. Сонда жұмыстың өз бетімен орындалу дәрежесінің жоғары болуы қамтамасыз етіледі. Өзіндік жұмысты сыныпта жүргізу оқушыларға дағдыларын игертеді және олардың сабаққа деген ынтасын арттырады. Өзіндік жұмыстарды жүргізгенде тапсырмаларды карточкалар бойынша ұсынған тиімді. Мұнда оқушылардың жеке дара ерекшеліктері және үлгерім деңгейлерін барынша ескеру мүмкін болады. Оқушыларды жалықтырып жібермес үшін, өзіндік жұмыс түрлерінің өзгермелі болғаны жөн.
Өз бетімен орындайтын жұмыстары біріншіден, олардың ақыл-ойын, таным белсенділігін, екіншіден сабаққа ынталарын, қызығушылығын, үшіншіден ешкімнің көмегінсіз дербес жұмыс істеу қабілеттерін дамытады.

Қорытынды.

ХХІ ғасыр мұғалімі заман талабына сай, шығармашылықпен  жұмыс істей білуі керек.Қазіргі заман балалары өзгерген. Олар жаңа техниканы тез меңгереді, ойын ашық айтады, жаңа ақпаратты қабылдау деңгейі жоғары .Сондықтан мен өз сабақтарымда көбірек ақпарат беруге, логикалық ойлауға тапсырмалар, жаңа технологиялар қолдана отырып, қосымша ақпарат, шығармашылық тапсырмалар беремін.

Оқыту мен тәрбие ісін жүйеге келтіретін – ұстаз. Ұстаз дегеніміз – баланы адам етіп қалыптастыратын мамандық иесі. Ендеше, қазіргі ұстаз қандай болу керек?

Қазіргі ұстаз:

  • Оқыту мен тәрбие технологияларынның қыр-сырын меңгерген;
  • Мақсат қойып, оны шеше алатын;
  • Біліктілігін көтеріп, оқып-үйренуден талмайтын;
  • Өз ісіне берілген;
  • Шыншыл, адамгершілігі мол, тәртіпті;

Оқушылардың оқуға, білімге деген ынтасын ояту үшін мұғалім өзінің оқытатын пәнін терең білуі, өз білімін үздіксіз көтеріп отыруы, жаңа технологияларды меңгеріп, оқытуда жүзеге асыруы керек. Мен өз сабақтарымда жаңа технологияларды қолданып, қайткенде де сабағымда оқушылардың қызығушылықтарын оятып, таным белсенділіктерін арттыруға тырысамын. «Қызықтырар ұстаз болса, қызықпайтын шәкірт болмас» деген ұстаныммен жұмыс істеймін.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. «Бастауыш сыныпта оқыту» журналы №6 2013ж
  2. «Бастауыш сыныпта оқыту әдістемесі» журналы №2 2014ж
  3. Мұғалімге арналған нұсқаулық
  4. Сабыров Т.С. «Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары» Алматы, «Мектеп» 2004ж
  5. Б. Т. Тұрғанбаева. «Шығармашылық қабілеттер және оны дамыту» Алматы, 1999ж
  6. Ғаламтор сайттары

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мазмұны

  1. Кіріспе
  2. Зерттеу бөлімі
    • Оқушыларды сын тұрғысынан ойлауға үйретудің маңызы
    • Бастауыш сыныптарда ойын технологиясын пайдалану
    • Бастауыш сынып оқушыларының білімге деген ынтасын арттыруда формативті бағалаудың маңызы
    • Математика сабақтарында орындалатын өзіндік жұмыстардың тиімділігі
  3. Қорытынды

 

 

 

 

 

 

 

 

№ 119 орта мектеп

 

 

 

 

 

Ғылыми жоба

Тақырыбы: Оқушы ынтасын оятудың әдістері

Дайындаған: бастауыш сынып мұғалімі  Г. Мұстафина