Латын әліпбиі  Ахмет Байтұрсынов көзқарасында

 

 

Алматы қаласы

№180 жалпы білім беретін мектеп

Тарих пәні мұғалімі

Нұрланқызы Камила

 

 

 

 

Латын әліпбиі  Ахмет Байтұрсынов көзқарасында

 

 

 

 

          «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық»

                                                                                           А.Байтұрсынов


Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың бір тармағы. Экономикасы даму жолына түскен саясаты сындарлы еліміз үшін енді рухани түлеу кезеңі туды. Осы сәтте латын әліпбиіне көшу болашағымыз үшін маңызды,-дейді ұлт зиялылары. Қазір әлемнің 21 елі латын әліпбиін қолданады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті [1].

Еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады. Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланды. Қазіргі латын әліпбиінде 25 әріп бар. Дауысты дыбыстар е әрпі созылыңқы және қысқа айтылуына байланысты мысалы: Liber — тәуелсіз, Liber – кітап сөздердің мағыналары өзгереді [2].
1915 жылдың бір өзінде осы емлемен (жазумен) 15-тей қазақ кітабы басылып шығыпты және бұл жазуды («Жаңа емлені») 1912 жылдардан бастап мұсылман медреселері мен қазақ – орыс мектептері де қолдана бастапты. 1924 жылы Орынборда маусымның 15 – сіндегі мәжілісінде А. Байтұрсын «Әліпби тақырыпты» деген баяндама жасайды. Ол түркі халықтарының қолданып келе жатқан жазуы бар екендігін, оны тастап, басқа графикаға көшу оңай емес деген пікірін осы съезде дәлелдейді. Әліпби (графика) қандай қасиеттерге ие болу керек деп, қазақ халқы қолданып отырған, икемделіп, өңделген (реформаланған) араб алфавитінің он сипаттарын (қасиеттерін) көрсетеді де, латынға көшкенде, латын алфавитін қолданушы Еуропа халықтары тіліне түркі жұрттарының қатысы жоқ дей келіп, «латын әліпбиін тұтынған (еуропалық) жұрттар орыстың орнында болып, аузына қарап… Онда алуға мағына бар дер едік» деп ойын орнықтыра түседі.      А.Байтұрсыновтың осы баяндамасын және латын таңбаларын алуды қостаған Алаш арысы, біртуар мемлекеттік қайраткер Нәзір Төреқұловтың баяндамасын талқылап, екі алфавиттің оң – теріс жақтарын сарапқа салып қарағаннан кейін, съезд: «Қазақ тұтынып отырған түрк (араб таңбалы) әліпбиінің баспа түрін дара болмауы баспа ісіне де, үйрету жағына да қолайсыздық қылатын болғандықтан, ол қолайсыздықтан құтылу үшін түрк әліпбиінің өзін түзету өзге әліпби алудан анағұрлым оңай болғандықтан, түрк әліпбиінің жазба түрін осы күйінде қалдырып, баспасын дара түрінде алу керек» деп А.Байтұрсынов реформалаған және баспа түрінің де вариантын ұсынған араб жазу негізіндегі қазақ алфавитін қабылдау керек» деген қара ұсынды. Өз заманының өзекті мәселесінің бірі болған әліпби (алфавит) тартысы мен айтысы төрт түрлі бағытта жүрген болатын: Бірінші, бұрыннан қолданылып келе жатқан араб жазуын өзгертпей сол қалпында қолдану. Екінші, керісінше, араб жазуына өзгерістер енгізіп тілімізге икемдеу. Үшінші, араб әліпбиін тастап латынға көшу. Төртінші, миссионерлердің орыс әліпбиін ендіруге деген талпынысы. «Әліпбиге» қатысты бұл бағыттағы қызу пікірталастардан «ұлтым» деген ұлы тұлғалардың ешқайсысы да сырт қалған жоқ. Себебі жазу «мәдени-рухани дүниенің негізгі кілті» болатындығын, сондықтан әліпби халықтың болашағымен тығыз байланысты екендігін барлық зиялылар ұғынып, оны өз пікірлерінде ашық түрде білдіріп те отырды. Сол кезеңдегі жазуға қатысты пікірталастар «Әліппе айтысы» деген атпен 1927 жылы Қызылорда қаласында кітап болып басылып шығады. Бұнда А.Байтұрсынұлының пікірін М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, А.Байтасұлы, І.Ахметұлы, т.б. қолдап, сөз сөйлейді. Мәселен І.Ахметұлы: «Қазақстаннан шыққан Ахмет бұрынғы араб әліппесін өзгертіп, қазақ әліппесін жазды. Неше жылдай қазақ елін шоқындырмақ болған миссионерлер, қазақ еліне үлгі көрсетіп, әліппе жасап бермек болған орыс білімпаздарының қолынан келмеген нәрселер Ахаңның ғана қолынан келді. Ахаңның дәйекшесін орыс білімпаздары да ілім жолындағы үлкен табыстың біріне қосып отыр» дейді. Бұл «Әліппе айтысында» латынды жақтаушылар А.Байділдаұлы, Т.Шонанұлы, Ә.Ермекұлы, т.б. өз пікірлерін дәлелдеуге тырысып бағады. Алайда бұлардың қай-қайсысы да А.Бай­тұрсынұлы жазуын жоғары бағалайтындығын өз сөздерінде білдіре оты­рып, латынға көшудің қажеттілікте­рі туралы айтады. Мәселен, Т.Шонанұлы: «Бізде Ахаң еңбегімен, білім ордасының жігерімен жасалған жақсы емле бар. Емлеміз жақсы дегенге қосыламыз. Бірақ таңбамыз, әліппеміз, әрпіміз жақсы дегенге қосылғым келмейді» десе, Ә.Ермекұлы: «Ахаң емлені түзеп, қазақ тілінің негізін орнатқанына біз түгіл орыс­тар да қарсы емес. Емлеміздің дұрыс шешілгендігі, басқа елдердің көбінікінен артық екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан біз Ахаң мәселенің қиынын шешті дейміз. Ендігі талас әріптеріміздің таңбасы туралы» деп, латын мен араб таңбаларының айырмашылықтарын сөз етеді. Латынды қолдаушылардың «Әліппе айтысында» айтқан негізгі уәждері латын әрпімен газет, журнал, кітап шығарғанда шығынның аз болатынды, араб жазуымен шығарса шығынның көп кететіндігі [3].

«Байтұрсынұлы жазуы» ең оңтай­лы әліпби болып табылғанымен, ха­лық­қа істелген «озбыр» саясат өз дегені­не жетіп, латынға негізделген «жаңа әліпті» қолданысқа ендірді. 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес Комитетінің ІV сессиясында бұл жаңа әліп «Латын әрпі негізінде құрылған жаңа қазақ әліпбиі деп саналсын» деген қаулы қабылданып, барлық мекемелер мен ұйымдарды жаппай латын жазуына көшуге міндеттейді. Тіпті, латын әрпінен «бас тартқысы» келгендер заң алдында жауап беретін дәрежеге жетеді. Бұған жоғарғы үкімет атынан ресми түрде халыққа таратылған «хабарлама» дәлел болады. Онда «Жарияланып отырған жиырма күннің ішінде бүкіл кеңсе ісі жаңа әліпке көшірілетін болсын. Жаңа әріпті білмеймін деген қызметкерлер жаңа әліптің жасырын жауы деп саналып, сотқа тартылсын», – деп көрсетілген («Еңбекші қазақ». 1931, 25 мамыр). Нағыз ғылыми дәлелдермен орын алған үлкен тартыстан кейін 1929 жылы қазақ халқы сан ғасыр қолданып келген араб жазуынан жаңа жазу – латынға көшті. Оның қолданылу тәртібі – орфографиясы 1929 жылы жеке талқыланып (Қызылордада өткен конференцияда), осы кезден бастап іс жүзінде қолға алынды: мектептер мен баспасөз және баспа орындары енді латынша жазуға көшті [4].

А.Байтұрсынұлы Кеңес үкіметінің «араб жазуынан айы­ру арқылы тұтас бір халыққа өткенін ұмыттырып, ұлттық игіліктерді саналарынан өшіру» әрекетін жасап отырғанын жақсы түсінді. Ал латын жазуынан орыс жазуы­на көшу мәселесі «Алаш көсем­де­рі­­нің», «ұлттың қамын ойлаған ұлы тұлғалардың» көзін біржола құрт­қаннан кейін, яғни 1937 жылдары қайта көтеріле бастайды. Бұл кезде ұлт болашағы үшін жанын берген азаматтардың барлығының «көзі жойылғандықтан» қарсылық көрсе­­­тер зия­лы қауымның болмауы себепті, орыс жазуын «халықтың сұрауы бойынша» деген сылтаумен еш қиындық­сыз қабылдата салады. 1940 жылы 13 қарашада «Латындырылған қазақ жазбасын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданады. Онда «Қазақ елінің өтініштері негізінде орыс графикасына көшірілу қанағаттандырылсын» деген мазмұнда көрсетіліп, ешқандай «зорлықсыз», керісінше, «халық қалауы» бойынша орыс әліпбиін қабылдады деген тұрпатта көрсетіледі (Пятая Сессия Верховного Совета Казахской Советской Социалистической Республики ПОСТАНОВЛЯЕТ: Удов­летворить просьбу широких масс колхозников, рабочих и интеллигенции Казахской ССР о переводе казахской письменности с латинизированного на новый казахский алфавит на основе русской графики) [3]. 1940 жылдан бері қарай кирилл графикасы әліпбиін қолданып келеді. Мысалы, айта кетсек, Қазақ тілі үшін әр кезеңдерде және әр аймақтарда келесі жүйелер Қазақстан Республикасында — кирилл жазуы негізінде, ресми түрде Қазақстанның бүкіл жерінде және Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында пайдаланылған. Тағы да көршілес Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан елдерін бірыңғай мекендеген қазақ жұрты пайдаланады, сонымен бірге басқа ыдыраған КСРО республикаларында да пайдаланылады. Сонымен қатар Түркия, Германия, АҚШ т.б. батыс елдерінде қазақ диаспорасы әртүрлі қалыпты емес латын жазуын пайдаланады. Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ орыс графикасында ғана жасалған, болашақта қазақ графикасында жасалады деген ойдамыз. Латын әліпбиіне көшуде осындай бастапқы жұмыстар атқарылып отыр.
Бүгінгі күні бұқаралық ақпарат деректеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда . Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білідерді.  Демек, латын әліпбиінің біздің отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды роль атқаратыны сөзсіз [5].

Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу мәселесі бүгінгі күннің  өте өзекті мәселесі. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру үрдісінің ерекше­лік­теріне байланысты», — деп Елбасы айтқандай латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда.
Біз әлемдік қауымдастыққа кіріп отырған мемлекет ретінде латын әліпбиі қазір қазақ халқы үшін қажеттірек. Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым А.Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық», — деген болатын.  Бұл – ХХ ғасырдың басындағы қоғамдағы коммуникациялық үрдістерді зерделеуден туған ой болатын. Қазір адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басып отыр. Жазудың маңызы бұрынғыдан бірнеше есе өскен заман. Сондықтан, әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас  түркі  халықтары қолданатын латын әліпбиіне көшу – жаһандану дәуіріндегі рухани жаңғырудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ…

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан халқына Жолдауы / 14 желтоқсан 2012 ж. /http://www.akorda.kz/kz/official_documents/strategies_and_programs.
  2. Қазақстан. Ұлттық энцклопедия / Бас ред. Б. Аяған. – Алматы. 2004 ж. – 238 б
    3.Гүлфар МАМЫРБЕКОВА, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты http://anatili.kazgazeta.kz/?p=10394
  3. Росол Сайратхан. Еуразия гуманитарлық институтының колледжі КЯЛ – 31 тобының студенті/https://www.qazaquni.kz/2013/02/26/15387.html
  4. Зәуре АРЫНОВА, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының кіші ғылыми қызметкері.ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ МӘСЕЛЕСІ/http://e-history.kz/kz/contents/view/6807/.