Бастауышым-балбұлағым!

                                                        Бастауышым-балбұлағым!

Мақсаты:а)Білімнің сара жолы мектептен басталатынын, білімнің кең дүниеде өмірге есік ашатынын сезіндіру.Білімге деген құштарлығын арттыру, оқуға білімді болуға шақыру.Білім негізі бастауыштан қаланатын оқушылық өмірдің бастапқы баспалдағын аяқтаған бүлдіршіндердің аяулы ұстазымен қоштасу рәсімін жасау.

ә) Бастауыш сыныбымен,білімнің алғаш есігін ашқан ұстаздарымен қоштастыра отырып,жоғары сынып мұғалімдеріне әр баланы өз ерекшелігімен таныта отырыа,сәт-сапар  тәлеп табыстау.

б) Бастауыш мектептен алған білімдерін,өнерлерін байқату,ортаға салу.Ұстаз еңбегін бағалай білуге,жан-жақты білім алуға,саналы азамат болуға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: слайд,шарлар,кілт,

 Сабақ барысы:

 Көңілді әуен ойналып тұрады.

«Домбыра дастан» ансамблінің орындауында халық  күйі  «Айжан қыз» күйлерін  тамашалаңыздар.

Мұғалім:Құрметті  ұстаздар, ата-аналар,оқушылар!Кеше  ғана білім ордасына тарыдай болып еніп, жан-жақтарына таңырқай қарап, жүрексіне табалдырық аттаған кішкентай бүлдіршіндеріміз бүгін, міне бой түзеп, ойларына сана қосып, еліміздің саналы бір азаматтары болғалы отыр.

Бүгінгі «Бастауышым-балбұлағым!» атты ертеңгілігімізге қош келіпсіздер!Әр жанұяға береке, бірлік,табыс тілей отырып, тойымызды бастауға рұқсат етіңіздер!

Ақжол:Армысыздар,мұғалімдер әз жандар!

Білім іздеп инемен құдық қазғандар,

Сан ұрпақты тәрбиелеп оқытқан,

Өмір деген үлкен жолда тарландар.

Бүгін міне қоштасады бастауышпен балбұлақ,

Әніменен жырына, тарландарым сал құлақ,

Кеше сәби, бүгін міне, жас ұлан.

Лаулап жансын болашағың шамшырақ.

Райса: Қош келіпсіз,ақ жаулықты аналар,

Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.

Алдарыңызда жауқазындай құлпырған,

Біз алаңсыз балғын шақты балалар.

  Ақжол: Қош келіпсіз, өр тұлғалы әкелер,

Қыран құстай болашағын мәпелер.

Бүгін, міне бастауышпен қоштасады,

Азамат боп, кешегі сәби-еркелер.

1-2 жүргізуші қосылып бірге :

Қош келіпсіздер, құрметті қонақтар!

Ақжол:Енді,бастауыш сынып бітіруші түлектерін ортаға шақырайық.

( музыка әуенімен оқушылар қолдарын бұлғап , ортаға шығады)

4-сынып оқушылары бәрі қосылып бірге:

Мектеп-кеме, білім-теңіз,

Барар жерге тез жетеміз.

Адаспаймыз ұлы жолда,

Ұстаз берген білім қолда.

 

 

 

Райса:Нұр жүзінен жылы шуақ төгілген,

Шәкіттерін сүйген таза көңілден.

Тағлым беріп жас ұрпаққа қашанда,

Өз соқпағын тапқан мынау өмірден-дей келе, құттықтау сөз  және ата-аналарды мадақтау  мектеп директоры  Гүлсара Қабылшақызына беріледі.

Хор. «Бастауыш мектеп».

Райса:«Біз қандай едік?» енді  барлығымыз тақтаға көңіл аударайық. (интерактивті тақтадан  5-6 минуттық көрініс)

Райса: Міне,содан бері табаны күректей 4 жыл өтті.Уақыт озды, біз де есейдік.Бұл уақыт ішінде көп нәрсені білдік, үйрендік.

Ақжол:Сұлулықты, мейірімділікті, жақсы көруді, қадірлей білуді, әдемі сөйлеуді, кішіпейіл болуды, бәрін де тең көруді, жақсы мен жаманды ажыратуды, үлкенге кіші, кішіге үлкен бола білуді- міне, осы адамзат баласына тән жақсы қасиеттердің бәрін-бәрін осы мектеп қабырғасындағы бізге білім мен тәрбие беретін ұстаздардан үйрендік.

Райса: Біз не үйрендік?

Әсел: Оқуды, жазуды, есеп шығаруды,ән айтып, би билеуді.Үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды, жерімізге, елімізге жақсылық жасауды.Халқымыздың әдет-ғұрпын,салт-дәстүрін үйрендік.

Ақжол: Біз нені сүйеміз?

Ғалымжан:Отанды, ата-ананы,халқымызды, достарымызды, жақынымыз бен алысымызды, құрбы,-құрдастарымызды, табиғатты, ел байлығын, ұстаздарымызды, алтын ұя мектебімізді.

Райса: Біз нені ажырата білеміз?

Гаухар: Жақсылық пен жамандықты, арамдық пен адалдықты, ақ пен қараны.

Ақжол:Бізді болашаққа не бастайды?

Рақымжан:Ұстаздың көрсеткен жолы,ата-ананың ақылы,болашаққа деген сенім.

Райса: Біз кім боламыз?

Алм.:Адал азамат,ақылды бала,оқымысты ғалым,елім сүйген ер,нағыз адам.

Ақжол:Осыдан 4 жыл бұрын,бүгінгі кейіпкерлеріміз,біреуі анасымен,біреуі әкесімен,енді біреуі ата-әжесімен қол ұстасып мектеп табалдырығын аттап еді.

Райса:

Олар алғашқы күннен бастап ұстаздарымен танысты,партаға қалай отыру керектігін,басқа да мектеп ережелерін үйренді.

Ақжол:

Қолдарына қалам ұстап,А әрпінен бастап,42 әріпті  танып,1-ден 100-ге дейінгі,1000-ға дейінгі сандарды санай алатын дәрежеге жетті.

Райса:

Содан бергі 4-жыл ішінде талай бойымызға сіңіріп үйрендік.Бүгін міне,соның айғағы ретінде, бастауыш мектеппен және бізді білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстазымызбен қоштасқалы отырмыз.

Адильхан:

Бізді үйреткен білімге жалықпастан,

Рақмет ұстазыма көзімді ашқан.

Біз-шәкірт, біз-Отанның болашағы,

Білімнің басқышына қадам басқан.

Әсел:

Өзгеріп жатыр бүгін қала, қырым,

Құп алып бара  жатыр болашаққа,

Аяулы жеті жасар балалығым.

Рақымжан:

Мен бүгін бұрынғыдан саналымын,

Қоңырау боп күмбірлейді жаңа күнім.

Дәптердің жазылмаған ақ парағы-

Ақ көйлек жеті жасар балалығым.

Мейірбек:Өмірімнің көктемін,

Сенде өткізем деп келдім.

Алтын-ұя мектебім!

Тұрғангүл:Армандарым көп менің,

Атқарамын деп келдім,

Асыл – анам мектебім!

Азамат:Өнерпазың көп сенің,

Өнер табам деп келдім.

Өз бесігім – мектебім!

            Саясат. Мектебім-мәңгі бапкерім,

             Қарызбыз саған бәріміз.

Өзіңе деген парызды,

Ақтаймыз талай әлі біз.

Райса:Абылайхан мен Гаухардың  орындауында «Мектеп вальсі»

Ақжол:Ал балалар, осы білім ордасына келгенде ,алдымыздан күлімдеп қарсы алған алғашқы ұстазымызға не тілек айтамыз?

Аяжан Е:Сен менің әкемдейсің,анамдайсың,

Мен үшін армандайсың, алаңдайсың,

Ұстазым, сенен артық ақылшым жоқ,

Адалдық мен парасаттан жаралғансың.

Нұрбақыт:Көңілін бар шәкірттің таба алатын,

Кеуделерге намыс отын жаға алатын.

Өзіңдей болса, шіркін, барлық ұстаз,

Жез таңдай ,күміс көмей, сөзі алтын.

Аяжан М:Білім алған өзіңнен,

Дәрігер, ұшқыш, не ғалым,

Саған ыстық сезіммен

Қарайды жұрт мұғалім.

Мен де өзіңді әрдайым,

Қамқорым деп ұғамын.

Күліп атқан таңдайын,

Жарқынсың сен мұғалім.

Айдарбек:Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән-мағына,құдіретті күш, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ.

«Мұғалім–мектеп жүрегі»-деген Ыбырай Алтынсарин атамыз.Жүрексіз өмір болмаса,мұғалімсіз білімнің,тәрбиенің іске аспайтыны белгілі.Өмірдегі қоғам қайраткерлері, небір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер,тіпті арман қуған жеткіншектер де бәрі-бәрі бір адамға қарыздар.Ол –Ұстаз! Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес.Адамды тәрбиелеп,оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш.Сондықтан да ұстаздың еңбегі –ұлы екен.

Ұстаздардың бар айтқан,

Ұлағатын ұғыңдар.

Сөйтіп әрбір сабақтан,

Сәл есейіп шығыңдар.

Дамир:

Жастың өсті санасы,

Елжірейді жүрегі.

Бастауышқа бар бала,

Алғыс айтып жүреді.

Гаухар:Көлге айналған бұлақтың,

Том-том болған кітаптың.

Басы болған Бастауыш!

Әлім:Қоңырау сыңғырла асыға,

Үн қосқан қиядан асуға.

Білімал, еңбек ет, жас ұлан,

Өрле сен, биік шың басына.

Бибинур:Жадыраған жаздай жылы жаны бар,

Жақсылықтың шырағы боп жағылар.

Қадірлі ұстаз гүлмен бірге жолдаған,

Шәкіртіңнің жүрек сөзін қабыл ал.

Муханбетали:Әліппемен аштым өмір есігін,

Тербетемін білім бөбек  бесігін.

Өмір деген өрлі өзенге шомылып,

Жаттап өстім ұстазымның есімін

Айдарбек. «Ұстаз деген…» өлеңнен үзінді оқиды.

Әлім. Ұқсаттың ба сіз бізді балаңызға,

Ұқсатып ек, біз сізді анамызға.

Жақын тарттың, біртіндеп бауыр бастық,

Жүргеніңді ұнатып арамызда.

Алмағанбетов А:Кеп-кешегі тосырқау қайда қалған,

Шықпаушы едік бір елі айналаңнана.

Мейірің бе,ұстаздық жүрегің бе,

Жан дүниесін баланың жайлап алған.

Ғалымжан:Ұстаздардың ұлағатты сөзінен,

Өмір бойы таусылмас нәр аламыз.

Ұстаздардың мейірімді көзінен,

Бізге деген жылылықты табамыз.

Мұғалім, ғазиз мұғалім-

Сарқылмас мәңгі бұлағым.

Ұланның бүгін тойыңда,

Арнадым саған бұл әнді.

Дамир:Есімде ұстаздың алғаш қарсы алғаны,

Айқара есік ашып тастағаны.

Бір мереке думан боп осы маңда,

Жетелеп бір сыныпқа алып барғаны.

Енді,міне,сағымдай боп өте шықты,

Төрт жыл уақыт аз ба екен, кім біліпті,

Ұстаз ана жасады мына бізден,

Ел таңғалар азамат бір-бір мықты.

 Әсел:Бастауышым-балбұлағым,

Алдым сенен балдың дәмін.

Әріп танып, білім алып,

рахметімді жаудырамын.

Бастауышым-балбұлағым

Лаулап жансын шам-шырағың,

Өзің берген біліміңмен,

Самғап ұшты тау қыраның.

Өтті сенде-қызық шағым,

Бастауышым-балбұлағым.

Қоштасар күн жетті міне,

Қимастықпен қол бұлғаймын!

Біржан: Білімнің қайнар бұлағы,

Өнердің жарық шырағы.

Тұрағы өзің мектебім,

Шәкірттің асыл қырағы

            Бибинур: Нәріңді беріп құрғатпай.,

             Сусаған шөлді қандарған.

Сәулені шашып жүрекке,

Жанымның отын жандырдың

 Райса:Бала шаққа болашақты жырлатып,

Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.

Күн нұрындай сәуле қонған көңілге,

Ән шырқайық ұстазыма қымбатты.

Хор: «Алғашқы ұстазым».

Райса:

Ақ сәуледей аралап,

Аспан астын жайласын.

Біздің әнге қосылып,

Бұлбұл құстар сайрасын.

Қансын әбден құмары,

Жұрт көңілі жайнасын,

Біздің балғын бишілер

Қазақ биін сыйласын.

Класымыздың бишілерінің орындауында  «Қазақ биін» қабыл алыңыздар.

Сериккалиев Ж:Білім негізі бастауыш мектеп.Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан үрпағын   ойлы   да  іскержігерлі де батыл,өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік,дүниетанымы дұрыс   қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша.

     Әділхан:Тәрбиенің сан-салалы,күрделі мәселелерді терең ойлауға бастайтын,күнделікті тұрмыста кездесетін дағдалар арқылы баланың жан дүниесіне әсер ететін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы-бастауыш мектеп.

      Әсел:Бастауыш саты-білім,дағды,іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алумен кез-келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауыштан қаланбақ.

Гаухар:«Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға»,«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады», деп айтқан Абай. Ал, Чех педагогы Я.А.Коменский «Мұғалім мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қиял әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп,нұр құятын тынымсыз жалын иесі»,-деп ұстаздар қауымын жоғары бағалаған.

Сақып: Адам өміріндегі ең қымбат жанның бірі-ұстаз.Өйткені ол оның көкірек көзін ашып, дүниетанымын кеңейтіп, қиялға қанат қақтырды.

Дамир:Сондықтан да болар небір дарынды ойшылдар да, көк төсін шарлаған ғарышкерлер де, жүрек жұтқан батырлар да, қарапайым еңбек адамдары да, ұстазды пір тұтып, ерекше қадірлейді.

Райса:Өнерге әр кез құмар жаны тым биік

Жаңа ғасыр, жаңа үмітті тұр қүтіп.

Қарсы ал, қане, үздік шыққан үлгілі,

Шәкіртттерді аңсайтындай жол күтіп,-дегендей көңілді сөз тапқыш жігіттерімізді ортаға шақырайық. …Қалалық оқушылар сарайында өткен «Көңілді ұлдар» мерекелік байқауында 2-орынды  иеленген «Беу,ұлдар-ай» тобы.

КВН

Райса:Құлақтан кіріп, бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй

Көңілге түрлі ой салар

Биді сүйсең, менше сүй…

Ортада  «Ча-ча-ча» биі.

Ақжол:Биылғы оқу жылындағы жетістіктерімізді де айта кетуіміз керек.Класымызда 8-үздік,11-екпіндіміз бар.

Райса:«Ақ бота» интелектуалдық марафонына 4 бала қатыстырылып, оның 2-еуі,Нуржанов Адильхан мен Айдарбек Абылайхан, жүлделі 2- орынға  ие болды.

Ақжол:«Золотое Руно» интелектуалдық конкурсқа 6 оқушы қатыстырылды.Оның 2 оқушысы, Сериккалиев Жасулан мен Нуржанов Адильхан , жүлделі 2- орынға ие болды.

Райса:«Русский медвежонок» интелектуалдық марафонында,Муханбетали Алишер 2-орынға ие болды.

Ақжол:Салауатты өмір салтын қолдау мақсатында спорт әлемінің болашақ жұлдыздарын ортаға шақырайық…Таэквандо-дан Жексенгалиев Рақымжан,2-орын иегері атанды,ал Батаев Мейірбек 3- орынды иеленді.Бокске қатысып жүрген оқушыларымыз да жеткілікті.Жасұлан,Абылайхан, Мейірбек,Әлім,Ақжол  атты оқушылар қатысып, өз өнерлерін көрсетуде.

Райса:«Дарина» оқу орталығында ағылшын тілін үйреніп жүрген   Адилова Әсел атты қызымыз да  бар.

Ақжол:«Сказка» Изо студиясына Спамбетова Айя мен Есеркенова Аяжан және «Суретшілер» лицейіне  Самет Ғалымжан атты кластарымыз да қатысып жүр.

Райса: Айналайын-2011 «Бейнелеу өнері» номинациясында кіші жас санаты бойынша Есеркенова Аяжан бас жүлдені жеңіп алды.

Ақжол:Класымызда мың бұралған бишілеріміз де,домбыраның құлағында ойнаған домбырашыларымыз  да жеткілікті.

Райса: Жамандықтан сақтандырған

Жақсы істі мақтан қылған.

Білім берген ұстаздарды,

Билерімен шаттандырған.

Болашақ жастар биін жалғастырушы жас бүлдіршіндерді шақырамыз.

Ақжол:Класымыздың дарынды оқушылары мен таланттарына арнап Сериккалиев Жасулан «Ақ тілек » әнін орындайды, қабыл алыңыздар.

Рақымжан.Біздің жамандығымызды жасырып,жақсылығымызды асырып жүрген-ана!Қиындықта әркез сенімен бірге болатын да – ана! Бұл өмірге бәрміз оған қарыздармыз.

Маратқызы.Әр ана өз баласын мейірімді болса екен, жақсы оқып, елге қалаулы азамат болса екен дейді.Халқымызда мынадай бір нақыл сөз бар:«Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, борышыңды өтей алмайсың»- деген.Алайда,ардақты анамыздың ақ сүтін ақтай білгенге не жетсін!

Ақжол:

Шашу,шашу шашайық,

Ақ сандықты ашайық,

Бұл мереке бұл тойдың,

Бастаңғысын жасайық.

Райса:Ана жанын ана болсаң ұғарсың,

Алдыңдағы ол бір биік құз бен шың,

Балаң үшін кеуде керіп қуанып,

Балаң үшін биіктен де құларсың.

Сөз кезегін ата-аналарға береміз.

Ақжол:Ата-аналарға арнап,Райсаның орындауында «Анашым» әнін қабыл алыңыздар.

Райса:«Домбыра дастан» ансамблінің орындауында трио,Құрманғазының күйі  «Қайран шешем», қабыл алыңыздар.

Райса: Бүгінгі қоңырау үні біз үшін ерекше.Ол біздің бастауыш сыныппен қоштасып, сәби шақтан өмірдің келесі баспалдағына-оқу,білім,ізденіс жолдарына шығарып салатын қоңырау үні.(қоңырау соғылады)

Хор : «Қоштасқым келмейді».

Мұғалімнің қорытынды сөзі:

Құрметті оқушылар!

Міне, алғашқы басқыш бастауыш мектепті тәмәмдап,ортаңғы буынға көшкелі отырсыңдар. Қаумалаған көпшілік, ата-аналар, ұстаздар қауымы-сендер не білді, нені үйренді, білім мен тәрбиені қалай меңгерді деп сынай қарап отыр. Міне , балалар сендер осы сыннан сүрінбей өттіңдер.

Бастауыш мектеппен қоштасу салтанатын аяқтай келе,4 сыныпты сапалы білімдерімен аяқтаған оқушыларыма,жоғары сыныпқа барғанда да,осы сапалық құрамын сақтап,үнемі жақсы оқуымызбен,  болашақ Тәуелсіз еліміздің тірегі болар азамат боп өсіңдер деп тілек білдіремін.

Ал ата-аналарға айтарым: қырандарыңыздың білім қанаттары талмасын.Тек биікке самғасын дегім келеді.

Алдарыңда ұзақ жолың бар,

Оқумен өсіп толыңдар.

Қиындыққа мойымай,

Аман есен болыңдар,- деп ,«Бастауышым- балбұлағым!» атты ертеңгілігімізді  аяқтаймыз.

Келесі ,« Бастауышпен қоштасу »

 

 

 

                                                    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

№ 36 қазақ орта мектебі

 

 

 

 

Бастауышым-балбұлағым

(4-кластар ертеңгілігі)

 

 

 

 

                                                              Өткізген:Р.Е. Каршагина

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақтөбе-2017