Эссе «Спорттың адам өміріндегі маңызы»

 

» Дені сау адам — табиғаттың ең қымбат жемісі» — деп британдық жазушы Томас Карлейль айтқандай денсаулығы мықты адам қоғамға да, табиғатқа да зор пайдасын тигізері анық. Денсаулық — адам өміріндегі баға жетпес байлықтардың бірі десем артық айтқаным болмас. Ал осы денсаулықтың қадірін біліп, сақтап жүрміз бе? Ауырған адам ғана денсаулығының қадірін біліп, денсаулығын нығайтудың жолдаарын іздей бастайды. Дені сау адам бұған тіпті мән бермеуі де мүмкін. Дегенменде көптеген аурулардың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұмытпағанымыз жөн. Денсаулықты сақтаудың бірнеше жолы бар, солардың бірі — спорт.

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата — бабаларымыз “тәні саудың – жаны сау” — деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады.

Бұл туралы ұлы ойшыл Ибн Сина да өз шығармаларында айтқан. Ол сондай — ақ спортты мағынасына қарай жеңіл, ауыр, ұзын, қысқа сияқты бірнеше түрге бөлген. Денсаулық пен өмірді дамыту үшін кем дегенде спорттың 33 түрінен жаттығу жасау керектігін айтқан.

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына орай Президентіміздің «Еліміздің болашақта гүлденуі бүгіннен басталады» атты жолдауындағы 4 — ші бөлімі азаматтарымыздың салауатты өмір сүруіне арналғаны барлығыңызға мәлім.

Мұны Елбасы жолдауындағы «Салауатты өмір салтын ынталандыру әрқайсымызға, дұрыс тамақтануымызға, есірткілерді, темекі мен алкогольді тұтынуды қойып, тазалық пен санитария шараларын сақтауымызға және т. с. с. бағытталған» деген жолдарынан байқауымызға болады.. Дене тәрбиесі – қоғамдағы жалпы мәдениеттің бөлігі, адамның дене қабілеттерін дамыту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің бір саласы. Жастардың жан – жақты дамуын дене тәрбиесінсіз елестету мүмкін емес. Денесі жақсы дамыған деп күн режиміне спортпен жүйелі айналысуды енгізген, ағзаның шынығуы үшін табиғи факторларды тұрақты пайдаланатын, жұмысты белсенді демалыспен кезектестіріп отыратын жас адамды айтамыз. Бір сөзбен айтқанда, дене тәрбиесі — барлық тәрбие атаулының бір саласы. Оның түп қазығы — қозғалыс, қозғалыссыз тіршілік болмақ емес. Дене тәрбиесі жаттығуларын жүйеге түсіріп белгілі бір мақсатқа бағыттаса, оның берері көп. Бірінші байлық — денсаулық деген, ал сол денсаулықтың кепілі – спорт. Спорт сөзінің мағынасы кең. Дене тәрбиесі соның құрамдас бөлігі, дәлірек айтқанда бастапқы баспалдағы. Онымен тұрақты шұғылданған адамның денсаулығы мықты болмақ. Бұл сөз кезегінде жақсы оқуға жемісті еңбек етуге деген ынта — жігерді арттырады.

Ал жасампаз еңбек елдің табысын еселейді. Отанның данқын асқақтатады. Денсаулығы күшті, бойында қуат күші мол шымыр — шыныққан, жан — жақты дамыған адам Отаншыл келеді, Ата — баба аманаттан қалдырған байтақ жерді қорғауға қабілетті келеді.