«Озық ойлы оқушы» (оқыту қазақ тілінде емес 3-4-сынып оқушыларына арналған).

                                                                                    

Тақырыбы: «Озық ойлы оқушы» (оқыту қазақ тілінде емес 3-4-сынып оқушыларына арналған).

 

Мақсаты: оқушылардың ана тілінің көркемдігін сезініп, сөз құдіретін түсініп, оның адам өміріндегі маңызын ұғуға үйрету.  Жас ұрпақты ана тілінің қадір-қасиетін білуге шақыру, тілге деген құрметтерін арттыру. Ана тілінің кең қанат жаюына үлес қосуға, мақтан тұтуға тәрбиелеу.

 

Көрнекілігі: презентация, шарлар, интерактивті тақта.

Барысы:

«Көңілашар» күйі ойнап тұрады.

Жүргізуші:

— Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың! – деп, Мағжан ақын жырлағандай,  құрметті қонақтар, оқушылар, 3-4 сынып оқушылары арасында өтетін  «Озық ойлы оқушы» атты сайысымызға қош келдіңіздер!

 

Жүргізуші:

— Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені, бүгінгісі, болашағы.

Қазақ тілі өзінің даласындай бай. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап, еркін есіп тұрады. Қазақ тілі қасиетті қазақ домбырасының үнімен үндесіп жатады. Ана тілі – бұл әкенің тілі, туған халықтың тілі.

Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.

Тіл туралы тақпақтар.

Олай болса, тілге деген құрметтерін өлең жолдарымен жеткізгісі келетін                    2-сынып оқушыларын ортаға шақырамыз, қарсы алыңыздар!

1-оқушы  (Рүстем)

Ана тілім–елдігім
Ана тілім-ерлігім.
Тілді биік құрметтеп,
Тойлап жатыр ел бүгін.

 

2-оқушы (Данил)

Ана тілім-тірегім
Ана тілім – жүрегім.
Қасиеті елімнің
Тек өзің деп білемін.

 

3-оқушы (Леша)

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

 

4-оқушы (Рома)

Ана тілім – анам,
Аппақ қардай арым.
Мұра еткен бабам
Жарқыраған жаным.

 

5-оқушы (Паша)

Кіршіксіз қардай сақтаңдар,

Қазақтың тілін ғаламат.

Ана тіл – арым, иманым,

Аманат, саған, аманат.

 

Жүргізуші:

— Құрметті қонақтар! «Озық ойлы оқушы» атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Толысып Қазақстан  жылдан-жылға,

Ел  болды  күн ілгері, алып тұлға.

Тұрады  өлкемізде көп  ұлт бірге,

Бөленіп күн  сипаты достық-нұрға,-  дей  отырып,

ортаға сайыскерлерді шақырайық, қошеметпен қарсы алыңыздар.

Құрманғазының «Сарыарқа» күйі ойнайды.

Сайыскерлер ортаға шығады (Лена, Паша, Влад, Ульмас, Максим, Никита, Таня, Никита Мухтаров).

— Құрметті сайыскерлер сіздерге сәттілік тілейміз.

Бүгінгі сайысты әділ бағалайтын, қазылар алқасымен таныстыру.

— Әділқазылар әр кезеңнен кейін оқушылардың жауаптарын бағалап отырады, баға – 1-ден 5 ұпайға дейін, әр толық, дұрыс жауап 5 ұпаймен бағаланады.

Жүргізуші:

— Сайыстың кезеңдерімен таныстырып өтейін:

1-кезең – «Білімді мыңды жығар» (сұрақ-жауап).

2-кезең – «Мың бір мақал» (мақал-мәтелді жалғастыру).

3-кезең — «Өлеңмен өріп ойымды» (тақпақты жалғастыру).

4-кезең – «Өнер алды — қызыл тіл» (сөз тізбектерін құру)

5-кезең – «Қырағы көз» (көру диктанты)

6-кезең — «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» (жаңылтпаш айту, жұмбақ шешу).

Олай болса, сайысымызды бастайық!

 

 

 

 

Жүргізуші:

Бәйгеге түсіп жарыспай,

Жүйріктің бағы жанар ма?

Білім мен өнер жарысып,

Тәрбие-тәлім табар мән.

Бұл бәйге ойдың бәйгесі,

Кім жүйрік ойға сол – алда, — дегендей,

1-кезең «Білімді мыңды жығар» сұрақ-жауап сайысы.

Балалар кезекпен слайдтағы қызыл немесе сары түсті цифрды таңдайды.  Сұрақты  мұқият тыңдап, дұрыс жауап берген оқушыға таңдаған санына қарай ұпай қосылатын болады. Егер сұрақтың жауабын білмесе, қарсыластары жауап беруіне болады.

Сұрақтар:

Қызыл түс

10 – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін атаңыз.

(ҚР Мемлекеттік туы, елтаңбасы, гимні)

20 — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі? (Қазақ тілі)

30 — ҚР-ның Мемлекеттік Туының авторы кім? (Шәкен Ниязбеков)

40 — ҚР-ның Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары кімдер?

(Шота Уәлиханов,  Жандарбек  Мәлібеков)

50 — ҚР-ның Мемлекеттік Гимнінің авторлары кімдер? (Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев; әнін жазған — Шәмші Қалдаяқов).

 

Сары түс

10 – Суретте бейнеленген қай ертегі және ертегі кейіпкерлерін атаңыз.

(«Шалқан» ертегісі)

20 — 16 желтоқсан қандай мереке? (Тәуелсіздік күні)

30 — Портреттегі кім? (Ыбырай Алтынсарин), Ы. Алтынсарин кім? (жазушы,

       ағартушы-педагог, фольклоршы, этнограф, қоғам қайраткері)

40 — Н. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан туралы нақыл сөзі? (Бұл дүниеде

       біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан)

50 — Жанды сұрақ (бейнежазба): «Байқоңыр» ғарыш алаңы қайда орналасқан?

      («Байқоңыр» ғарыш алаңы Қазақстан Республикасының Қызылорда

        облысының аумағында  орналасқан.)

Жүргізуші:

Өсірген ой-білімді

Сүйем туған тілімді.

Мақсат етем әр сөздің

Мәнін терең білуді.

2-кезең «Мың бір мақал» мақал-мәтел сайысы. Сайыскерлер мақал-мәтелдердің жалғасын айтады, алдарыңыздағы тетікті басып, жауап беретін боласыздар.

  1. Отансыз адам – ормансыз бұлбұл.
  2. Еңбек түбі – зейнет.
  3. Отан – оттан да ыстық.
  4. Ас — адамның арқауы.
  5. Еңбегі аздың өнбегі аз.
  6. Оқу – білім бұлағы.

 

  1. Көз қорқақ, қол батыр.

 

  1. Ерді еңбек жеткізер.

 

  1. Еңбек етсең ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.

  1. Ұрлық, ұрлық түбі — қорлық.

 

Жүргізуші:

3-кезең — «Өлеңмен өріп ойымды» тақпақты жалғастыру сайысы. Бұл сайыста оқушылар тақпақты жатқа айту шеберліктерін көрсететін болады. Тақпақты жатқа айтам дейтін сайыскер тетікті пайдаланып, жауап береді.

Тақпақтар

Отан сенің – ата-анаң,

Отан – досың, бауырың.

Отан – өлкең, астанаң,

Отан – аудан, ауылың.

***

Шыр-шыр еткен торғайды,

Қорғамасақ болмайды.

Кіп-кішкентай торғайлар,

Ағаштарды қорғайды.

*** 

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық.

Сиса көйлек үстіңде

Тоқуменен табылған.

Сауысқанның тамағы

Шоқуменен табылған.

Өнер-білім бәрі де

Оқуменен табылған.

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық.

***

Ана, әже, апалар,

Құтты болсын мереке.

Осы келген ортаға

Тілейміз біз береке.

***

Наурыз тойы тамаша,

Наурыз тойы жаңаша.

Табиғат та тамаша,

Тамылжып тұр жараса.

*** 

Ақпыз, қара, сарымыз,

Ағайынбыз бәріміз.

Ортақ болсын асар тау,

Жеміс толы бақша-бау.

 

Жүргізуші:

Ат өнері білінбес,

Бәйгеге түсіп жарыспай.

Ер өнері білінбес,

Қоян қолтық алыспай.

4-кезең – «Өнер алды — қызыл тіл» сөз тізбектерін құру сайысы.

Оқушылар «ОТАНДАСТАР» сөзінен  бірнеше сөз құрастыруы керек.
1 минут уақыт беріледі, уақыт аяқталған соң әр оқушы құраған сөздерін оқиды.  

Жүргізуші:

5-кезең — «Қырағы көз» көру диктанты. Бұл кезеңде оқушылар тақтада жазылған он сөзді оқып, естеріне сақтайды және  алдарындағы қағазға жазады, ол үшін 1 минут уақыт беріледі.

Отан, елтаңба, наурыз, сейсенбі, алтыбақан, тәрбиеші, көктем, қымыз, кереге, еңбек.

6-кезең «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» жаңылтпашты жаңылмай айту және жұмбақтардың шешуін табу сайысы.

Бұл сайыстың шешуші кезеңі болғандықтан мұқият болыңыздар. Жауап беру кезінде тетікті басуды ұмытпаңыздар.

Жаңылтпаштар

  1. Қыста құлағым үсіп кетті,
    Үсіп, ісіп кетті.
  2. Жұмаш, көзіңді жұм, аш – деді Күләш.
  3. Көк көйлек, көк көйлек,

Тек өзіме дөп көйлек.

 

  1. Жағажай,

Жағажайда – Қамажай.

 

  1. Ғарышкер ұшты ғарышқа,

Ғарышқа ұшты ғарышкер.

Айтшы, ғарыш алыс па?

 

Жүргізуші:

— Әрі қарай сайысымызды жұмбақ шешумен жалғастырамыз.

Жұмбақтар

Қыста ғана болады,

Ұстасаң қолың тоңады. (Қар)

 

Шелек қалпақ басында,

Сәбіз екен танауы.

Қыста қардан тұрады,

Танып көрші сен оны. (Аққала)

 

Бар ма, жоқ па, оны білмейсің,

Ол жоқ жерде өмір сүрмейсің.  (Ауа)

 

Қалқиған ұзын құлағы,

Елеңдеп қорқып тұрады. (Қоян)

 

Уақытты санайды,

Ешкімнен сұрамай.

Тіліңді алмайды,

Құлағын бұрамай. (Сағат)

 

Жүргізуші:

— Міне, сайысымыз өз мәресіне де келіп жетті. Ендеше, әділқазылар алқасы жүзден жүйрік, мыңнан шыққан тұлпарды анықтап, қорытынды шешім шығарғанша, кезекті биге берейік.

БИ «Мамбо» (2-сынып оқушылары).

Жүргізуші:

— Қорытынды шешімді тыңдау үшін сөз кезегін қазылар алқасына берейік.

 

Марапаттау барысында «Первая фанфары» әуені қосылады.

(Қазылардың қорытынды шешімін тыңдау, сайыскерлерді марапаттау).

Соңы: («Хафиз» күйі қосылады)

Әрбір тілде сөйле әлемді таң қылып,

Ана тілін білмеу қандай заңдылық.

Өсер балаң, байтақ далаң тұрғанда

Қазақ тілі жасау керек мәңгілік – деп,

«Озық ойлы оқушы» атты сайысымызды аяқтаймыз. Алтын уақыттарыңызды бөліп, кешімізге келгендеріңізге алғыс айтамыз. Жақсы күндерде жүздескенше, сау болыңыздар!