Мектепалды даярлық сыныптарындағы жаңартылған тәрбие мен оқыту мазмұнын іске асырудың негізгі бағыттары 

Павлодар облысы

Баянауыл ауданы

№1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің

мектепалды даярлық эксперимент сыныбының тәрбиешісі Борог Сункар

 

 

 

Мектепалды даярлық сыныптарындағы жаңартылған тәрбие мен оқыту мазмұнын іске асырудың негізгі бағыттары

Қай елдің болсын өсіп-өркендеуі,  ғаламдық  дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына  байланысты.  Болашақ ұрпақтың дүниежүзілік сапа деңгейінде дамуына ықпал ететін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны жаңартылған білім берудің мазмұнына қойылатын талаптар мен күтілетін нәтижелерді анықтап берді. Мектепалды даярлық сыныптарында сауат ашу негіздері  мазмұнында өзгерістер болды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың стандартына сәйкес,  үлгілік оқу бағдарламасы бойынша «Коммуникация» білім беру саласының Сауат ашу негіздері мазмұнына күтілетін нәтижелеріне және 1-сынып Сауат ашу пәнімен сабақтастықта  «Әліппе» оқу-әдістемелік кешені дайындалып,  №1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің мектепалды даярлық сыныбы «Алматыкітап» баспасының «Әліппе» оқулығын апробациядан өткізу жұмыстарын атқарды. «Әліппе» оқулығы  №1, 2 жұмыс дәптерлері, электронды құрал, педагогтерге арналған әдістемелік нұсқаулықпен қамтыды.

Әрбір бөлімше ішінде жүйелілікпен құрылған оқу мақсаттары педагогке жұмысын жоспарлауға, балалардың жетістіктерін бағалауға және оларға оқытудың келесі кезеңдері туралы ақпарат беруге мүмкіндік береді. «Әліппе» бойынша қойылған мақсат пен міндеттерді жүзеге асыру үшін  оқулық пен жұмыс дәптерлерінің мазмұны 8 тарауға бөлініп, осы тарауларға сәйкес ұйымдастырылған оқу қызметінің  тақырыптары таңдалды:

  1. Мен кіммін және қандаймын?
  2. Мектепке не үшін барамыз?
  3. Менің айналамда кімдер бар?
  4. Менің айналамды не қоршап тұр?
  5. Жолдар бізді қайда бастайды?
  6. Салт-дәстүрді білу не үшін керек?
  7. Мен үшін не дәмді және пайдалы?
  8. Денсаулықты қалай күту керек?

Жоспарды құрастыру барысында оқу іс-әрекетіне деген қызығушылығын, фонематикалық есту-тыңдауын, дыбыс, буын, сөз, сөйлем туралы алғашқы ұғымдары мен түсініктерін, сызба-модельдерді қолдана отырып, сөзге дыбыстық талдау жасау, дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырату, сөздерді буынға бөлу дағдыларын, қабылдау қабілеттерін және тұрақты зейінін, ауызша, жазбаша тілін дамыту әрі қалыптастыру  мақсаттары ескерілді.

Педагогтерге арналған әдістемелік нұсқаудың мақсаты – педагогтерге мектепалды балаларына сауат ашу негіздерін меңгертудегі «Әліппе» оқу-әдістемелік кешеннің негізгі идеялары мен күтілетін нәтижеге оңтайлы жетудің тиімді әдіс-тәсілдерімен таныстыру. Әліппе оқу-әдістемелік кешенінің бір ерекшелігі – балалардың жетекші әрекеті ойын екендігі ескеріліп, сенсорлық және ұсақ моторикасының дамуын қамтамасыз ететін әрекеттермен ұштастырылуы. Оқулықтың суреттері, безендірілуі, іс-әрекеттердің балалардың психологиялық және жас ерекшелігіне қарай құрылуы – басты құндылықтарының бірі. Әліппе оқулығының қалыптасу тарихында А.Байтұрсыныовтың талдау-жинақтау әдісін, баланың өмірлік тәжірибесімен байланыстыру, күнделікте өмірде қолдану әдістерінен  бастап және дүниежүзіндегі оқулықтарға талдау жасалынып, ең қолайлы тұстары, әдістемелері негізге алынды.

Белгілі психолог Д.Б. Эльконин баланың мектептегі оқуға даярлығы оның дамуының төрт бағыты бойынша анықтады:

  • Ырықты мінез-құлықты қалыптастыру;
  • Танымдық іс-әрекет (құралдар мен эталондарды меңгеру);
  • Эгоцентризмнен децентрацияға өту;
  • Мотивациялық даярлық.

Аталған бағыттардың барлығы балалардың ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылып, соның ішінде Әліппе оқу-әдістемелік кешенінде сөйлеу іс-әрекетінде басты міндеттер ретінде көзделген. Мектепалды балалардың  балалардың төрт түрлі  сөйлеу іс-әрекетін: тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдылары арқылы қалыптастыруға бағытталған. Бұл дағдылары баланың кез келген орта жағдайында бəсекеге қабілетті болуға, қарым-қатынас үдерісінде тиімді қолдануға мүмкіндік береді және алғышарты қаланады. Мектепалды даярлық сынып балаларының барлық іс-әрекеті, оның ішінде оқу іс-әрекеті тыңдалымның негізінде жүреді

Тыңдалым – ауызша ақпаратты түсіну және қабылдаумен байланысты тілдік әрекеттің өнімсіз түрі. Айтылым – ауызша вербалдық қарым-қатынас арқылы жүзеге асатын тілдік әрекеттің өнімді түрі. Ауызша қарым-қатынасты айтылыммен тыңдалым құрайды, он әдістемеде тыңдалым деп атайды. Тыңдалым жəне айтылым бағыты балалардың тыңдалатын материалдағы ақпаратты түсіну жəне фонематикалық есту мен қабылдауды дамытуды қамтамасыз етеді.

Тыңдалым іс-әрекетін қалыптастыру жылдың басынан алғашқы ұйымдастырылған оқу қызметінен жылдың аяғына дейін қалыптасуын бірізді жүзеге асырылуы қарастырылған. Әсіресе, оқулықта және электрондық құралдағы тапсырмалар арқылы барлық сабақтарда, оның ішінде алғашқы 8 сабақта негізгі тыңдалым мен айтылымға ерекше мән беріледі.

Әліппенің алғашқы кезеңінде сөйлеу, сөйлем, сөйлем түрлері, сөз, буын, дыбастарды үйренеді.  Буын деген ұғыммен практикалық тұрғыда танысады. танысады. Осы тәріздес практикалық жолмен басқа да грамматикалық ұғымдарға мән беріледі.

Айтылым мазмұны – ауызша түрде ойды жеткізу. Айтылым негізінде дыбыстау, лексикалық және грамматикалық дағдылар жатыр. Айтылым монолог және диалог түрінде болады. Мектепалды балалары қарым-қатынас міндеттерін тиімді шешу мақсатына сәйкес тілдік құралдарды таңдау.  Тілдің диалогтік формасын практикалық меңгеру. Әңгімені бастау, қолдау, аяқтау және зейінін аударту біліктілігін меңгерту. Мәселен, рөлдерге енгізіп, мынандай тапсырмалар берілді: Сатушыдан ым-ишара арқылы бір ойыншықты сипаттап сұра. Мысалы, доп пен секіртпені қолыңмен қалай бейнелер едің?

Дыбыстарды үйрету барысында басты көңіл бөлетін мәселе –  олардың сөздік қорын байыту. Балалардың сөздік қоры әрбір дыбысты меңгерту барысында жетілдіріліп отырады.

Оқылым – жазбаша сөзді түсіну мен көру арқылы қабылдауға бағытталған тілдік әрекет. Оқылым – жазбаша мәтінді түсіну және қабылдаумен байланысты тілдік әрекеттің өнімсіз түрі. Оқылымда мәтінді толық түсіну үшін, лексикалық, грамматикалық, фонетикалық және ақпараттық белгілердің толық қатарын мегеру қажет.  Мектепалды балалар үшін оқылым күрделі іс-әрекет. Сондықтан бастапқы элементтері енгізілді.

Жазылым оқылыммен өте тығыз байланысты. Мектепалды балалары жазылым іс-әрекеті арқылы сөз және сөйлем бойынша графикалық сызбалар құру; штрихтар, жиектердің элементін салу, баспа әріптердің жиегін басу,  әріптің жазба түріннің элементтін жазу дағдыларын меңгереді.

Сөйлеу әрекетінің төрт түрінде тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылымда балаларды жас кезінен халқымыздың дәстүрлі дүниетанымы мен әдет — ғұрпына баулитын, отаншылдыққа және адамгершілікке тәрбиелейтін  мәтіндер, жаттығулар, тапсырмалар қамтылды.

Ұйымдастырылған іс-әрекетінің нәтижелі болуы үшін оқытылу мақсаттары, күтілетін  нәтиже, тілдік мақсаттар байланыста болу керек. Өмірлік тәжірибені маңыздандыру бөлімі негізгі тақырыптқа көшу көпірі тәрізді, балалардың бұрын меңгергеніне, өмірден көрген білген білімі, біліктілігі мен дағдысына, қабелеттеріне сүйеніп жаңаны  табуға бағытталады.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың оқу бағдарламасы.

«Алматыкітап баспасы» 2017 жыл.

 

  1. Мұғалімдерге арналған нұсқаулық «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ. Педагогикалық шеберлік орталығы,  2016 ж.

 

  1. org/ou-jilinda-azastan-respublikasini-jalpi-orta-bilim…