Елін сүйген,елі сүйген Елбасы

                          Елін сүйген,елі сүйген Елбасы

 

Қырықбай  К.М. – тарих пәнінің оқытушысы

«Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының колледжі»

 

                                                                               

Алдына ұлы мақсаттар қоя білген ғана ұлы табыстарға қол жеткізе алады.

                                                                                                              Халық нақылы.                       

                                                                                 Атадан жақсы ұл туса,

                                                                            Елінің туы болады…

                                                                                                        Қазыбек би.

 

 

      Сонау бір замандарда Қазақ елі не қиындықты көрмеді.Өз жері,өз елі үшін жанын қиса да жұмыр білегінің күшімен,ақ найзасының ұшымен қорғап,кейінгі ұрпағына мұра етіп қалдыра  білді.Кешегі ел басына қара түнекті нәубет төндірген сұрапыл соғыс жылдарында да  кеуделерін оққа төсеп,байтақ Отанды қорғап қалды.Жетпіс жыл бойына  тоталитарлық өктем биліктің де әділетсіз екпінін көрді. «Қаншама қырғын болса да ажалды өледі» дегендей,соның бәрінен де аман – есен өткен бұл қазақтың да құдайы бар екенін көретін күн туды.Оның бағына  туған Нұрсұлтандай  ұлының арқасында  сол қазақ бүгін өз егемендігін алған,тәуелсіз мемлекеттің иесі атанған. Сан жылдар бодан болып мемлекеттігінен, елдігінен айырылған қазақ халқының дербес шаңырағын көтеру Елбасына оңайға түспеді.

Американдық  қоғам қайраткері Роберт Кеннеди : «Тарихтың өзі алдына бас иетін ұлылар біздің ішімізде соншалықты көп емес, бірақ әр адам оны сәл де болса өзгерте алатындай еңбектенуге қабілетті… Азамат тарихы өрлік пен сенімнің қисапсыз үлгілері негізінде жасалады»,-деп айтқандай  қазақ халқының тарихына елеулі өзгеріс енгізген ұлы тұлғаның бірі ретінде  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты айтар едім.Өйткені  халқының бағына туған дара  да дана тұлға Нұрсұлтан  Назарбаев — көреген көшбасшы, сарабдал саясаткер. Ел өмірінің түрлі салалы тіршілік-тынысын терең білу, маңдай тіреген мәселелердің ең негізгісін тап басып тани алу, ел ішілік  және әлемдік ахуалдармен санаса отырып, басты әрекеттерге бару және сол жолда таңдалған бағытын табандылықпен жүзеге асыру- Елбасымыздың мемлекет басшысы ретіндегі басты қасиеті болып табылады. Міне жиырма төрт жылға артта қалған уақыт бұл күнде біз үшін бір ғасырға татитындай зор мазмұн мен шежіреге толды.Олай дейтін себебіміз Елбасымыз жарғақ құлағы жастыққа тимей,талмай қызмет істеп,осы уақыт ішінде жүз жылда атқарылатындай жұмыс тындырылуына қол жеткізген болатын.Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың «Жарық болсаң,жарықты кім көрмейді»дегеніндей,  әлем елдері  сол жарықты көріп,бағасын берді,мойындады және құрметтей  бастады.

Біздің Елбасымыз Қазақстанды  бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін жеті рет өлшеп,бір рет кесе отырып,батылдық пен сақтықтың тамаша үйлесімін тауып пайдалана алды. Экономика мен қоғамды ең тура жолмен бастай білді.Демек,  елімізді ел қылған, азаматтарымызды биікке көтерген  Елбасымыздың ерен еңбегін немен өлшесек те лайық екені сөзсіз. Кезінде Алаштың айбыны болған  Абылай хан:  “Үш жүздің ба­сын қоссам, қала салсам, сөй­тіп көшіп-қон­ған жұртымды ел етсем” деген арма­ны биік болатын. Абылайдың  сол ар­ма­нын жүзеге асырған, аманатқа адал бол­ған адам – Нұрсұлтан        На­зарбаев.

Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы,Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының салынуы,келешек ұрпақ үшін Ұлттық қордың құрылуы,жастарға арналған «Болашақ»  бағдарламасын,Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік құру, елорданың  Алматыдан Ақмолаға көшіруі,еліміздің Еуропа қауіпсіздік  және ынтымақтастық ұйымына төраға болуы,интеграциялық бастамалар, экономикалық жаңғыртулар  және тағы басқа көптеген іс-шаралар біздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың  іске асырған  тарихи бастамалары  мен  идеялары. Ішкі және сыртқы тұрақтылық сақталып, елдің қауіпсіздігі мен ұлтаралық келісім реттелді. Шынында да көп ұлтты республиканың тынышын кетірмей ұстау, ондағы әр ұлттың өкілдерінің тілін табу, көрші мемлекеттермен тату — тәтті қатынас орнату үлкен жүректі, асқан ақылды, парасатты адамның ғана қолынан келетіні сөзсіз.Олай болса,Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір қазақстандық үшін ұлы тұлға.Қазақстан халқына абырой мен даңқ әкелген көшбасшысының жетекшілігімен  өзгерістер толастар емес. Соның бірі, Астанамыздың ЕХРО-2017 бүкіләлемдік  көрмесін өткізу құқығына ие болуы — Президентіміздің бойындағы  қайраты мен көреген сарабдал саясатының жемісі деп түсінемін.Сонымен қатар Қазақстанның ХХ ғасырдың 90-шы жылдарындағы  күйзелісті күндерден  бүгінгі биіктерге жетуінің бір сыры- оның биік мақсаттарды көздеген ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарының  1997 жылы Елбасымыздың   алғашқы Қазақстан халқына арнаған  Жолдауымен шыққан болатын.Қазақстан басшысының оңайға соқпайтын мәселелермен бірге алысты көздейтін осындай маңызды құжат жасауы ерлікпен бірдей болды.Бұл Жолдаудан  кейін де Қазақстан Президенті  Қазақ елінің  қысқа және орта мерзімдік мақсаттарын  айқындайтын және оған апаратын жолды  нұсқайтын Жолдауларымен бірге, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол»  атты  тарихи  Жолдауында еліміздің  жақын  келешектегі  даму  бағытын  айқындады. Сөйтіп  Тәуелсіз Қазақ мемлекетін сенімді түрде алға бастыруда.Қазақтың «Көреген басшы елді өсіреді,күшті майдан ерді өсіреді» деген сөз тегін айтылмаса керек.

Бүгінгі  таңда құлашын кеңге жайған байтақ елге айналып, болашақты  байыппен бағдарлап, өтпелі кезеңде халықпен бір болып, елдің еңсесін көтеруге аянбай ат салысқан  Елбасымыздың зор еңбегін  қазақстандықтар  жоғары бағалайды.Олай дейтін себебім,Елбасы өзінің білімдарлығымен, қарапайым халықпен қарым-қатынаста болуымен,ұстанған ұстанымы, адамдардың жанын  тереңнен түсіне білетін, батылдығы, жігерлігі,саясатта дұрыс мақсат қоя білуі және соған жете білетін қасиеттерімен елді еңсере білді. Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан бүгінде жаңа заманның  есігін ашып, әлем таныған өркениетті елдердің қатарына қосылып отыр. Қоғам қайраткері М.Жолдасбеков Ұлы қазақ даласында бұрын да әрқалай мемлекеттік құрылымдар болғанын, бірақ олардың ешқайсысы дәл бүгінгі қазақ мемлекетіндей төрт құбыласы түгел, дербес мемлекет болмаған деп айтуы осыған дәлел болады.

Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың лирик ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деген өлең жазған еді. Қазақ жерінде заман ауысып, үлкен өзгерістер болып жатқан кезде, ескіні қиратып, жаңа тұрмыс құруға ел кірісіп жатқанда ұлтжанды ақын алдағы бар болашақты жастармен байланыстырып, сол жастарға үміт артқан болатын.

Жас қырандар – балапан,

Жайып  қанат ,ұмтылған.

Көздегені көк аспан,

Мен жастарға сенемін!..

Мен сенемін жастарға!

Алаш атын аспанға,

Шығарар олар бір таңда,

Мен жастарға сенемін!-  деп ақынымыз М.Жұмабаев жырлағандай ,ХХІ ғасырдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  жастарға арнайы  үн қатты.Елбасының  “Қазақстан-2050” Стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді. Бүгін мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді.

Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер»,-  деп атап көрсеткеніндей келешек ұрпақтың болашаққа деген сенімін арттырады. Олай болса,  Қазақстанның келешек жастары, болашақта Елбасының дамыған 30 елдің қатарына ену жоспарына белсенді атсалыса отырып,  Мәңгілік Елге бастайтын, абыройлы әрі мәртебелі жолды жалғастыру үшін,біз оған бар білімімізді, күшімізді саламыз деп есептеймін.Өйткені,Елбасымыздың  қоғам алдына басты міндет- бұл келешек ұрпақтың дені сау, білімі терең, мәдениеті жоғары азамат болуы  қажет екенін баса айтуы тегін емес.

Қорыта келгенде,халқына деген шексіз сүйіспеншілігін, сенімін,білімі мен саяси көрегенділігін, бар қажыр-қайраты мен арманын ісімен дәлелдеген  Елбасымыздың өмірі ұрпағына өнеге боларлықтай екеніне ешкім шек келтірмейді деп білемін.Өйткені Н.Назарбаев – өз халқының бар қадір-қасиетін,тілін, тарихын,мәдениетін,салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, халқының сенімін ақтап келе жатқан өз елінің адал перзенті.Қазақ Елін,қазақ халқын,Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемнің тануы Қазақстан Президентінің есімімен тығыз байланысты екенін бүкіл халық біледі. Сондықтан  қазақ елін осындай биікке көтерген,өзі ең бастауында тұрып,барша халқының бақыт  таңын  аттырған  Елбасымызға  жүрек түкпірінен өз алғысымды арнай отырып, жарқын болашаққа апаратын сара жолымыз мәңгілік жалғасын таба берсін демекпін.

 

Қолданылған әдебиет тізімі:

1.Қазақстан Республикасының  Президенті  Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы  -2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауы.

  1. «Қазақстан — 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.

3.М. Жұмабаевтың шығармалары, Алматы: «Жазушы» 1989 ж.

  1. «Егемен Қазақстан» қаңтар,2011.