ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА ЭЛЕМЕНТТЕРІН АНА ТІЛІ САБАҒЫНДА ҚОЛДАНУ

 

 

ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА ЭЛЕМЕНТТЕРІН АНА ТІЛІ САБАҒЫНДА ҚОЛДАНУ

 

Кенжеғалиева  А.Ж.

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр орта мектебі мұғалімі

 

 

Қазақ халқының өте әрiдегi ата-бабаларының өмiр сүрген кезiнен бастау алып, күнi бүгiнге дейiн кәдесiне жарап келе жатқан рухани мұралардың бiрi – халықтық педагогика.

Халық педагогикасына академик А.Э. Измайлов мынадай анықтама береді: «Халық педагогикасы – ұрпақтан ұрпаққа көбінесе ауызша түрде жалғасып келе жатырған халықтың тарихи және әлеуметтік тәжірибесі жемісінің жинақталып және іс жүзінде тексерілген білімінің, мағлұматының, дағдылардың жиынтығы» [1].

Халық педагогикасын зерттеу негiзiне педагогикалық мазмұн мен бағыттағы халық ауыз әдебиетiнiң шығармалары, этнографиялық материалдар, халықтық тәрбие дәстүрлерi, халықтық ойындар, отбасы тәрбиесiнiң тәжiрибелерi т.б. жатады. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлiм-тәрбиенiң белгiлi жүйесiнде жас буын жадына бiртiндеп сiңiрiп отыратын арнаулы жолдар, тиiстi тәсiлдер де болған. Мәселен, мақал-мәтелдерде адамгершiлiк, имандылық тәрбиесiне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда – ақыл-ой тәрбиесi, өлең, жыр-дастандарда-әсемдiк тәрбиесiнiң негiзгi принциптерi, ол ертегiлер халықтық тәрбиенiң сан алуан мәселелерiн қозғайтын тәлiмдiк материал ретiнде пайдаланылған. Демек халықтық педагогика — тәлiм-тәрбиелiк ой-пiкiрдiң iлкi бастауы, халықтың рухани мұрасы.

Қазақ халқы арнайы бала тәрбиесiмен айналысатын қоғамдық орындары болмаса да, өз ұрпағын бесiкте жатқан кезiнен бастап-ақ өлең-жыр мен әңгiме, ертегi, тақпақ, санамақ арқылы тәрбиелеп отырған. Бала аяғын жерге нық басқаннан-ақ қоршаған ортаның құпиясын ғылыми тұрғыдан сезiнiп бiлмесе де, жапан дүзде жолсыз жерлермен жұлдыздарға, түрлi белгiлерге қарап жол тауып, қаршадайынан-ақ есiту, көру сезiмдерi шынығып, алыстағаны болжайтын, жоғалғанды табатын iзшiл де, құралайды көзге атып түсiретiн мерген де болған. Кәсiбi, тiршiлiгi мол шаруашылығына байланысты болғандықтан, бала 5-6 жасынан-ақ ат құлағында ойнай бастайды. Оқусыз-ақ бiр есiткенiн қалтқысыз есте сақтайтын қабiлетi күштi, әңгiмеге үйiр көшпелi халықтың баласы небiр қызықты ертегiлердi, жыр-дастандарды жаттап алады. Сөз өнерiнiң әдемi кестелерi олардың сөйлеу қорын байытып, мағыналы да мәндi сөйлеуге жаттықтыра беретiн.

Болмысқа танымдық қатынасты ояту және тәрбиелеудің бір жолы — өмірді тікелей бақылаудан басқа, танымдық әдебиеттерде жатыр, әсіресе, халық ауызекі шығармашылығының үлгілеріндегі. Бұған дәлел ретінде С.Ұзақбаеваның еңбектерін алуға болады. Оның пайымдауынша, қазақ халқының шығармашылығында, әсіресе эпостар мен ертегілерде жекелеген құбылыстар фантастикалық бейнелермен әсірелеп көрсетілгенімен, шын мәнінде олардың мазмұны объектілі болмыстың көрінісі болып табылады [2].

Айта кету керек, халық педагогикасының асыл мұралары бастауыш мектептің білім мазмұнында өзінің орнын алуда.

Қазір мектеп оқушылары  “Ана тілі”  оқулықтарының жетілдірілген нұсқасын қолдарына алды, онда халық педагогикасының элементтері енгізілді:

— балаларға арналған тақпақ, санамақ, мазақтау, өтірік өлең, т.б.

— төрт түлік жырлары: төрт түлік туралы өлеңдер, мал, жан –жануарлар айтысы, т.б.

— ертегілер: хайуанаттар жайындағы ертегілер

— аңыз  әңгімелер : тазша бала, Алдар көсе, Қожанасыр туралы, т.б.

— шешендік сөздер: әйгілі билер мен шешендік сөздері

— жұмбақтар мен жаңылтпаштар:   әр түрлі тақырыптағы

— орыс халқының ертегілері: хайуанаттар жайындағы

— өзге халықтардың ертегілері: хайуанаттар жайындағы.

Бүгінгі күні оқытуда қойылып отырған талаптардың бірі — өмір шындығын балаларға халық ауызекі шығармашылығы арқылы көрсету, оның негізінде балалардың ой-өрісін, қиялын, эстетикалық және адамгершілік сезімдерін дамыта отырып, олардың халық шығармашылығына сүйіспеншілігін, қызығуын арттыру. Ендеше оқу материалдарын сабақ мазмұнына сай етіп, оларды енгізу –балалардың алған білімін толықтырып, жан-жақты дамуына ықпал етпек.

Егер халық ертегілеріне педагогикалық-психологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, мұның жеке тұлғаға танымдық әсері жоғары. Өйткені, онда табиғи құбылыстардың және адам өмірінің алуан түрлі қырлары, сыртқы көріністері адамның ішкі психологиялық жан-дүниесіне теңеп бейнелеу шебер берілген.

Балалардың әсемділікті сезініп, түсініп, оған қызыға білу олардың өмірді ерте тануына көмектеседі. Әрине, ертегілердегі суреттелген туған жер байлығы, табиғат сұлулығы, жер бетінің көріністері, ертедегі батырлардың оларға деген көзқарасы, олардың халық бақыты үшін күресі, киген киімі, пайдаланған қару-жарағы, сауыт-сайманы, мінген аты балаларға өмірді танып білудің маңызды құралы болады.

Демек, жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелі, қабілетті азамат етіп өсіруде халық ертегілерінің танымдық-тағылымдық рөлі орасан зор. Халық ертегілерінің оқушыларды жан-жақты тәрбиелеу мүмкіндіктері шексіз, өйткені ол жеке адамның бөліктеріне (танымдық, еріктік, қажеттілік, қызығу) әсер етеді. Ертегі балалар алдына адамға тән сезімдер дүниесін ашып, жеке адамға, кейіпкердің жан дүниесіне қызығу тудырады.

Ертегі – бұл халық ауызекі шығармашылығының бір тармағына жататын, атадан балаға ауызша берілетін, халықтың аңсаған арман-қиялынан туған шығарма. Ертегілердің өзіндік құрылымы, көркемдік ерекшелігі бар. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір сюжетке құрылады, оқиға желісінің басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі  болады. Ертегі баяу басталып, оқиға желісі күрделене түседі. Мұғалім ертегі элементтері арқылы бала сезіміне жол табады. Ертегі кейіпкерлерімен кездесу балаларды немқұрайлы қалдыра алмайды. Бақытсыздыққа ұшыраған кейіпкерге көмек беруге деген тілек, ертегідегі жағдайларды түсіну баланың ақыл-ой қызметін белсендіреді, бақылағыштығын, нәрсеге, затқа қызығу және қуанып қайғыра білу қабілетін, эмоциялық және образдық есін, қалжың сезімін дамытады, бағалай білу (қу, сараң, ақылсыз, т.б.) іскерлігін, әдеттегіден ерекшені, таңғажайыпты көре білу, таңқалу іскерлігін қалыптастырады.

Ертегілердің танымдық-тағылымдық рөлі К.Ушинский, А.Макаренко, В.Сухомлинский еңбектерінде ерекше көрініс тапқан. Аса көрнекті педагог В.Сухомлинский өзінің педагогикалық қызметінің өн бойында мектеп оқушыларын тәрбиелеу және дамыту мәселелерімен шұғылданды. Ол «Ертегісіз, творчествосыз, фантазиясыз толық мәнінде тәрбие жүзеге аспайды» деп санады [3]. Ол өз тәжірибесі арқылы бірінші сыныптан бастап-ақ кішкентай балаларды шығармалар құрастыруға үйреткен.

Кейінгі кезеңде қазақ ертегілерін М.Әуезов, М.Ғабдуллин, С.Садырбаев, С.Қасқабаев және басқалардың қосқан үлесі елеулі болды.

Белгілі қазақ жазушысы, академик Әуезов Мұхтар қазақ фольклористерінің арасында алғашқылардың бірі болып ертегілерге былай деп алғашқы анықтаманы берді: «Ертегі деп баяғы замандағы елдің дүниеге көзқарасын білдіретін, я сол көзқарастың белгілі ізін көрсететін, одан соң, елдің белгілі салтын білдіретін, арнаулы үлгі айтатын, жамандықты жерлеп, жақсылықты көтеріп айтқан ойдан шығарған көтерме әңгімені айтады».

Біздің зерттеу жұмысымыздың мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығуын қалыптастырудағы қазақ халық ертегілерінің мүмкіндіктерін анықтау. Осы мақсатпен біз мектептегі сынып және сыныптан тыс жұмыстарда оны пайдалану үшін қазақтың халық ертегілеріне сұрыптау жасадық. Ең әуелі балалардың жас ерекшеліктері, есте сақтауы және көлемі, зейіннің тұрақтылығы ертегінің көркемдік және тәрбиелік жағынан құндылығы есепке алынды.

Балаларды бастапқыда заттар мен құбылыстардың қозғалғыштығы, жылжымалылығы, тек содан кейін оның туу себептері қызықтыратыны туралы психологиялық мәліметтерге (А.Запорожец, Д.Эльконин, А.Леонтьев және басқалар) сүйене отырып, біз ертегілерді сұрыптап алуда мынадай келесі көрсеткіштерді де есепке алдық: ертегінің түсініктілігі; нақтылығы; мазмұндылығы; мәнерлілігі; эмоционалдығы; танымдылығы; баяндау сыршылдығы (лиризм); көркемдігі; оқиғаның бейнелеу динамикасы (талас-тартыс, жанжалдар, сюжеттің тез дамуы); ертегі кейіпкерлері арасындағы қарапайым өазара қатынастары; ертегі мәтінінің көлемі (бастауыш сынып оқушыларының қабылдауы үшін қиын емес және өте ұзақ ертегілер).

Сонымен, жоғарыда айтылғандарды есепке ала отырып, ертегілердің педагогикалық маңыздылығы мынада деп айтуға болады:

  • эмоционалдылығында;
  • эстетикалылығында;
  • танымдылығында.

Педагогика ғылымы қалыптаспаған кездің өзінде-ақ, халықтың даналығы сол, күнделікті өмір тәжірибесінен адамның қалыптасып дамуына қатысты небір тәрбие заңдылықтарын ерте анықтаған. Осы халықтық тәрбиедегі ең басты ғылыми түсініктердің бірі – баланы ақыл-ой жағынан дамыту заңдылықтарына қатынасты. Халық баланы ақыл-ой жағынан дамыту, бала тәрбиесінің басты мәселелерінің бірі деп қараған және мұны «көп ойнасан бала боласың, көп ойласаң дана боласың», «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды», деген түсініктермен береді.

Бұл түсініктердің барлығы да баланың ақыл-ойын дамыту үшін қиындығы бар тапсырмаларды орындау, баланың ақыл-ойын арттырып, шығармашылығын шындайды деген тұжырымға келеді. Ал, халық яғни баланың ақыл-ойын дамыту үшін, оның ойына күш түсіру, ойланта білу қажеттілігін айта отырып, осы негізде мынадай тәрбиелік дүниелер жасаған жұмбақтар, жаңылтпаштар, санамақтар, өтірік өлеңдер т.б. Соның ішінде жұмбақтарға келетін болсақ:

Жұмбақтардың барлығы да екі бөлімнен тұратынын байқаймыз. Оның біріншісі жұмбақ етіп айтылуы болса, екіншісі оның шешілуі. Бірінсіз бірінің мазмұны түсініксіз болып қалады. Жұмбақтардың айтылуы мен шешімін табу әрқашан қатар тұруды қажет етеді. Бала жұмбақты жаттауда:

  1. Жұмбақты жаттап, есінде сақтайды.
  2. Жаттаған жұмбағын екінші балаға айтады.
  3. Екінші бала сол жұмбақтың шешімін табады.

Жалпы, бұл бала есінің дамуына жүру, айналасындағылармен қарым-қатынас жасауға талпыну, ойын әрекеті елеулі орын алады. Баланың есте қалдыруындағы негізгі ерекшелік-заттың сыртқы түрлеріне, көңіл бөлетіндігі суретке түсіріп алғандай есте сақтайтындары да кездеседі, психологияда мұндай естің  түрін эйдетикалық ес деп атайды.

Бала жұмбақты жаттап алу үшін:

  1. Сол жұмбақты зейін қойып тыңдайды.
  2. Айтылған нәрсенің мағынасына түсінеді, ол ойлау процесімен байланысты (салыстырады, ұқсас нәрсені іздейді)
  3. Есінде қалдыруда бірнеше рет қайталайды.

Зейін дегеніміздің өзі адам санасының белгілі бір затқа бағыттала тұрақталуы, яғни бала өзінің барлық ойын күш-жігерін сол нәрсеге бағыттайды. Ал екінші бала енді жұмбақтың шешімін табу үшін ойлана бастайды.

Мамықтай ұлпа,қанттай ақ.

Қыста жер бетін басады,жазда сайға қашады

(қар)

Үй үстінде ұсақ тас.

(Жұлдыз)

Бала осы жұмбақты айтылған көрініске ұқсас не бар? деп ойлана бастайды, өзінің күнде көріп, қолмен ұстаған нәрселердің бәрін көз алдына елестетіп, жұмбақтағы айтылған нәрселерге ұқсас екінші затты іздейді. Жұмбақтарды Аристотель «Жан-жақты жымдасқан метафора» дейді, яғни затты бейнелеп, баламалап сипаттау арқылы ұқсас заттардың қасиеттерімен түріне, көлеміне, аумағына зер салып, жұмбақты шешеді.

Екінші бұл, бала бір затты, екінші бір заттың түр-түсіне балап, салыстыра отырып жұмбақты шешеді.

Көк көйлекті жеңешем,

Көлбең-көлбең етеді.

Артындағы баласы,

Елбең-елбең етеді.

(Түтін) немесе

Жағалай-жағалай тас қойдым,

Жирен атты бос қойдым.

(Тіс пен тіл)

Бала ойланады, жұмбақтағы айтылған көріністі күнделікті көрген заттарымен салыстырып, іздей бастайды, салыстыру дегеніміздің өзі заттардың ұқсастық және айырмашылық қасиеттерін айқындау.

Яғни бала ойлауын дамытуда:

  1. Жұмбақ шешімін табуда өзін-өзі іс-әрекетке, терең ойға жұмылдырады.
  2. Жұмбақтар қарапайымнан күрделіге қарай беріліп отырады.
  3. Бала ойлауы айналадағы нәрселерді қабылдап, көз алдына елестету, еске түсіру негізінде жасалады.
  4. Айтылған нәрсенің мағынасына түсінеді, салыстырады, ұқсас нәрсені іздейді.
  5. Өзінің көргенін жұмбақ етіп айту арқылы жолдасының да ойлау қабілетінің дамуына көмектеседі.

Жаңылтпаштарды жаттап, жатқа айту арқылы баланың ана тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып ой қиялы дамиды, тәрбие алады.

Екінші, бұл балаға жастай тәрбие берудің қажеттілігін де ерте түсінген. Халықтық тәрбие бойынша, баланың тәрбиесі туған, өскен ортасына, ата-анасына, үлкендерге олардың үлгі өнеге байланысты. Осы халық тәрбиесіне орай айтылатын халық педагогикасының көптеген принциптерімен талаптарының ұлы ойшылдардың пікірлерімен сабақтастығы, орайластығы.

Қорыта айтқанда, ақыл-ойы жақсы дамыған жас ұрпақ тәрбиелеуде, халықтық тәжірибеге негізделген тәрбиенің орны ерекше болды.

 

 

Әдебиеттер тiзiмi:

 

  1. Измаилов А.Э. Народная педагогика: Педагогическая воззрения народов Средней Азий и Казахстана.- Москва, 1991. – 260 с.
  2. Ұзақбаева С. Тамыры терең тәрбие. – Алматы: Білім, 1995. – 231 б.
  3. Сухомлинский В. Балаға жүрек жылуы. – Алматы, 1985.