Тәуелсіздік – ата – баба арманы

                                                                      

 

Тәуелсіздік – ата – баба арманы

 

    Мақсаты:

Білімділік: Тәуелсіздік жолындағы күрес шежіресін ұғындыра отырып, оқушыларды отан сүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу.

    Дамытушылық: Оқушылардың тәуелсіздік алғаннан кейінгі

жетістіктерімен таныстыру, білімдерін кеңейте түсу.

Тәрбиелік: Елінің байлығын қорғауға, болашақта Отанымыз

Қазақстанды өркендетуге білімді адамдар керек екендігін түсіндіру.

 

 

Көрнекілігі: «Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында  кітап көрмесі, әрбір бөлім бойынша слайдтар.

 

 

Жоспары:

 

1-бөлім: «Ел болмысы- өткен тарихтан»

2-бөлім: «Тәуелсіздіктің ұлы тұлғалары»

3-бөлім: «Тәуелсіздік шежіресі»

4-бөлім: «Сеңді бұзған — 86»

5-бөлім: «Тәуелсіздік текке бізге келмеген»

 

Жүрісі:

1-жүргізуші: Армысыздар ұстаздар мен оқушылар және бүгінгі мектебімізге келген қадірлі қонақтар!

2-жүргізуші: Тәуелсіздіктің  27  жылдығына арналған  «Тәуелсіздік – ата – баба арманы»  атты кешімізге қош келдіңіздер!

Хормен әнұран орындалаы.

1-жүргізуші: Бабаларымыз мирас еткен, білектің күші, найзаның ұшымен біріктіріп ел еткен Қазақстан Республикамыздың тәуелсіздік алғанына – 27  жыл.

2-жүргізуші: Қазақ халқы ежелден мерексін ән- жырмен, бимен, сал – серісін шақырып, салт- дәстүрімен таңқалдырған халық емес пе?

1-жүргізуші: Иә, дұрыс айтасың.Ежелден еркіндік аңсаған қазақ елім, мың өліп, мың тірілген тарихы мен өркениеті бар бүгінде дүниежүзіне танымал қазақ елінің самғау жұлдызы биік!

2-жүргізуші:

— Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен күн тірілген.

1-жүргізуші:

-Талай – талай заманды кешкен елмін,

Жұт арытып, шөл қысып көшкен елмін.

өшіп кетіп бір жылда жер бетінен,

өзге орында балалап өскен елмін.

 

2-жүргізуші:

-Таңба – таңба тәнімнің тыртықтары,

Қатпарында қаншама сыр тықпады.

Шежіренің беттерін ашар о да,

Оқи алсаң кітаптай, сүртіп қанын.

 

1-жүргізуші: Олай болса, кешіміздің І бөлімі «Ел болмысы- өткен тарихтан» атты бөліміне тоқталайық!

 

1-оқушы: Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан- ғайыр алқап – көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бергі ірге тепкен атақонысы.

2-оқушы: Ұлан-ғайыр атырап, Ертіс пен Еділге дейін,Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік атажұрты.

1-оқушы: Ұшқан құстың қанаты талатын осынау кең даланы біздің ата-бабамыз ғасырлар бойы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келді.

2-оқушы: Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын қазақ халқы өзінің жер бетінен жойылмай, іргелі ел, жоралы жұрт, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – оның еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы.

1-оқушы: Сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті.

2-оқушы: Бостандық бұғауынан босанып, бостандыққа қол жеткіздік, ата – бабамыз жете алмай, ғасырлар бойы армандап өткен Тәуелсіздікке ие болдық. Қазақ елінің тәуелсіз дербес ел болып, көк байрағын көкке көтергеніне де, міне – 27  жыл.

1-оқушы: Бұл далада халқым 300 жыл бостандық пен еркіндік жолында соғысты. Солардың ішінде жалпы халықтық сипатталып, бүкіл қазақ даласын шарпыған қасіреттің ең ірісі 200 жылға созылған Жоңғар басқыншыларымен жүргізген шайқасы еді.

2-оқушы: Ақырып теңдік сұраған ата – бабамыздың аялаған арманын біз бағалай аламыз. Исатай, Махамбет, Кенесары- Сырым жан қиып, аһ ұрған арманы- тәуелсіздік. Қалқанына қазан-қазан ет тураған, жебемен тіс шұқыған батыр елдің ұрпағымыз!

1-оқушы:  «Көргені бар көргенін істейді, көргені жоқ ойына келгенін істейді» демекші, аштан қырылды, ел әдеп-ғұрпынан, салт-дәстүрінен ажырады, азамат кісіліктен қалды, баласы ата- анасын кәрілер үйіне өткізіп, ата- ана баласын жетімдер үйіне қалдыратын болды, ұрпақ ана тілінен айырылды, сөзден –дауа, істен береке кетті.

2-оқушы:  «Елім бар жұрт едім ғой, елім қайда, төрім бар жұрт едім ғой, төрім қайда» дейтін қаһарлы ұранмен желтоқсанның үскірігіне қарамай, ұл-қыздарымыз жойқын батылдығымен дүниежүзін дүр сілкіндірді.

1-оқушы: Халықаралық қоғамдастық Қазақстанды адамзат тарихында бірінші болып ядролық қарудан өз еркімен  бас тартқан ел, дүниежүзілік қауіпсіздік пен бейбітшілікке үлес қосқан мемлекет деп құрметтейді.

2-оқушы: Бір кезде Білге Қаған: «Баз кешсек — өкінерміз, жаңылыссақ –түзелерміз. Біріксең етті, елім» дегендей, жалпақ әлем тегіс мойындаған мемлекет болуымыз, жарық дүние түгел таңғалған Астана салуымыз – соның айғағы.

1-оқушы: Дана халқымыз «еркіндік қайда болса, елдік-сонда, бірлік қайда болса, ерлік сонда» деп айтқанындай, «Қазақ елі» монументі – еліміздің сан ғасырлық тарихына, ұлтымыздың ұлы перзенттеріне, асыл мұратына, атажұртымызға арналған мәңгілік ескерткіш.

2-оқушы: Елім деп еміренген ұлан, ерінің қадірін білгенде ғана біздің тәуелсіздігіміз баянды болмақ. Тілің аман, ділің аман, бауырың бүтін, рухың бұла, мекенің берекелі болғай! Қазақ елі жасай бер!

 

Ән: Б.Тілеухановтың әні «Елім менің»

1-жүргізуші:

— Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен күн тірілген.

2-жүргізуші:

-Жоқ, Қазақ деген ел болмайды жер бетінде,

Мал соңында құл емей, желдейтін не?

Мен – Шыңғысқан атыңды өшіремін,

Менмін сені тірідей жерлейтін де.

 

1-жүргізуші:

-Шегірткедей қаптаған ат тұяғы,

Тозаңдатып талқандап жатты ұямды.

Итүрікті түтеген түтіндерден,

Шат күлкілі даланы жат күй алды.

2-жүргізуші:

-Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым,

Құлап қалсам атымнан қайта тұрдым.

Сансыз басты диюдай сан тіріліп,

Мен қазқпын дегенді айта тұрдым.

 

1-жүргізуші:

— Қан да, көздің жасы да сорықпады,

Күреңітті көлдердің борықтары.

Азан-қазан, Ақтабан – шұбырынды,

Ала топан жоңғардың жорықтары

2-жүргізуші:

-Ықпаған ығыр заман ыңғайына,

Бозторғай ұя салған таңдайына.

Үш бидің тастап кеткен өсиеті,

Ғұмырлық қағида боп тұр бойымда.

 

1-жүргізуші:  Кешіміздің ІІ бөлімі: «Тәуелсіздіктің ұлы тұлғалары»

 

2-жүргізуші:  -Қазақтың құрсағы қашанда қайратын жиып, елдіктің туын мығым ұстаған талай ерлерді тарих сахынасына әкелді. Тарыдай шашырап, жер бетінен жойылып кетер шақта қазақтың басын біріктірген  тәуекелге бел буған Абылай хан еді.

 

Абылай : Әділжан

 

1-жүргізуші:   -Қазақ халқының ХҮІІІ ғасырдағы тарихы арпалысқа толы, жер бетінде бар болу, не жоқ болу деген жан кешті тынымсыз заман еді.

Дос та іздедім жау тисе болыстан,

Қыс қыстатып, жаз бірге қоныстанатын.

Еділ, Жайық, Ертісті жағаладым,

Үміт көрдім құдіретті Ресей елінен.

 

2-жүргізуші: -Бірақ Ресей мемлекеті өз мақсаты үшін жерімізді отарлап, халықты аяусыз езгіге ұшыратты. Осы саясатқа көзін жұмып қарап отырған жергілікті хандар мен билерге, орыс үкіметінің озбыр саясатына қарсы Исатай мен Махамбет, Кенесары,Сырым, Есет, Нұрмұханбет бастаған көтерілістер найзағайдай бұрқ етті.

 

Махамбет: Алтынбек И

1-жүргізуші:

-Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.

Күн күркіреп, жал ойнап, жетті түзге,

Жиырмасыншы жас ғасыр, дауыл ғасыр

Қой торымен бірақ мен жүрмін әлі

Жатқа неге есеміз жем болғаны?

2-жүргізуші: -Енді бұрынғыдай атқа мінгізіп, зеңбірекке қарсы шауып, қанға бөккеннен мән шықпайтын еді. Ендігі жол – қараңғы қазақ халқының санасына сәуле шашып, өнер- білім арқылы – ұлттық санасын оятуды ойлаған қазақ зиялыларының жолы. Олардың із ашары – ұлы Абай.

 

Абай монологы: Гүлраушан С

1-жүргізуші:

ХХ ғасыр Ұлттың Ұлт ретінде өзін тануы, ұлттық болашағы не болды деген сұраққа жауап іздеген ұлт зиялылары тарих сахынасына көтерілді.Олар  Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтар еді.

2-жүргізуші:

-Қазан төңкерісінен кейін ұлт зиялылары – не істеу керек, қалай ел боламыз деп ойын он саққа жүгіртіп, алдымен мемлекетімізді құрып алайық деп, қалғанның бәрі содан соң болады?- деп, Қазақ Автономиясын жариялады. Бұл ұлы қадамның көшбасшылары Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқай еді.

1-жүргізуші:

-Алайда бұл қуаныш ұзаққа бармады. Қазақтың еркіндігінен қорыққан Қызыл империя көсемдері Алаш туының астына біріккендердің бәрін құртты. Қазақтың өз билігі өз еркінен кеткен соң, қара халықты қалай қорлаймыз деп қызыл империя қиналған жоқ.

2-жүргізуші: 1932-1933 жылдардың ашаршылығы

1-жүргізуші: 1936-1938 жылдардың репрессиясы

2-жүргізуші: 1941-1945 жылғы соғыста ең көп қырылған қазақ еді

1-жүргізуші: Ең сұмдығы 1949 жылдан бастап Қазақстан атом полигондарының сынақ алаңына айналды.

2-жүргізуші: 1954-56 жж. Қазақ жеріне өзге ұлттарды топырлатты

1-жүргізуші: -70-80 жылдары тілі мен салт-дәстүрінен айырылып, рухани азу күшейді.

 

 

2-жүргізуші:

1986 ж.Қазақтың рухын таза құртпақшы болды. Жанартаудай бұғып жатқан ұлттық ыза-кегі сыртына бұрқ етіп, Қазақ жастарының көтерілісі басталды.

1-жүргізуші:

Желтоқсанда ақиқатты іздедік,

Қорлығына бодандықтың төзбедік.

Басшы таппай қазағымның бірінен,

Кәне, айтшы, біз олардан кем бе едік?

Желтоқсанның мұзда жанды алауы,

Қолдарында ұстаған бір жалауы.

Ербол, Қайрат,Ләззат пенен Сәбира

Тәуелсіздік болғаны еді қалауы.

Ән: «Қазақстан»

 

2-жүргізуші: Кешіміздің  ІІІ бөлімі: «Тәуелсіздік шежіресі»

 

1-оқушы:

1991 жылы қазан айында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.

2-оқушы:

1994 жылы 30-маусымда қазақ халқының екінші қыраны-ғарышкер Талғат Мұсабаев ағамыздың аспан көгіне 6 айлық сапарға аттанғанын мақтанышпен айта аламыз.

1-оқушы:

1993 жылы, 13-қарашада төл теңгеміз дүниеге келді. Ал,2006 жылы қарашада қолданысқа жаңа үлгідегі теңгелер енгізілді.

2-оқушы:

1995 жылы ақыл – ойдың данышпаны, қазақ халқының дана ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толғанын  ЮНЕСКО көлемінде атап өттік.

1-оқушы:

1995 жылы 30-тамызда Ата Заңымыз қабылданды.

2-оқушы:

1996 жылы 16 желтоқсанда Алматыда Тәуелсіздік ескерткіші ашылды.      Ал, 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдық мерекесі атап өтілді.

1-оқушы:

1997 жылы Астана Ақмола қаласына көшірілді. 1988 жылы мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы үкімет қаулысы шықты.

2-оқушы:

1997 жылы «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып белдгіленді

1-оқушы:

1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы»болды.

2-оқушы:

1999 жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» болып белгіленді.

1-оқушы:

2000 жыл «Мәдениетті қолдау жылы» болды.

2-оқушы:

2002 жыл «Денсаулық жылы»деп белгіленді.

1-оқушы:

2003-2004 жыл «Ауыл жылы» болып саналды.

2-оқушы:

2005 жыл Дүниежүзі қазақтары үшін құрылтай болды.

1-оқушы:

2006 жылы Қазақстандағы Пушкин жылы болды.

2-оқушы:

2006 жыл Ресейдегі Абай жылы деп саналды.

1-оқушы:

2006 жылы 6-қаңтарда әнін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Н.Ә.Назарбаев    жазған «Менің Қазақстаным» атты ҚР жаңа мемлекеттік әнұраны бекітілді.

2-оқушы:

2010 жылы ҚР ҰҚЫҰ Саммитіне төрағалық етті. Осы саммитте Астана   декларациясы  қабылданды.

Ән: «Қазақ елі»

 

2-жүргізуші: Кешіміздің ІҮ бөлімі: «Сеңді бұзған — 86»

 

1-жүргізуші:

Тәуелсіздіктің дабылындай болып, кеңестік жүйені дүр сілкіндіріп, халықтың қалғыған санасын оятқан 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасы.

2-жүргізуші:

1986  жылы 18 минутқа созылған Қазақстан Орталық Комитетінің Ү пленумін халықпен санаспай мәскеуліктердің өздерінің шешуі. Ширек ғасыр басқарған Дінмұхамбет Ахметұлы Қонаевтың орнына Қазақстанға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Колбиннің сайлануы халық ызасын тудырды.

1-жүргізуші:

Пленум шешіміне қарсы шығып ұлт намысын ту етіп көтерген қазақтың өрімдей қыздары мен ұлдарының наразылығын «балалық», «жүгенсіздік», «ұлтшылдық», «нашақорлық пен маскүнемдік» деп әдейі бұрмалап түсіндірді. Бұл жылдар бойы қалғып жатқан намысты оятты.

2-жүргізуші:

Желтоқсан! Сен жайлы ойға батамын,

Бұл іңкәрлік созылады қашанға.

Кім қаншама шексіз сүйсе Отанын,

Оның тартар азабы да қаншама! – деп ақын Мұхтар Шаханов жазғандай, азаттық жолында құрбан болған, азап шегіп, қасірет тартқандардың ерлігін қалай ұмытамыз.

 

Көрініс: «Түрмеде отырған Қайраттың анасымен соңғы кездесуі»

 

 

1-жүргізуші:

Осы әділетсіздіктен қазақ жастарын қорғап, өзінің азаматтық сөзін айта білген халқымыздың патриот ақындары Жұбан Молдағалиев пен Мұхтар Шаханов болды.

   2-жүргізуші:Сонау желтоқсанның ызғары кім – кімнің де ойына түссе қан жылатады. Ал, осы оқиғаның ортасында болған, оны көрген адамдардың жүрегі әлі де сыздайтыны ақиқат.

Сондай жандардың бірі Миялы орта мектебінің мұғалімі Бағдагүл Игенбайқызы.

  1-жүргізуші: Сонау Алматы облысы Кеген ауданының Жалаулы ауылында дүниеге келген Бағдагүл арман қуып, Алматыдағы шет ел тілдері институтының француз тілі факультетіне оқуға түсіп, студент атанған еді. Алайда, 1986 жылғы ақ қар жамылған, ызғарлы желтоқсан айының 17-18 күндеріндегі жантүршігерлік қатал айыптаулар Бағдагүлдің жастық өмірін тас-талқан етті.  

Сол кездегі қазақтың ар-намысын қорғаған жастардың бірі болған Бағдагүл апайды бұл күнде шәкірттері мақтан тұтады.Ендігі сөз кезегін Бағдагүл апайдың өзіне берсек.

 

Ән: «Желтоқсан желі»

 

2-жүргізуші:

Тәуелсіздігіміз үшін мерт болған батыр ұл-қыздарын мақтаныш тұтқан халқы олардың ерлігін мәңгілік қастерлеп өтуді парыз санап, мектептер мен көшелерге, мәуелі гүлзар бақтарға есімдерін беруде.

1-жүргізуші:

Жылдар өтті… Ел еңсесін көтерді. Тәуелсіздікке қол жетті.

2-жүргізуші:

Мен –қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім!

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім!

 

1-жүргізуші:

Кешіміздің соңғы Ү бөлімі:  «Тәуелсіздік текке бізге келмеген» .

 

2-жүргізуші:

Тәуелсіздік текке бізге келмеген,

Талай бабам қанын төгіп терлеген.

Сонда – дағы қасиетті қазағым,

Төл байрағын дұшпанына бермеген!

1-жүргізуші:

Бабалардың ғасыр бойы арманы,

өткені мен келешегін жалғады.

Желбіреп тұр төл байрағы қазақтың,

Егемендік – тәуелсіздік алғалы.

 

 

 

2-жүргізуші:

Тәуелсіздік, бұл халқымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы еді. Тарихқа жүгінсек, ежелден қазақ халқы өздігінен ешқандай соғыс ашпаған, қашанда бейбітшілікті ту етіп ұстаған бейбіт халық болған. Алайда, кең – байтақ жерінде мамыржай тіршілік кешкен бейбіт елге көз алартушылар көп болды.

1-жүргізуші:

Өткен жылдар өшкен жоқ санада тұр.

Талай сауыт тоздырды дала-батыр, — деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, солардың бәріне халқымыз қарсы тұрып, тосқауыл бола білді. Атақты бабаларымыз елі мен жері үшін қасық қаны қалғанша шайқасып, шыбын жанын шүберекке түйді.

2-жүргізуші:

ХІХ ғасырда империя меншігіне айналған жерімізді азат етеміз деп Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы, ХХ ғасырда Бекболат Әшекеев, Әбдіғаппар Жанбосынов, Аманкелді Иманов сынды батырлар халық көтерілісін бастады.Зеңбіректі әскерге найзамен қарсы шапқан олар көзсіз ерлік көрсетті.

1-жүргізуші:

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шоқан,Ыбырай,Абай халықты озық елдер қатарына қалыптасуға, білімге шақырса, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде  Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Шоқай, М.Жұмабаев сияқты халық ұлдары ұлт санасын оятты,  «елім» деп еңіреп, «халқым» деп қайысты.

2-жүргізуші:

1923-53 жылдар аралығында 103 мыңнан астам ата-бабамыз қуғын-сүргінге ұшырады.

1937-38 жылдарда жаппай террор сипат алды. Бұл жылдарда қазақтың бас көтерген оқымысты, зиялы топтарын халық жауы деп жариялады.

1-жүргізуші:

Қазақ тіл ғылымының негізін салушы А.Байтұрсынов, қазақ әдебиетінің негізін салушылар – С.Сейфуллин, Б.Майллин, І.Жансүгіров, М.Жұмабаев, М.Дулатов және басқалары жазаға ұшырап өлтірілді.

2-жүргізуші:

Ал 1941-45 жылдары соғыс кезінде ең көп қырылған ұлттардың бірі қазақ болды.

1954-58 жылдары тың игеруді желеу етіп, Рессейдің жұмыссыз жүргендерін Қазақстанға үйіп – төкті.Қазақтың санынан орыстың саны көп болуы керек деген құйтұрқы мақсат іске асты.

1-жүргізуші:

Иә, тәуелсіздік үшін қаншама өмір қыршынынан қиылды.

1986 жылы  16 желтоқсаны Тәуелсіздік үшін арпалыстың соңғы нүктесі болды.

2-жүргізуші:

-1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстани Республикасы Тәуелсіздігін жариялады. Ел өмірі түгелімен өзгеріп, дамудың жаңа жолдарына көшті.

1-жүргізуші:

Қазақстан еліміз енді әлемдегі 30 дамыған елдердің қатарына кіруге талпыныс жасап жатырмыз. Бұл дегеніміз- қазақ еліміздің болашаққа деген ұмтылысы деп білеміз.

 

2-жүргізуші:

— Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен күн тірілген.

 

Мен –қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім!

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім!

 

1-жүргізуші:

Біз қазақпыз ел үшін атқа мінген,

Жанып жатқан лапылдап отқа түскен.

Бойтұмар ғып ар-ождан қазынасын,

Ерлеріміз ел намысын сақтап жұрген.

Біз қазақпыз қастерлеп баба салтын,

Аман бол, айналайын дана халқым.

Күн туса атқа қонам бір сен үшін,

Міне жаным, міне қаным, міне антым.

 

2-жүргізуші:

Құрметті көрермен қауым, еліміз тыныш, жұртымыз аман, көңілдеріңіз көтеріңкі болсын деген игі тілектер жолдай отырып, біз өздеріңізбен қоштасамыз.Әрқашанда Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы болып, егемен елдің ұрпағының еңсесі биік болсын! Қазақстанға оңай келмеген Тәуелсіздікті қастерлей, қадірлей білейік!

Тәуелсіздіктің 27 жылдығы құтты болсын!