«Тәуелсіздік-тірегім»

№18 М. Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ашық тәрбие сағаты

 

 

 

                        Тақырыбы:

 

            «Тәуелсіздік-тірегім»

 

 

 

 

1 «и» сынып

 

Еримбетова Дамебике Абдіғалиқызы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2018-2019 оқу жылы

Тақырыбы: «Тәуелсіздік-тірегім»

Мақсаты: 1. Оқушыларды Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ерлік күресімен, қол         жеткен жетістіктерімен қысқаша таныстыру.

  1. Қаншама құрбандықпен қол жеткен тәуелсіздігімізді құрметтей, қастерлей        білуге тәрбиелеу, Қазақстанның келешегі үшін аянбай күресуге және еңбек етуге баулу.
  2. Патриоттық тәрбие беру.

Сабақтың көрнекілігі: Мультимедия, «Тәуелсіздік – тірегім» атты қабырға газеті, лозунгі, Қазақстан Республикасының рәміздері, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, плакаттар, буклет, үнтаспа, суреттер, т.б.

Сабақ түрі: Әдеби-көркем монтаж.

Әдісі: Топпен жұмыс.

Жоспар: 1. Тарихи шолу

а) Тәуелсіздік жолында

ә) Желтоқсан жаңғырығы

  1. Тәуелсіз Қазақстан

                                             Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі: Музыкалық сәлемдесу. Сабаққа әзірлеу.

Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар баршаңызға 16-желтоқсан Қазақстанның тәуелсіздік мерекесі құтты болсын. Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік-тірегім» атты мерекелік кешке қош келдіңіздер. Мерекелік кешті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен бастайық.

Кіріспе
— Қазақстан Республикасының гимні. Хор.
Мұғалім сөзі
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Жұртым менің не қиындық көрмеді?
Жылап тұрып аналарым бұл жолда,
Сан перзентін қара жерге жерледі.

Тәуелсіздік бізге оңай келмеді.
Асау аттай өз тізгінін бермеді.
Қазағымның алтын басын иілтіп,
Талай дұшпан төрімізге төрледі.

«Ой ашар» сұрақ — жауап әдісі
— Отан дегеніміз не? Оны қалай түсінесіңдер?
— Біздің Отанымыз -….
— Біз қай ұлтпыз?
— Қандай Республикада тұрамыз?
— Біздің ана тіліміз қандай тіл?
— Елбасымыз кім?
— Қай жылы тәуелсіздік алдық?
— Желтоқсан оқиғасы қашан, қайда болды?
Сонымен қатар біздің рәміздеріміз бар. Кәне, рәміздерді атап шығайықшы.
( әнұран, көк байрақ, елтаңба)

Малика: Қазақстан Республикасының Гимні — бірлікке, ынтымаққа, достыққа қызмет етті. Жастарды ерлікке, қайсарлыққа, еліміздің тәуелсіздігін қорғауға шақырады.
Гүлназым: Көк байрақтың ортасындағы шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген, тік бұрышты көгілдір мата, матаның сол жағында өрнегі бар.
Нұржан: Елтаңбаның көркемдік шешімі: шаңырақ, жұлдыз, сондай — ақ аңызға айналған қос пырақ. Қазақстан деген жазуы бар. Қанатты пырақ биік самғайды, болашақ жайлы армандауды білдіреді.

І жүргізуші: Тәуелсіздік, еркіндік – ежелден ел тілегі. Тәуелсіздік халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күресінің тарихи нәтижесі.

«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атты видеороликті тамашалаңыздар.

ХV ғасырдың ортасында көшпелі Өзбек мемлекетінің құрамынан, яғни Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Қазақ тайпалары Керей мен Жәнібек сұлтандардың басқаруымен дербес Қазақ хандығын құрды.

Ұлан байтақ елімізге жан-жақтан көз тігіп ойран салушылар көбейді. Ең қатерлісі ХVI-XVIII ғасырлардағы жоңғарлардың шапқыншылығы болды.

1723 жылы қаннен-қаперсіз елімізге жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, қалың жұртты қан жылатты. Дүрліккен ел үдере көшіп, дүние-мүлік, мал, жанына да қарай алмай босып кетті, тіпті, бесіктегі бала, қария кемпір-шалдарға дейін жұртта қалып қойған кездері де болды. Қазақ халқының бұл босуы тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен қалды. Ақтабан шұбырындыда 1 миллион адам, яғни сол кездегі халықтың 40 пайызы қырылды.

Әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұйытқы болуымен Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, Баян батыр, Көкжал Барақ секілді көптеген батырлар Қазақ халқын қазақтың ханы – Абылай ханның ақ туының астына біріктіріп, жоңғар шапқыншылығынан толық азат етті.

XVIII ғасырда Қазақ хандығының тәуелсіздігіне қатер төндірген тек қана Жоңғар хандығы ғана болған жоқ. Оңтүстіктен Хиуа, Қоқан, Бұқар хандықтары көз алартса, Батысы мен Солтүстігінде қалмақтар, башқұрттар, казак орыстар үнемі шапқыншылық жасаумен болды.

Қазақ халқын аман алып қалу үшін осындай қысылтаяң кезде Әбілқайыр бастаған Қазақ сұлтандары, билері мен бір топ батырлары Ресей империясының құрамына кіре бастады. Сөйтіп, Қазақ халқы тәуелсіздігінен айырыла бастады.

ІІ жүргізуші:

«Ресей империясының отаршылдық және орыстандыру саясаты» видеороликті тамашалаңыздар.

Ресей империясының отаршылдық және орыстандыру саясатына қарсы Қазақ халқы сан рет ұлт-азаттық көтеріліске шықты. XІХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы Жанқожа батыр бастаған қазақтардың Хиуа, Қоқан хандардың езгісіне қарсы күресі.

1870 жылы Маңғыстау қазақтарының көтерілісі болды.

1783-1797 жылдары Сырым Датұлы басқарған шаруалар көтерілісі болды.

1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған шаруалар көтерілісі.

1837-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтеріліс.

1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылы Ақпан және Қазан төңкерістері болды. Азамат соғысы жылдарында шаруашылық күйзеліске ұшырап, адамдардың ашаршылыққа душар болуынан 950 мың Қазақ, яғни халқымыздың 19 пайызы апат болды. 400 мың Қазақ отбасы елден кетуге мәжбүр болды.

1930-1932 жылдардағы ашаршылықта 2 млн. 100 мың Қазақ қырылды.

1937-1938 жылдардағы репрессияда Қазақ халқының қаншама аяулы азаматтары, бетке ұстар шамшырақтары қуғын-сүргінге ұшырап, халқым, елім деп жүріп «халық жауы» аталып айыпталды. Сол кезде абақтыға жабылғандардың саны 105 мыңға жетті. Олардың 27 мыңнан астамы атылды.

І жүргізуші: «Желтоқсан оқиғасы» видеороликті тамашалаңыздар.

1986 жылғы 16 желтоқсанда таңертең елімізді ширек ғасыр басқарған Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев орнынан алынып, шеттен келген Геннадий Колбин сайланды. Бұл, әрине, Қазақ халқының наразылығын туғызып, әйгілі Желтоқсан оқиғасын туғызды.

1986жылы 16 — желтоқсанда таңертең, Алматыда жаппай толқу басталды. Жастар алаңға жинала бастады. Алаңда «Біз қазақ, ежелден еркіндік аңсаған», «Әрбір ұлтты өз көсемі басқарсын», «Тәуелсіздік керек»,- деген ұрандар айтылды. Алматы гарнизонын жауынгерлік дайындыққа келтіріп, көп күшпен алаңдағы жастарды қоршап алды. Алматыға әр аймақтардан әскердің арнайы бөлімдері жіберілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «Бұзақылар», «Ұлтшылдар», «Нашақорлар»,- деген кінә тағылды. Көптеген студент жастар түрмеге қамалды, оқу орнынан шығарылды. Тәуелсіздік жолында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира тағы басқалары сияқты қазақ жастары желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлықпен ерлік көрсетіп құрбан болды.

Желтоқсан оқиғасы – ХХ ғасырдың ең ұлы оқиғаларының бірі. Өйткені желтоқсан оқиғасы тек бүкіл тоталитарлық-коммунистік жүйенің күйреуінің бастаушысы болып қана қоймай, сондай-ақ ол бұрын бағынышты болып келген көптеген елдерге егемендік, тәуелсіздік әперген зор саяси-әлеуметтік құбылыс болды. 1986 жылдың желтоқсанындағы Қазақ жастарының төгілген қанымен бүгінгі тәуелсіздігіміздің тұңғыш парағы жазылған еді.

Мұғалім сөзі:
1986жылы 16 — желтоқсанда таңертең, Алматыда жаппай толқу басталды. Жастар алаңға жинала бастады. Алаңда «Біз қазақ, ежелден еркіндік аңсаған», «Әрбір ұлтты өз көсемі басқарсын», «Тәуелсіздік керек»,- деген ұрандар айтылды. Алматы гарнизонын жауынгерлік дайындыққа келтіріп, көп күшпен алаңдағы жастарды қоршап алды. Алматыға әр аймақтардан әскердің арнайы бөлімдері жіберілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «Бұзақылар», «Ұлтшылдар», «Нашақорлар»,- деген кінә тағылды. Көптеген студент жастар түрмеге қамалды, оқу орнынан шығарылды. Тәуелсіздік жолында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира тағы басқалары сияқты қазақ жастары желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлықпен ерлік көрсетіп құрбан болды.

Көрініс:— Қайрат пен тергеуші
Тергеуші: Жанболат:
— Сен 13 — желтоқсан күні, сағат 10 — да қайда болдың?
Қайрат:
— Жолдастарымен бірге Фурманов көшесінде
Тергеуші:
— Жоқ сен Сәтпаев пен Мир көшесінің қиылысында Совецкийді соққыға жықтың. Соның нәтижесінде ол қайтыс болды. Сен оны өлтірген.
Қайрат:
— Мен оны көргенім жоқ
Тергеуші:
— Ақымақ, сен оны өлтірген! Әкетіңдер, атыңдар, көзін құртыңдар.
Қайрат: Нұртаза.
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар.
Алам десең алыңдар,
Қайрат деген затым бар.
Қазақ деген атым бар.
Еркек тоқты құрбандық
Атам десең атыңдар… (сүйреп әкетеді).

Гүлбақыт:
— Дүниені дүр сілкіндірген 1986 желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков 22 — ақ жыл ғұмыр кешті. Елінің болашағы, бостандығы егемендігі үшін күресті.

«Көк тудың желбірегені» әні.

Тәуелсіздік күніне арналған өлең шумақтары:

А.Кәусар: Сол бір сәтте бұлт торлады аспанды,
Алатаудың көзінен де жас тамды.
Тәуелсіздік желтоқсанмен бітпейді.
Тәуелсіздік күресі енді басталды.
Диас: Қатыгездік жұдырығы түйіліп,
Қамшы үйірді жасқап, жекіп бұйырып,
Желтоқсанда шықты үлкен алаңға
Ата — баба аруағына сыйынып.
Нұрсұлтан: «Нашақор»- деп, «ұлтшыл»- деп,
Қазаққа күйе жаққан күн,
Базары кетіп, бір түнде
Қайғыға халық батқан күн.
Жангүлім: Намыс үшін күрессең мазақтар кім?
Құлға айналу азабы азаптардың.
Қаны төгілді желтоқсан алаңында,
Бодандыққа көнбеген қазақтардың.

Көркем: Он алтыншы желтоқсан –

Тәуелсіздік алған күн.

Мерекеге ел тосқан

Атамменен барғанмын.

    Нұрберген: Мерекеге шығады

Бүкіл халық, біліп қой.

Отандастар ұғады

Тәуелсіздік — ұлық той.

   Қадірболат: Аралаймын алаңды

Тәуелсіздік күні мен.

Батыр Қайрат ағамның

Суретіне үңілем.

Іңкәр: Он алтыншы желтоқсан

Тәуелсіздік алған күн.

Мерекеге ел тосқан

Шырқатып ән салған күн.

Сұлтанбек: Тәуелсіздік елдеміз,

Қуанамыз күнде біз.

Ата-бабам қалдырған,

Қазақтың біз батырымыз сенсеңіз!

Манарбек: Тәуелсіздік еліміз

Мәңгі жасар жеріміз

Тәуелсіздік жасаған

Аға, Әпкелеріміз.

 

Ерқанат:

Тәуелсіздік ел мұраты,

Жас ұрпақтың болашағы

Ұялатып берік сенім,

Бағымызға жол ашады.

Мұзафар:Тәуелсіздік мақтанашым,

Бізге бақыт сыйлаған

Бейбіт күнде мен тынышпын,

Әрбір таңым нұр маған.

С. Мадияр:

Тәуелсіздік таңы атты,

Барлық әлем жаңарып.

Осы тұрған халқыма

Бейбітшілік орнады.

Әлішер: Өктем билік қаралады, даттады,
Бірақ Алла ақиқатты жақтады.
Назарбаев атамды жұрт қалады.
Түсті амалсыз Колбин деген атақты.
Әлитұрлы:
Алаңға шығып, ойын айтты жастарым,
Қиындық пен қатерге тігіп бастарын.
Содан барып, тоңды еріді кеңестің
Содан кейін еркіндікті бастадым.

Абдулла: Желтоқсандық ерлерді есте сақтаймыз,
Ерлік ісін, аманатын сақтаймыз.
Отан үшін отқа түссең күймейсің,
Ізбасары болмай елге жақпаймыз.
Әсия:
Астана біздің сәніміз,
Білім біздің нәріміз
Азат елдің тірегі
Болайықшы бәріміз.
Айару: Нұр атаның жолдауы
Халықтың оны қолдауы
Бақыты үшін елінің,
Болмайды еш сөз дауы!
Нұрберген:
Бақтың құсы әр адамға қонып бір,
О тәңірім бізді баққа жолықтыр.
Бүгін міне тәуелсіздік ағайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып, тұр.

Д. Мадина: Желдей еркін, түздей кең қандай азат,
Мен қазақпын деген де қандай ғажап.
Мақтан етсін халықтар халықтығын
Жетер сан жыл шеккені азап.
Әміржан:
16 — желтоқсан
Тәуелсіздік алған күн,
Ерекше боп мәңгілік
Ел жадында қалған күн.
Жасай берсін ұлы күн,
Жангелді: Жарқырап атар таңы бар,
Жарқылдап айтар әні бар.
Әні бар, теңіз дәні бар,
Айналдым сенен Отаным!
Дария.
Елім бар да мен бақытты ұланмын.
Елім сүйсе, сенімінен шығармын.
Елім менің көтермесе елдігін
Намысымның биігінен құлармын.

Қазақ биі: Қыздар тобы.

ІІ жүргізуші:  Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

                           Айта бергім келеді, айта бергім! – деп ақын Жұбан Молдағалиев атамыз жырлағандай, Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі аз уақытта еліміз көптеген жетістіктерге жетті. Сол жетістіктерімізді атап өтейікші. Мысалы:

-1990 ж. 25 қазанда Қазақ КСР-інің егемендігі туралы Декларация қабылданды. Ары қарай, жалғастырып айтып көрейік.

1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды.

1991 ж. 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты.

1991 ж. 1 желтоқсанда тұңғыш Президент сайланды. Ал сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды.

1992 ж. 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен ұлттар ұйымына мүше болды.

1992 ж. 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Сол жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі мемлекеттік рәміздерді қабылдады.

1993 ж. 28 қаңтарда Тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі Заңы – Конституция қабылданды.

1993 жылдың 15 қарашасы еліміздің тарихында ерекше күн болып қалды. Осы күннен бастап ұлттық валютамыз – Теңге айналымға енді.

1995 ж. 30 тамызда қазіргі Ата Заңымыз – жаңа Конституция қабылданды. Ал, 1996 ж. Алматы қаласында Тәуелсіздік монументі ашылды.

1997 ж. 10 желтоқсанда Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы ретінде жарияланды. 1998 ж. Президент Жарлығымен Ақмола қаласы Астана қаласы болып өзгертілді.

І жүргізуші:

Қазақстан – сан ғасырлық тарихы бар,

Қазақстан – бұл азат ел, танысыңдар.

Көк байрақты, елтаңбалы, әнұранды,

Қазақ елі – егеменді, сан ұлты бар.

ІІ жүргізуші: Тәуелсіздік үшін мың өліп, мың тірілген Қазақ елі, құдай қаласа, гүлденіп мәңгі жасай бермек. Тәуелсіздігімізді алтынымыздай ардақтап, асылымыздай бағалайық, қымбатымыздай құрметтей білейік.

І жүргізуші: Елтаңбамыз ажарлы, әнұранымыз әуенді, асқақ бола  берсін! Еліміздің, елдігіміздің белгісі – көгілдір туымыз, қасиетті көк байрағымыз көкте қалықтап, желбірей берсін! Мерекелік кешіміздің мәнді, мағыналы болып өтуіне бар білімі мен күш-жігерін салған оқушылар, сіздерге рахмет.

Ән: «Қазақстан бақытты»

Қорытынды.

Сонымен балалар, бүгін біз дербес ел болып, уығымызды қадап, шаңырағымызды көтеріп, ерікті еркін мемлекетімізді құрып, Қазақстан Республикасы атанып, көк байрақ туымызды желбіретіп әлемге әйгілі болуымыздың өзі-осы Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің арқасы. Олай болса Тәуелсіздігімізге шаң жұқтырмай оны ең қымбат бұйымымыздай етіп құрметтеп, келер ұрпақтар қолына аманаттап тапсыруға тиіспіз. Елімізді ішкі-сыртқы дұшпандардан қорғауға міндеттіміз. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілікке мирас болмақ

Сөз ата-аналарға беріледі.