Қазақ халқының саятшылық өнері және оның туризм саласындағы маңызы

Ауaшева Қ. Е.

Қазақ халқының саятшылық өнері және оның туризм саласындағы маңызы

 

Еліміз тәуелсіздік алғалы қол жеткізген қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді мемлекеттілікті баянды етуде, әрі келешектегі ел тұтқасы жастардың санасын дамыту үшін тек материалдық игілікті ғана насихаттау жеткіліксіз. Олардың бойына ата-баба дәстүрі мен халқымыздың тарихын қастерлеу, отан-сүйгіштікті нығайту үшін ұлтының  рухани-мәдени құндылықтарын сіңіру қажет. Бүгінде мұндай тоқтамға, яғни өз тамыры мен өткеніне, ана тіліне, ата дініне, діліне әлемнің біраз мемлекеті бет бұра бастады. Осы мақсатты орындауда туризімнің бізге беретін  маңызы зор. Оның жолын әркім өзінше танып, өзінше бағамдауда. Солардың қатарында әлемдік қауымдастықтың назарына ілігіп, бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы үлкен жұмыс жасауда.  

Әрбір мемлекеттің өркениеттілігін оның мәдени мұраға деген көзқарасына қарай танып-бағамдауға болады. Демек, Қазақстанның мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатына екі түрлі міндет жүктеледі: бірі – өзіндік этникалық мәдениетті дамыту мен қолдауға бағытталған шаралар кешенін нығайту, екінші жағы – төл мәдениетті оңтайлы өрістете отырып, жалпы адамзат мәдениетіне ену үшін тиімді жағдай жасау.

Сондай бағыттың бірі, қазіргі таңда ең тиімді табыс көзі болып отырған туризм саласы. Бұл жағдайды қазір бүкіл әлем мойындап, түсініп отыр.

Бүгінде дүние жүзі бойынша туризмнен түсетін табыс мұнайдан түсетін табыстан кейін екінші орын алады /1/. Бұл – жер жүзіндегі ұлттық жалпы өнімнің оннан бір бөлігі туризмнен түсетін табыстан келеді деген сөз. 2008 жылы дүние жүзін 800 млн адам аралаған екен, олар бұл сапарларына 500 миллиардтан астам доллар жұмсапты. Сондықтан бізге туристерді осылай көбірек тарту үшін, ең бастысы еліміздің туризмдегі орнын қалыптастыру болып табылады.

Туризмді дамытудың бір бағыты жеріміздің табиғатын, флорасы мен фаунасын, жануарлар, аң-құстарын насихаттау. Бұл көбіне еліміздің тарихи-мәдени, табиғи қорықтары арқылы жүргізілуде. Қазіргі таңда табиғи қорықтарда аң-құстардың кейбір түрлерін шет елдік туристер мемлекетке қаржысын төлеу арқылы аулайды. Әрине, туристерді қызықтыратын бір сала – бұл ұлттық дәстүр. Туристерді қызықтыратын сондай ұлттық өнердің бірі — саятшылық. Саятшылық қазақ халқының этнографиясында көнеден келе жатқан өнер. Ол ұзақ ғасырлар бойына ұрапақтан-ұрпаққа беріліп, осы күнге дейін жалғасып келеді. Бүгінде осындай өнердің қатарына, қыран бүркіт салып, қасқыр, түлкі алдыру, қаршыға, лашын, сұңқар салып дуадақ, үйрек, қаз, кекілік ілдіру, жүйрік атпен шалдыру жатады /2/.

Аңшылық дәстүрінің ұрпаққа берер мол тәжірибесін айғақтайтын этнографиялық категориялардың  бірі — аң аулауға қажетті құрал-жабдықтар.

Аң-құс, ерекшелігі, түрі, мекені, мінез-құлқына байланысты аулауға әртүрлі құрал-саймандар мен жабдықтар пайдаланылады. Құралдармен саймандарды олардың қолданыс қызметтері мен органикалық ерекшеліктеріне байланысты негізінен төрт топқа бөлуге болады:  жанды, табиғи  (жансыз), жасанды, қосалқы.

Жаңды құралдарға — бүркіт, қаршыға, сұңқар, лашын, ит және т.с.с;  Табиғи (жаңсыз) құралдар-физикалық үрдістердің нәтижесінде пайда болған ор, батпақ, қар, сырғыма, тас, су, құм сияқты күнделікті тіршілікте кездесетін кұбылыстар мен заттар. Атап айтсақ, құмқақпан, тасқақпан, орқақпан, ағаш қақпандар жатады. Ал, жасаңды құралдарға — абақ, мылтық, садақ, атқы, шоқпар, тор, темірқақпан, сойыл, қанжар, пышақ сияқты жабдықтар жатады. Қосалқы құралдарға (немесе дәнекер) жоғарыда аталған құрал-жабдықтар мен саймандардың қайсысы болсын кезінде көмекші қызмет  атқарғандарын жатқызуға болады /3/.

Саятшылықтың айла-тәсілдері, амалдары мен қажетті құрал-саймандары өзара тығыз функциялық байланыста бірегей аулау жүйесін құрайды.

Дәстүрлі аң аулауда қазақ халқы құстың түрін баптап аңға салуды жастайынан үйреткен. Сондай құстың бірі — бүркіт. Бүркіттің дене тұрқы 92-94 см, қанаты жайғанда 240-270 см; салмағы 3850-5600 гр. Ал ұябасарының салмағы 3840-6350 грамға дейін жетеді. Бүркіттің көзі өте өткір. Оның осы қасиеті аңшылық құруға көп септігін тигізеді.

Бүркіттің көзі адамның көру қабілетінен 5-7 есе артық. Бүркіттің жасына байланысты әртүрлі пікірлер баршылық. Бүркіт 80 жыл жасайды, кейде 120. Алайда қазақ аңшылық, саятшылық өмірінде құстың жасы 10-20 жылдың арасында ғана, күш-қуатын саятшылыққа бере алады. Онан кейін «Кәршөгел», «Құс тебінен қайттыға» есептеледі. Бүркітті әртүрлі айла-тәсілмен ұстап алып, жуасылып, қолға үйретіп, аңға баулып, сонан кейін саятшылық құрады. Бүркітке алғаш аң алдыру, бау аштыру делінеді. Алған аңы «тырнақ алды» делінеді. Осыған орай  арнаулы жабдықтары   болады. Оларға мыналар жатады: томаға – былғарыдан жасалады. Бүркіттің басының үлкен-кішілігіне қарай ұлтаннан тігілген, бүркіттің көзін басын тұратын, төбесі үшкір, тұмсық шығарып ойма бас киім. Шебер адамдар күмістен, әр түрлі бағалы металдармен сәндеп тігеді.

Биалай – құстарды ат үстінде қолға қондырып алып жүруге қолданады. Еліктің басқа да аңдардың мойын терісін бітеу сойып, бүркіттің тұяғы өтпейтіндей етіп илеп, қолғап жасап, құсбегі қолына киіп ат үстінде бүркітті алып жүреді.

Балдақ – құстарды ат үстінде алып жүретін негізгі аспап, ағаштан немесе таутекенің мүйізін отқа салып балқытып, мүйіздің ұшынан аша шығарып, сыртын жезбен орайды. Балдақтың ашасын, бүркіттің алған қолдың астынан тірейді. Енді бір жағын ердің алдыңғы қанжығасына бекітеді.

Аяқбау —  бүркіттің аяғына бекітілген қысқа, жалпақ бау.

Тұғыр – орындық тәрізді үш пұтты ағаштан шабылған құс отыратын аспап.

Шыжым – бүркітті сынап ұшырған уақыттар аяқбауға тағатын жіңішке, ұзын жіп.

Жем қалта – шүперектен немесе теріден тігіледі. Ет салып жанға байлап жүреді.

Жем саптыаяқ – ағаштан ойылады. Қатқан ет жібітеді.

Түтік – таз қараның жіліншігінен немесе бұтақтың ішін күйдіріп, ойып жасайды /4/.

Міне, осындай құсты баптаудағы қажетті заттарды туристерге көрсете отырып, олардың жасалу технологиясын, симантикасын, ұлттық тәрбиелік мәнін насихаттай аламыз.

Бүркіттің қанатын сүзу — бүркітті қайыру мезгілінде бүркіттің қанат – қауырсындарын бір-бірімен матастырып байлап, құс қанатын еркін жазылмайтын етеді. Қанаты сүзілген бүркіт әуелеп ұша алмайды.

Бүркіттен кейін қазақ саяхатшыларының қолға үйретіп саятшылық құратын құстарының бірі – қаршыға. Қаршыға тұқымдасының 205 түрі бар. Бұл тек қаршыға тектестер. ТМД елдерінде қаршығаның 4 түрі ұшырасады.

Ал, Қазақстанда қаршыға тұқымдасына жататын қырғи, мықи деп аталатын түрлері кең тараған. Қазақ құсбегілері қаршығаны түр түсіне, бітім-қасиетіне қарай ақ, қара, ақшыл, сұрғылт, қызыл қайын, шәулі, бұқа тана, шегір т. б. алуан түрлі атпен атаған.

Қаршығаны кұсбегілер, тор, тұзақ құру әдістерімен ұстап, қолға үйретіп, шақыруға келтіріп, аңға, құсқа, баулып, саятшылық құрады. Қаршығаның салмағы  1,5  килограмға таяу.

Сондай-ақ қазақ кұсбегілері сұңқарды да саятшылыққа кеңінен қолданған. Сұңқардың көп түрі бар. Қазір ғылымға сұңқар тұқымдас құстың 58 түрі белгілі болса, ТМД елдерінде оның 10 түрі бар. Ал, Қазақстанда ителгі, бөктергі, тұрымтай, жағалтай, лашын, ақтырнақ, күйкентай, сұнқар деп аталатын түрлері кездеседі. Ақ сұңқар жұмыртқасын басқа құстардың ұясына салып, бір ай шамасында балапан басып шығарады. Сұңқардың дене тұрқы 0,5 метр,  салмағы  1  кг асады.

Қазақ құсбегі саятшылары лашынды да өте жоғары бағалаған. Лашын өте тебінді құс. Лашынның екі көзі қарақаттай мөлдір, көк сұр түсті, өткір, ілмек көк тұмсықты, қос жанарының алдында көлеңкедей тартылған қос жолағы бар, салалы саусақты, ту сырты көк сұр тартқан, балақ жүні қою, топшысы шығыңқы, төбесі басынқы қияғы айқаса бітіп құйрығымен теңесіп тұрады. Оның үстіне  лашын  өте тез ұшатын ұшқыр құс.

«Қырандар әлемінде лашындай тез ұшатыны жоқ. ІІІүйілген лашынды адамның көзі шалып үлгермейді». Лашынның салмағы 1,5 кг ға дейін барады /5/.

Ертеден келе жатқан бұл дәстүр құсты баптауды және оны аңға салу тәсілдерін мүқият игеруді талап етеді. Аттың үстінде ауыр салмақты құсты қолыңа қондырып аңға салу, үлкен қол күшін қажет етеді. Бұл туристер үшін бір жағынан спорттық жаттығу болса, екіншіден  таза ауада серуендеп, табиғат сұлулығын тамашалау болып табылады.

Саятшылықта құспен бірге тазы иттерді де пайдаланған. Ит жүгірту де ертеден келе жетқан дәстүрлі өнер. Халық дастандарында «Ит жүгіртіп, құс салған, найза ұстаған ерлерге» (Қобыланды) – деп жырланады. Содан да шығар, бұрынғылар оны «Жеті қазынаның бірі» деп қарайды. Жаттықтырылған ит тұрмыстық әрекет барысында сөз ұға алады.

Аңға баулыған таз иттердің түйсігі сезімтал, құлағы сақ және ұшқыр болады. Сол ерешеліктерге негізделіп, итті аңға баулиды. Аңға баулуға көбінесе тазы иттер үйретіледі. Тазы иттердің тұмсығы үшкірлеу, маңдайы кең, көзі отты, құлағы шашақты, салпаң құлақ, кеудесі кең, құрсағының артқы бөлімі тартылған болып, іші-ішіне қабысып тұрады. Сирақтар жұмыр әрі ұзын, табандары жалпақтау келеді. Бұлшық еттері ерекше жетілген болып, терісінің ішінде білеуленіп, бос тұрғандай қозғалып тұрады. Мұндай иттер ерен жүйрік болады. Бұрынғылар оның жүні тақыр әрі ет алмаған соң «тазы ит» деп атаса керек. Ұшқыр тазы иттер жүгіргенде тік шаншылып, секіргенде бүгіліп, садақтай серпіліп, төрт-бес метр жерге түсіп отырады. Тазылардың түсі көбінесе кер қызылдау болып, кейбіреуінің аққасқа, мойыны ақ, ақ төсті болып келетіндері де бар. Тазыны ең жақсысы күшік күнінен баулыған абзал. Бүркіт баулығандай оның қасында болып, әртүрлі әрекеттерді көз-құлағына сіңісті ету керек. Мұнда алдымен бұйрыққа бойсынатын етіп жаттықтырады.

Көшпелілердің аң, құс аулау тәсілдері олардың байырғы шаруашылық-мәдени әрекеттерінің құрамдас бөлігі ретінде қалыптасты. Көшпелілер аңшылығының байырғы тәсілдері қоршаған табиғи ортаның соның ішінде жануарлар дүниесінің биологиялық, экологиялық ерекшеліктерін осы қоғамның денгейінде танып-білудің және практикалық игерудің нәтижесі деп бағалауға болады. Шындығында да аңшылықтың тәсілдері аулануға тиісті белгілі бір аңның түрлік және оның жастық, тіпті жыныстық сипаттамаларын әрбір жыл мезгілдерінің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес терең білуді қажет етеді. Ал қажетті кұрал-жабдықтар аңшылықтың көне жүйесін, мазмұнын, мәнін мақсатын және қолданыс ерекшеліктерін айғақтайды. Осыған байланысты кұрал-сайман, жабдықтарды реттеу белгілі бір аңды аулаудың тәсілдеріне тығыз байланысты болады  /6/.

Ежелден келе жатқан қалқымыздың осы саятшылық өнерін шет елдік туристерге насихаттау арқылы, халқымыздың этнографиясын, оның ішінде ұлттық киім үлгілерін, аңшылыққа байланысты құрал саймандардың түрлерін көрсете аламыз.

Аңшылық саятшылық қазіргі уақытта Ақсу-Жабағылы, Қорғалжың, Наурызым т. б. қорықтарда жүйеге қойылған. Ол заңды түрде шет елдік және жергілікті аң аулауға қызығушы азаматтардың жеке құжаттарды дайындау негізінде жүзеге асырылуда.

Қорытындылай айтқанда, біріншіден — еліміздегі туристік орындарды жарнамалау арқылы ұлттық дәстүрімізді сақтап, оны жас ұрпақтың бойына сіңіріп тәрбиелесек. Екіншіден – табиғи орындарды қорғап, мемлекет бюджетіне қомақты қаржы жасауға болады. Қазіргі таңда Бүкіләлемдік туристік ұйымның біздің елге деген сенімі зор. Өйткені, Қазақстанда саяси тұрақтылық бар, халықтар арасында достық пен ынтымақтастық қалыптасқан, одан кейін туристерді қызықтыратын тамаша табиғи қорықтарымыз бар. Осының бәрі еліміздің мәдениетін көрсетуге, насихаттауға, саяси имиджін қалыптастыруға өз септігін тигізуде.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Вуколов В.Н. Халықаралық туризімнің тарихы және теориясы. — Астана, 2005. – 188-189 б.
  2. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар: Ғылыми зерттеу мақалалар /Құрастырған: Р. Бердібаев /.– Алматы: Жазушы, 1985. – 362 б.
  3. Ата салтың-халықтық қалыпың. – Алматы: Рауан, 1995. — 154-156 бб.
  4. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразиологиялық сөздігі. — 3 том. — 6 б.
  5. Мұра журналы.- 1991 жыл. — №3. — 84-85 бб.
  6. Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 29-желтоқсанында №231-ші арнайы жарлығы // Егемен Қазақстан. – 1 қаңтар. — 2007.

 

Резюме

         В статье рассматриваются особенности национальной охоты у казахов, виды орудий и охотничьего снаряжения,  роль национальной традиции в сфере туризма.

Summary

In this article is considered special of national hunting of kazakhs, types of instruments and hunter instruments the area of tourism.