«Аққу, шортан һәм шаян»  Ахмет Байтұрсынов

 Сабақтың тақырыбы: «Аққу, шортан һәм шаян»  Ахмет Байтұрсынов

Сабақтың мақсаттары:    

 Білімділік:

Оқушыларды А. Байтұрсыновтың жаңа шығармасымен таныстыру.                                                                Мысал ұғымы туралы  түсінік беру.

Бірлік, ынтымақ, татулықтың адам өміріндегі  маңызын түсіндіру.

 Дамытушылық:

Мысал мазмұнын меңгерту.  Көркем мәтінмен жұмыс істей білу дағдыларын жетелдіру, оқып түйгендері жайлы ой қорытындысын айтқызып жаттықтыру.

Оқушылардың білімдерін кеңейту.

Бірлесіп жұмыс істей білу іскерліктерін дамыту.

Тәрбиелік: Қазақ халқының асыл мұрасын қастерлеуге, ақын бойындағы ізгі қасиеттерден үлгі алуға, ортақ істе көпшіл, ұйымшыл болуға тәрбиелеу.

Сабақтың  түрі: аралас сабақ

Сабақтың әдісі: сын тұрғысынан ойлау технологиясының  стратегиялары, сұрақ-жауап, баяндау, іздену, талдау, ойын.

Пәнаралық байланыс: өзін-өзі тану, математика, дүниетану, орыс тілі.

Көрнекіліктер: А. Байтұрсыновтың портреті, мақал-мәтелдер жазылған әр түсті қағаздар, слайдтар, оқулық, кітаптар көрмесі.

Техникалық құралдар: интерактивті тақта

 

Сабақтың барысы:

  1. Психологиялық дайындық

(Слайд №4)

-Сәлеметсеңдер ме, балалар! Бүгінгі сабағымыз басқа сабақтардан ерекше. Себебі, біздің сабағымызға әдемі, әдепті, білімді қонақтар келіп отыр. Біз де өз әдептілігімізді көрсетіп, мына суреттегі күндей күлімдеп, қонақтарымызбен сәлемдесіп, оларға алақан арқылы жүрек жылуын сыйлайық .

(Балалар орындарынан тұрып, жүрек тұсынан жылу алып, қонақтардың алақандарына сыйлап, амандасады.)

-Жарайсыңдар балалар!

(Слайд № 5)

Сабағымызды қазақ халқының атақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың сөзімен бастағым келіп тұр.

«Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз-бабам тілі, сен қалдың»

-Ия, балалар, ата – бабамыздан мирас болып қалған ана тіліміз -біз үшін асыл қазына.

Осы асыл қазынадан үлгі-өнеге алмау мүмкін емес.

Сондықтан, біз үшін

Мұғалім:   Әрбір адам?              Оқушылар хормен айтады: Туысым, досым, жұрағат.

Әрбір сабақ?                                                            Үйрену, ұғу, ұлағат.

Әрбір ісің?                                                               Тірлік, бірлік, адамдық

Әрбір сөзің?                                                             Шындық, тілек, адалдық.

Үй жұмысын тексеру.

-Балалар, өткен сабақта біз сендермен қандай әңгімемен таныстық?

(Медеу Сәрсеке «Ғажайып сәуле» )

 

 

-Үйге қандай тапсырма берілді?

(Әңгіменің мазмұнын дайындау және Ахмет Байтұрсынов туралы реферат жазу.)

-Қазір біз сендермен бір ойын ойнаймыз. Сол ойын арқылы  әңгіме бойынша  сендердің білімдеріңді тексереміз.

-Қазақ халқында аттарды жарыстыру ұлттық ойыны қалай аталады? (Бәйге)

Слайд №6

Ұлттық ойыны «Бәйге» аттан жүйріктік талап етсе,

біздің «Бәйге» ойынымыз сендерден жақсы білім  мен шапшандық талап етеді

(Слайд №7)

— Суреттегі ұяшықтардың бірін таңдап, ұяшықта жасырынған сұраққа жауап бересіңдер.

(Санды әрбір бала кезекпен таңдайды. Сұраққа  жылдам қол көтерген  бала жауап береді.)

Ой шақыру. (Слайд №8)

-Балалар, осы сандардың арасында ана тілі сабақтарымызға қатысты бір ерекше сан бар. Ойланып айтыңдаршы, ол қандай сан ? (Қазақ халқында 5-киелі сан)

-Тағы  қандай  киелі сандарды білесіңдер ?    (3, 4, 7, 40….)

5-киелі сан. Бұл санмен не байланысты ?

(Батырдың бес қаруы: найза, қылыш, айбалта, шоқпар, садақ)

(Бес жаратылыс: Күн, ай, жұлдыз, күндіз, түн,)

(Бес өсиет: Топасқа сенбе! Жауға иілме! Әр қашан сақ бол! Аш үйге қонба! Жарлыдан сый алма!)

(Бес асыл іс: Талап, еңбек, рақым, қанағат, терең ой.)

 

Бес арыс: А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев, Ж.Аймауытов.)

(Слайд №9) (Жастарды оқу-білімге, ғылымға шақырған, халығының азаттығы, елінің тәуелсіздігі, ұлттын мемлекеттігі үшін күресіп, өмірлерін құрбан еткен жандар.)

Балалар, бес арыс деген сөздердің дыбыстарын сөйлетейікші.

 

Дыбыстарды сөйлету: (Сөздер ана тілі сабағына қатысты болу керек)

Б — білім, бірлік, Байтұрсынов

Е— ел, еңбек, егемендік

С — сөз, сезім, саясат

А — азаттық, арман, ағартушы, ақын

Р — республика, рух, рухани

Ы — ырыс, ынтымақ

С — сана

-Өте жақсы балалар! Барлық дыбыстарды сөйлете білдіңдер.

 

Жаңа сабақ.  ( Тақтадағы жазуды ашу)  (Дәптермен жұмыс)

-Балалар, бүгінгі сабақта біз сендермен қазақ халқының ақыны, бес арыстың бірі Ахмет Байтұрсыновтың «Аққу, шортан һәм шаян» атты шығармасымен танысамыз. (Дәптерге жазып алады)  (һәм-және деген сөздің мағынасын білдіріп тұр дегенді айта кету)

-Өткен  сыныптарда біз сендермен А. Байтұрсыновтың өлеңдерімен таныстық және реферат жазу барысында сендер білімдеріңді тереңдеттіңдер. Сондықтан қазір

А. Байтұрсынов туралы өз білімдеріңді ортаға саласыңдар.

Ассоцияция құру.

әліппе атасы

 

 

Ахмет

Байтұрсынов

 

             аудармашы                                       дарынды ақын

 

ағартушы                                       қоғам қайраткері

 

педагог

 

-Неге әліппе атасы деп атаймыз ?

(Ең бірінші әліппені  жазып балаларға сыйлаған)

-Неге ақын ?  А.Байтұрсыновтың қандай өлеңдерін білеміз ?

(« Тарту», «Оқуға шақыру»….) «Тарту» өлеңін жатқа кім айтып береді ?

-Неліктен қоғам қайраткері ?

(Елі үшін, халқы үшін өмір сүрген. «Ұлтшыл» деген жаламен тұтқынға алынып, ату жазасына ұшырады.)

Неге педагог, ағартушы ?

( Мектептерде, институттарда  оқытушы болған. Торғай өнірінде мектеп ашқан, қазақ балаларының АНА ТІЛІНДЕ (қазақ тілінде) сауатын ашу үшін көптеген оқулықтар, кітаптар жазған.  «Ана тілі » деген ұғымның авторы-А. Байтұрсынов)

 Слайд №10  (Жазған кітаптары мен оқулықтарына назар аударту.)

-Осы мақсатта «Оқу құралы» (1912 ж), «Тіл құралы» (1914 ж ), ересектердің сауатын ашуға арнап «Әліпби» (1924 ж ), «Жаңа әліпби»  (1926 ж) оқулықтарын жазған,

« Әдебиет танытқыш»  (1926 ж )-тұңғыш ғылыми еңбегі.  А.Байтұрсыновтың басқа көптеген кітаптары бар, олармен сендер жоғары сыныптарда танысып, білімдеріңді тереңдетіп оны ғалым, түркітанушы, көсемсөзші жағынан танисындар.

Слайд №11

 

«Ақын мұрасы – ортақ қазына»

Кітаптар көрмесіне назар аударту.

Қазақ халқының дарынды ақыны А. Байтұрсыновтың шығармаларын сендер мына кітаптардан оқи аласыңдар. Мектеп кітапханасы және  ауылдық кітапханасының есіктері сендер үшін әрқашан  ашық.

 

-Бүгінгі сабақта біз сендермен А.Байтұрсыновты жаңа қырынан танимыз.

Ахмет Байтұрсынов-аудармашы   (Тақтаға ілу) (Дәптермен жұмыс)

-Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығы өлең жазу мен көркем аударма жасаудан басталған.

Ол орыс ақындарының (И.А. Крылов, А.С. Пушкин, С.Я.Надсонның) шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаны байытуға мол үлес қосты.

И.А. Крыловтың мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып  «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ етіп, 1909 жылы  басып шығарған.

(Слайд  №12)

-Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, оларды білім алуға, еңбек етуге шақырған. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген мәселесін қосып отырған.

   Мысал туралы  ұғым беру.  (Слайд №13 )  (Дәптермен жұмыс)

-Сол кітапқа енген мысалдардың бірі «Аққу, шортан һәм шаян»  (Слайд №14)

Бұл аударма болған соң  сендерге осы мысалдың орыс тіліндегі нұсқасын көрсеткім келеді.

(Диафильм көрсету)

— Ал енді біздің ана тілімізде жазылған мысалдың мазмұнымен  танысайық. Слайд №15

(Қолға қарындаш алып түсініксіз сөздерді түртіп белгілеу)

Мысалды мәнерлеп өзім оқып беремін.

Сөздік жұмыс.

-Мысалда қандай түсініксіз сөздер кездесті?

(Сөздік дәптермен жұмыс.)    ( Слайд №16)

Һәм-және

Машақаты- әуре болу

Ғибрат-үлгі

Мысалға талдау жасау.      Слайд №17

-Мысалдағы басты кейіпкерлерді ата.

(Аққу, шортан, шаян)

-Мысал кейіпкерлері  қандай іс атқармақшы болды?

(Барлығы жегіліп, жүк тартпақшы болды)

-Аққу жүкті қайда тартты?  (көкке, аспанға)

-Шаян жүкті қайда тартты? (кейін, артқа)

Ал шортан ше?       (ол суға тартты)

Олар жүкті неге орнынан қозғалта алмады?

(Себебі олар жүкті біріңғай тартпай,оны жан жаққа тартты.)

-Балалар, олар жүкті қалай тартты?

(Бар күштерін аямай тартты)

-Олар тартқан жүктері ауыр ма еді?

(Жоқ. Оншама ауыр да емес)

Мысалды  оқушылар мәнерлеп оқиды.

 

-Аққу туралы не білеміз ?                Аққу сияқты адамдар бола ма? (Тақтаға суреттерін ілу)

-Шортан туралы не білеміз?            Шортанды адаммен салыстыру.

-Шаян туралы не білеміз?               Шаян мінезді адамдар бола ма?

Мысалдағы жағдайды адам өмірімен байланыстыру.

 

  Сергіту сәті.

Оқушыларды ортаға шақыру.

Араларынан кім жеке болғысы келеді екенін анықтау.  Бір бала бөлек кетеді.

Ортада  екі топқа арналған шашылып жатқан әр түрлі ойыншықтар.

Тапсырма: ойыншықтарды жинастыру. Музыка ойнайды.

-Екі топтан қандай әсер алғанын анықтау. Қандай іс-әрекеттер жасадыңдар?

Жеке болған  бала: «Мен ойыншықтарды түгел жинай алмадым. Маған қызықсыз болды.»   Қорытынды: Көпшіл болу керек екен.

5 баланың жауаптары: «Біз ақылдастық. Бізге қызықты болды. Ойыншықтарды түгел жинадық.»  Қорытынды: Бірлесіп, ақылдасып істеген істің нәтижесі болады.

Балаларды орындарына отырғызу.

Қорытынды шығару:

-Неліктен мысал кейіпкерлерінің ісі нәтижесіз болып шықты?

(Олардың арасында бірлік болған жоқ. Олар ақылдасудың орнына дауласып, бір-бірін тыңдамай жүкті тарта бастады.)

                                                                 Слайд №18

Бірлік болу үшін не істеу керек?

* Ортақ істе ұйымшылдық көрсету

*Жаныңдағылармен тату өмір сүру

*Өзгелердің пікірлерімен санаса білу

*Өзіңнің ғана емес, өзгенің де қамын ойлау, көпшіл болу

-Мысалдан қандай сабақ алуға болады?

( Достардың арасында бірлік, татулық, ынтымақ болу керек. Сонда ғана қандай болса да істі қолға алса, оның нәтижесі болады.)

Мысалды іштен оқу.

     Мысалдың қорытынды ойы қай шумақта айтылған? (Соңғы шумағында)

Соңғы шумағын  мәнерлеп оқу.

(Тақтада әр түсті қағаздарда  мақал -мәтелдер жазылған)

-Бүгінгі мысалдың негізгі ойына сай мақалдарды тақтада қалдырып, сай еместерін алып тастайық.

Тақтада қалатын мақалдар:

ЫНТЫМАҚ ІСТІ БІТІРЕР.

БІРЛІК БОЛМАЙ, ТІРЛІК БОЛМАС.

ТІРШІЛІК КҮШІ-БІРЛІКТЕ.

— Ынтымақ, бірлік туралы тағы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер? ( Ауызша  айту)

-Балалар, А.Байтұрсыновтың кітаптарында тәрбиелік мәні зор мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, жаңылтпаштар ерекше орын алады. Оларды оқып біз сендермен көптеген нәрселерге үйренеміз.

Сабақты қорытындылау.   Слайд № 19

«Бірлігі жоқ ел тозады,

Бірлігі күшті ел озады» дейді қазақ мақалы.

Бұл сөздің дұрыстығын өмір дәлелдеп отыр.

-Балалар, бүгінгі таңда біз қандай елміз?       (Слайд №20)

(Біз тәуелсіз, егеменді елміз)

— Тәуелсіз, егеменді еліміздің негізгі халқы ол ?

(қазақтар)        Слайд №21

-Балалар, біздің елімізде басқа  ұлт өкілдері тұра ма? Қандай ұлт өкілдерін білесіңдер? Слайд №22

— Қазақстан елінде тұратын халық тату ма?

Барлығымыз бір шаңырақ астында, бір ұлттың балаларындай  бақыт, бейбітшілік, жарқын болашақ үшін өмір сүреміз.

Біздің Қазақстан -50 елеулі елдердің қатарындағы бірі. Біздің елді осындай дәрежеге жеткізген ұлтаралық бірлік, достық және ынтымақтастық.

-Балалар, егерде бір сиқырлы сәт болып қалып, ортамызға А.Байтұрсынов келе қалса, ол елімізде болып жатқан өзгерістерге қуанар ма еді?  Неге ?

 Топтастыру .   Слайд №23

Біз тәуелсіз, егеменді елміз.

Қазақ балаларына арналған                                                                  Жастарымыз білімді

көп мектептер ашылды                            Қазақстан 

                    Экономикамыз дамыған                                        Елімізде бейбітшілік

Адамдар еңбек етіп,

өздеріне жақсы жағдайлар жасай алады

 

Балалардың ойын түйіндеу: Тәуелсіздік, егемендік үшін күрескен ұлы ақындарымыз өздері армандаған, бірақ жете алмаған күндерді қазіргі таңда біз, балалар көріп отырмыз. Біз бақыттымыз және осы адамдарға  айтар алғысымыз шексіз.

 

Үй жұмысы: Слайд №24

« Бірлік. Татулық. Ынтымақ » атты   тақырыбына эссе жазу.

Мысал мазмұнын суреттеу.

Мысалдың соңғы шумағын жаттап алу.

 

-Балалар, бүгінгі сабақта сендер өз білімдеріңді көрсете білдіңдер. Бір ұжым болып  біз бірге бір үлкен істі атқардық деп айтуға болады.

Оқушыларды бағалау.

Слайд № 25