«Рахмет саған, Әліппе!»

 

«Рахмет саған, Әліппе!»

Сабақтың мақсаты: 1.Білімділік: Оқушылардың сауат ашу пәнін оқу барысында алған білімдерін тиянақтау,өз өнерлерін ата-аналарға көрсету,белсенділігін арттырып, ұжымшылдығын күшейту.

2.Дамытушылық: Кеш барысында, тапсырмаларды орындау барысында өз ойларын еркін айтып,толық жауап беруін,қабылдауын,зейін қоюын,есте сақтауын дамыту.

3.Тәрбиелік: Адамгершілікке, ұқыптылыққа,бірін-бірі сыйлауға,кеш барысында өзін-өзі дұрыс ұстауға және балалрдың эстетикалық талғамдарын түсіп,ана тілін сүйіп,қастерлеуге тәрбиелеу.

1.Безендірілуі: «Рахмет саған, Әліппе!» сөзі жазылған плакат,суреттер, шарлар, жалаушалар,суретті әріптер, нақыл сөздер жазылған плакаттар.

 

Сиқыршы: Ой, мен қайда келіп қалдым? (Мұғалімге кездеседі)

Мұғалім:Армысыз, кішкентай сиқыршы!

Сиқыршы:Сәлеметсіз бе?!Мен сізді танымадым. Мен өзі қайда келіп тұрмын?

Мұғалім: Кішкентай сиқыршы,сіз біздің мектебімізде тұрсыз.Бүгін біздің мектепте ерекше той өткелі тұр.Мектептің 1  сынып оқушылары Әліппемен қоштасқалы отыр.Бұл тойдың қадірлі қонағы бол!

Сиқыршы: Рахмет,маған да сізге көмектесіп тұруға бола ма?

Мұғалім:Әрине болады.Әзірге балалармен бірге отыра тұрыңдар.

Мұғалім: Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! «Рахмет саған, Әліппе! » атты  1- сынып оқушыларының Әліппемен  қоштасу кешіне қош келдіңіздер! Тәуелсіздік алып, етек жеңіміз кеңейіп, атымыз алысқа жетіп жатқан шақта бүгінгі күні сіздер үшін тағы бір үлкен той болмақ. Бұл той- бүлдіршіндердің тұңғыш тойы. Кеше ғана алаңсыз ойнап жүрген бүлдіршіндер бүгінде бойларында жауапкершілік пайда болып, азаматтық борыштарының алғашқы белесінен асып, тағы да бір жасқа есейіп отыр.  Бүгін біздің қуанышымызға шек жоқ. Тойларыңыз тойға ұлассын!

Әліппені бітірді балаларым,

Әліппеден нәр алған даналарым.

Өзі оқып жазатын халге жетті.

Құтты болсын білімі балалардың,

Ал ендігі кезекті оқушыларға берейік.

Ортаға 1-сынып оқушыларын шақырайық.

(барлығы ортаға келіп тұрады)

Мұғалім: Шәкірттердің тұңғыш рет қолдарына ұстап, бетін ашқан оқулығы -Әліппе. Бұл кітап-бүкіл ғылым дүниесінің алғашқы соқпағы, білімге бастайтын алғашқы жолы. Осы Әліппе оқулығы арқылы біздер 42 әріпті танып, енді одан әрі үлкен -үлкен биік шыңға көтерілмекпіз.

Ата ананың мақтанышы, адал тәрбиелі азамат болып өсіңдер!

 Хормен: Енді шашу шашайық,

                  Ақ сандықты ашайық

                  Бұл мереке бұл тойдың

                  Шымылдығын ашайық.

(Әнұран орындалады)

1- оқушы

Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар,

Білім іздеп, инемен құдық қазғандар.

Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,

Би биленіп, ән де бүгін шырқалар.

2— оқушы

Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,

Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.

Алдарыңда қызғалдақтай құлпырған,

Біз алаңсыз балғын шақты балалар.

3-оқушы

Көз салып қараңызшы бойымызға

Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.

Қош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,

Әліппемен қоштасу тойымызға.

4-оқушы:

Бар кітапқа бас болған,

Әліппе ғылым данасы

Әліппеден басталған,

Даналықтың данасы.

5-оқушы:

Дәнекер боп дамыл таппай арада,

«Әліппені» ұялатқан санаға.

Ұстазымыз сізге алғыс айтамыз,

Үйретуден жалықпаған балаға.

6-оқушы:

Қуанамыз, сыйлаймыз.

Қуаныштың мың гүлін

Әліппені қимай біз,

Қоштасатын күн бүгін.

7-оқушы:

Әліппе-білім анасы,

Әліппе кітап данасы.

Әліппе бетін ашпаған

Адамның бар ма баласы?

 

Мұғалім:

Өсті міне бойларың,

Өсті ақыл – ойларың.

Қуанышқа ортақпын,

Құтты болсын тойларың!

—    Балалар мен сендерге сұрақ қоюдан бастайын. Сендер оған жауап айтыңдаршы.

Іші толы әріпке,

Білімдегі жарық не?

Хормен:  Болашаққа жол ашқан,

Ол сүйікті Әліппе!

Мұғалім:

—    Олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппе досымызды ортаға шақырайық.

Хормен:       Әліппе,Әліппе,Әліппе

(Ортаға Әліппе келеді)

Әліппе: Сәлем , балалар!

Балалар: Сәлем, сүйікті Әліппе! Жоғары шығыңыз.

Әліппе:

Менің атым —  Әліппе,

Мені анаңдай дәріпте.

Мені оқып ер жеткен,

Аған менен әпкең де.
Армысыздар , жас достар!
Армысыздар, ата –ана !
Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаға
Білім деген ғажаптың
Әліппесін меңгерген
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.
Таудай болса талабың,
Айтары көп әріптің.
Қуанышы баланың
Қуанышы ананың
Жақсы білім-көрімдік
Болсын сізге халайық!
Не үйреніп, не білдік
Қане, ортаға салайық !

Балалар , мен бұл мерекеге қуана, толғана келіп тұрмын. Жай келмедім. Өзімнен бастау алатын, өздеріңе даңғыл жол салатын жаңа достарың «Ана тілін» шақыра келдім. Ана тілі, балалар менен не үйренді екен, сен де бірге тамашала. Ал, балалар, бар өнерлеріңді көрсетіңдер.

Ана тілі:
Туған елдің тілімін,
Ақылы мен танымын.
Түсіндірер бәріне
Ана тілі пәнімін.
Ана тілім-ұраным
Ана тілім-құралым.
Ана тілім болмаса
Мықты болмас тұрағым.

-Балалар мен Ана тілі оқулығы боламын. Мен сендердің дауыстарыңды естіп қуанып келдім. Олай болса сендердің қандай өнерлерің бар? Қане, ортаға салыңдар.

Би: ВАЛЬС
Сиқыршы: мен сендермен бірге бір ойын ойнасам деймін. Ойнаймыз ба?

Балалар:Ойнаймыз.

Сиқыршы: Балалар мен жұмбақ жасырамын. Сендер жауабын дұрыс тапсаңдар бір сөз шығады.Қане мұқият тыңдаңдар.

Сиқыршы:

1.Әжеде бар, атада жоқ,

Әтеште бар,көжекте жоқ.(«Ә» әрпі)

2.Біреуі «белде»

Біреуі «көлде»   («Л» әрпі)

3.Ірімшікті жедің ғой,

Тәтті екен дедің ғой.

4.Ірімшікті біз жеген,

Қай әріптен басталған. («І» әрпі)

5.Ата-анаңмен барып сен,

Пілді көрдің парктен.

Осы атаулар зер салшы,

Басталған қай әріптен. («П» әрпі)

6.Пілде бар,шілде жоқ,

Допта бар,шарда жоқ. («П» әрпі)

7.Ешкіде бар,қойда жоқ,

Кеседе бар,қасықта жоқ. («Е» әрпі)

  1. Әліпбиді білеміз,

Онда жүйе қалып бар.

Біздің қазақ тілінде

42 әріп бар

Сиқыршы:Балалар қандай сөз шықты?

Балалар: «Әліппе»

 

Ән: Әліппе Орындайтын: Ережепбаева Айым

 

Сиқыршы: Ал сендер әліппе туралы тақпақтар білесіңдер ме?

Оқушылар: Ия

1.Ең алғаш қолға алғанда әліппені,

Қызыға қарай бердім әріптерді.

Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді,

Ұстазым оның кілтін алып берді.

2.Ұйретіп бізге алғаш Әліппені,

Ұстазым ғылымға жол салып берді.

Адамның ой-арманы, мақсаттары,

Оқудың сәулесімен жарық көрді.

3.Өмірге жол бір өзіңнен бастадым,

Алфавитті алғаш сенен жаттадым.

Ұстаз- ана естен кетпес мәңгілік,

Мейіріммен жауырыннан қаққаның.

4.Жүзің жылы, құшағың кең,

Сенен түлеп ұшамын мен.

Өзің берген біліміңмен,

Биіктерге шығамын мен.

5.Ақылшы асыл ұстазым,

Өзіңе менде ұқсармын.

Жеткенше қайрат күш әлім

Биікке самғап ұшамын

6.Жақсы кітап Әліппе,

Үйретеді әріпке,

Ойыншықпен  қоштастым,

Әріптермен достастым.

7.Іші толы әріпке,

Мынау айбат Әліппе

Барлық ілім, білімнің

Әжесі осы Әліппе

  1. Әліпбидің «А»тұрады басында,

Әрқашанда «Ә» тұрады қасында.

Байқадың ба «Б» тұрады үшінші,

Ал осының сыры неде түсінші?

  1. «А» деген ол аналар ғой ардақты,

«Ә» деген ол әкелер ғой салмақты.

«Б» деген ол балалар ғой әдемі,

Біздің елде үшеуі де кәделі.

 

  Мұғалім: – Балалар, Әліппе сендерді оқуға, жазуға үйретті. Сол үшін Әліппе достарыңа не айту керек?

Қыздар:   Балаларға ақ тілек,

 Ұлдар:      Болашаққа бақ тілеп.

Хормен:   Біздерге білім үйреткен,

Әліппе, саған рахмет.

 

Көрініс: «Кім неден күшті?»

Әліппе:

—    Балалар! Сендер менімен ғана достасып қана қойған жоқсыңдар. Сонымен бірге қандай негізгі пәндерді оқыдыңдар?

Оқушылар: Математика, дүниетану, ән сабағы, бейнелеу өнері, еңбекке баулу.

Әліппе:  Ретімен тізбелі

Әрбір санды даралап,

Қайсың барсың бізге енді

Айтып берер санамақ?

Санамақ айтайық

 

 

1 дегенім- бесік,

Шықтың содан өсіп.

 

2 дегенім – елім,

Далам, тауым, көгім.

 

3 дегенім – үміт,

Үміт артар жігіт.

 

4 дегенім – төзім,

Төзе білем өзім.

 

5 дегенім – бақыт,

Бағалайтын бақыт.

 

6 дегенім – ақыл,

Тыңдағаның мақұл.

 

7 дегенім – жалау,

Жүректегі алау.

 

8 дегенім – сөзің,

Серт беретін кезің.

 

9 дегенім – тоқтау,

Елдің жоғын жоқтау.

 

10 дегенім – Отан,

Қорға соңы, ботам.

 

Ойын:

 

Мұғалім: Жиналған қауым таң қалсын

Ән бимен шашу шашылсын

Мың бұралған бишелер

Бименен кешті жалғасын.

1- сынып оқушыларының  орындауында « Самбо» биі.

Мұғалім:       Есептеуге  жүйрік  болсаң  жасыңнан

Математикаға  орын  берсең  басыңнан

Барлық  ғылым  саған  үйір  болады,

Досың  солар  табылатын  қасыңнан

-Ал  енді   математикалық сұрақтарға кезек берейік.

Мынау менің кітабым,
Аса құрмет тұтамын
Шөліркесем ашып сан
Білім нәрін жұтамын
Біздің келер шамамыз
5-ке 3-ті қосамыз
10-нан 5-ті алып ап,
Жауабын тез табамыз.
Мұғалім:
Балалар, қазір мен сендерге есептер айтып математика пәнінен білімдеріңді тексеремін. Ойланып барып, шешіңдер.
1. Оң қолымда 5 алма,
Сол қолымда 5 алма,
Барлығында қосқанда
Болады менде неше алма ?
2. 5 алманың үшеуін ,
Досың сұрап алады.
Айтшы сонда нешеуі
Өз қолыңда қалады ?
3. Сымда 5 үйрек отыр еді, екеуін үркітіп жіберсек, нешеуі қалады ?
Мұғалім:
-Балалар,біз әлі бағаланбаймыз, бірақ жаңа жылдан кейін сендерге баға қойылады. Қай баға жақсы екенін білу үшін , бағаларды сөйлетіп көрейік.
1 дегенің жаман баға,
Алады оны жаман бала.

2 дегенің нашар баға,
Інішегім нашарлама.

3 дегенің орта баға,
Сапасы оның орта ғана.

4 дегенің жақсы баға ,
Алады оны жақсы бала.

5 дегенің үздік баға,
Оқитын бол үздік қана.

Сиқыршы қыз: Мен балалардың  сауаттылығын тағы бір тексерейін менімен бірге

«Ұйқасын  тап» ойынын  ойнайық,әрі  жұмбақтың  шешуін  табайық.

1)Құйрығы  сүйір, Алаботаға  үйір  Оның  аты(Сиыр)

2) Тастан  тасқа  секірген ,Шұнаңдап  ойнап  есірген

Құйрығы  келте  шұнақ,  Оның  аты  (Лақ)

3)Теңбіл  түсті  ,өзі  ширақ ,

Ұзын  мойын,ұзын  сирақ,Білгің  келсе ,аты(Жираф)

4)Тоны  түкті, Түрпі,Оның  аты  (Кірпі)

 

Би: «Үнді» биі. Орындайтын: 1-сынып оқушылары

Сиқыршы: Рахмет. Біздің ертегілер әлеміне кететін уақытымыз болды. Сендердің білімдеріңді көріп, өнерлеріңді тамашалап, риза болдық. Білім алу жолдарыңда қанаттарың талмасын! Қош сау болыңдар!

Әліппе: Балалар, рахмет сендерге.

Әліппе:   Енді мен сендермен қоштасайын.

Кір шалмасын беттерін,

Таза болсын оқулық пен дәптерің.

Оқығандарың есте болсың,

Күнделіктерің 5-ке толсын!

 Қыздар: Бәрімізді сүйіп өткен,

Ұлдар:    Балаларға үйреткен.

Хормен. Әліппе мен ұстазға

Бас иеміз құрметпен.

Ән: «Рахмет саған, Әліппе!»  Орындайтындар: Айдана мен Нұрдана

1-оқушы:
Қош бол, құтты Әліппем,
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен
Тақылдатып сөйлеттің.
Әліппе:
-Балалар, сендер мені жақсы игеріпсіңдер. Мен сендерге ризамын.  Ана тілімен таныстырдым. Енді мен рұқсат болса кетейін. Сау болыңдар !
Хормен:
Қош бол, сүйікті Әліппе!

 

1-оқушы:

Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата-ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп, шықты міне балаңыз.

2-оқушы:

Қош, «Әліппем» биіктеткен асқарға,

Қанат берген шарықтауға аспанға.

Қоштассақта ұмытпаймыз өзіңді,

Тапсырамыз іні-қарындастарға.

3-оқушы:

Біз енді Әліппемен қоштасамыз,

Жолына гүлмен қоса жыр шашамыз.

Білімнің бұлағына сусындағын,

Көптеген кітаптармен достасамыз.

Мұғалім:
— Балалар, сендер « Әліппені »бітірдіңдер. Ендігі сендердің жаңа достарың Ана тілі оқулығы болады. Сондықтан әліппені қалай меңгерсеңдер, ана тілін солай оқитын болыңдар.

Хормен:
Әліппемен қоштастық,
Ана тілмен достастық.

Ана тілі: Рахмет, балалар. Әліппе сендерге көп нәрсе үйреткен екен. Мен риза болып тұрмын.Мені де зейіндеріңді салып, ынта қойып оқыңдар. Кейінгілерге таза, ұқыпты етіп қалдыруларыңды сұраймын.

Ән: «Ана тілі»  Орындайтын: Мұратова Айзере

4-оқушы:

Әрбір тілде сөйле әлемді таң қылып

Ана тілін білмеу қандай заңдылық.

Өсер балаң, байтақ далаң тұрғанда,

Ана тілі жасау керек мәңгілік.

 

Хор: «Әліппе»

( Мектеп басшыларына сөз беріледі.)

Мұғалім:   Бүгінгі кеш әр үйдің тойбасы деп саналар,

Балалардың есімі әулеттерге таралар,

Ырым етіп сондықтан, ертеңгілік соңында

Ақ тілекпен шашу шашпақ ақ жаулықты аналар.

—    Бүгінгі 1-сынып оқушыларының «Рахмет саған, Әліппе» атты әліппемен қоштасу кеші аяқталды. Алтын уақыттарыңызды бөліп, келіп тамашалағандарыңызға көп рахмет!

—    Қош сау болыңдар.