«Балабақшада тәрбие беру бағдарламасында»

 

 

 

   Бала өмірінің алғашқы мектепке дейінгі кезеңі оның өсіп жетілуіндегі ең жауапты кезең. Бұл кезеңде баланың ақыл-ой қабілеті, қасиеттері  және эстетикалық сезімдері қызықты, мазмұнды сабақ, еңбек, ойын процесінде жан-жақты қалыптасады. Ойын тәрбие берудегі ең тиімді тәсілдердің бірі.

    «Балабақшада тәрбие беру бағдарламасында» баланың денесі мен психикалық жетілуі, жеке басының дамуы үшін ойынның үлкен маңызы бар.

   Бала ойын арқылы күш-жігерін жаттықтырып, қоршаған заттар мен құбылыстардың ақиқат сырын ұғынып, еңбек дағдысына үйрене бастайды, яғни болашақ ұрпақтың тәрбие жолы тәлімдік ойыннан басталады.

   Балалар қиялдау арқылы ойдан түрлі ойындар шығарады. Ойын арқылы балалардың  шығармашылық ой-қиялы, елестету қабілеті шарықтайды. Ойын-тәрбие құралы. Ойынның арқасында жан-жағын қоршаған орта балаға қостаушы болып табылады. Мектеп жасына дейінгі бала белсенді, ой-түсінігі мол болып, өзінің тәртібін басқара білсе, мектепте жақсы оқиды, бір мақсатқа жетемін деген ынтасы болса, бала бойындағы талпынысты дамытуға баса назар аударуымыз керек. Сондай-ақ ойын- сабақтар ұйымдастырудың тәрбиеге тиімділігін үнемі ескеруіміз қажет.

   Балалардың көп уақытын сабақ алады. Ойын ретінде оқытуда әр түрлі сипаттағы дидактикалық ойындар(лото, домино, мозайка т.б.) олардың ойнай білуін қалыптастыру. «Өзің құрастыр», «Кілем дүкені», «Қайсы көп» т.б. ойындар ұйымдастырылса, мұндай ойындар балалардың ойлау қабілетін жетілдіреді және геометриялық, пішіндер мен оның түр-түсімен таныстырады. Сонымен бірге бұл ойындарды оқыту процесінде қолдануға болады.

    Ойын кезінде балалардың барлық жетістіктерін айтып өту, кемшіліктеріне ұрыспау және табыстарын мадақтау қажет екенін ұмытпау керек. Ойынға берілген осы сипаттаманы жетекшілікке ала отырып, баланың тәрбиесін ойын арқылы дамытып, сауықтырып, тәрбиелеп, оқытып, баланы ойынға белсенді қатыстырып, баланың жігерін қолдап, өз күшіне сенімін арттыру қажет. Әрбір ойынның алға қойған мақсаты болады, сол мақсаттың орындалуына баланың өзін ұмтылдыру қажет.                

 

 

 

 

1-ойын

«Не қалай дыбыстайды».

     Жануарлардың суреттеріне қарап, олардың қалай дыбыстайтынын бір-бірінен ажыратып айту.

Мысалы: Аққу сұңқылдайды, Тышқан шиқылдайды, жылқы кісінейді, қой маңырайды, сиыр мөңірейді

 

2-ойын

Бала не істеді?»

 Іс-әрекеттегі балалардың суреттеріне қарай отырып, не істеді?-етістігіне жауап беру; сөйлем құрап айта білу; жүгірді, секірді, отырды т.б. сөздік қорын жинақтау.

 

 3-ойын

Сюжетті-дидактикалық ойын «Кондуктор»

Мақсаты:

 Санау, әр түрлі сандардың қосындысынан бір сан құрау, ұлттық валютамыз теңгемен танысуды одан әрі жалғастыру.

Көрнекілік: Әр баланың алдына ұсақ, 1,2,5 теңгелік (қағаздан қиылған). Балалар 1,2 теңгелерден 5 теңге құрап кондукторға береді, кондуктор әр баланың вагонының түсіне сай келетін билет береді.

 -Балалар, міне біз соңғы аялдамаға келдік. Бұл көңілді шеберлер қаласы деп аталады. (Тақтаға түрлі-түсті пішіндерден салынған үй, жүк машинасы ілінген). Олар түрлі пішіндерден заттар құрастырғанды ұнатады. Мұнда көңілді болғанымен біздің уақытымыз жоқ. Сапарымыз теңізде жалғасатын болғандықтан, бізге кеме қажет. Ол үшін бізге шебердің көмегі қажет. Шебер бізге кеменің сызбасын қалдырған екен. Осы сызбаға қарап, біз кемемізді құрастырамыз.

(Балалар сызба бойынша кеме құрастырады). \

 

3-ойын:

«Кім болам?»

 

Тақтаға суреттер ілінеді. Тақтаға шыққан бала өзіне ұнайтын мамандыққа сәйкес суретті таңдап алады да, оның қандай мамандық екенін айтады. Қалаған мамандыққа сәйкес тапсырманы орындаған бала сол мамандық иесі болып есептеледі. Ойын-тиімді тәсіл. Ойынның балалардың пәнге деген қызығушылығын, ынтасын арттыруға әсері мол болады.

 

4-ойын

 «Мен кіммін»

 Мақсаты:

 Психосезімдік ахуалдарын жақсарту;

Баланың өз сезім әрекетін түсініп, әсерлене білу қабілетін дамыту.

Ойын барысы:

 Балалар шеңбер құрып отырады. Жүргізуші: Күн шуағы сендердің көздеріңе қарайды. Көздеріңнен беттеріңе қарай жылжиды. Алақандарыңмен сипаңдаршы. Ол ары қарай маңдайыңа, мұрныңа, аузыңа, бетіңнің ұшына, иегіңе түсті. Алақандарыңмен күн шуағының жолдарын сипап көріңдер. Одан кейін мойныңнан, ішіңнен, қолыңнан, аяғыңнан, арқаңды сипап өтіп, желке тұсыңа барды.

    Күн шуағы сені жылытып, аймалайды. Сен оған күліп қарап, мейірімді шуағын жүрегіңе түй.

 

 5-ойын

«Суретіне қарай тиісті құралдарды жина»

Міндеті:

Дәрігер салауат пен Орман дәрігері құралдарының атын атап, жіктеу, салыстыра білу дағдыларын дамыту.

Құралдар:Дәрігер Салауат пен Орман дәрігерінің суреті салынған екі бірдей қорапша және оларға қажетті құралдардың суреті (спортқа және емделуге қажетті құралдар).

Ойын барысы:

1-бөлім: Бала жұмыс үстеліне қорапшаларды әкеліп ішіндегі заттарды тізбектеп қояды. Олар өздеріне таныс заттарды атаулары тиіс, егер атын білмесе, тәрбиеші көмектеседі.

2-бөлім: Бала қораптағы заттардың атын біледі. Оны үстелге әкеліп ішіндегі құралдарды ретсіз қояды. Заттардың атын атап, дәрігер Салауат пен Орман дәрігерінің қорапшаларына тиістілерін жинақтайды.

 

6-ойын

«Менің бір күнім»    

Міндеті: Суреттерді талдай отырып, рет-ретімен жинастыруға жаттықтыру. «Күн тәртібі» туралы білімдерін бекіту.

Құралдар: Күн тәртібінің суреттері салынған конверт.

Ойын барысы: Тәрбиеші, балаларға күн тәртібінің суреттері салынған конвертті үлестіреді. Бала ондағы әрекеттерді әңгімелеп, рет-ретімен тізбектеп қояды.

 

7-ойын

«Жыл мезгілдері»

Міндеті: Суретте бейнеленген  негізгі белгілері бойынша әр жыл мезгілдері жайлы түсініктерін бекіту. Балаларды жыл мезгілдерінің ретін дұрыс көрсететін сөздерді қолдана отырып, талқылай білуге баулу.

Құралдар: Жыл мезгілдерінің суреттері және түрлі-түсті төрт карточка.

Ойын барысы: Балалар жыл мезгілдеріне  сәйкес түстерді шеңберге тізбектеп, ретімен жүйелі құрастырады.  Оған қатысты суреттерді қажетті орнына орналастырулары тиіс.

 

8-ойын

«Түс Перизаты»   

Мақсаты: Түскі ұйқыға деген жағымды түсінік  қалыптастыру.

Құралдар: Сиқырлы таяқша.

Ойын барысы: Бұл ойында түс Перизаты ұйықтауы қиын балаларды таңдайды.  Сиқырлы таяқшасын қолына алып, бөлмені аралап жүріп таяғын заттарға тигізіп ұйықтатады. Міне, үстел, кітап сөресі де ұйықтап қалды.

Түс Перизаты төсекке жатып, сиқырлы таяқшамен өзін түртеді. Мен де ұйықтаймын.

     9-ойын

«Қуыршақты емдеу»

Мақсаты:

Балаларды жарақатты дұрыс емдеуге үйрету.

-Олардың алғашқы жәрдем көрсетуге қажетті заттар туралы білімдерін бекіту.

 Құралдар: Қуыршақ, алғашқы жәрдем көрсетуге қажетті заттар.

Ойын барысы: Әр бала алдына қуыршақты алып, емдей бастайды. Емдеу кезінде қажетті заттарды пайдаланып, оны атап және дұрыс емдеу жолын айтады.

-Жарақатты жуу;

-Таза сүрткішпен құрғату;

-Айналасындағы теріні йод ертіндісімен сүрту;

-Қажеттілігіне қарай дәкемен орап таңу.

 

   

 

 

      10-ойын

«Көңіл күй және жүріс»

Мақсаты: Сезім (эмоция) қозуын төмендету, алаңдаушылықты азайту, бұлшық еттерді босаңсыту.

Ойын барысы: Жүргізуші қозғалысты көрсетіп, көңіл-күйді сұрайды:

-Алдымен ұсақ жауын болып, содан кейін үлкен тамшы болып жауамыз.

-Торғайға айналамыз, шағалаға, бүркіт болып ұшамыз.

-Көңілді сайқымазақ (клоун) болып секіреміз.

-Тәй-тәй жасап, жүрген бала болып жүреміз.

-Құсты аңдыған мысықша аңдап басып жүреміз.

-Сазды жерді басып көреміз.

-Ойға шомып жүреміз.

-Анамыздың алдынан шығып мойынына асыламыз.

 

11-ойын

«Жер, су, ауа, от.»

Құралдар: Үлкен және кішкентай доп.

Ойын барысы: Жүргізуші қолына доп ұстап, ал қалған балалар одан

3-4м қашықтықта дөңгелене тұрады. Жүргізуші кез-келген ойыншыға «Жер!», «Су!», «Ауа!», «От!» деген төрт сөздің ішінен біреуін айтып қолындағы допты лақтырады. Ұшып келген допты алған бала оны қағып алып, жүргізушіге «Жер!» десе кез-келген  жер бетіндегі тіршілік иелерін, жануарларды, «Су!» десе балықтар атауын, ал егер «Ауа!» десе құстардың атауын айтып допты қайта лақтыруы тиіс. Ал егер «От!» сөзін естігенде допты ұстап алып, үндемей, арқасымен жүргізушіге бұрылуы қажет. Балалар жауаптарын шатысып немесе кешігіңкіреп айтсаңдар, қолдарын жоғары көтеріп, жүргізуші келіп допты қайта бермейінше сол орнына тұрып қалулары керек.

 

12-ойын

«Жасауға тиым салынатын ойындар»

Мақсаты: Балаларды зейінді болуға үйрету.

Ойын барысы: Балалар жүргізуші жанында жартылай шеңбнр бойына тұрады. Олар кей қимылдарды жасауға өзара тыйым салуға уәделеседі. Содан соң әуен ырғағымен жүргізуші түрлі қимылдар көрсетеді де, балалар қайталайды. Жүргізуші ойын барысында тыйым салынған қимылдарды қайталамаулары керек. Байқамай қайталап қойған бала, ойыннан шығады.

 

 

   13-ойын

«Жыл мезгіліне саяхат»

Мақсаты: Әңгіме мазмұнын тыңдай отырып, жыл мезгілдерін дұрыс таба білу. Жыл мезгілдерінің алмасып отыратынын ұқтыру. «Жыл бойы» деген жалпы түсінік беретін тіркестермен таныстыру.

Керекті құралдар: Жыл мезгілдерін бейнелейтін мазмұнды суреттер. Әр баланың жауабына сай салынатын асықтар, қалташалар.

Ойынның шарты: жыл  мезгіліне сәйкес аялдамаларда  мазмұнды суреттер мен қалташаларға салынған  асықтар жату керек.

Ойынның барысы:

Жүргізуші: Қазір біз жыл мезгіліне арналған таңғажайып саяхатқа аттанамыз. Жол бойындағы көптеген аялдамаларға тоқтап демаламыз.

1-ші аяддама: Балалар айналаға қараңдаршы, айнала ақ көрпе жамылған, өзендер қатып қалған. Жылы киінген балалар шаңғы теуіп жүр.

    /балалардың жауабы/.

2-ші аялдама: Аспанның түсі суық, сұр бұлт жиі-жиі торлайды. Тырналар сап түзеп, жылы жаққа ұшып бара жатыр. Бау-бақшада жемістер уылжып пісіп тұр.

    /балалардың жауабы/.

3-ші аялдама: Сай-салада сылдырап сулар ағып, ағаштар бүршік жара бастады. Құстар ұшып келіп, балалар оларға ұя жасап жүр.

    /балалардың жауабы/.

4-ші аялдама: Айнала қызыл- жасыл гүлге бөленген. Көбелектер, аралар гүлден-гүлге ұшып-қонып жүр. Балалар өзен жағасында күнге қыздырынып жатыр.

   /балалардың жауабы/.

     Осылайша суреттеу барысында балалар әр жыл мезгіліне байланысты мазмұнды суреттерді көріп, соның мазмұнына қарай жауап береді. Дұрыс жауап берген балалардың қалташаларына асықтар салынады. Асықты кім көп жинаса, сол жеңіске жетеді.

14-ойын

«Бұл қай кезде болады?»

Мақсаты: балалардың жыл мезгілдеріне байланысты білімдерін анықтау және әрі қарай дамыту.

Ойынның шарты: жауап берген балаға сақина беріледі. Жүргізушінің сұрағына қарай жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін атау.

Ойынның барысы: Жүргізушінің қойған сұрақтарына балалар ойланып, дұрыс жауап береді.

  1. Балалар, қай кезде қызыл, сары жапырақтар көп болады?

/балалардың жауабы/.

  1. Қай кезде жеміс-жидектер жиналады?

/балалардың жауабы/.

Балалардың жауаптарынан табиғат құбылыстары мен адам еңбегінің қай жыл мезгіліне байланысты екенін анықтауға болады.

 Жүргізуші: Енді мен жыл мезгілдерін атаймын. Ал, сендер соған байланысты бұл кезде не болатынын, адамдар немен айналысатынын айтасыңдар. Мысалы: Көктем деймін де, сақинаны Гүлнәзға беремін. Гүлнәз тез ойланып, көктемде не болатынын айтады. Гүлнәздің жауабы: Көктемде қар ериді. Гүлнәз сақинаны қасындағы отырған балаға береді. Ол да көктемнің бір белгісін атайды. Осылайша ойын жалғаса береді. Ойын шартын бала толық меңгергенде ғана ойын басталады. Қиналған балаға тәрбиеші бағыттаушы сұрақтармен көмектесіп отырады.

15-ойын:

 «Негеш деген балаға арналған хат».

Мақсаты: жылдың күз мезгілі жайлы түсініктерін бекіту. Ойларын қысқаша түсінікті жеткізе білуге үйрету.

Керекті құралдар:

Балабақшаның мекен жайы жазылған хат салғыш, сұрақтар жазылған кішкене карточкалар.

Ойынның барысы:

Жүргізуші: Ал, балалар, мен сендерге Негештің сұрақтарын таратып беремін. Таратылған карточкалар бойынша әр балаға сұрақтарды түсіндіреді. Балалардың жауаптарын өзі толықтырады.

1.Күз белгілерін ата?

  1. Күз мезгілінде қанша ай бар? Олар қалай аталады?
  2. Күзде күн суытқанда қандай құстар жылы жаққа ұшып кетеді?
  3. Қандай құстар ұшпай қалып қояды? Сендер оларға қандай көмек жасайсыңдар?
  4. Күзде адамдар қандай еңбекпен айналысады?
  5. Неліктен жомарт күз деп атаймыз?
  6. Күз мезгіліне байланысты қандай өлең-тақпақтар білесіңдер?
  7. Күзден кейін қандай жыл мезгілі келеді, күзден бұрын ше?

Балалардың жауаптары келесі күнгі серуенде Негешке жолданады.

16-ойын:

«Үй жануарлары мен жабайы жануарларды ата».

Мақсаты: Үй жануарлары мен жабайы жануарлар туралы білімдерін бекіту. Тез ойлау қабілетін, зейінін тәрбиелеу, белсенділігін арттыру.

Ойынның шарты:

Орманның, қораның суреттері салынған үлкен картаның астындағы бос торкөздерге  тиісті жануарларды жарыса отырып орналастыру.

Ойынның барысы:

Ойыншықтар екі топқа бөлініп, әр түрлі табиғат көрінісі салынған бір-бір үлкен картадан алады. Жүргізушінің белгісі бойынша балалар жануарлар бейнеленген үлестірмелі карточкаларды үлкен картадағы салынған сурет мазмұнына қарай бос тор көздерге  орналастырады. Кім бос тор көздерді толтырып, жануарларды дұрыс атаса, сол жеңіске жетеді. Ойыншылар үлкен карталарымен алмасып, ойынды одан әрі жалғастырады.

17-ойын:

«Бұл қандай құс?»

Мақсаты: белгілі бір ерекшеліктеріне қарай құстарды суреттеуге үйрету және оларды ажырата білу.

Ойынның барысы:

Жүргізуші қарлығаш пен тоқылдақтың суреттерін балаларға көрсетіп, әрқайсысының ерекшелігін суреттеп, аттарын атайды. 

    Жүргізуші: Бұл құстарды тағы қалай атауға болады? Олардың қандай пайдасы бар? /тоқылдақ орман дәрігері, қарлығаш адамның досы/.

18-ойын:

«Жақсы мен жаман істерді тауып көр».

Мақсаты: жаман әдеттен аулақ болуға, көргенін ажыратып, әңгімелей білуге үйрету. Балалар берілген суреттердің мазмұнына сәйкес жаман, жақсы істерді ажыратады және ол неге жаман, жақсы іс-әрекеттер екенін түсіндіреді.

Көрнекі құралдар: жаман және жақсы істерді бейнелейтін іс-әрекеттерден көрініс беретін мазмұнды суреттер.

Ойынның барысы:

1.Ағаш бұтағын сындырып жатқан баланың әрекетін бейнелейтін сурет.

  1. Ағаштағы құстың ұясын бұзған баланың іс-әрекеттегі сурет.
  2. Әкесімен ағаш отырғызып жүрген баланың әрекетін бейнелейтін сурет.
  3. Құстарға ұя жасап ағашқа іліп жатқан баланың әрекетін бейнелейтін сурет.
  4. Гүлдерге су құйып, қамқорлық жасаған қыздың әрекетін бейнелейтін сурет.
  5. Ағаш бұтағына қонған торғайды рогаткамен атқалы тұрған баланың әрекетін бейнелейтін сурет.
  6. Далада өсіп, айналаға көрік, сән берген гүлдерді бейберекет жұлып жүрген баланың іс-әрекетін бейнелейтін сурет.
  7. Жайлауда қошақанға емізікпен сүт беріп тұрған баланың іс-әрекетін бейнелейтін сурет.

 

 

19-ойын:

 «Не қайда өседі?»

Мақсаты: балалардың өсімдіктер жөніндегі білімдерін бекіту, заттар арасындағы кеңістік байланыстарын анықтау дағдысын дамыту, өсу орнына қарай өсімдіктерді топтастыру. Балалардың өз бетінше ойлау қабілетін және белсенділігін дамыту.

Ойынның шарты:

Бақ пен бақша салынған үлкен суреттердегі бос тор көздерге жеміс-жидектерді дұрыс орналастыру.

Ойынның барысы:

Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Бір топта бақтың суреті салынған, екінші топта бақшаның суреті салынған үлкен сурет болады. Суреттер астында бос торкөздер бар. Қобдишада үлестірмелі карточкаларды жарыса отырып, тор көздерге орналастырады. Олардың атауын атайды.

20-ойын:

 «Бөлме өсімдіктері мен дәрілік өсімдіктерді ажырат»

Мақсаты: Бөлмеде өсетін өсімдіктер мен дәрілік өсімдіктерді бір-бірінен ажырата білу, қандай мақсатта өсірілетінін анықтау.

Көрнекі құралдар:

Бөлме өсімдіктері мен дәрілік өсідіктердің суреттері.

Ойынның барысы:

Балаларға жақсы көрінетін жерге бөлме өсімдіктері мен дәрілік өсімдіктер аралас салынған сурет ілінеді. Жүргізуші балалардан бөлме өсімдігін көрсетуін сұрайды.  Бір бала шығып бөлмеде өсетін өсімдіктерді көрсетеді. Екінші бала дәрілік өсімдіктерді көрсетеді. Балалардан қай өсімдік қандай мақсатта өсірілетінін сұрайды. Ойын осылайша жалғаса береді.

21-ойын.

Жапырағына қарай ажырат:

Мақсаты: ұқсас белгісіне қарай жапырақтарды таба білуге жаттықтыру. Балалардың сөздік қорын толықтыру, есту, қабылдау қабілетін дамыту.

Көрнекі құралдар: Әр түрлі жапырақтар.

Ойынның шарты:

Жапырақтарды салыстыру, қай ағаштың жапырағы екенін табу. Жаңылмай тапқан бала жеңіске жетеді.

Ойынның барысы:

Жүргізуші серуен кезінде балалармен аулада өсіп тұрған ағаштардың жапырақтарын жинайды. Өзіне әрбір ағаштың бір-бір жапырағын алады.  Балалар жарты шеңбер жасап, жүргізушінің жанына тұрады. Жүргізуші ауладағы ағаштардың атын сұрайды. Әр ағаштың қасына барып, аттарын атайды. Жүргізуші қарағайдың  жапырағын  басқа ағаштардың жапырағымен салыстыруды сұрайды. Балалардың жауабына қарап, оның ине секілді екенін анықтауға болады. Қайыңның жапырағын салыстыра отырып, оның жүрекшеге ұқсайтынын анықтайды. Жапырақтарды салыстыру және атау арқылы жүргізуші балалардың ағаштар жөніндегі білім деңгейін анықтайды. Жүргізуші қолындағы жапырақтарды балаларға бір-бірден таратып береді де, өзіне бірнешеуін қалдырып қояды. Өзіндегі бір жапырақты көрсетіп, балалардан сондай жапырақты табуын талап етеді. Білімдерін бекіту мақсатында балалардағы жапырақтарды бір-бірімен ауыстырып ойнауға болады.