Оқу мақсатынан сабақ мақсатын қарастыру маңызы.

Тақырыбы: Оқу мақсатынан сабақ мақсатын қарастыру маңызы.

 

«Сабақ мақсатты айқындаудан басталады» деген қағидаға сәйкес мұғалімдер жаңа тақырып бойынша жұмыс жасамай тұрып, тақтаға сабақ мақсатын жазады (не экранда көрсетеді).

Дұрыс! Өйткені мақсатсыз орындалған әрекеттер саналы түрде жүзеге асырылмайды, олар оқушының өз еркімен атқарып жатқан әрекеті болып табылмайды, тек басқа біреудің айтуы бойынша ғана жүзеге асырылған іс-шара деп қабылданады. Оқушылар мұндай әрекеттерді «Мұғалім айтқан соң жасап отырмын!» деген кейіппен орындауы мүмкін, алайда оның іс-қимылы саналы болды деп айтуға болмас.

Мақсат дегеніміз әрекеттердің алдында олардың ойша болжанған түпкі  әтижесі, жүзеге асырылуға, орындалуға тиісті нәрсе (зат, құбылыс), алға қойылған міндет. Мақсат – адамның ниеті, ол бізді уәждеп (мотивациялап), бар әрекеттерімізді саналы жасап, оларды реттеп, аяққы нәтижеге ұмтылдырып бағыттайтын идея. Мақсат болса – барлық әрекеттеріміз де саналы тұрғыдан жасалады, біз өзімізге не керектігін ескере отырып, естен шығармай амал құрамыз, яғни ісіміз ақыл елегінен өтіп, жүзеге асырылады.

Біздің дінімізде ең бастысы адамның ниеті екендігі туралы қағида бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (СҒС) бір хадисінде былай деген екен: «Шындығында да адамның жасағаны тек оның ниеттері арқылы бағаланады және әрбір адамға оның ниеттеліп жасағаны ғана беріледі…» (Әл Бухари мен Мүслім риуаят еткен). Ниетіміз дұрыс болса – жасағандарымыз да игілік аясында болады, барлық ісіміз де мән мен мағынаға бөленеді.

Дж.Дьюи «Мақсатты тек ерікті адам ғана құрастырады, ал құлда мақсат болмайды» деген ой айтқан еді. Осыған сәйкес егер балаларымыз ерікті болсын десек, оларды қаршадайынан мақсат қоюға үйретуіміз керек болар.

Бүкіл өмірінің, мектептегі оқуының, әр күнінің, әр сабақтың мақсатын құра білген бала ешкімге тәуелді болмай, ешкімге жалтақтамай, өз ғұмырына өзі ие болып, қожа болып ерікті түрде өмір түзетін шығар.

Сондықтан да сабақта ең маңызды мәселе мақсат шығар. Сабақ бойы барлық әрекеттерді мақсатпен екшеу керек, өлшеу қажет: әр тапсырма, сұрақ пен дидактикалық тәсіл тек мақсатқа жетелейтіндіктен қолданатын

құралдар деп танылады. Барлық тапсырма, сұрақ пен тәсілдерді не үшін сабақта қолданамыз? Әрине, мақсатқа жету үшін ғана. Олардың құндылығы оқушыларды мақсатқа қандай дәрежеде жақындататындықтарында.

Сабақты тіпті мақсатқа негізделген мынандай ретпен өткізу қажет болар:

Мақсатты айқындау → Мақсатты жүзеге асыратын әрекеттер, амалдар → Мақсатқа жеткен-жетпегенді талқылау. Сонда сабақтың қисындылығы (логикасы) арта түсер.

Сабақтың құрылымын да осы ұғымдармен байланысты үшке бөлуге болатын тәрізді:

І. Мақсатты айқындау.

ІІ.Мақсатты жүзеге асыру.

ІІІ. Нәтижені бағалау.

Сабақтың мақсатын құрастырғанда «мақсат = нәтиже» формуласын қолданған дұрыс болар. Және де мақсатта оқушы сабақ барысында (не сабақ нәтижесінде), яғни 40 минутта не үйренетіндігін, не жасай алатындығын

көрсеткен орынды. Сонда мақсат құрастырудың қысқаша анықтамасы мынандай болар: «Оқушылар сабақта не үйренеді (немесе не жасай алады)?».

Бұл түсінік бастауыш сынып мұғалімдерінің нұсқаулығында қарастырылады («Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық: Оқу-әдістемелік құрал. — Астана: «Назарбаев зияткерлік

мектептері» ДББҰ, 2016. – 48 б.): «Оқу мақсаттары – оқу бағдарламасына сәйкес пән бойынша оқу курсы аралығында білу, түсіну және дағды жетістіктеріне қатысты күтілетін нәтижелерді қалыптастыратын тұжырым»

Мақсат құрастыруды «Оқушылар» деп бастап (Назар аударыңыз: атау септігінде! «Оқушыларды» не «оқушыларға» емес), әрі қарай олардың не үйренетіндігін немесе не жасай алатындығын, оқушы жұмысының қандай да бір нәтижесін келтірген дұрыс. Мұнда етістік 3-жақта болуы керек: Оқушылар түсіндіре алады (немесе бөледі, жіктейді, атайды, сипаттайды, шығарады, таңдайды, тізімін жасайды, сәйкестендіреді, анықтайды, т.б.).

Мақсатта тұйық етістікті қолданбаймыз: түсіндіру (немесе бөлу, жіктеу, атау, т.б.). Етістіктер нақты, деректі, қолмен ұстайтындай, көзбен көретіндей, құлақпен еститіндей болуы керек. Мақсатты құруда «біледі», «түсінеді», «жаттығады», «қалыптастырады» деген етістіктерді қолданбаған дұрыс, өйткені олар оқушылардың нақты әрекеттерін көрсетпейді. Мен әдетте мұғалімдерден «Біледі» деген не?» немесе «Түсінеді» деген сөз не білдіреді?» деп сұраймын. Бұндай сұрақтарға олар жауап бере отырып, сол баяғы нақты етістіктерге барып «тіреледі»: бөледі, жіктейді, атайды, сипаттайды, т.б.

Мақсаттарды құрастыруда Блум таксономиясын қолданған орынды. Мұнда тек «Білу» деңгейінің оқушылар үшін міндетті екендігін естен шығармайық, яғни сабақта, менің ойымша, оқушыларға бұл деңгейдегі сұрақтар мен

тапсырмаларды ұсынбаған дұрыс. Оқушылар білгендерін «Білуден» жоғары деңгейлерде берілген тапсырмаларды орындауда көрсетуі, қолдануы керек. Мысалы, «Сын есім деген не?» деген сұрақтың орнына «Зат есім мен сын есімнің қандай айырмашылықтары мен ұқсастықтары бар?» деп сұраса («Түсіну» деңгейі), оқушылар екі сөз табын туралы деректерді білмесе, бұл тапсырманы орындай алмайды. Немесе оқушыларға «Екі санның қосындысының квадраты туралы ережені жатқа айтыңыздар» деген сұрақтың

орнына «Осы ережені қолданып, мына есепті шығарыңыздар» («Қолдану» деңгейі) десек, оқушылар бұл ереже мен формуланы білмесе, есепті шығара алмайды. Осылайша «Білуден» жоғары деңгейдегі сұрақтар мен тапсырмаларды ұсыну арқылы біз оқушыларды біліп, түсінуге жетелейміз, оларды жұмсақ түрде белсенділендіріп, өздігімен біліп, түсінуге мәжбүрлейміз. Төменде мен Блум таксономиясының әр деңгейінде оқушылардың қандай әрекеттерін мақсат құрастыруда

қолдануға болатындығын көрсетейін. «Білу». Жаттайды, оқулықтағы ережені (формуланы, мысалдарды, т.б.) қайталайды, еске түсіреді, қалдырып

кеткен әріптерді орындарына қояды, мәтіннен табады, тыныс белгілерін қояды, формуланы жазып алады, көшіреді, диктант жазады, өзгертпей сипаттайды (хабарлайды, әңгімелеп береді), дәл сол қалпында қайта

құрастырады, т.б.

«Түсіну». Өз сөзімен әңгімелейді, мазмұндап береді, екі ұғымды (объектіні, құбылысты) салыстырады: ұқсастықтарын не ерекшеліктерін айқындайды, ереже (анықтама, мысал, формула) ойлап шығарады, топпен талқылайды, тірек схемалар арқылы түсіндіреді (көрсетеді, құрастырады), «Неліктен? Не үшін?» деген сұрақтарға бір жақты жауап береді, орфограмманы түсіндіреді, интерпретациялайды, қорытындылайды, өз сөзімен айтып береді, түсіндіреді, кестемен (сөзбен, суретпен, графикпен, сызбамен, схемамен, диаграммамен, слайдпен) көрсетеді, болжайды, басқа тілге аударады, түрлендіреді, т.б.

«Қолдану». Есеп шығарады, сөйлем құрастырады, берілген схема (алгоритм) бойынша орындайды, модельдейді, кескін картамен жұмыс жасайды, хронологиялық кесте жасайды, иллюстрациялайды, атласпен жұмыс (саяхат)

жасайды, жасап көрсетеді, рөлдер ойнайды, тәжірибе-эксперимент қояды, макет/құрылым жасайды, приборлармен жұмыс жасайды, жағдаят құрастырады/ойнайды, сахналайды (инсценировка), шолу жасайды,

ұйымдастырады, санайды/өлшейді, жоспарлайды, эксплуатациялайды, зерттейді, т.б.

«Талдау». Дәлелдейді (дәлелдер келтіреді), сараптайды, жан-жақты салыстырады, құрамдас бөліктерге бөледі, бір-біріне қарсы қояды, сынайды, «Неліктен? Не үшін?» деген сұрақтарға жан-жақты (тереңінен) жауап береді, себеп-салдарын айқындайды, астарлы мағынасын (жасырын мағынасын) айқындайды, жіктейді (классификациялайды), категорияларға бөледі, тестілейді (тексереді), жасалу алгоритмін құрастырады, қателерді табады, ретке (тәртіпке) келтіреді, жасалған жұмысты талдайды, жасалған жұмыстың алгоритмін келтіреді, проблеманы шешу жолдарын көрсетеді, т.б.

«Жинақтау». Шығармашылық жұмыспен айналысады: эссе, өлең, мақала, шығарма, ертегі, әңгіме (сторителлинг), баяндама, сөз, жоспар, сценарий жазады, слайд жасайды, есептер/жаттығулар құрастырады,

жоба жасайды, тест сұрақтарын құрастырады, компьютерлiк бағдарлама жазады, тақырып бойынша сабақ жоспарын құрастырады, ғылыми гипотеза (болжау) құрастырады, құрамдас бөліктерді жаңаша біріктіреді, т.б.

«Бағалау». Бірнеше жауаптың (ұсыныс, нұсқа, пікір, т.б.) ішінен біреуін таңдайды, таңдауды негіздейді (дәлелдейді), өзіндік шешім қабылдайды, қажеттілігін (маңызын, пайдасын, құндылығын, зиянын) дәлелдейді,

дұрыс-бұрысын ажыратады, дәлелдейді, тұжырымдайды, жақтайды немесе қарсы шығады, өз пікірін дәлелдеп келтіреді, керектісін таңдап алады, тізім (рейтинг) жасайды, т.б.

Міне, осы секілді етістіктерді сабақ мақсаттарын құрастырғанда қолдануға болады.

«Мақсат=нәтиже» формуласы бойынша бірнеше мысал келтіріп кетейін. Мәселен, 7-cыныпта егерде сабақ тақырыбы «Дәрежесі бар өрнектерді түрлендіру» болып, оқу мақсаттары (ОМЖ-да дайын түрде келген) «7.1.2.3

нөл және бүтін теріс көрсеткішті дәреженің анықтамасын және оның қасиеттерін білу; 7.2.1.1 санды өрнектердің мәндерін табуда бүтін көрсеткішті дәреже қасиеттерін қолдану» болса, онда сабақ мақсатын «Оқушылар бүтін

көрсеткішті дәрежесі бар өрнектерді түрлендіретін есептерді шығаруға үйренеді» деп келтіруге болатын шығар.

Мұнда оқушылардың сабақ барысында не үйренетіндігі нақты көрсетілген.

Мақсаттарды атақты SMART бойынша да құрастыруға болады. Өздеріңізге аян, SMART — мақсаттарды айқындау және міндеттерді қою үшін қолданатын 5 критерийден тұратын тәсіл. Ол білім беру жүйесіне бизнестен, атап айтқанда менеджмент пен жобалық басқарудан келген.

SMART-тың әр бөліміне қысқаша тоқталып кетейік.

Specific (Нақты) — не нәрсеге қол жеткізу керектігі түсіндіріледі. Мысалы, «Әрбір оқушы жалқы және жалпы есімдердің арасындағы айырмашылықты түсіндіріп бере алады».

Measurable (Өлшенбелі) — нәтиже немен (қалай) өлшенетіндігі түсіндіріледі. Мысалы, көрсеткішті мөлшерлік (сан тұрғысынан) келтіріп, мақсатта тапсырма немесе оқушылардың санын (пайызын) көрсетуге болады: «Оқушылардың қанша пайызы тапсырманы дұрыс орындайды?».

Attainable, Achievable (Қолжетімді) — мақсатқа ешкімнің де көмегінсіз, тек оқушылардың жеке әлеуетін қолдана отырып жету мүмкіндігі түсіндіріледі. Мысалы, «Оқушылар берілген кез келген үшбұрыштың ауданын есептеп

шығара алады».

Relevant (Шынайы, өзекті) — мақсаттың шынайылығын анықтау: бұл  роблеманы шешу немесе тапсырманы

орындау шындығында да қажет, өзекті екендігіне көз жеткізу. Мысалы, «Оқушылар Аңырақай шайқасында қазақ әскерлерінің жеңіске жетуінің себептерін талдай алады».

Time-bound (Уақыт ауқымында шектеулі) — мақсатқа жетудің (проблеманы шешудің орындалуын/аяқталуын)

уақыттық өлшемін анықтау. Мысалы, «Оқушылар берілген 7 минут ішінде 100 сөзден кем емес эссе жазады».

Еркін Дүйсенбаевтың материалында SMART мақсатының негізгі құраушылары төртеу деп көрсетіледі:

— Орта – мақсатқа қол жеткізетін оқушылардың шамасы, оны пайыздық өлшеммен беруге болады,

— Шарт – орындалатын жұмыс ауқымы мен орындау барысын уақыттық шектеу,

— Деңгей – нақты орындалған жұмыс мөлшері мен сапалы орындау деңгейі,

— Әрекет – орындалатын жұмыстың басты немесе негізгі сипаты.

Мысал ретінде «Етістік» тақырыбы бойынша мақсаттың мынандай үлгісі келтіріледі: «Оқушылардың кем дегенде 80% (орта) 10 минуттың ішінде берілген 10 жай сөйлемнің (шарт) ең кемі 8 сөйлемінен еш қатесіз

(деңгей) етістіктерді анықтай алуы керек (әрекет)».

Нақты, өлшенбелі, қолжетімді, шынайы, уақыт ауқымында шектеулі, яғни SMART бойынша құрастырылған мақсаттар осындай болады. Байқап отырғаныңыздай, мұнда мақсат бағалауға өте ұқсас. Ал бағалау дегеніміз

оқушылардың үйренгендігінің дәлелі. Бұл мақсат та сабақ соңында оқушылардың білім деңгейін қалай анықтауға болатындығына негізделген.

Мен мынаны байқап жүрмін: көп жағдайда мұғалімдер мақсат құрастырғанда SMART-ты ықшамдап, оның  «деңгей» мен «әрекет» бөліктерін қолданады. Ал «орта» мен «шарт» құрауыштары күтілетін нәтижелерді құрастыруда қолданыста болады. Мәселен, мұндайда жоғарыда келтірілген мақсат келесідей нысанда болады:

«Оқушылар берілген сөйлемдерден еш қатесіз етістіктерді анықтай алады». Менің ойымша, сабақ мақсатын осылайша да құрастыруға болатын тәрізді.

Осы тұрғыдан сабақ мақсаттарының бірнеше мысалын келтіріп кетейін (қайтадан 7-сынып бойынша).

География сабағының тақырыбы «Дүние жүзілік мұхиттардың географиялық орналасуы» болса, онда сабақ мақсатын «Оқушылар дүниежүзілік мұхиттардың географиялық орнын диаграмма құрастыру арқылы

салыстыра алады» деп алуға болады.

Физика сабағының «Қатынас ыдыстар» тақырыбы бойынша мақсатты «Оқушылар қатынас ыдыстардағы қысымның таралуы мен су құбырының жұмыс істеу принципін түсіндіре алады» деп құрастыруға болады.

Тарих сабағының «Моңғол империясының ыдырауы нәтижесінде саяси картада қандай өзгерістер болды?» «Оқушылар XIII-XV ғғ. моңғол империясы ыдырауының негізгі және қосалқы себептері мен салдарын карта

көмегімен талдап, саяси үдерістерге баға бере алады».

Бұл – мұғалімнің сабаққа қойған мақсаты. Енді оқушылар өз мақсаттарын айқындау керек, өйткені сабақ солар үшін өткізілуде, оқушылар ғой сабақтың басты тұлғалары болып табылатын. Олар мақсат құрастыру арқылы

өздеріне қандай міндеттеме алар екен? Осылайша мұғалім оларды саналы және ерікті түрде өз біліміне жауапты жасайды, жауапкершілікті өздеріне жүктейді. Бұл әрекет балалардың сабақ бойы белсенді түрде жұмыс

жасауының кепілі болуы әбден ықтимал.

Мақсат қою оңай шаруа емес. Сондықтан да мұнда оқушыларға «Сіздердің бұл сабақтағы мақсаттарыңыз қандай?» деген сұрақ қойсақ, әрине, олардың жауап беруіне қиналатындығы сөзсіз. Оның орнына олардан

«Балалар, бүгінгі тақырып бойынша не үйренгілеріңіз келеді?» деп сұрасақ, бұл сұраққа жауап беру оңайырақ болар.

Оқушыларға көмектесу үшін тақтадан күтілетін нәтижелерді көрсетуге де болады. Балалар солардың ішінен өз мүмкіндіктеріне сәйкес дегендерін таңдап алады. Сонымен, әр сабағымыз мақсатты жариялаудан (талқылаудан, құрастырудан) басталады. Әрі қарай сабақ барысында біз мақсатқа қаншалықты жақындағанымызды нақтылау үшін 1-2 минут уақытымызды қиып, мынандай сұрақтарды талқылап отырамыз: «Балалар, біз нәтижеге қаншалықты жақындадық? Топ ішінде осы мәселені талқылап жіберіңіздер!», «Бақытжан, сіз өз мақсатыңызға қаншалықты жақындадым деп ойлайсыз?

Сыныппен бөлісіңізші!».

Тіпті оқушыларға тапсырма орындауды ұсынғанда да мақсат ең басты ұғым болып табылады. Сабақта тапсырманы қолданудың формуласы мынандай болу қажет болар:

Тапсырма = мақсат → тәсіл → нәтижені қорытындылау.

Тапсырманы орындаудың басында оқушыларға «Балалар, бұл тапсырманы мен сіздерге мынандай мақсатта ұсынып отырмын» деп айтудың қисыны бар. Немесе бұл мәселені олардың өзінен де сұраған орынды: «Балалар,

қалай ойлайсыздар, бұл тапсырманы мен сіздерге не үшін ұсынып отырмын? Қанеки, топ ішінде осы сұрақты 30 секунд ішінде талқылап жіберіңіздерші!». Тапсырма мақсатын айқындаған шәкірттер іс-әрекетке саналы түрде

қатысады. Ал егерде олар үшін тапсырманың қандай мақсатта орындау керектігі түсініксіз не көмескі болса, онда балалардың белсенді түрде жұмыс жасауы екіталай.

Әрине, тапсырмалардың сабақ мақсатын ашуға бағытталғанын есімізден шығармағанымыз жөн. Бұл туралы да оқушылардың ой-пікірін сұраған жөн: «Балалар, бұл тапсырма бізді мақсатқа қаншалықты жақындатты? Кімнің

қандай ойы бар екен: топ ішінде жеделдетіп талқылау  йымдастырыңыздаршы!»

Сабақ немен аяқталады? Дұрыс! Мақсатқа қаншалықты жеткен-жетпегенді талқылаумен қорытындыланады. Сабақтың маңыздылығы оның мақсатқа қаншалықты бағытталатындығымен өлшенеді деп ұйғарым жасауға

толық қисын бар. Мұнда рефлексияның көптеген тәсілдерін қолданып, «Мақсатымызға жеттік пе? Оның қандай дәлелдері бар? Неліктен біз мақсатымызға жеттік (не жетпедік)? Біздің мақсатқа жету жолында

жасағандарымыздың жақсы жақтары қандай? Біз біліміміздің қай жақтарын жақсартуымыз керек? Оны толықтыру (дамыту, тереңдету) үшін не жасауымыз керек?» деген секілді сұрақтарға ауызша немесе жазбаша

(не алдымен ауызша, содан кейін жазбаша) жауап беруді ұйымдастыруға болады.

Мәселе мұнда рефлексияның сапасында. Рефлексияның жалпылама пікір немесе тілек түрінде болмағаны жөн.

Егер оқушылар ауызша не жазбаша «Сабақ ұнады. Көп нәрсені білдім. Қызық өтті. Құнды деректер алдық. Мен жақсы жұмыс жасадым. Мен әлі де көп нәрсені білуім керек. Осындай сабақтар көп болса екен» деген еш

дерексіз, дәлелсіз жалаң сөздерді келтіру сыңайында өз ойларын білдірсе, онда рефлексияның төмен деңгейде болғандығын мойындау керек.

Шынайы, толыққанды рефлексия нақты дәлелдерден құралып, талдау түрінде келтірілуі керек:

— «Маған сабақ ұнады, өйткені, біріншіден… екіншіден… үшіншіден…»,

— «Мен көп нәрсені білдім. Мысалы, біріншіден… екіншіден…»,

— «Сабақ қызық өтті, өйткені, біріншіден… екіншіден… үшіншіден… өртіншіден…»,

— «Мен сабақта құнды деректер алдым, мәселен, біріншіден… екіншіден… үшіншіден…»,

— «Мен бүгін өзімді мынау үшін мақтар едім (немесе «Менің жұмыс жасауымның жақсы жақтары мынау…):

біріншіден… екіншіден… үшіншіден…»,

— «Осы сабақтан кейін мен өз білімімді мына тұрғыда жақсартуым керек: біріншіден… екіншіден… үшіншіден…»,

— «Осындай сабақтар көп болса екен, өйткені, біріншіден… екіншіден…».

 

info@cpm.kz__