АҒЫЛШЫН ТІЛІН ЕРТЕ ЖАСТАН ОҚЫТУ МӘСЕЛЕСІ

АҒЫЛШЫН ТІЛІН ЕРТЕ ЖАСТАН ОҚЫТУ МӘСЕЛЕСІ

 

Қызылорда қаласы, №23 Ж. Қизатов атындағы мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Түгелбаева Айымжан Түгелбайқызы

 

Тіл – қарым-қатынас құралы. Тіл сөйлеу арқылы жүзеге асады, сөйлеу арқылы ғана дамып, өмір сүреді.

«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей жас ұрпаққа саналы да, мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беруде қарым-қатынас құралының орны ерекше. Қазіргі жаһандану заманы ашықтық пен жан-жақтылықты талап етеді, сондықтан өмірден өз жолын табуға, беделді кәсіпті игеруге, өзіне және өзінің отбасына жақсы көңіл-күй, жарқын болашақ сыйлауға тырысқан адамдар үшін өз ана тілімен қоса шет тілдерін білу қажеттілігі туындап отыр. Біз шет тілін оқыту туралы айтқанда, оны ең алдымен қатынас құралы ретінде оқитынымызды есте шығармаған жөн.

Дәлірек айтатын болсам, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес елдегі беделді тілдің үшінші түрі – халықаралық қатынастағы ағылшын тілі болып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің 2008 жылғы 29 мамырда бір топ бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездесуінде «Тілдердің үш тұғырлығы» мәселесіне байланысты ағылшын тіліне деген өзінің ой пікірін төмендегі сөзімен дәлелдеп берді:

«Ағылшын тілі – XXI ғасырдың тілі. Бұл тіл қазақты дүниеге танытатын, әлемдік деңгейге шығаратын тіл». Ал, әлемдік тіл ретінде бейресми түрде орныққан ағылшын тілін меңгеру ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түседі. Ағылшын  тілін  біздің халқымыздың жаппай меңгеруі сол тілде жасалған, жасалатын шексіз байлықты аудару жөніндегі машақаттан, артық шығыннан құтқарады. Демек, балаларымыздың ағылшын тілін білуі – уақыт талабы.

Осы мақсатта ағылшын тілін жетік меңгертудегі басты әрекет – белгілі мектептер мен басқа да оқу орындарындағы эксперименттік обьектілердің немесе топтардың ашылуы да кең етек жайып келеді.

Психолог Е.В. Жиркованың  пікірінше, шетел тілін оқыту және баланың абстрактілі ойлау қабілетін дамытуда  баланың сурет салу, сөйлеу қабілеті, есептеу қабілеті шетел тілімен байланысты жоғарылайды. Сол жастағы балалармен салыстырғанда шетел тілін оқыған  балалардың оқу қабілетінің деңгейі өте жоғары деген пікір айтады ғалым.

Төменгі сатыда балалардың түсінуі, есте сақтау қабілеті жақсы дамыған И.Н.Борисенко мен Л.Робертстің «Сөйлеу және ес механизмдері» атты еңбегінде «тоғыз жасқа дейінгі балалар – сөйлеу шеберлігінің маманы. Баланың миы тілге арнайы икемді болады, бірақ ол есейе келе азаяды» делінген. Ал И.Н. Борисенко оқушыларды шетел тілін  оқуға үйретуді жүргізген эксперимент нәтижесінде бұл жастағы балалар салыстыруға, сараптауға, қорытынды жасауға, жалпы және жеке жұмыс жасауға белсенді, қабілетті деп анықтайды.

Шет тіліне оқыту процесінде  пәнаралық байланыстың,  әсіресе шетел тілінің қазақ, орыс тілдерімен байланысы ерекше орын алады, себебі бұл пәндердің басты мақсаты – жасөспірімдерді тілге үйрету. Оқушы шетел тілдерін меңгеру арқылы басқа елдердің өмірімен, тарихы мен мәдениетімен таныса отыра, өз елінің өмірін, тарихын, мәдениетін терең түсінетін болады.

Шет тілін ерте жастан оқытуда жасөспірімдердің  физиологиялық, психологиялық қызмет көздерінің мол екені баршамызға мәлім. Мысалы жас өспірімдердің:

  • тез  қабылдауы;
  • еліктеуге бейімділігі;
  • қиялының әртүрлілігі;
  • ойлау, ауызша сөйлеу іскерліктерінің дамуы;
  • танымдық іс-әрекеттерінің басымдылығы;
  • есте сақтауы;
  • қызығушылық қасиетінің молдығы мен әртүрлілігі;
  • жан-жақты тәрбиелеуге бейімділігі;
  • сезімтал болуы;
  • іс-әрекетті ойын түрінде тез қабылдауы; деген сияқты қабілеттерін атауға болады.

Жоғарыда айтылған қасиеттерді бала бақшадан, бастауыш сыныптан бастап оқытуды бастау қажеттілігі дәлелдей түседі. Ағылшын тілін ерте жастан оқытудың басты мақсаты – оқушылардың бойында  қарым-қатынас біліктілігін қалыптастыру және қарым-қатынасты дамыту. Осы басты мақсатқа жету барысында, оқушылардың бойында бағдарлама талаптарына сай төмендегідей іскерліктерін қалыптастырып, дамытуымыз қажет.

  • Тындап түсінуді
  • Сөйлеуді (монолог және диолог түрінде)
  • Оқуды
  • Жазу, хат жаза алуды

Ағылшын тілін ерте жастан оқыту сатысында ауызша сөзді дамыту одан арғы ауызша базаның дамуына әсерін тигізеді. Ауызша сөз басқа да  іскерліктердің  дамуына негіз болып табылады.

Сондай-ақ, шет тілін ерте жастан оқытуда мотивацияның рөлі зор екені айдан анық.

«Біз неліктен ағылшын тілін оқытуды ерте жастан бастауымыз қажет?» деген сұраққа жауап беруді, бастауыш оқушыларының психологиялық ерекшеліктерін қарастырудан бастайық. Академик  Л.В.Щербаның айтуы бойынша адамның  көптеген психикалық қасиеттері тап осы кезде, яғни, бастауыш сынып жасында қалыптасады және әдетке айналады.

Кіші сынып оқушылары  өте сезімтал болады. Сабақтардағы «жеңістері»,  әсіресе,  шет тілі сабақтарындағысы олардың психикасына әсерін тигізбей қоймайды. Мысалы: шет тілі сабағында-ақ  оқушылар танысу диологы кезінде бірнеше сөйлемдерді ағылшын тілінде айтып үйренеді. Бұл оқушылардың бойында шетел тілін үйрену, меңгеру құштарлығын оятады.

Белгілі ғалым Н. Д.Гальскованың айтуы бойынша, кіші сынып оқушылары шетел тілдерін меңгеруге өте бейім. Баланың имитациялық қабілеттері, табиғи қызығушылығы әрқашан жаңаны меңгеруге қолайлы жағдай жасайды.

      Мотивация факторлары мыналар:

  • Оқу мазмұнының әртүрлілігі;
  • Оқушы мен оқытушы байланысының жанды интенсивті болуы;
  • Оқытушы тұлғасы;

Қазақ әдебиетінің классигі, Ұлы Абай атамыз: «Шәкірттерің жақсы оқу үшін, оның оқуға деген ынтасы және қызығушылығы зор болу керек», — деген. Расында да, тек қана жігерлі, әр нәрсені үнемі білгісі келген, табандылығын, шыдамдылығын көрсеткен адам ғана өз мақсатына жетеді.

Ағылшын тілі мұғалімі оқушылардың тіліне деген қызығушылығын арттыру үшін  тек қана оқулықты ғана емес, басқа да қосымша материалдарды газет, журналдардан, тіпті интернет көзінен де қолдануы тиіс. Оқушылар материалды толық және тез меңгеру үшін, мұғалім көп көрнекі құралдарды пайдаланып, сабақты дұрыс ұйымдастыра білуі керек. Оқушылардың ағылшын тілі сабағына деген қызығушылығын ояту үшін, мұғалім әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданғаны жөн, бірақ бұл әдіс-тәсілдер төмендегідей талаптарға сай  болуы тиіс:

  • әдіс-тәсілдер арқылы өзін-өзі еркін сезіну үшін жағымды атмосфера жасап, оқушы қызығушылығын ынталандыру керек, тілді практикада қолдануға деген қажеттілігін тудыру қажет.
  • Оқушы тұлғасын толығымен оқу процесіне тарту керек, оның эмоциялары, сезімдері оның қажеттіліктерімен байланысты болуы керек.
  • Оның тілдік шығармашылық қасиеттерін ынталандыру керек.
  • Оқушыны оқу процесінің басты тұлғасы ретінде белсенді етіп, басқа оқушылармен тығыз байланыстыру керек;
  • Оқушыға өз физиологиялық, интеллектуалдық, психологиялық ерекшеліктеріне байланысты өз бетімен жұмыс істей алуына көмектесу керек;

Түрлі жұмыс түрлерін жеке, жұппен, топпен, сыныппен және тағы басқа жұмыс түрлерін қолдану қажет.

Көрнекіліктер – бұл оқушылардың шет тіліне деген мотивациясын арттыратын техникалық және техникалық емес құралдар. Көрнекіліктер, яғни әдемі суреттер, макеттер мен аппликациялар, тақырыптық альбомдар, стендтер, магнит тақталары, техникалық құралдардың ішінен үнтаспа, компьютер, интерактивті тақта, мультимедиа сыныптары, телевизор, бейнефильм т.б. шет тілін оқытуда мұғалімге баға жетпес көмек көрсетеді. Мектепте шет тілі атмосферасы болмағандықтан тек көрнекіліктер арқылы ғана объективті әлем модельдендіріледі. Көрнекіліктердің көмегімен мұғалім оқу процесінің мақсаттарына жету үшін объективтік шындықты модельдейді.

Шет тілін ерте жастан оқытуда қолданылатын тиімді әдістердің бірі – ойын. Ойын барысында бала өзі өмір сүріп отырған, дамып отырған әлеуметтік ортадағы нормалар мен әрекеттерді қабылдайды, яғни, ойын бала үшін танымдылық, бағдарлық қызмет атқарады. Ойын балалардың шетел тілі пәніне деген қызығушылығын арттырады, сабақты түрлендіреді, қызық етеді, оқушыларды зеріктірмейді, олардың білімге деген құштарлығын, талпынысын арттырып, яғни, қабылдау, есте сақтау және зейінін дамытады. Ойынның келесі бір ерекшелігі, ол сабақта оқушылардың өздерін еркін ұстауға белсендіреді, қысылмай сөйлеуіне, ойын еркін жеткізуге жағдай туғызады, қиялын дамытады. Кіші сынып оқушыларын ағылшын тілін оқытуда біз сабақта төмендегідей ойындар түрлерін қолдануымызға болады:

  • Шешуін тап!
  • Джунгли шақырады,
  • Топ, команда жарысы,
  • Кроссворд, ребустарды шешу,
  • Кім тез алма (жидек, саңырау құлақ, гүл т.б.) жинайды?
  • Ұшты, ұшты, не ұшты?
  • Пісті, пісті, не пісті?
  • Түлкі мен қояндар,
  • Тізбек ойын,
  • Сымсыз телефон,
  • Фишка лақтыру ойыны,
  • Өзенмен саяхат,
  • Аукцион ойыны,
  • Тілмаш,
  • «Puzzle» ойыны,
  • Сахналық қойылымдарды көрсету,
  • Гид-аудармашы т.б.

Мәселен, 2-4 сыныптарда ағылшын тілі сабағында қолданылатын кейбір ойындарға тоқталып кететін болсақ, «Аңдар мен үй жануарлары» тақырыбын өткенде «Джунгли шақырады» ойынын оқушыларға ойнатуға болады. Оқушылар осы ойын барысында жаңа сөздерді естерінде жақсы сақтап қалып, сөйлемдер құрап, андарды сипаттай алады, яғни, ол андардың қайда жүретіні, немен қоректенетіні, олардың салмағы, төзімділігі, қанша жыл өмір сүретін т.б. мәліметтерді бере алады.

Ағылшын тілін ерте жаста оқытуда біз көрнекіліктер, ойындармен ғана шектеліп қоймаймыз, сонымен бірге тақпақтарды, жаңылтпаштарды, әндерді де сабақта кеңінен қолдансақ болады. Мысал ретінде, екі жаңылтпаш, бір тақпақ беруге болады. Бұл оқушылардың тыңдау, есте сақтау іскерліктері мен дағдыларын қалыптастырып, әрі қарай оқушы ойын дамытады.

Тілді ерте жастан оқыту да оқушылардың бойында шетел тіліне деген қызығушылықты, сүйіспеншілікті арттыру үшін, мұғалім қалыптасқан тұлға болып, шығармашылықпен жұмыс істеп, әлемде болып жатқан жаңалық элементтерін сабақ беруде енгізіп, әдіс-тәсілдерді алмастырып, оқушыларды сөз әрекетінің әр түрін меңгеруге даярлау керек.

Қазіргі заманауи техника дамыған кезеңде компьютерлік оқыту бағдарламаларының қай қайсы болмасын өз мазмұнынан грамматикалық жұмыс жүргізуді тыс қалдырмайды, белгілі бір грамматикалық құрылымның жұмыстарын қамтиды. Компьютердің білім беру құралы ретінде кең таралуының негізгі алғы шарттарын ғалымдар төмендегідей саралайды:

  1. Компьютер шексіз ақпарат әлемінде енуге және ақпаратты жүйелі түрде талдап, сараптауға мүмкіндік береді. Ақпаратты алудағы жоғары жылдамдық адамның ақпараттық мәдениетінің үнемі өсуіне жағдай жасайды.
  2. Компьютер адамның зерттеу-танымдық әрекетінің әмбебап құралы ретінде ерекшелінеді.
  3. Өзге құралдардан компьютердің ерекшелігі – оның қатысымдық құрал бола білуі. Яғни, білімгер, ол арқылы қатысымның барлық түрлерін жүзеге асыра алады. Бұл – мәтіндерді оқу, сұхбат жасау, жазу, тыңдау әрекеттері. Тіл үйренуде бұл мүмкіншіліктер ең маңызды болмақ.
  4. Құрал білімгерлерге өз әрекеттерінің нәтижесін айқын көрсете алады. Білім алуда дұрыс шешім жасай білуге деген оқушылардың өзіндік тәсілін, стратегиясын қалыптастырады.
  5. Компьютердің көмегімен жаттығулардың кешенді түрлерін аз уақытта орындау мүмкіншілігі туындайды.

Ағылшын тілі сабағында компьютерді қолдану мәтіндер мен ақпаратты білуге жол ашады. Тіпті нашар оқитын оқушылардың өзі компьютермен жұмыс істеуге қызығады, өйткені кейбір жағдайларда компьютер білмеген жерін көрсетіп, көмекке келеді.
Қазақстан Республикасының мемлекетаралық тілі – ағылшын тілін жаңа технологиялар арқылы оқыту ісі күннен-күнге өзекті болып келеді. Тілді ақпараттық-коммуникативтік технология арқылы оқыту – тіл үйренушінің өз бетімен тіл үйрену қабілеттерін жетілдіруіне игі ықпал ететін тиімді жүйе болып табылады.

Сонымен қатар оқушылар интелектуалдық, шығармашылық және коммуникативтік істерін дамыта алады, оқушының оқу белсенділігі артады, сабақтың негізгі кезендерінің бәрінде оқушыларға шығармашылық жұмысты ұсынуға болады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ: жоғары аталған іс-әрекеттердің нәтижесінде оқушылардың жалпы оқу іскерліктері мен дағдыларының едәуір өсетіндігін, олардың оқуға деген мотивациясы айтарлықтай жақсаратынын, олардың  білім алуға деген қызығушылығы жылдан-жылға арттыра отырып, білім сапасын көтеруге болады.

Сонымен бірге оқушылардың коммуникативті және интеллектуалды даму көрсеткіштері  өсіп, олардың  психикалық, физикалық денсаулық және тәрбиелілік деңгейі көтерілетіні сөзсіз.

Қорыта келе, айтпақ ойым – шет тілін ерте жастан оқыту өте тиімді.

Қазіргі заманда ғылымсыз жан-жақты дамыған өркениетті елдердің қатарына қосылу мүмкін емес. Ал мектеп мұғалімдерінің бүгінгі заманға сай берілген сабақтары осы мәселелерді шешуші күш болып отыр. Аталған мәселені өзіміздің тәжірибемізге жүгіне отырып шешкіміз келеді. Әр баланың аз болсын, көп болсын өмірлік тәжірибесі болады. Баланың тамырын басып, сол тәжірибелерін анықтап, өмірдегі білімдерін туған жерін сүйіп, сыйлауға баулыса, меніңше әр оқушы іркіліп қалмайды.

Ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» деген екен. Онда «мектептің жүрегі» болумен қатар, жаңа егемен еліміздің ұрпағын жаңа білім нәрін сусындатып, саналы тәрбие, сапалы білім беретін білімді, білікті ұстаз болайық.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

  1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Қазақстан мұғалімі. 2004ж.
  2. Гальскова Н.Д. «Современная методика преподавания иностранных языков»; М., 2000г.
  3. Мектептегі шет тілі/Иностранный язык в школе. Шілде-Тамыз. №4(22)/2006ж.
  4. Шетел тілін оқыту әдістемесі. №3(17)/2007 ж.
  5. Р.Ф. Исаева. Проблемы обучения детей-казахов иностранному языку в раннем возрасте. 1968г.