Қазақ халқының әдеби мұрасы – Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің негізі

 

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Жамбыл ауданы

                                                       Преснов жалпы орта білім беру  мектебі

                                                            қазақ тілі мен әдебиеті 

                                                            пәнінің мұғалімі

                                    Абишева Айнагуль Ахметжановна

 

Қазақ халқының әдеби мұрасы – Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің негізі

Қазақстан Республикасы егеменді ел болғалы ғылым, мәдениет салаларында жасалып жатқан шаралардың барлығы жастарға жалпыадамзаттық және жеке ұлттық игіліктер негізінде тәрбие мен білім беру ісін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге ықпал етуде. Бүгінгі таңда қоғамдық өмірді демократияландыру және ізгілендіру жағдайында ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын рухани мәдениетімізді жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Отаршылдық езгісі әсер еткен ұлттық менталитетімізді қалпына келтіріп, нығайту және өркениетті елдер қауымдастығы қатарынан орын алу – ұлттық мемлекетімізді қалыптастырудағы басты алғы шарттардың бірі. Бұл мәселелер Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың  Мемлекеттік бағдарламасында, «Мәдени мұра» бағдарламасында басты назарға алынған.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басым міндеттері ретінде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны — Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу, отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу атап көрсетілген.

Мемлекетімізде ұлттық маңызы бар бірқатар бағдарламалар болса, соның бірегейі «Мәдени мұра» бағдарламасы болып табылады. Ұлт тарихын түгендеу, ұлт руханиятын қайта түлету мақсатында жасалынған бұл бағдарлама ұзақ мерзімге бағытталған кешенді, жүйелі іс-шаралардың мазмұнын құрайды. Бағдарлама елдің рухани және білім беру саласын дамыту, мәдени мұрасының сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Бұл мақсаттың тиімді шешімін табуда әлемдік ғылыми ой-сананың, ұлттық мәдениет пен өнердің таңдаулы жетістіктерінің негізінде гуманитарлық білім берудің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын жасау міндеті қойылып отыр.

«Мәдени мұра» бағдарламасына қатысты алқалы жиында Елбасы Н.Ә.Назарбаев көшпенділердің әлемдік тарихтағы роліне тоқталып, қазақ жерінің Еуразия Кеңістігінің мәдени мәйегі, рухани түп қазығы болғанын айта отырып: «Қазақстанды Ұлы Дала өркениетінің қара шаңырағы ретінде халықаралық деңгейде танытып, қалыптастыруымыз керек», – деді. Сондықтан халқымыздың өткен тарихындағы озық педагогикалық идеяларды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан қарап, бүгінгі ұрпақты жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыруға пайдалану керектігі айқын. Бүгінгі  таңда  жас  ұрпақты  өз  халқының  тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін  меңгерген  мәдениетті, адами  қасиеті  мол, шығармашыл  тұлға  етіп  тәрбиелеу — өмір  талабы, қоғам  қажеттілігі.

Әрбір мәдениетті, білімді  адам  өзінің  дүниетанымдық, кәсіптік деңгейін ұлттық тәлім-тәрбиемен ұштастыра білуі керек. Білімді болғанымен, ұлттық тәлім-тәрбиені  бойына  сіңіре  білмеген  болса, ұлт  алдында   мәңгүрт, мәдениетсіз болып көрінеді де, халықтың наразылығына  ұшырайды. Білім беру мен тәрбиелеудің мақсатын айқындау  үшін, Жүсіпбек Аймауытовтың айтқан  сөзін  еске түсіреміз: «Мектеп  бітіріп шыққан соң бала  бүкіл  әлемге, өзгенің және  өзінің  өміріне  білім  жүзімен  ашылған саналы  ақыл  көзімен  қарай  білсе, міне  білімдендірудің көздейтін түпкі  мақсаты  осы. Мектеп осы  бағытта баланың келешекте  жетілуіне  мықты  негіз  салуы  керек» — деген еді.

Тәуелсіздікке жеткізген жол даңғыл болған жоқ, ол ұлы белестерден, қиын-қыстау асулардан тұрды. Болашақ ұлттық мемлекеттің іргетасы осы тарихи кезеңдерде қаланған болатын, сондықтан да азаттық жолындағы қасиеттері де қасіретті күресте еңбегі ерен азаматтарымыздың артына қалдырған мол мұрасымен тарихын зерттеу қазіргі таңда зор маңызға ие болып отыр. “Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашан да қарыздармыз”, — деп Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев айтқандай, біздің алдымызда  «бабаларының игі дәстүрін сақтайтын», «күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары» болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеттері жатыр.

Ата-бабамыздың тәрбиеге өте үлкен жауапкершілікпен  қарағаны баршамызға аян. Өткен тарихымызға көз жүгіртіп қарасақ, қазақ халқындағы небір шешен, ақын, жыршы, зергер, сәулетші, қара қылды қақ жарған билер мен қазылардың атадан балаға мирас болған тәлімін көреміз.

Кез келген халықтың тәрбие беру ісінде өзіне тән ерекшеліктері болатыны секілді, қазақ халқында да, сан ғасырлар бойы жас ұрпақты  имандылық пен ізгілікке, адалдық пен әділеттілікке, қарапайымдылық пен мейірбандылыққа, ерлік пен батырлыққа тәрбиелеген ғұлама ғалымдары, шешендері мен билері, батырлары мен ақын-жыраулары болғаны баршаға мәлім.

Кемеңгер ойшыл бабаларымыз Қорқыт ата, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Махмұт Қашғари, Ахмет Жүйнеки, Сайф Сарай, Қадырғали Жалайри, Дулати,  Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім, т.б. ғұлама-ғалымдар өздерінің шығармаларында ел мен жер, Отанды сүю, ар-ождан, намысты қорғау, ғылым, білімді халық игілігіне жұмсау секілді ұлттық рухтың өзекті мәселелеріне ерекше мән беріп келсе, XV-XVIII ғ.ғ. өмір сүрген Асан қайғы, Жиенбет, Шалкиіз, Бұқар, Дулат сияқты  жыраулар өздерінің өлең-жыр, толғауларымен елдік пен ерлікті, әділдік пен адалдықты, сақилық пен серілікті жалықпай насихаттаған. Ал Доспамбет, Ақтамберді, Махамбет сынды әрі батыр, әрі ақын-жыраулар «ел намысы – ер намысы» деп қарап, дұшпанға өткір тілді өлеңін де, алмас қылышын да жұмсай білді.

Ерлік сын сағатта танылады. Елін, жерін, шет ел шапқыншыларынан қорғауда, ерен ерлігі аңызға айналған, өлең-жыр, толғау-дастандарға арқау болған Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Сайын, Ер Қосай, Едіге, Қамбар, Абылай, Ағыбай, Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары, Баян, Наурызбай, Райымбек, Малайсары, Сұраншы, Саурық, Барақ, Сырым, Исатай сияқты батырлардың тәрбиешісі де – қазақ халқы. Жиырмасыншы ғасырдың Кеңес заманындағы әр түрлі соғыстардың батырлары Аманкелді Иманов, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов және тағы басқалардың ерен ерлік іс-қимылдары да өлең-жыр, дастанға айналып, оқушыларға патриоттық тәрбие берудің бірден-бір құралы болды. Осының бәрі халқымыздың атадан балаға ғасырлар бойы мұра болып жалғасып келе жатқан ерлік рухымен байланысты туындаған тәрбиенің дәстүрлі үлгі-өнегелік жемісі.

Оқушылардың ұлттық құндылық  қасиеттерін  қалыптастырып  дамыту  негізінің  бірден  бір  көзі —  мектептердегі  жүргізілетін  тәрбиелік  іс-шаралар. Адамның  бойына   жақсы  адамгершілік    қасиеттерінің   қалыптасуы, өнер-білімді игеруі өскен  ортаға, тәрбиеге  ғана  емес, үлгі-өнеге  берер  ұстазға, отбасындағы тәрбиеге де байланысты. Ұрпағын ойламайтын халық болмайды. Онсыз өсіп-өну, ілгерілеу жоқ. Халықтық тәлім-тәрбие ісінің негізгі бағыты — адамды, оның ішінде баланы тәрбиелеу. Оқыту мен тәрбиелеу алдында ата-ана да, ұстаз да, қоршаған ұжым да жауапты.

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев : «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» — деген. «мұғалім – мектептің жүрегі» десек, мектеп – әдістемелік жұмыс орталығы, өйткені мұғалімнің кәсіби өсуі күнделікті жұмысы барысында жүзеге асырылады.

Тәуелсіз Қазақстан жағдайында мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беруде қазақ әдебиеті пәнінің алатын орны ерекше. Өйткені жалпы тәрбиелеу үдерісі біріншіден отбасынан бастау алып, мектеп арқылы жалғасын табады. Баланы отбасында патриоттық сезімге тәрбиелеу, ана тілін үйрету, ұлттық мінез-құлық қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді сақтауға баулу, шыққан ата тегін білуді таныту – ата-ана парызы болса, әдебиет пәні мұғалімнің міндеті көркем шығармалар арқылы тәрбиелеу. Әдебиеттегі шығармалар ойды да, сезімді де тәрбиелейді, мінез-құлықты қалыптастырады. Оқырман жағымды кейіпкерлерге еліктейді, одан үлгі алады. Ал мектеп оқушылары осы пән арқылы өз бойына патриоттық сезімді ұялататыны анық. Ең бірінші әсер Тәуелсіздікке қол жеткізген аға, әпкелеріміздің ерліктері болса, туған жерге деген сүйіспеншілік, ерлік жасауға негіз болатын оқиғалар барлығы әдеби шығармаларда беріледі, әдебиетіміз тікелей тарихпен байланысты, ал тарихымыз біздің осы күнге жеткен қиын да, аңсаған жолымыз. М.Жұмабаевтың «Елдің елдігін сақтайтын- әдебиеті, тарихы, салт-дәстүрі»деген нақыл сөздері бар. Мәселен, қазақ әдебиетін алсақ, ежелден қалыптасқан қазақтың отансүйгіштігін, ұлтжандылығын айқын көрсететін шығармалар ұсынылған, оған қазақтың мақал-мәтелдері де дәлел. Мәселен туған жер, отан туралы мақал-мәтелдер: «Отан үшін отқа түс — күймейсің», «Отанды сүю отбасынан басталады», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Көп түкірсе — көл», «Елдің көзі — елу»т.б болып кете береді. Мақал-мәтелдердің өзі қазақтың елін, жерін, Отанын сүюінің негізі болып табылады. Қазақ әдебиеті пәні оқушылардың ішкі дүниесін, рухани-адамгершілік келбетін қалыптастыруға бағытталған, бұл пәннің бұл тұрғыда ерекше мүмкіндіктері бар. Өйткені оның мазмұнында ұлттық құндылықтар жарасымды үйлесім тауып жатады. Мұның өзі халқының өзіне тән ұлттық ерекшелігін терең танып, көре білуге мүмкіндік береді.

Қазақ халқының әдеби, мәдени мұралары жас ұрпақты Отанын сүйе білетін тұлға ретінде тәрбиелейтіні сөзсіз.

Қазақ – сөз өнерін өз қадірім деп білген халық. Кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін сөзге сыйғызған. Оның тарихы, тағдыры, тәлім мен тәрбиесі, даналығы мен дала көңілі де сол сөзде жатыр.

Қазақ тарихында сөздің орны ерекше. Бітпес даудың, бәтуәсіз шудың кесімі де, шешімі де сөз болған. Тұла бойдың тылсым сырын сыртқа жаяр лып еткен сезім, терең ақыл, кемел ой, арман-мұрат, мұң мен сыр – бәрі сиған сөздің бағасын біреу білсе, қазақтай-ақ білсін.

Ауыз әдебиетінің інжу-маржаны шешендік сөздердің құндылығы тек шындығында емес, ойының тапқырлығында.

Бұл сөздердің де қаны мен жаны – төзім, мәрттік, кеңдік, адалдық,ақ жүрек қайырымдылық сияқты халықтық қасиеттер. Ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеп, ақиқатты асқақтатқан шешендері, ақылгөй даналары, білімпаз билері болды.

Қиядан жол, қиыннан қисын табу – шешеннің бағалы қасиеті.

Осы қастерлі мұра, даналық пен қара қылды қақа жарған әділдіктің айғағы, шешендікпен айтылған билер, шешендер, даналар сөзі әлі ұмытылған жоқ, халықтың жадында

Төле би, ер Қазыбек, тілді Әйтеке Асқартау Қазығұрттай биік еді. Бірі күн, бірі туған айдай болып, заманға сәйкесімен келген еді.

Жерімді гүлдендірген аңыз еккен,

Данышпан даналары аңыз еткен.

Үш жүздің басын қосып біріктірген

Төле би, Әйтеке мен Қазыбектер.

Шешен, билердің терең ойлары мен маржан сөздерін, дауды шешкендегі шеберліктерін оқыта отырып, оқушы бойына жақсы құндылықтарды жинақтаймыз.

Жас буынды төл мәдениет мәйегімен  тәрбиелеу барысында  әдебиетші мұғалімдердің мүмкіндігі де, міндеттілігі де жоғары. Ендігі қажеттілік —  тынымсыз шығармашылық ізденіс.

9-сыныпта батырлар жыры  бойынша өтілген тақырыптарды қорытындылауға арналған сабақ барысында оқушылардың білім мен талғам-таным деңгейлерін тексерумен қатар, олардың бойында шығармашылық ойлау мен талдай білу дағдыларын жетілдіруге ықпал етуді көздедім.  Көздеген мақсатыма қарай бүктемелер, күйтабақтар,тәрбиелік мәні зор сөздер жазылған арнайы плакаттарды пайдаланып, сұрақ-жауап, пікірлесу, баяндау әдістерін  қолдандым.

Эпостық жырлардың қай-қайсысында да бірінші кезекте негізгі қаhарманның күш-қайраты, ептілігі, шабандоздық, мергендік, найзаласу, қылыштасу, күресу сияқты қасиеттері, елін сыртқы жаудан қорғау кезіндегі ерлік істері дәріптеле бейнеленеді. Отанды сүю идеясы бірде ашық көрінсе, кей  сәттерде кейіпкерлер әрекетінің астарына ой жүгірту арқылы ашылады. Мәселен, Ер Тарғынның:

«Еділдің арғы жағына,

Аттанбадым олжа үшін,

Сыңсып жатқан малы үшін,

Аттанғаным кәуірге,

Атамның ежелден ескі кегі бары үшін!» -деген сөзінде жыр идеясы ашық айтылса, «Алпамыс батыр» жырында қаhарманның хас дұшпаны Тайшық ханның қызы Қаракөзайымның Алпамысқа  достық ниетпен қол  созуын, «Ер Тарғында» хан қызы Ақжүністің тегі төмен болса да Тарғынды таңдауын көрсетудің негізінде де  де отаншылдық  идеясы жатыр.

Бала  тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, елдің ертеңін ойлаған халқымыз жас буынды ерлікке, Отанды сүюге ерте баулыған. Қаhарман халқымыз «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі», «Ер намысы – ел намысы» деп айбатты батырларының ел қорғаудағы аңызға айналған батырлығын ұрпақтан ұрпаққа үлгі-өнеге еткен.

Оқушыларға Ұлы Отан соғысы, туған жер, Отан туралы білім беруде жергілікті өлкетану, баспасөз материалдарына сүйену өз ықпалын тигізеді. Жергілікті «Солтүстік Қазақстан», «Ауыл арайы»  газеттерінде соғыс ардагерлері туралы басылған мақалалармен таныстырғанда, соғысқа қатынасқан өз аталары туралы көргендерін, естігендерін айтуға тырысады.

Аудандық «Жауынгерлік даңқ» мұражайына саяхат жасаудың өзі бір ғанибет. Ұлы Отан соғысына ауданымыздан қатынасқан жауынгерлер көп, соның ішінде Даңқ орденімен марапатталған төрт тұлға бар. Ерліктері келер ұрпаққа аманат, өшпес мұра!

Бауыржан Момышұлының «Жауынгердің тұлғасы» туындысын оқыту  автордың шығармасындағы патриоттық идеяны сұрыптап, жіктемесін жасап, мазмұндық сипаттама беріліп, шығармадағы кейіпкерлердің тартымдылығын, ерлігін, жоғары патриоттық сезімдерін шынайы ашу оқушылардың патриотизмін қалыптастырудағы мүмкіндіктерін білдіреді. Бауыржан Момышұлы шығармалары оқушылардың жалпы тәрбие жүйесінде жоғары сынып оқушыларын рухани-адамгершілік тұрғыда дамытуда негіз болумен ғана шектелмейді, ол патриотизмді қалыптастырудың ұтымды факторы болып табылады, өйткені ол әдеби бейнелер арқылы оқушыларды өз Отанының мүддесі үшін, үлгі боларлықтай жоғары деңгейде қызмет етуге баулиды, туған жерін, елін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін сүйе білуге, оларды келешек ұрпаққа жеткізе білуге үйретеді.

Атында Жамбыл атам ауданымыз

Баршылық ауданымда таңдаулымыз

Ғабит пен Сәбит туған бұл өлкеде

Сегіз сері, Қожаберген жатқан аңыз.

Жамбыл ауданы —  киелі топырақ, шұрайлы өңір. Осындай жасыл желек, қастерлі өлкеде Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Иван Шухов, Баймағамбет Істөлин, Сафуан Шаймерденов сынды жазушыларымыз, Толыбай сыншы, Сегіз сері, Қожаберген жырау сияқты аттары аңызға айналған ұлы тұлғалар дүниеге келген. Ғабит Мүсіреповтің 110 жылдық мерейтойына орай мектебімізде түрлі іс-шаралар өтті.Түрлі тақырыпта баяндамалар, эссе, өлең жолдары шығарылып, шығармаларына сай суреттер салынды. Жазушының ауылында мұражайдың директоры болған Аткелтіров Айдарбек атамен кездесу өткізілді. Кездесу барысында көне көз қария көптеген естеліктер айта отырып, Мүсіреповтің ерекше қырларын танытты. Қойын дәптерінен қызықты мағлұматтарды мысалға келтіре келе «елім» деп толғанып отырған оқушылар бойына ерекше бір патриоттық сезімді ұялата білді.

Өзім Ғабит Мүсірепов ауданында болған аймақтық «Ғабит Мүсірепов – көркем сөз зергері» атты ғылыми конференцияға қатынасып « Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы патриоттық тәрбие» тақырыбында баяндамамды оқыдым. Мүсірепов шығармаларына жеке-жеке тоқтала отырып, үзінділер арқылы жазушы бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті кейіпкерлерінің іс-әрекеті, образдары арқылы дәлелдедім.

Жас ұрпақты Отанды қорғау, ерлік, елдікке тәрбиелеуде жыраулар поэзиясының алар орны ерекше.солтүстік қазақстан жерінде аты аса сыншылығымен әйгілі болған Толыбайдың шаңырағында дүниеге келіп, өсе келе қазақ қоғамындағы ірі оқиғалардың куәсі болған, қару мен қаламын қатар ұстаған ақберен жырау Қожаберген есімін атауға болады.

Қазақ халқының ХҮІІІ ғасырдағы «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған зұлмат күндердің көрінісі «Елім-ай» дастанында:

Қарт жырау осындайда үлгі айтады

Мұндай жай ер қайғысын ұлғайтады

Халқына қысылғанда айтпағанда,

Пайдалы насихатты кімге айтады,-

деп ел қайғысын өз қайғысы ретінде қабылдаған қарт жырау бұдан әрі:

Асынған құтты болсын жарақтарың

Жырыма құлағың сал, қарақтарым.

Шабуылы жау қалмақтың күшті екен деп,

Кетпеңдер жаудан қорқып, тарап бәрің,-

деген жыр жолдарыменқазақ жауынгерлерін жігерлендіруші, рухын жоғарлатушы болып көрінеді. Өз ұлтына деген жанашыр оты лаулаған бүгінгі жас ұрпақтың санасына ұлт, оның сақталуы, көркеюі деген ұғымдарды сіңіруде Қожаберген мұраларының орны бөлек.

«Мәдени мұра» аясында мектебімізде Қожаберген жырау мұражайы ашылды. Облыс әкімі және басқа да зиялы қауым мұражайдың және Қожаберген ескерткішінің ашылу салтанатына қатынасты. Көптеген жәдігерлер мұражайда орын алған. Әр оқу жылында мұражайда түрлі кездесулер, мәдени іс-шаралар өткізіледі.Ауылдық мектептерден де мұражайға саяхатқа оқушылар келеді.

Қазақпыз қыз өсірген іңкәр қылып

Қазақпыз қыз өсірген шырқап жүріп

Қазақпыз құс та салып ат жаратып

Сайысқа түскен және тұлпар мініп,-

дегендей ұлттық рух пен ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында

5-сынып оқушыларының арасында «Үкілі қыз» сайысы өткізілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Елімізге бойында ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дамыған, егеменді елімізге аямай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет», — деп, жас ұрпақ бойындағы ұлттық патриотизмді қалыптастыру ісінің ел  өміріндегі  маңызына айрықша көңіл бөлген болатын.

Қазақстандық патриотизм – көп ұлтты Қазақстан халқының өзін-өзі тануының күрделі жолы.

Өзін-өзі тану – өзіндік өсу мен өзіндік даму процесі арқылы жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруге, бағалауға алып келеді. Ең басты – жас ұрпақтың бойына Отанға сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру.