Ботай қоныс-мекені

Ботай қоныс-мекені — ауданы 15 га Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының Никольск ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде, Иманбұрлық өзенінің (Есіл өзенінің оң жақ саласы) оң жақ құлама жағасындағы тегістелген еңіс алаңқайда орналасқан.

80-жылдары Петропавл педаго­гикалық институты тарих пәнінің оқы­тушысы Виктор Зайберт экспонат ретінде қойылған тастан, сүйектен, балшықтан, мүйізден жасалған құралдар мен қаруларға көңіл бөлмегенде шаң басып жата берер ме еді. Жас ғалым Ботай қалашығына арнайы экспедициялар ұйымдастырып, қазба жұмыстарын талмай жүргізді. Сөйтіп, 158 елді мекеннен 120 мыңға жуық заттай айғақтар ұшырасты. Басты олжа сол, жылқының 70 мың сүйегі табылған. В.Зайбертке «Ботай–ежелгі адамдар мекені» еңбегі үшін Берлин институтының корреспондент-мүшесі ғылыми атағы берілді. Тың тақырыпты одан әрі індете зерттеп, Ботайды айдай әлемге танытты. Алайда, Ботай ауылынан ежелгі адамдар қонысының табылуы әлем ғалымдарының назарын аударып, ашық күндегі найза­ғайдай әсер еткенімен, мұндай тосын оқиғаға сенбеушілер табылмай қалған жоқ. Әсіресе, Кеңес Одағының ғалымдары тың жаңалыққа тосырқай қарап, «ұлы державалық» көзқарастан аса алмай жатты. 1983 жылы Ботай жерінде бүкілодақтық, 1995 жылы бүкіләлемдік семинар-симпозиум­дар өткізіліп, осыдан 40-50 ғасыр бұрын қылқұйрықтың алғаш қолға үйретіліп, үй малы ретінде өсірілгені, бие сүтінен қымыз ашытылғаны, бағзы заман адамдары бүгінгі қазақтардай жылқы малын көлік, етін тамақ, сүтін сусын ретінде пайдаланғаны ғылыми тұрғыдан тұжырымдалды. Қазба жұмыстары жылқымен бірге арбаның да бірінші болып қолданылғанын дәлелдеді. 1998 жылы аса құнды тарихи-мәдени ескерткіш ЮНЕСКО-ның тізіміне, жоғары және орта мектептердің оқулықтарына енгізіліп, «Ботай мәдениеті» деген атпен тарихи айналымға шығарылды. Ботай мәдениетінің ашылуы Қазақстанның тарихын одан әрі ұлғайтып, тарих тегершігін 53 ғасыр кейін айналдырды деуге әбден болады. Бұл – дау­сыз шындық.
Ботай – Қазақстандағы ерте дүние айма­ғының ең көне мекені, біздің заманымызға дейінгі 53 ғасыр бұрынғы тарихи дәуірдің асыл мұрасы. Осы жерден дала өркениеті басталды деуге толық негіз бар. Жылқы малының қолға үйретілуінің саяси-әлеу­меттік маңызын да жоққа шығаруға болмайды. Тұрмыс-тіршілігі жылқының тісі мен тұяғына тікелей байланысты көшпелі қазақ халқы бұл өлкеге келімсек емес, керісінше, 4-5 мың жылдан бері арда түлік­тің қазысын кертіп жеп келе жатқан байырғы тұрғын екенін айғақтайды.