Мен ұлтымның болашағымын

Тақырыбы: Мен ұлтымның болашағымын

Мақсаты: 1. Мектеп түлектерінің ҰБТ-ға дайындық кезіндегі сенімділігін, мінез-құлық, эмоциялық ерік сфера дағдысын психологиялық тұрғыда қалыптастыру. Үлкен жолдың алдында тұрған оқушылардың бойындағы қорқынышын басу және армандарының орындалатынына көздерін  жеткізіп, жүректеріне сенім отын тұтандыру. ҰБТ-ға психологиялық қолдау, ата-ана, оқушы, мұғалім арасындағы қарым-қатынасты нығайту, оқушылардың өзіне деген сенімділігін арттыру.

  1. Жас ұрпақтың бойына өзіне деген сенімділік пен оптимистік дағдыларды қалыптастыру. Ата-ана және мұғалімдермен бірлесе мақсатқа жетудегі үміт пен сенімділікті ояту. Сенімділік туралы білімдерін жаттығулар арқылы нығайту.
  2. Балаларды үнемі ақжарқын, көңілді, мейірімді болуға және әркім өз тағдырына жауапты екенін айта отырып, өмір заңдылықтарына төзімді, шыдамды етіп тәрбиелеу.

Көрнекілігі: интерактивті тақта, слайд, шар, ұлағатты сөздер.

  1. Өз күшіңді сезінудің өзі күш береді. Л.Вовенарг.
  2. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.   Абай

  1. Үрей атаулының бәрін білім жеңеді.

Сабақ әдісі:  әңгімелесу, талдау, ой толғау, сұрау, пікір алмасу.

Түрі:  тренинг

Барысы:   

І. Ұйымдастыру кезеңі

Мектеп педагог-психологы: Біздің, мұғалімдер қоғамдағы орнымыз, қызметіміз, жан дүниеміз бәрі де әр түрлі. Ал оқушыларға келсек,  әрқайсысы бөлек тұлға, ойлауы, дүниетанымы, көзқарасы – бәрі әр түрлі. Бірақ, бәріміздің бірге    жиналуымызда себеп бар – ол ҰБТ, одан жақсы жетістікке жету. Қоғамдағы орнымыз бен рөліміз әр     түрлі болса да, алдымызда тұрған мақсатымыз бір.

Бүгінгі «Мен ұлтымның болашағымын» тренинг сабағы биылғы бітіруші түлектерге арналған.   «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты  жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев «Еңбек рыногында тек білімді жастар ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Республикамызды табысты таныта отырып, біз тек өз мемлекетінде ғана емес, сонымен бірге әлемдік қауымдастық талаптарына лайық мамандарды дайындауымыз керек» деп атап көрсеткен. Әрбір оқушының жүзіне үңілсем, таусылмайтын арман, үмітін көрем. Ұстаздарға қарасам «Менің шәкірттерім ертең қандай азамат болар екен?» деген жан тебірентер сауал бар сияқты. Бұны әрбір шәкірт сезсе керек. Осы ретте жалпы ұстаздар қауымына шексіз ризашылығын білдіріп, алғысын айтып тұрғандай. Ал түлектер болса «Көңілдеріңіздегі үмітті ақтаймыз» дегендей үн қатуда.

І. Сәлемдесу. Құрметті мұғалімдер! Балаларға күннің нұры астында, ҰБТ-ға “Сеніммен” баруға тілек тілейік.

Жаттығу «Күннің нұры»

Менің қолымда керемет күн тұр (қағаздан жасалған күн). Ол бүгінгі күнге жылы, жарық, қуаныш, бақыт нұрын төгіп тұр. Енді сіздер осы күннің нұрына балаларға тілектер жазыңыздар.

ІІ. Сергіту. Топ қатысушыларының белсенділік көрсетуіне қысым түсірмей, мейірімділікті білдіретін атмосфераны тудырушы, топты біріктірушілікті жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік беретін жаттығулар орындалады.

Жаттығу «Базар»

Базарда ҰБТ кезінде қажет болатын жағымды қасиеттер сатуға шығарылады. Оқушылар өздері қалаған қасиетті сатып алады.

Талдау: — Не үшін бұл қасиетті алдың?

Жаттығу «Ақ парақтың екі бөлігі»

Мақсаты: Жағымды және жағымсыз жақтарды анықтау, жағымды  қасиетті дамыту.  ҰБТ үстінде өзінің сенімділігін арттыратын жеке қасиеттерін ашу.

Нұсқау: «Парақты екіге бөліп, бір жағына «Менің ҰБТ кезінде керек жақсы қасиеттерім»-деп жазыңдар. Осы графаға өздеріңнің мақтанарлық жақсы қасиеттеріңді жазыңдар, тапсырманы орындап болған соң, парақтың  екінші жағына «ҰБТ кезінде керек емес қасиеттерім»-деп жазыңыздар.

ҰБТ кезінде керек емес қасиеттеріңді ешкім көрмесін, жыртып қоқыс жәшігіне тастаңдар, жағымсыз жақтарың осымен кетсін.

Ал жағымды жақтарыңды жүрек жақ  кеуделеріңе іліп қойыңдар. Енді сендердің бойларыңда ҰБТ-ға апаратын жағымды қасиеттер ғана қалды.

Өзінің мықты және әлсіз қасиеттерін білген және ашық айта білген адам ғана жеңіске жетеді.

Жаттығу «Сілкіп таста»

Мақсаты: Жағымсыз, қажет емес, кедергі жақтардан құтылу, сенімділікті орнату

Нұсқау: Мен сендерге жағымсыз, сенімсіз сезімдерден арылып, өзіңізді қалыпқа келтірудің  жолын көрсетемін. Кейде біз көп күшімізді алатын ауырлықтарды көтереміз. Мысалы: Ойымызға! Тағы да жолым болмай қалды. “ҰБТ-ға жақсы дайындала алмаймын”, “Жақсы тапсыра алмаймын, көп қате жіберіп, екі аламын” деген  сияқты. Айналамызға орын қалдырып, еркін тұрып, алақаныңды сілкіңдер, білегіңді сілкіңдер, иығыңды сілкіңдер. Осы сәтте өзіңді жағымсыз жағдайлардан арылғандай сезініңдер. Аяқтарыңды саннан тобыққа дейін сілкіңдер, бастарыңызды сілкіңдер. Қандай да бір дауыс шығарсаңдар да болады, беттеріңді сілкіңдер. Сезініңдер, сендердің бойларыңнан ауыр жағымсыз, жүктің түскенін. Сендер біртіндеп сергек, көңілді болудасыңдар  немесе көңілді — күй жағдайдасыңдар.

ІІІ. Сабақтың негізгі мазмұны. Тренингтің басты мақсатын орындатуға көмектесетін тапсырмалар мен жаттығулар, рөлдік ойындар жиыны.

 «Өзіңді — өзің бағала» ойыны.

Өзін-өзі жақсы көретін адам әрқашан табысты болады. Адамды бақытсыз ететін оның өзі туралы ойы. Біз өзімізді қалай бағаласақ, сондай боламыз. Өзімізге көңіліміз толмаса, өмірімізге де риза болмаймыз. Сондықтан да бақытқа қол жеткізу үшін өзіңе-өзің риза болуың керек. Өздеріңді  қалай бағалайсыңдар? «Менің ҰБТ кезінде керек жақсы қасиеттерім»- деп жазғандарыңның  ішінен, өзіңе ең қажетті деген сөзді таңдап, осы қасиетті ҰБТ-ға өзіңмен бірге алып бар.  Адам бойын қорқыныш сезімі билегенде «Психологиялық дайындық» жаттығуын жасауға болады. Көзінді жұмып, денелерінді бос ұстап былай деп іштеріңнен қайталандар: «Мен өзіме сенімді, ақылды, батыл адаммын. Менің қолымнан бәрі келеді және еш нәрседен қорықпаймын. Менің денсаулығым мықты және күшті» Өзіңе сен, сенім бар жерде үміт бар, үміт бар жерде болашақ бар, соны ұмытпа. Енді сеніммен мына сөздерді қайталаңыз:

  • Мен ақылдымын.
  • Менің жаным тыныш
  • Мен қиындықтан қорықпаймын.
  • Мен жаспын, қандай әдемімін.
  • Менің қолымнан, көптеген жақсылық келеді, бәрі келеді.
  • Маған сенімділік күш береді.
  • Мен дайынмын.

Психологиялық кеңес

Құрметті Жас түлек!

Сіз өзіңіздің дайындығыңыз бен ойыңызды бір жақты етіп жинақтауға тырысыңыз. Арман мақсаттарыңыздың қандай жағдайда болмасын жүзеге асатынына өзіңізді сендіріңіз. Ата-анамның үмітін ақтай алмай қаламын, құрбы-құрдастарымның соңы болып қаламын немесе төмен балл алсам не болады деген ойлармен өзіңіздің миыңызды шаршатпаңыз. Сіз қандай балл алсаңыз да ата-анаңыздың сүйікті баласы, құрбы-құрдастарыңыздың ортасында адал дос болып қала беретіңізді естен шығармаңыз. Болашаққа қойған асыл армандарыңызды қалай да орындап шығатыныңызға сенімді болыңыз. Зердені, жадыны шынықтыратын жаттығулар жасап, дұрыс тамақтанып, уақытыңызды дұрыс жоспарлап, жүйелі түрде дайындық жүргізіңіз. Өзіңізді өзіңіз тексеріп көруден жалықпаңыз. Өзіңіздің шын мәнінде білімді екеніңізге көз жеткізсеңіз, ешқандай емтихан алдында жүрексінбейтін боласыз.

Бұл сынақ – үлкен асу! Бірақ бұл асудан сабырсызданбай, өзіңізді барынша қолыңызға алып, нық сеніммен тапсырамын деп өзіңізге сенсеңіз ғана толығымен жетістікке жетесіз. Сынақ өткеннен кейін де өмір жалғаса береді! Сынақ өміріңіздің құлшынысын төмендететін немесе өміріңізді мүлде өзгертіп жіберетін құбылыс деп қабылдамай, тек өміріңізде кездесетін кезекті емтихандардың бірі ретінде қарау керек.

Оқушыларға ұсынылатын кеңестер

1.ҰБТ туралы жағымсыз ой қалыптастырмаңыз. Өз-өзіңізге сенімді болыңыз.

  1. ҰБТ сіздің жеке қасиеттеріңізді емес, білімдеріңізді тексереді.
  2. Алдын ала : “Тапсыра алмасам не болады?” деп уайымдамаңыз.
  3. ҰБТ – дан өмірлік мәселе жасамаңыз.
  4. ҰБТ үстінде ішкі даусыңызға ерік беріп: “Мен тапсыра алмаймын. Мына сұрақты білмеймін. Шаруам бітті” – деген ойларға батпаңыз.
  5. Өз күшіңе сен. Өз күшіңді сезінудің өзі күш береді.
  6. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың, екі жақтап.

Жаттығу «Ақ тілек»

Біздің сүйікті де қымбатты оқушымыз! Біз саған хат жазып отырмыз. Сен Ұлттық Бірыңғай тестін өте жақсы тапсыруды армандайтын Қазақстанның беделді жоғары оқу орнында оқуды қалайтын мектеп бітірушісісің.

Қазір сенде қорқыныш бар. Ол –”Мен ҰБТ тапсыра алмай, сіздердің үміттеріңізді ақтай алмаймын ба деген қорқыныш”. Біз үшін “Қорқатын еш нәрсе жоқ. Сен мықтысың, білімдісің. Сондықтан ҰБТ-ны жақсы тапсырасың! Ал егер тапсыра алмай қалсаң, біз сені жақсы көретін, саған көмектесетін, сені түсінетін адамың екенімізді ұмытпа! Алайда, сен міндетті түрде тапсырасың!” Осы сөздерді есте сақтап, жүрегіңде қалдыр. Өз күшіңді сезінудің өзі күш беретінін, ұмытпа.

Жаттығу «Мен саған сенемін»

Балалар бір-біріңізге қарама-қарсы отырыңыздар. Шамалы уақыт бір-біріңіздің көздеріңізге қарап, үндемей отырыңыздар. Күнделікті жасап жүрген істеріңіз емес, бұл өте қиын, бірақ сіздер бір-біріңізге шын жүректен  рет-ретіңізбен мынадай сөздерді аяқтайсыздар. Мысалы: “Мен сенімдімін, сен мықтысың, білімдісің. Сондықтан ҰБТ-ны жақсы тапсырасың!”.

  1. Сабақтың рефлексиясы. Әр сабақтың соңында, қатысушылар өздерінің сезімдерімен, әсерлерімен алмасуға, пікірлерін айтып, өз жетістіктерімен бөлісуге уақыт қалдыру қажет.

Жаттығу «Өз жұлдызыңды тап»

Аспанда сансыз көп жұлдыздар жарқырап сәуле шашып тұр. Айнала тып-тыныш, ешқандай сыбдыр естілмейді. Сенің жаның жайланып, бойыңды тылсым әсер күші биледі. Сен аспандағы жұлдыздарға жаймен назар сала көз тастадың. Осы жұлдыздардың ішінде ерекшеленіп, сәулесі қатты жарқыраған жұлдызды көрдің. Ол жұлдыз түнгі аспан әлемінің патшасы Айдың жанында тұр еді. Осы жұлдыз сенің жаныңа жақын әсер етті. Ерекшеленген жұлдызды таңдап, алақаныңа салып, оған ұзақ таңдана қарадың, ол гауһар тастай жалт-жұлт етіп өз сұлулығын көрсетті. Сен ол жұлдызға қарап, ішіңдегі бар тілегіңді, алға қойған мақсаттарыңды, орындалмаған армандарыңды, сырыңды айттың. Себебі ол сенің жұлдызың, саған жол көрсетуші және болашаққа жетелеушің. Сол жұлдыз саған үнсіз тіл қатқан сияқты болды.”Сен ешкімнен кем емессің, сенің миың барлық пәнді игеруге жетеді.  Ол үшін сен ерінбеуің және жалықпауың қажет. Оқу-инемен құдық қазғандай… Бір күн сабақ оқып игере алмаймын деп, қорытынды жасай салма.  Күнде аянбай оқы. Ойынды жи. Сенің қолыңнан “грант иегері” болу келеді. Мен саған сенемін. Әлі де кеш емес, үмітіңді үзбе, сеніміңді арттыр. ҰБТ-дан сүрінбей өтетініңе сенімділігім мол”.

Рефлексия қорытындылауға байланысты қатысушыларға кері байланыс жүргізу.

Нұсқау: Жұлдыз саған үнсіз тіл қатқанда не деді? Ол саған жылы, жарық, қуаныш, бақыт нұрын төгіп тұр. Енді сендер бір-бірлеріңе осы жұлдызды беріп, жақсы сезімдеріңмен бөлісіңдер. Бір–бірлеріңе жақсы тілектер айтып, бүгінгі күн жайлы талқылаңдар.

Құрметті балалар! Білім, даналық, жетістік, бақыт, махаббат жолында өздеріңді бағыттайтын жарық  жұлдыздарың сендерге өмірде дұрыс жол сілтеп, жарқырап жана берсін!

Қорытынды:

Қымбатты балалар! Бүгінгі күнімізді күннің нұрымен қарсы алып сабағымызды бастаған болатынбыз. Ал, енді әдемі күлкімізбен, нық сенімділікпен мына өлең жолдарын қайталау арқылы сабағымызды аяқтайық.

Мен өзіме сенемін  /қолын жүрегінің тұсына қояды/

Мен саған сенемін  /қолын көрші баланың иығына қояды/

Сен де өзіңе сенесің  /қолын көрші баланың иығына қояды/

Және мен де өзіме сенемін  /қолын жүрегінің тұсына апарады/

 

 

  1. Қоштасу.

Түлектерге ақ тілек!

Ақ арманның қанатын қаққанда,
Сәттілік нұрын шашсын жолдарыңда.
Жан-жағыңа әрдайым бақыт тұнып,
Бастарыңа қонсыншы бақыт күліп.
Үлкен арман қай кезде де жол табар,
Кезің келді намыс жүгін арқалар.
Қадамдарың сәтті болсын әрдайым,
Әрқайсысың ойдағыдай балл алып,
Тек жеңіспен жарқырасын маңдайың.

Жаттығу  «Арман қанатында»

Тілек жазылған ұшақ ұшырылады.

ХХІ ғасыр Қазақстан үшін ғылым мен білімнің, үлкен мәдениеттің сапары. Өз заманының озық ойлы, кең өрісті, мәдениетті азаматы болуы үшін үнемі оқу, іздену, үйрену керек.  Бүгінгі өркениет дамыған заманда бәсекеге қабілетті  болу үшін білім керек. Ғылымның озық жетістіктерін игеру қажет. Ал ғылым еріккеннің ермегі емес. Ол «инемен құдық қазғандай» өте қиын да күрделі шаруа.  Қазіргі жастар қиындықсыз рахаттың жоқ екенін түсінеді. Ендеше келешекте олардан уақыттың талабына сай жол таба білетін, нарықтық қатынастардың дұрыс бағытын анықтай алатын, іскер де білікті мамандар шығатынына сеніміміз  мол.

«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты  жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев «Еңбек рыногында тек білімді жастар ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Республикамызды табысты таныта отырып, біз тек өз мемлекетінде ғана емес, сонымен бірге әлемдік қауымдастық талаптарына лайық мамандарды дайындауымыз керек» деп атап көрсеткен. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап оқушылар бойына болашақ білгір мамандар ретінде қажетті білім мен дағдыларды дарытуымыз қажет.