Жас өспірімдерді күреске баулу және күрес залының гигиенасы

Жас өспірімдерді күреске баулу және күрес залының гигиенасы

 

Есік гуманитарлық – экономикалық колледжінің күрес

жаттықтырушысы Т. Б. Дулатбаев, «дене шынықтыру және спорт гигиенасының негіздері» пәнінің оқытушысы Ф.Р.Толешова

 

Қазақ халқының өте ертеден қалыптасқан спорт ойындарының бірі – қазақша күрес. Қазақ спортының тарихында жазылғандай, осы ұлттық спорт түрі бабаларымыздан ұрпақтан – ұрпаққа мирас болып қалған. Қазақша күрес көшпелі халықтың тіршілігімен бірге жасасып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Қазақша күрестің өзіндік бір ерекшелігі бар. Бұл ойын адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақша күрес күш жетілдіретін спорт. Сонымен қатар ол қорғанудың ұлттық өнері.

Жас өспірімдерді күреске баулу үшін балалардың өз еріктері және ата – аналарының рұқсаты керек. Күрес секциясына қатысатын балалардан жазбаша өтініш алынып, ата – аналардан жазбаша рұқсат қағазы жазылып алынады. Секция жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілсе, балалар да сол кестедегі көрсетілген уақытқа бейімделеді.

Жас өспірім балалардың ішінде қазақша күреске қызығушылық танытатындар өте көп, бірақ сол балалардың бәрімен бірдей жұмыс жасауға мүмкіндік аз. Себебі  күрес залдары аз жабдықталған, тіпті жоқтың қасы.

Жас өспірімдерді күреске баулу барысында оларға кауіпсіздік ережесі бірінші мақсатқа қойылады. Палуандар кілем үстінде, арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Бірақ қазір зама талабына сай арнайы жабдықталған күрес залдарында жаттығу өткізіп, күреседі.

Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тіркескен шалу сияқты әдістердің бәрін де қолдануға болады. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды.

Күресетін палуандар жаңадан енгізілген ереже бойынша жасына қарай 3 топқа, салмағына қарай 8 категорияға бөлінеді. Күресу мерзімі ересектер үшін 10 минут, жас өспірімдер үшін 5 минут.

Қазақша күрес аудандық, облыстық, республикалық спартакиадалардың программаларына кіргізілген, спорттық командалары бар ресми түрде жұрт таныған өнер.

Күрес залы жабық спорт құрылысына жатады. Гигиеналық талаптарға сәйкес күрес залының ұзындығы 18 метр, ені 12 метр, биіктігі 4 метр болуы керек. Күрес залдарындағы шуды басу үшін, еден дауысты құмықтыратындай әдейі, ерекше әдіс қарау керек. Әжетхана, жуынып – шайынатын қосалқы бөлмелерді ылғалдандыру мақсатында және оңай жуып тазалау үшін едендеріне керамикалық плитка төселіп, қабырғаларына да плитка жапсырылады. Шешінетін жердің едені майлы бояумен сырланып, немесе, линолеуммен жабылады.

Зал қабырғалары шаң ұстайтын кедергілері жоқ, тегіс болуы керек. Қабырғаларды 1,8 – 2 м биіктікке дейін майлы бояумен, одан жоғары жағын желімді бояумен сырлаған дұрыс. Ашық түсті бояу сәуле шағылыстарын, спорт залдарын жарқыратады.

Жабық спорт құрылыстарында үйлесімді температураны сақтау қиын. Температура мөлшерден жоғары болса, жүрек пен қан тамырларына, тыныс, жүйке – жүйелеріне ауыртпалық түсіп, жылу үйлесімділігі бұзылады. Ал төмен температурада салқан тиіп ауыру, спорттық жұмысқа қабілеттілігі кеміп, жарақат алуы ықтимал. Нормативтік құжат бойынша, спорттық – жаттығу залдарында температура 15˚С — 17˚С, ауа ылғалдылығы 30 – 50, ауаның қозғалу шапшаңдылығы 0,4 – 0,5 м/сек шамасында ұсынылады.

Гигиеналық талаптарды сақтау, нормаларын орындау спортпен жаттығу сапасын арттырады және денсаулықты ұзартады.