Математика пәнін оқытуда қолданылатын белсенді оқу әдісі

Саты жалпы орта білім беретін мектеп

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Математика пәнін оқытуда

қолданылатын белсенді оқу әдісі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бикенова Сандугаш Советовна

Математика пәнінің мұғалімі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Павлодар облысы

Май ауданы

Саты ауылы, 2018 жыл

Оқытудың белсенді әдістері — оқу материалын игеру үдерісінде оқушыларды белсенді ойлау және практикалық әрекетке итермелейтін әдістер. Белсенді оқыту  мұғалімнің дайын білімдерді баяндауына, оларды есте сақтауы мен қайта жаңғыртуына емес, оқушылардың белсенді ойлау және практикалық әрекет үдерісінде өз бетінше білімдер мен біліктерді меңгеруіне бағытталған әдістер жүйесін пайдалануды білдіреді.

Оқу үдерісі өзінің табиғаты бойынша ойлаудан тұруы керек және ми құрылымында өзгеріс туғызуға жетелеуге тиіс. Ми неғұрлым белсенді жұмыс істеген сайын, оқу үдерісі соғұрлым қарқынды жүзеге асады. Хэтти (Hattie,2014) адам миы ақпаратты өңдеп, оны түсінуге мүмкіндік беретінін, ал мұғалімнің тоқтаусыз сөйлеуі миға шамадан тыс аса көп ақпарат «жүктемелейтіні» және ол оқушылардың қызығушылығын жоғалтуға әкеліп соғатыны, сол сәтте оқудың нәтижелілігі айтарлықтай төмендеп кететіні туралы біздің хабардар екенімізді сипаттайды. Ал белсенді оқу, керісінше, оқушылардың белсенді қызметпен айналысу арқылы мұғалім берген ақпараттың мәнін ұғынып, алған білімдерін есте сақтап, оны қолдана алуын қамтамасыз етуді көздейді. Хэттидің (Hattie, 2014) мидың қызметін талдай отырып жүргізген шолуы дағдыларды меңгерту шеберлігі тек іс жүзіндегі  белсенді қызмет арқылы жүзеге асатынын, демек, оқушылар тек тыңдаумен айналыспай, білім алуда белсенді әрекет етуі керек екендігін көрсетеді. Қызметтің мұндай түрлері оқушылардан өздері тапқан ақпаратты талдау және түсіндіру үшін зерттеу және жоспарлау дағдыларын қолдануды талап етеді, болашақта өз дағдыларын жақсарту мақсатында басқа нәтижелерді бақылауды және талдауды қажет етеді.

Белсенді оқыту әдістерінің ерекшеліктері — олардың негізінде практикалық және ойлау әрекетіне ояту жатыр. Онсыз білімдерді игеруде алға жылжушылық болмайды. Оқытудың белсенді әдістерінің пайда болуы және дамуы оқытудың алдына оқушыларға білім ғана беріп қоймай, танымдық қызығушылықтар мен қабілеттердің, шығармашылық ойлаудың, өз бетінше ақыл-ой еңбегінің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз ету т.б. жаңа міндеттер қойылуымен байланысты. Жаңа міндеттердің пайда болуы ақпараттың қарқынды дамуына тәуелді. Егер бұрын мектепте, оқу орындарында  алынған білімдер адамға ұзақ уақыт қызмет ете алса, қазіргі ақпараттық заманда оларды үнемі жаңартып отыру қажет. Бұл өз бетінше білім алу жолымен жүзеге асуы мүмкін, ал бұл адамнан танымдық белсенділікті және өзіндікті талап етеді.

Белсенді оқу оқушының мұғалімді енжар тыңдап қана қоймай, белсенді жұмысқа тартылуын көздейтін оқыту және оқу әдістерінің бірі болып табылады. Бұл тәсілдер оқу үдерісі жаттығудың алдында емес, оны орындау барысында жүзеге асырылатын құбылыс екендігін түсіндіреді. Сабақ барысында «баланың өзін еңбектендіріп, бірлестіріп, өз бетімен білім тапқандай қылса», «жұмыстайтын материалдар даяр түрінде емес, балалар тәжірибе қылып, зерттеп, өз бетімен шешкендей, тұрмыс жұмбақ түрінде берілсе», (Аймауытұлы, 1929) оқудың анағұрлым тиімді болатынын естен шығармаған дұрыс.

Әрбір мұғалімнің басты міндеті — оқушыларға белгілі бір білімдер жиынтығын беру ғана емес, сонымен қатар оларда оқуға деген қызығушылықты дамыту, оқи білуге үйрету. Жақсы ойластырылған  оқыту әдістерінің көмегінсіз оқу материалының игерілуін ұйымдастыру қиын.

Сыныпта қолданылатын мұндай тәсілдерге топтық жұмыс (Brodie, 2000), ойын «баламалары» (Bergen, 2002) және пән бойынша белгілі тақырыптағы ойындар кіреді (Peters, 1998). Оқушылардың математикалық дағдыларын дамытуда ойын шынайы өмірдің белгілі бір аспектілерін модельдеу және зерттеу үшін ұсынылған мүмкіндік болып табылады. Домино сияқты дәстүрлі ойындар математика сабақтарындағы кездейсоқтық пен ықтималдық мәселесін қарастыруда оңтайлы болмақ. Көптеген стратегиялық ойындарды (мысалы, «Алға» деп аталатын ежелгі қытай ойыны) тұрғындар мен қоғамның өсуін модельдеу үшін пайдалануға болады.

Мектепте қолданылатын неғұрлым тиімді белсенді әдістерге:
-Дәстүрлі сабақтың дәстүрлі емес басталуы

-Проблемалық сұрақтар қою және шешу, проблемалық жағдаяттар құру.
-Релаксацияны және қорытынды шығаруды ұйымдастыру.
-Оқу материалының тұсаукесері

-Индуктивті және дедуктивті логикалық сызбаларды пайдалану
-Интербелсенді оқыту формаларын немесе олардың элементтерін пайдалану жатады.

Математика, алгебра және геометрияны оқыту барысында мұғалімдер белсенді оқу әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы тұлғаның қасиеттерін дамытуға назар аударғаны маңызды:

— оқушылардың жеке пікірін тыңдай білу, олардың бұған дейін алған білімдері, біліктері мен дағдыларын одан әрі дамыту үшін оларды қолданудың маңыздылығын құптау;

— мұқият іріктелген математикалық тапсырмалар мен іс-әрекет түрлері арқылы оқушыларды дамыта оқыту;

— оқушылардың білім алуына «оқыту үшін бағалау» арқылы қолдау көрсету;

— оқушылардың зерттеу жұмыстарын жүргізуіне және зерттеу әдіс–тәсілдеріне негізделген белсенді оқуды ұйымдастыру;

— оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту;

— оқушылардың жеке, топтық және тұтас сыныптық жұмыс түрлерін ұйымдастыру.

Математика бойынша оқу мақсаттарын жүзеге асыру үшін мұғалім оқушыларға өз беттерінше ойлауға және жұмыс істеуге мүмкіндік беруі  қажет. Мысалы, оқушыларды зерттеу сұрағын анықтау және тапсырма таңдау үдерісіне қатыстыру олардың оқу үдерісіндегі белсенділік дәрежесін арттырады, себебі белгілі бір деңгейде зерттеу бағытын олар өздері бақылайды (Cavagnetto, Hand & Norton-Meier, 2011). Зерттеу сұрағын келісу үдерісі мұғалімнің көмегімен жүргізілуі немесе оқушы оны өз бетінше орындауы мүмкін. Мысалы, мұғалімдер оқушылар ұсынатын сұрақтарды келесі түрде жіктеуге көмектесе алады: білген қызық, білгім келеді, зерделенетін негізгі тақырыпты түсіну үшін маңызды. Бұл жіктеу жүйесі алдағы уақытта оқушыларға зерттеуге арналған тиісті сұрақты таңдауда тірек бола алады. Нақты айтқанда, мұғалім сай келмейтін сұрақтарды болдырмау мақсатында, оқу мақсаттарына сәйкес келетін сұрақтардың ғана қамтылуын қамтамасыз етуі қажет.

Оқушылар жеке-дара жұмыс істегеннен гөрі, мұғалім қолдау көрсететін белсенді сабақта анағұрлым жақсы үйренеді. Оқушылар алға ілгерілеген сайын, оларға мұғалім тарапынан аса қамқорлықпен қолдау көрсету қажет болмайды, енді олар өздігінен жұмыс істей алады. Осындай оқыту әдісін әрі қарай дамыту үшін мұғалімдер бастапқыда оқушыға жақсы қолдау көрсетіп, кейін оны біртіндеп азайтып отыруы керек. Сырттан көрсетілетін қолдау тоқтағанда ғана, оқушылар жоспарлы нәтижеге қол жеткіздім деп айта алады. Егер оқушыларға өзі білетін дағдыларды ғана қолдануға рұқсат етілсе, олар ештеңені үйренбейді деуге болады. Рата (Rata, 2012) өзін тек «үйлестіруші» ретінде ұстайтын мұғалім «мұғалім» деп аталуға лайықты емес деп тұжырымдайды.

Хэтти (Hattie, 2009) педагогикалық тәсілдердің метаталдауын жүргізіп, мұғалімдер «үйлестіруші» және «жандандырушы» болып табылатын тәсілдердің әсерін салыстырған. Ол қолданған тәсілдерде 0 – ілгерілеудің жоқ екендігін, 0,4 – ілгерілеудің бір жыл мерзімін және 1 – ілгерілеудің екі-үш жылын білдіреді. Мұғалім тек үйлестіруші рөлін атқарған тәсілдердің орташа әсері – 0,17, мұнымен салыстырғанда мұғалім ынталандырушы болған (мәселен, кері байланыс ұсыну, оқыту шеберлігі, күрделі мақсаттар қою және т.б.) оқыту тәсілдерінің орташа әсер мөлшері 0,60 болған.

Мұғалімдер кері байланыстың көмегімен және модельдеу, көрсету, сұрақ қою, бақылау, танымдық ойын түрлерін қолдану арқылы оқушылардың оқу жетістіктерінің ілгерілеуіне үнемі қолдау көрсетуі керек. Оқушылардың пән бойынша терең білім алу мұғалімдердің дағдыларына да байланысты, яғни олар оқушылардың жаңа білімдерін бұған дейінгі білімдерімен ұштастыра алуын бақылай білулері маңызды. Бұл үдеріс әр оқушының жеке дағдысы мен қабілеттеріне байланысты әртүрлі болады. Сол себепті мұғалімдер әр  оқушы үшін оқу үдерісінің келесі қадамдарын анықтап, әрі қарай ілгерілеуіне септігін тигізу үшін жекелеген оқушыларды үнемі бағалап отыруы керек. Бақылай отырып, оқудың келесі қадамдарын анықтау үшін ақпаратты пайдалану тәсілі метаталдаудың көмегімен білім беру шараларының табысты түрлерінің бірі ретінде танылып, соңғы 20 жыл ішінде халықаралық деңгейде мойындалып отыр (Black and William, 1998). Мұғалімдер оқушыларды өздігінен білім алуға, шешім қабылдауға қабілетті, ынталы, қызығушылығы жоғары, өзіне сенімді, жауапкершілігі жоғары, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне талдау жасай алатын жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған қағиданы ұстанады. Мұғалімдер оқушылардың бойында бұл қасиеттерді әртүрлі оқыту тәсілдерін қолдану арқылы баулиды және дамытады, айталық:

  • оқушылар мен мұғалім арасында сенім мен ынтымақтастық ахуалын

қалыптастыру;

  • әр оқушының жеке пікірін тыңдау және игерген білімді, машықтар мен дағдыларды дамыту мақсатында оларды пайдалану маңызды екенін мойындау;
  • мұқият таңдап алынған тапсырма мен жаттығулардың көмегімен оқушыларды оқуға ынталандыру;
  • проблемаларды шешу және оларды оқушыларға барынша анық, нақты түсіндіру әдіс-тәсілдерінің мысалдарын модельдеу;
  • оқу үшін бағалау арқылы оқушылардың оқуын қолдау;
  • зерттеу қызметін және оқушылардың зерттеуіне негізделген белсенді оқуды көтермелеу;
  • оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту;
  • оқушылардың дербес дамуына бастайтын өзін-өзі бағалау және өзін-өзі дамытуына жағдай жасау;
  • оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, сараланған тапсырма әзірлеу;
  • оқушылардың жеке ерекшеліктерін есепке ала отырып, сараланған тапсырма әзірлеу;
  • белгіленген оқу мақсатына сәйкес жоспарланған сабақ өткізу үшін материалдар, ресурстар мен қосымша материалдарды тиімді пайдалану.

Қорыта айтқанда, оқытудың белсенді әдістері -. оқушының іс-әрекеті өнімді, шығармашылық, ізденіс сипат таситын окыту әдістері, оқушының танымдық іс-әрекетін ынталандырушы және қандай да болсын мәселенің шешу жолдары жөнінде еркін пікір алмасуды көздейтін диалогқа құрылған әдістер. Оларга әңгіме, диспут, тақырыптың семинар, іс-ойын, тренинг жатқызуға болады

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана: Елорда, 2014
  2. Оқыту мен оқудың белсенді әдістері. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015
  3. Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015
  4. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015
  5. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша  мұғалімге арналған  нұсқаулық.    ( Белсенді оқуəдістері арқылы əзірленген оқу мақсаттарының жəне білім берубағдарламасының бірізділігі) 2016-жыл