«Тіл – бар білімнің кілті» поэзия кеші

 

Кештің тақырыбы: «Тіл – бар білімнің кілті» поэзия кеші

Кештің мақсаты:

Мемлекеттік тіл – қазақ тілі туралы ғұлама ойшылдардың пікірлерін дәріптеу,өмірде ана тілінің атқаратын рөлі маңызды екенін үйрету. Ауыл ақындарын  дәріптеу;

Ана сүтімен енген ана тілінің қадір – қасиетін терең түсінуге және өмірде еркін қолдана алуға тәрбиелеу.

Қолданылатын көрнекіліктер: «Ана тілі», «Тілімде менің байлығы жатыр ғаламның»  қабырға газеті, ана тілі туралы айтылған ақыл, нақыл сөздер, кітап көрмесі.

 

Өткізілу түрі: әңгіме, ақындар мүшайрасы, ауылдың ақындарымен кездесу.

 

Оқырман тобы: көпшілік оқырман, мектеп оқушылары.

  • Кештің барысы:
  1. Кіріспе сөз:

Қайырлы күн, құрметті қонақтар!

Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Мен сені сезесің бе, неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, поэзия адам жанының айнасындай, адам көңілінің желпіп бір өткен самалындай екені барлығымызға белгілі. Олай болса бүгінгі біздің «Тілімде менің байлығы жатыр ғаламның » атты поэзия кешімізге қош келіпсіздер.

Бүгінгі кешіміздің ерекшілігі, бүгін біз тек қана тіл туралы әңгімелеп қоймай, мәнерлеп өлең оқып, ауылымыздың ақын ағаларымызбен кездесіп, ұлағаттарын тыңдаймыз, ал негізгі мақсатымыз —  мектебіміздің ақын балаларын дәріптеу, олардың жүректерінен жарып шыққан өлеңдерін тыңдап, баға беру болып табылады. Тілге тиек етер тақырыбымыз – тіл мәселесі.

  1. Кешіміздің  арнайы шақырылған қонақтарын таныстыра кетейін:
  2. Ақын ағамыз Кәлімхан Айдын
  3. Ұстаз, ақын ағамыз Әсемхан Тілетхан, бұл ағаларымыздың мойнына , ақындарымыздың өнерлерін бағалауды жүктейміз.

3.Бұрынғы   ұстаз, ақын аға Айтуған Ерғажы.

  1.  Кешіміз үш бөлімнен тұрады:
  2. «Туған тілім тірлігімнің айғағы» тақырыбындағы кешті ұйымдастырушы 8 «А» сынып оқушыларының дайындаған ұлы ғұламалардың тіл туралы толғаныстары;
  3. «Тілімде менің байлығы жатыр ғаламның» атты жас ақындар мүшайрасы.
  4. «Ақылдыдан шыққан сөз, талаптыға болсын кез» атты ақын ағалар ұлағаты.

 

  1. Мүшәйраға қатысатын оқушылар:

1) Класхан Нұрым

2) Қайратова Алтынай

2) Сенімтайқызы Гүлім

4) Жанбота Еркежан

5) Болғанбай Дархан

6) Утегенова Адема

7) Нұрланқызы Жангүл

8) Мажит Мерей

9) Арзенова Альбина

10) Казнабиева Жанель

— Қол соғып, қошемет қылайық.. Сөз кезегін кешті ұйымдастырушы 8 «А» сынып оқушыларына береміз.

 1-жүргізуші:

Тіл қай ұлтта, қай елде болса да, қастерлі, құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен еніп, қалыптасады. Тіл байлығы — әрбір ұлттың мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра.

2-жүргізуші:

Ана тілінің бүге – шүгесіне, терең иірімдеріне бойлай білу, саналы азамат болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол туған жерді, елді, Отанды, атамекенді сүйе білу деген сөз.

1 – жүргізуші:

Туған тілім – тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр ойдағы.

Өссе тілім, мен де бірге өсемін.

Өшсе тілім мен де бірге өшемін – деп Әбділда Тәжібаев атамыз айтқандай, тіл – халықтың басты да қасиетті байлығы болса, байлығымызды келешек ұрпаққа мәңгілікке қалдыру, оның қасиетін білу мақсатында елімізде 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заң қабылданды.

2 – жүргізуші: — 1990 жылы 20 қыркүйекте «Қазақ тілі қоғамы» құрылды. Оның мақсаты, қасиетті тілімізді қастерлеу, дамыту, басқа ұлт өкілдеріне үйрету еді.

1 – жүргізуші:

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

2 – жүргізуші:

Таза мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

1 – жүргізуші:

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

2 – жүргізуші:

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады – деп сонау ХҮ ғасырда өмір сүрген ұлы бабамыз Асан қайғы тілдің өмірдегі орны маңызды екенін осылай түсіндіреді. Енді одан бергі зиялы қауымның тіл туралы толғаған ой – толғамдарын, пікірлерін тыңдап көрсек.

1 – оқушы: Ғ.Мүсірепов: «Ана тілі  — жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына».

2 – оқушы: Б.Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата – бабамызды, тарихымызды ұмыту».

3 – оқушы: А. Жұбанов: «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті. Біздің жастарымыз ана тіліне жетік білімді, мәдениетті болсын».

4 – оқушы: Ғ.Мұстафин: «Күн жылытпайтын суық көңілді сөз ғана жылыта алады».

5 – оқушы: М.Әуезов: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес».

1 – жүргізуші:

Жүйелі сөз жүйесін табар,

Жүйесіз сөз иесін табар – дегендей, ұлылырымыздың тіл туралы айтқандарын терең түсінген аға ұрпақ Кеңес дәуірі кезінде тіліміздегі алаңдаушылықты ақындарымыз былайша жырлаған екен.

7 –оқушы:

Қайран тілім, тұзы сор, азабы нән,

Талай қалған ажал мен әл аузынан.

Әлі күнге мінбеге шыға алмастан,

Қипақтайсың қорқақтап лауазымнан.

8 – оқушы:

Қайран тілім, жүректі ерітетұғын,

Өн бойында ерекше ерке бітім.

Өз еліңде ерекше мәртебе алмай,

Босағада болдың – ау өтетұғын.

9 – оқушы:

Қайран тілім, қаз тұрып шоқ басқан тіл,

Мәңгүрттерден таяқ жеп соттасқан тіл.

Мықтылардың меселін қайтара алмай.

Қаулылардың ішінде тот басқан тіл.

2 – жүргізуші: Міне, осылайша ақын ағаларымыз қынжылып жырласа, бүгінгі таңда тіліміз мәртебе алып, жетістіктерге жетуде. 22 – қыркүйек «Қазақстан Республикасы халықтарының тілі» күні атанды. Ендігі тілдің жайын тыңдап көрейік.

10 – оқушы:

Қараңғыға тілім сәуле шашасың,

Жабықтарды жарқыратып ашасың.

Ұмытқанды еске алып үнемі,

Танытасың өмірдің бар тасасын.

11 – оқушы:

Сенсің тілім, бойдағы күш – қуатым,

Сақтаушыңмын қорғауға бел буатын.

Ата мұра, сенсің берер еншім де,

Ұл – қызыма, немереме туатын.

12 – оқушы.

Тілімді аман тар жол, тайғақ кешуден,

Өткізбесем, ұл боп тудым несін мен.

Жаным құрбан, тілім сенің жолыңда,

Судан ,әсте, тайынбаймын шешінген.

1 – жүргізуші:

Тілімде менің бабамның батырлығы да,

Махамбет пенен Абайдың ақындығы да.

Дүниеге келе айғайды салған айқайлап,

Тілімде менің сәбидің батылдығы да.

2 – жүргізуші:

Тілімде менің сайрайды тынбай бұлбұл да,

Тілімде менің шабады тынбай дүлдүл де.

Биіктік те бар, тереңдік те бар тілімде,

Байтақтық та бар, шалқарлық та бар тілімде.

1 – жүргізуші:

Биязылық та бар, ибалық та бар тілімде,

Мәрттігім де бар, пәктігім де бар тілімде.

Тұлпарлық та бар, іңкәрлік те бар тілімде,

Байтақтық та бар, шалқарлық та бар тілімде.

2 – жүргізуші:

Найзағайдың жарқылы да бар тілімде,

Қаз біткеннің қаңқылы да бар тілімде.

Аққулардың сұңқылы да бар тілімде,

Қырандардың шаңқылы да бар тілімде.

1 – жүргізуші:  — Келесі кезек ауылымыздың  мектебінің  жас ақындарында. Тіл туралы терең ойларын, асыл сөздерін, ішкі жан – дүниесін қандай әдемі сөзбен өрнектей білді екен, соны тыңдайық. Бұл ақындарымыз, алдын – ала жеребе арқылы өз кезектерін анықтап алған, сондықтан да тұлпарларымызға биік самғау тілейміз. Ақын ағаларымыз өз бағаларынызды беріп отырыңыздар.

 

  • Ақын ағалармен пікірлесу.

2 – жүргізуші : Келесі сөз кезегін ақын ағаларымызға береміз, яғни «Ақылдыдан шыққан сөз, талаптыға болсын кез» бөліміне де келіп жеткен сияқтымыз.

1.Тілетхан аға, бүгінгі кешке базарлығыңыз болса, жас ақындарға айтар ақылыңыз болса ортаға салсаңыз.

2 . Айдын аға , ақын аға, сіздің де балаларға деген жылы лебізіңізді, асыл сөзіңізді естісек.

  1. Жанбота, Ерғажы аға сіздер де өз лебіздеріңізді білдіріңіздер.

/ Ақын ағалардың құттықтаулары, өз өлеңдерін оқуы, жазба ақындарды марапаттауы/

 2 – жүргізуші: Қадірлі көрермендер! Бүгінгі кешімізді аяқтай келе, сіздердің көңіл сәулелеріңізге сәл де болса нұр шашқандай болдық деген сенімдеміз. Болашақты жалғастырушы – біздерміз. Сондықтан, ана тіліміздің асыл қасиеттерін бойымызға сіңіріп, оның қадірі мен қасиетін терең ұғынып, еліміз бен жеріміздің гүлденуіне мол үлесімізді қоса білейік. Атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық тіліміздің шұбарлануына жол бермей, таза да мөлдір күйінде ұрпақтан – ұрпаққа жалғастыра берейік.

Қазақ тілі, Ол – менің ана тілім

Қазақ тілі! Байсалды баба тілім!

Сол байлықтан,Аз емес алатыным,

Сен – тілісің,

Адамзат Абайының

Сен тілісің,

Ұрпақтың талайының.

Қақзақ тілі! Ана тілім!

Сөнбестен жанатының,

Анық маған

Болашақ замандарға,

Бөгелмей баратының.

  • Ән «Ана тілі» орындайтын Сенімтайқызы Гүлім
  • Қорытынды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бағалау парағы

 

Үміткерлер Өлең мазмұны, үйлесімі, ұйқасы Оқу мәнері Жалпы ұпай
1 Кабдрахым Дана

 

     
2 Амантаева Айнаш

 

     
3 Төлегенов Мадияр

 

     
4 Молдағалиева Мөлдір

 

     
5 Аманжол Толқын

 

     
6 Бетікпаева Айнұр

 

     
7 Ахметбек Ақерке

 

     
8 Назарбек Қарашаш

 

     
9 Несипкали Тимур

 

     
10 Әбден Арнұр

 

     
11 Жардемқұлова Ақбота

 

     
12 Жанбота Ибраһим

 

     

 

 

 

Әділқазылар:

  1. Асемхан Тілетхан
  2. Кәлімхан Айдын
  3. Саяси Жанбота
  4. Айтуған Ерғажы